ҚОСТАҒАН
10.06.2022
466
0

Асыланды ҚазҰУ-дың журналистикасына түскеннен бері жақсы білем. Ізденіп, тынымсыз еңбектеніп жүреді. Ол таяуда тағы бір қырынан көрінді. Танымал тұлғаның қолына қылқалам ұстатып, идеясын қағаз бен бейнетаспаға түсіріп алады екен. Сосын кенепке түскен сол шикі дүниені кәсіби суретші дамытып, әрлеп, жұтындырып, көпшілік назарына ұсынады. Бұл күнде өзге елдердің де қызығушылығын тудырған жоба туралы Шымырбаев Асылан Алпысбайұлының өзі айтып берсін.

– Бұл идея қашан, қалай туды?
– Кез келген адамда картинада көрініс табатындай идея мен ой міндетті түрде болады. Бірақ оны көбі жүзеге асырып жатпайды. Біреудің қиялындағы бейнені сұрап, тамаша туындыны өмірге әкеліп жатқан суретшіні де кездестірмеппін. Сурет өнері – шығармашылықтың ішіндегі ең бір нәзік те тылсым сала түрі ғой. Шынайы барлап қараған адамға беретін дүниесі өте мол. Осыларды ескере келе, тұлғалардың суреттегі қолтаңбасын қалдыратын жобам өмірге келді. Қандай да бір салада жұлдызы жанып, еңбегі сіңген адамның тақырып табуда қара жаяу болмасы анық қой. Жүрегін қозғаған, көкейінде өзін мазалаған мәселесі, өткенге деген сағынышы, арманы бар дегендей. Неге соны қылқаламмен сөйлетпеске?!
Жобаның жүзеге асуындағы бір себеп – осы. Ал Отанның гүлденуіне үлесі бар, елге елеулі тұлғалардың мәңгілік қолтаңбасын қалдыру халықтық сипат беріп тұр емес пе?! Жалпы, өзім де бала кезден бейнелеу өнері пәніне асқан қызығушылықпен қарайтынмын. Бірақ әдемі салған суретім жоқ, себебі бұл талант маған бұйырмаған. Десе де, көрмеге барсам болды, көңілімді ерек бір сезім билеп алатыны бар. Асқақ бір шабыт күйі бойымды кернейтін. Ал нағыз кәсіби суретшілерге тіптен ықыласым бөлек. Олардың қабілетіне құрметпен қарайтын мен секілді адамдар сирек шығар. Сонымен танымал тұлға мен кәсіби суретшіні бірлестірген дүние осылай бастау алды.

– Идеяңды алғаш қалай жүзеге асырдың?
– Жобаны алғаш қолға алғанда көп қиналдым. Танымал адамдар қабылдамайды. Қабылдаса да идеяны толық түсінбей ме, еріне ме, қашқақтайды. Сөйтіп жүргенде ережесіз жекпе-жектің шебері, танымал спортшы бауырымыз Ардақ Назаровқа бардым. Ойымның бәрін ашық айттым. Құдайға шүкір, бірден келісті. Міне, сол кезден бастап жұмысым да жүріп берді. Ал, қолға оңай түспей көп жүгірткен жанның бірі – Мұхтар Шаханов ағамыз болды. Негізі, ол кісі көніп-ақ тұр. Бірақ жанындағы адамдар «Бұл сізге лайық емес» деген сияқты түрлі әңгімелер айтып, уақытты созып жүріп алды. Дегенмен мен де қайтпадым. Қайта қайта барып жүріп, ойымды жүзеге асырдым.

– Осы күнге дейін неше танымал тұлға қамтылды? Олардың қайсысымен жұмыс істеу оңай, қайсысымен қиын болды?
– Қолымызда қазір бас-аяғы 150-ге жуық сурет бар. Соның ішінде бүгінгі уақытта дүниеден өтіп кеткен тұлғалар да кездеседі. Мәселен, классик жазушы – Әбдіжәміл Нүрпейісов, белгілі журналист – Бейсен Құранбек…
Ең қиын тақырып Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Кіші Арал» деген картинасы болды. Түсірілім уақыты алты сағатқа дейін созылды. Жалпы, әр тұлғаның өзіндік бейнелейтін тақырыбы әр түрлі. Біреу қолына қалам алғанда жан жарасы қозғалып, яки сағынышы оянып немесе мұңға батып кетуі мүмкін. Енді біреу балалығын аңсап, сол күндерді қағаз бетіне түсіргісі келеді. Түрлі күй кештіретін осындай сәтте ештеңені алдын ала болжай алмайсың. Біз танымал тұлғаға сурет салдыртып, кәсіби суретшіге аяқтатып ғана қоя салмаймыз, оны міндетті түрде фото және бейнетаспаға түсіреміз. Естелік ретінде. Басты айтатын нәрсе, бұл өскелең ұрпаққа ой салатын жайт. Яғни, осы арқылы еңбекқорлық тек өрге шығаратынын айтқымыз келеді. Танымал тұлғаларды көріп, әр адам осыны ойлайтын болады. Бір саланың шыңына шығатын болсаң, сенің атын мен затың мәңгілік тарихта қалады деген ой әкеледі. Кейінгілерге мотивация сыйлайды. Жастарға үлгі ретінде жобаны әлеуметтік желілерге тұрақты жариялаймыз. Алтын уақытын текке өткізбесін, біздің жоба оларды алға сүйресін деген үкілі үмітіміз бар. Бастапқыда телеарнамен бірлесе жұмыс істедік. «Қылқалам» деген атаумен жекеменшік «Халық Арна» атты телеарнадан тұрақты көрсеттік. Қазір тек желі арқылы жариялап жүрміз.
– Идея танымал тұлғанікі болғанымен оны сәтті аяқтайтын суретші ғой. Суретшілермен жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Негізінен, әр суреттің өзінің суретшісі бар. Бір суретші бүкіл суретті сала бермейді. Ұсынылған идеялардың барлығын бірдей, нақты түсініп, ары қарай алып кете алмауы мүмкін. Себебі бұл жерде суретті салып құтылу мақсат емес. Оны жан жүрегімен жасау – бөлек әңгіме. Әр суретшінің өзінің техникасы бар. Шынын айту керек, кей кенептер әліге дейін өз суретшісін таппай тұр. Осы жобамен біраз жылдан бері айналысып жүргендіктен, сурет өнерінің, суретшілердің қыр-сыры өзіме де түсінікті боп қалды. Осы тақырыпты мына суретші іліп әкетеді ғой деп дөп түскен кездерім де аз емес.

– Салынған суреттердің көшірмесін ғана қайтарып, түпнұсқасын өздеріңде жинап жатыр екенсіңдер. Бұл болашақта құнын арттырып барып сату үшін керек пе, басқа да себеп бар ма?
– Менің арманым, бұл суреттерді болашақта мұражайға орналастыру. Құны бар дүние неге алтын қорларда сақталмасқа?! Сонымен қатар түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар ғой, солардың біріне еніп, аудиториясы арта түссе деймін. Көбірек насихатталғанын қалаймын. ЭКСПО секілді әлемдік жобаларда бой көрсетіп, еліміздің үздіктері одан әрі таныла берсе, біздің оларға деген бағамыз бен құрметімізді өзгелер де көрсе, әлбетте қайран қалады ғой. Дарабоздарын шынайы бағалай білетін ұлт ретінде өзімізді көрсете білсек, өзге мемлекеттердің бізге деген көзқарасы дұрыс болады деген ойдамын. Осы жоба аясында жеткен жетістіктеріміз де көп. Мәселен, Францияның жасаған әлемдік күнтізбесіне біздің бір картина енді. Суретшілеріміз сол еңбегі үшін дипломдар алды. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш!

– Ұжымда неше адам бар? Оларды кім қаржыландырады?
– Бізді қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмысшылармен қамтып отыр. Осы жобаның жүзеге асуы үшін, шығармашылық тобымызда бірнеше адам жұмыс істейді. Бір ғана картинаның дайын болуы үшін, қаншама материалдық шығын кетеді. Осы уақытқа дейін, жүзге жуық компанияға демеуші болуды сұрап, хат жазған болатынбыз. Алайда ешқандай көмек болған жоқ. Тек жобамыздың кезекті қонағы болған Зиятдин Қасанов бірде еңбегіміздің қандай күшпен жасалып жатқанын сұраған еді. Біз бәрі өз күшімізбен, өз бетімізше жасалып жатқанын айтқанымызда қатты таңғалды. Сөйтіп «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы, дүниежүзілік түрік-ахысқа қауымдастығының президенті Зиятдин мырзадан осылай қолдау көріп қалғанымыз бар. Жобамыздың жандануы үшін әлі де қалталы жомарт азаматтардан демеу боп қалар деген үмітімізді үзбейміз.
– «Шетелдерде, өзіміздің облыстарда көшпелі көрме өткізу ойда бар», – деп едің. Бұл қалай жүзеге асып жатыр?
– Осы уақытқа дейін салынған қаншама суреттер бар. Солардың барлығын біріктіріп, арнайы атау мен мазмұнын жасап көшпелі көрме өткіземіз. Айталық, осы күзде ЮНЕСКО-ның шақыруымен Франция, Үндістан елдеріне бару жоспарда тұр. Олар біздің жобаға қызығушылық танытып отыр. «Жобаларыңыздың ерекше ұнаған тұсы екі бірдей тұлғаның автобиографиясы бір жерге тоғысады екен», – дейді. Яғни, өзіндік бағыты мен беталысы бар туындылардың жиынтығы көрген жанға айрықша ой салатынын меңзеуде. Туған жердің табиғатын, тау-тасын көру де өзге елдіктер үшін таңсық екені рас қой. Ал көрме аясында жиналған қаражат тұрмысы төмен жандарға беріледі. Сондай-ақ суреттердің көшірмесін сатылымға шығарамыз. Одан түскен қаражат та арнайы қайырымдылық қорына құйылады. Қысқасы, осындай шаралар арқылы түскен ақшаның бәрін көмекке мұқтаж жандарға береміз.

– Суреттерге қызығып, сатып алсақ деушілер болды ма? Болса, қаншаға бағалады?
– Бұл картиналардың түпнұсқасы сатылмайды. Өйткені бұл – халықтың мұрасы. Біз бұған баға жетпес байлық ретінде қараймыз. Тек қана көрмеден тамашалауға болады. Әу бастағы мақсат та бизнес түріне айналдыру емес еді. Уақыт алға жылжыған сайын құнды жәдігерлер іспетті құны арта беретін дүние ғой. Ал жалпы картиналарға қызығушылық танытатындар көп. Сатып алғысы кеп жөн сұрағандар да жетерлік. Оларға да айтарымыз – осы.
– Әңгімеңе көп рақмет! Істеріңе береке берсін!

Сұхбаттасқан
Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір