Кетбұғаның жоқтаушысы
10.06.2022
4328
0

Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ғалым, кісілігімен, көшелілігімен ел құрметіне бөленген Ел ағасы Бүкіров Төлеген Нұрмағанбетұлы өз ісінің қас шебері бола тұра, елдіктің туын көтерген ерлердің аруағын әспеттеп, ел руханиятына бір кісідей қызмет етіп келе жатқан ел ағасы. Заманында Байжігіт, Шалқазақ, т.б. ел есінде қалған күйшілер тегіс бас ұрған, қазақ күй өнерінің атасы, жырау, қолбасы Кетбұға мұраларының бүгінгі жоқтаушысы екенін айтпасақ, азаматтығы­мызға сын болар.

Қазақ домбыра күйлері тарихының басында, әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен санамызды жаңғыртқан Кетбұға күйші екенін (Қорқыттан кейін) ешкім жоққа шығара алмайды. Заманның көмес­кіленгенінен немесе ұлт басына түскен небір нәубеттің салдарынан болар, Кетбұға мұралары осы уақытқа дейін халық күйлері деген атпен аталып, ұлы тұлғаның мұралары туралы талас-тартысқа толы пікірлер де аз болмады. «Ізделуші аруақ қанша мүбәрәк болса, Алла тағала оның іздеушісін сондай құдіретті етіп жаратады» дегендей, Кетбұға бейнесін ұрпақ жадында қалдыру үшін – Жезқазғанның орталығына алып ескерткішін орнатып, ұлы күйшінің күй мұраларының бірізділікке түсуіне және тереңірек зерттеліп, ұрпаққа жетуіне тікелей қолдау көрсеткен жандардың бірі осы – Төлеген ағамыз болды. 2017 жылдың қазан айында Қызылорда облысындағы Жезқазғанның мәдениет күндері аясында алыс-жақын шетелдерден келген өнертанушы, тарихшы ғалымдардың және өнерпаздардың қатысуымен «X-XIII ғасырлардағы түркілер қоғамы және оның тарихындағы Кетбұғаның орны» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция­ның дүркіреп өтуіне де Төлеген ағамыз тікелей мұрындық болғанын көрдік. Өздерін мәдениет пен өнер саласының шынайы жанашыры санайтын, бірақ «Жүген салса, ауыздығын салмайтын, ауыздығын салса, суғарғанда алмайтын» жандар да арамызда аз емес қазіргі таңда. Болса да, көбінің дүниесі көп, ізгі ниеті жоқ екені тағы бар. Ал Төлеген ағамыздың мысты өңірдің өнеркәсіп саласын өрге сүйреген, елге белгілі еңбегін былай қойғанда, қазақ күй өнеріндегі ел есінен өшкіндеп кете жаздаған Кетбұғадай тұлғаның аруағын аунатып, ұлы мұрасын жас ұрпақтың жадында қалдыруға қосқан үлесі – ұлт руханиятына жасаған өлшеусіз еңбегі дер едім. Төлеген ағаның аруақты қолдауы арқасында, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші-зерттеу­ші Жанғали Жүзбайдың тырнаштап еңбектенуі нәтижесінде, Кетбұғаның қазақ даласының түкпір-түкпірінде және алыс-жақын шет елдегі қандастарда сақталған 30-ға тарта күйлері ғылыми еңбек болып, қазақтың күй қорына қайта қосылды. Осы зерттеулер аясында 2019 жылы қыркүйек айында Жезқазған қаласында тарихта алғаш рет «Ақсақ құлан» Кетбұға би атындағы І Халықаралық күйшілер конкурсы өте жоғары деңгейде өтті. Кетбұға атында және ұлы күйшінің мұраларын негіз етіп өткен бұл іс-шараға Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия, т.б. шетелден күйші-орындаушылар қатысып, конкурс жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен ел есінде қалды. Төлеген ағамыздың бұл еңбектері, қазіргі екі күннің бірінде болып жатқан әркімнің атасының бәсін асыруға айналған өтті-кетті санайтын той-томалақ емес, бүгінде ел болып ұмытқан шынайы рухани тұлғаларымызды жас ұрпаққа аманат етіп қалдырған игі істері.
«Мың адам жей алмаған қамыңды, бір адам жейді» деген аталы сөздің нышаны болған Төлеген ағамыздың игі еңбектері өнер майданында жүргендер үшін ғана емес, барша халық үшін үлгі болар іс деп ойлаймыз. Мерейлі жетпіс жасқа келген асқаралы ағамыздың әлі де халық үшін тынбай еңбек етеріне бек сенеміз.

 

Ардаби МӘУЛЕТҰЛЫ,
өнертану PhD докторы,
күйші-зерттеуші

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір