ӨРМЕКШІ ТОРЫНА ШЫРМАЛҒАН «ДҰШПАН»
27.06.2022
310
0

Фильмдегі қатпарлы сюжет, өрмекшінің өнердегі символикасы, әдебиет пен кино үндестігі. Мұның бәрін канадалық режиссер Дени Вильневтің «Дұшпан» кинокартинасынан табуға болады. Дегенмен бұл фильмге көп қауым «түсініксіз» деген анықтама беріп, картина әлемге әйгілі бола алмады. Дени Вильнев өз шығармасы жайында «бейсана туралы деректі фильм» деп айтыпты. Режиссер расымен де бейсана мен сана байланысын кино тілінде бейнелеуге тырысқандай шырғалаң дүние жасаған. Бір қызығы, осынау кинокартинаны бір-біріне қарама-қайшы тарапта да талдай беруге болады.

Әдебиет пен кинодағы «егіз» ұғымы

Нобель сыйлығының лауреаты Жозе Сарамаго жазған «Егіз» романының желісімен түсірілген фильм бір көргенде екіұшты ойда қалдырады. Біріншіден, фильмдегі символдық мәні бар дүниенің бәрі соңында ашылады. «Фильмнің жүгін соңғы эпизод көтеріп тұр», – деген тұжырымға да келісемін. Хичкок стиліндегі саспенс бәрін қайта төңкеріп тастайды. Автор 88 минут көзден таса ұстаған дүниелерді бір-ақ эпизодпен көрсетеді. Көзден таса ұстады деп айтуға да болмас, бірақ фильмдегі метафоралар мен символдарды көрермен байқаса да, оған аса мән бермейді. Екіншіден, соңғы эпизодтан кейін оны тамашалап отырған адамның санасындағы тұман сейіліп, қорыту үшін қайталап көруге мәжбүр болады. Баяндау тәсілі алқымыңыздан алады. Әлдене болатынын біліп отырсаңыз да, күткеніңізге жетпей діңкеңіз құриды. Әйтсе де сюжеттен ішіңіз пыспайды. Фильмнің басынан бастап кімнің «дұшпан» екенін біле алмай дал боласыз. Дегенмен әлдебір қауіп төніп тұрғанын үнемі сезіп отырасыз. Сол үшін де режиссер «Enemy» деген сөзді тақырып қылып алғанға ұқсайды. Себебі ағылшын тілінде «дұшпан» деген мағына білдіретін онға жуық синоним бар және оның бәрі не тұлғаға, не позицияға қатысты, тек «Enemy» сөзі адамның, тағы бір тіршілік иесінің, оқиғаның, абстракциялық мәндегі дұшпандығын білдіреді. Жалпы Сарамагоның шығармашылығында да «мән» роман бетінде қалқып жүрмейді. «Дұшпан» да сол псиxологиялық тереңдікте өрбіген. Вильнев Сарамагоның романын экран бетіне айна қатесіз көшірмейді, сондықтан фильмнің мағынасын романнан табамын деп әуреленбегеніңіз абзал. Көп қатпарлы туындыда уақытаралық немесе сана мен бейсана арасындағы «саяxат» та болады. Яғни метагеографиялық кеңістік кең өріс алған шығарма қашан да эстетикалық басымдыққа ие екені белгілі.
Фильм егіз туралы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дени Вильнев Жозе Сарамагоның «Егіз» романының желісін пайдаланған. Кезінде әдебиетшілер бұл романды сынға алып, доппельгангерлер тақырыбында жаңа ештеңе таба алмағанын алға тартқан болатын. Режиссер бұл пікірталасты қайта жаңғыртып, өзге қырынан көрсетуге тырысқан секілді. Егіздің символдық мәнін көбіне өзіңе ұқсайтын әлдебіреумен шайқасқа түсу деп түсіндіреді. Бұл жерде егіздің сыңары – әлдебір ұқсастығы бар адаммен бейсаналы түрде тілдесу деп айтсақ, негізгі ойдан алшақ кетпеспіз. Демек, егіз – әлдебіреумен байланыстың гиперболасы. Ал сол екінші сыңары біріншісіне өзінің мінсіз келбеті ретінде көрінетінін де айтқанымыз жөн. Бұл тұрғыда талдасақ, екеуі – екі бөлек адам. Бәріміз белгілі бір дәрежеде қой терісін жамылған қасқырмыз. Өзінің шынайы бет-бейнесін көрсеткісі келмейтін, әлдебіреудің рөлін сомдаған алаяқпыз. Ал ғайыптан тайып солай бола қалса, өзіңізден аумайтын адамды көргенде ішіңіздегі сайтаныңыз оянады. Не агрессия көрсетіп, өзіңізді қорғайсыз (фильмдегі Энтони секілді), не бәрінен қашып тығылуға тырысасыз (фильмдегі Адам сияқты). Әр адамның ішінде өзінен әлдеқайда күшті, әлдеқайда білімді, әлдеқайда сұлу «Мен» өмір сүреді. Ол біздің қолымыз жетпеген, не жоғалтып алған «тұлғамыз» сынды. Ал сол ішіңіздегі «Менді» өзге біреуден көру ирреалды қарым-қатынастың пайда болуына итермелейді. Фильмде егіздің сыңарлары бір-бірімен кездескен сәтін режиссер сепия эффектісімен бергенін осы тұрғыда түсіндіруге болады. Бұл – өткеніңмен қауышу, жоғалтып алғаныңды сағыну. Достоевскийде де, Сарамагода да біз осы интерпретацияны байқаймыз.

Өрмекші-Ана және егіз егіз болмаса

Фильмдегі өрмекшінің символдық мәні өте көп. Мифологияда, фольклорда өрмекші әртүрлі мағынаға ие. Бірақ бұл фильмде Вильнев Фрейдтің анықтамасын пайдаланғанына шүбә жоқ. Олардың картинадағы мәнін түсіндірмес бұрын, сюжетте көрсетілген кейбір эпизодтарға тоқталайық. Фильмнің басында төсек қатынасын ұғындыратын дыбыстарды естіп, жалаңаш әйел биік өкшесімен ыдыстағы өрмекшіні жаншып тастағысы келгенін көреміз. Кейіпкер Адамның әйелі жүкті. Олардың арасы суып кеткен. Биік өкшелі топылай киген әлгі қызашынасы болса, ыдыстағы өрмекші – оның әйелі. Бұл сахнаны ашынасының әйелінен басым түсуге тырысқаны деп түсінгеніміз жөн. Фильм ортасында Адам анасымен сөйлесіп, оның бұйрығын орындауға мәжбүр екенін түсінеді. Содан соң режиссер бірден алып өрмекшінің қала үстімен жүріп бара жатқанын көрсетеді. Яғни ол қаланы толық торлап алған, сол жерде билік жүргізетін, Адамды қармауынан шығармаған патшайым-өрмекші – анасы. Фильмнің соңында жоғарыда айтып өткен эпизодқа куә боламыз. Әйелі де бөлмеге сыймай, алып өрмекшіге айналып кетеді. Адам жарын солай қабылдайды. Басты кейіпкер үшін жүкті әйелі – ашулы ана, шырмауынан шығармайтын, үстемдік құратын өрмекші. Фильмде Луиза Буржуаның «Шеше» скульптурасының көшірмесі де кездеседі. «Шеше» деп аталғанымен, ол да – өрмекші. Содан соң біз фильмде өрмекші торын еске түсіретін кадрларды көреміз. Олар: шырмалған электр сымдары, кабельдер, терезесі өрмекші торы секілді шытынаған апатқа ұшыраған көлік. Кейіпкер барлық жерде соларды байқайды. Оны тек өрмекшілер қоршаған. Билеп, төстеуші, айтқанынан шығармайтын, торына матаған ана-өрмекшілер. Ол отбасы міндеттерінен қаша­ды, жауапкершілік арқалағысы келмейді. Иллюзиялық еркіндікке ұмтылады. Ал иллюзиясы өзінің ішіндегі «Мені» көрініс тапқан егізімен қатар өрбиді.
Осы орайда «Энтони мен Адам шы­ны­мен егіз бе, әлде бір адам ба?» деген сұрақ туады. Олай болса, Энтони деген кім?
Заттарының ішінде жатқан жыртыл­ған фотоны егізінің әйелі тұратын үйден көреді, анасы оған жалғыз баласы екенін айтады, профессор сатып алған көзілдірік Энтониден табылады. Сыншылар бұған кілттегі «unica» деген жазудың да қатысы бар деп те жорамалдап жүр. Бұл сөз «жалғыз» деп аударылады. Егізінің әйелі одан «дәріс қалай өтті?» деп сұрайды. Бұдан шығатын қорытынды: Энтони мен Адам – бір адам. Энтони – оның екінші тұлғасы.
Ары қарай біз сансыз көп детальдар мен сілтемелерді бірінен соң бірін таба береміз. Әйелінің құрсағына құмалақ біткеніне де, Энтонидың актерлар студиясына келмегеніне де алты ай болған; Адам алты ай бойы қырынбаған. Яғни бұл шым-шытырық оқиға алты ай бұрын басталған. Алты ай бұрын әйелінің аяғы ауыр екенін білген Адам үйден қашып кеткен. Оның санасындағы өзгеріс, әйелінің қармауына түсемін деген қорқыныш өрмекшілерді көргенімен де түсіндіруге болады. Алты ай бұрын түзге қашып, жұпыны пәтер жалдап тұрады. Анасы оған «сен осылай өмір сүре бересің бе?» деген кадр да соған дәлел бола алатындай. Көлік аударылып, ашынасы өледі де, ол егізінің әйеліне оралады. Яғни отбасына қайтып келеді. Ашынасы да, егізі де қаза тапқан көлікте Адамның өзі отырған. Бұған бас кейіпкердің егізімен кездескенде тыртықтары да бірдей болып шыққаны дәлел. Соңында әйелі алып өрмекшіге айналады.Бұл оның қорқынышы жоғалмағанын көрсетсе керек.
Өнер эстетикасы, оның кеңістігін кеңейтуде осындай ғажап шешімдердің қолданысы эстетикалық ләззат сыйлайды. Біз бұдан әдебиет пен кино үндестігінің жаңа бір коллаборациясын көре аламыз. Сарамагонның романы Вильневтің фильміне осылай әсер етсе керек. Шығарма тілінің өзгеруі оның кеңістігін кеңейте береді. Ал өнер салаларының үндестігі бұл үрдісті тіпті тездетіп жіберетіндей.

Абзал СҮЛЕЙМЕН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір