Шүрәле
03.06.2022
354
0

Біздің орман ауылдан қарға адым жерде жатыр. Тым жақын болған соң ауылдағылар қысқы отын дайындау мәселесіне мүлде бас ауыртқан емес. Дайындаған азын-аулақ ағаш отын қыстың ортасына да жетпей қалады кейде. Бірақ орман қол созымда тұр ғой, бір арбаны ыңырантып, қайың ағаштарын кесіп әкелу де сөз болып па, тәйірі?! Егер қыстың аязды күндері жылы үйден шығып, орманда қар үйіндісін тырмалап әуреге түскің келмесе – мархабат, үйдің қоршауы дап-дайын тұр. Қопар да шетінен ала бер. Ештеңе етпейді, бас аман болса, жазда қайтадан тұрғызып аласың.

Қазір жаздың нағыз дер кезі. Көршім Минзукпен бүгін орманға бармақ болып келіскен едік. Әне, ауласында кәрі «Беларусьтің» дырылдап оталып тұрғаны қашан. Көзімді тырнап ашып, әйелімнің бұрқылдағанын естімейін деп аулаға атып шықтым да, жылдам барып құдыққа шелек тастаған едім, енді тартып шығара бергенде жібі құрғыр шорт үзілсін. Аһ, сайтан, күннің сәтсіз басталғанын қарашы. Қолымды кірлендегі жылымық суға батырып алып көзім мен ернімді болар-болмас шылай сала, дереу Минзукке тарттым. Әйелі қорада тауықтарына жем шашып жүр екен, мені көргенде ернін тыржитып теріс айналды. Кеше Минзук екеуміз бүгінгі шаруаны желеу етіп әбден жуған едік, соған әйелінің маған қыр көрсеткен түрі. Минзукті кіреберіс бөлмедегі шымылдық тұтылған кереуетте дөңбекшіп жатқан жерінен таптым. Құдды ішін біреу жұлмалап, жанын қинап жатқандай ыңырсиды келіп. Мені көргенде дереу басын көтеріп алды, тіпті қуанып та кетті: «қолтығына бірдеңе қыстырып келді» деп ойласа керек. Әлденені міңгірлегендей болды, әрі-бері құлағымды түрген едім: «…аузыма бір үйір жылқы тезектеп кеткендей-ей» дегенін әрең түсіндім. Міңгірлемей қайтсін, орманға баратынымызға қуанғанымыз соншалықты, екеуміз үш литрді қағып салыппыз, аяқ жағында бізге Шауәлі де қосылған сияқты.
Көршімнің түрін көрсең ғой, жиіркенішті-ақ. Ісіп кеткен көздерінің қиығы былшықтанып, еріндері жарылып, кеберсіген. Әй, әкеңнің, несін айтасың! Қай ішкен адамның түрі келісіп тұрушы еді. «Жүр, – дедім оған, – тезірек шығайық, әйтпесе сенің деміңнен шыбындардың өзі есеңгіреп, шетінен қылжиып құлап жатыр, әне, бәрі еденде төрт аяқтап жүр».
Ал орман жайлы мүлде есімізден шығып кетіпті! «Енді, мынадай шаруаға деймін оған, менікі бір жартыны қоятын шығар… Мұны естігенде Минзугіме жан бітіп, аһілеп-үһілеп ептеп төсегінен тұра бастады.
Трактордың майын кеше құйып қойғанымыз қандай жақсы болды, ә дегеннен оталды. Мен дедектеп барып құрал-саймандар мен тамақ салынған сөмкемді алып келдім. Келе жатқанда балтырыма сөмкедегі бөтелке сарт етіп тигенде жаным жадырап қоя берді.
Орман ауылға тиіп тұр ғой, алайда шыдай алар емеспіз, ауыл шетіне шыға бергенде дырылдаған моторды өшіре салып, бөтелкеге жармастық. Минзуктің «бәрдашөгінен» шаң басқан стақан шықты. Стақан деуге де келмейді, сырты әбден майланып, майлы қабаты қалыңдай беріп тіпті пішіні де өзгерген бе, қалай?
Ой, жарықтық-ай, әлгі шайтан суы аузымызға тигені сол, екеумізге де жан кіріп қоя берсін. Сөйтіп тракторымыз асықпай тыр-тыр етіп орманға қарай шоқырақтай жөнелді. Минзуктің да қақ айырылып тұрған басы орнына түсіп, сап-сары тістерін ақситып, сойған қасқырдай ыржиып қояды, пәтшағар!
Өз мөлдегімізге жеткенде бөтелкенің түбіндегі қалған арақты қағып салдық та, шөпке көсіле кетіп, рахаттана темекі тарттық. Паһ, шіркін, өмір қандай керемет, ә?! Аспан ашық, көкпеңбек, Күн тас төбеде. «Күннің ыстығы біраз қайтсын, сосын кесуге кірісеміз, – деді Минзук. Асығыс жасалған жұмыс жақсы болмайды». Шынымен-ей! Мына Минзук деген иттің баласының бірдеңенің қиюын тауып, орынды жерінде қойып қалатыны бар. Кеш болса теледидардың алдынан шықпай телміріп отырушы еді, содан түрлі бәлені үйренсе керек, сұмырай!
Көзімді ашсам, ымырт үйіріліп барады екен. Ұйқым сергек қой, жақын маңда бірдеңе тысырлағандай болды. Орнымнан сәл көтеріліп, әлгі дыбысқа қарай бергенім сол, сілейдім де қалдым: бізден екі-үш метр жерде үсті-басын түк басқан, бір мақұлық тұр – адам ба, әлде шайтан ба, мынау? Бірақ шайтан екенін қайдан білеміз, оны шынымен көрген адам бар ма екен? Әлгі мақұлықтың екі көзі қып-қызыл шырақтай жанып, маңдайында кішкентай мүйіз сияқты бірдеңе шодыраяды, сорайған қолдары ұп-ұзын. Бірақ айрықша әсер еткені – тізесіне дейін салбыраған еркектік мүшесі!
Мен аңтарылып тұрғанда Минзук те оянып, «Шүрәле!» деп шаңқ етіп, жан дауысы шықты. Сол сәтте есіме сонау мектепте жүргенде естіген ертегі сап ете түсті. Дәл соның өзі! Шүрәле! Дегенмен ертегі ертегі ғой, ал мына жерде, біз отырмыз есеңгіреп. Алайда, тап алдыңда «анаусы» тізесіне дейін салаңдап, жүн-жүн мақұлық тұрса, сайтан алғыр, ертегіге емес, Құдайға сенерсің ау.
Минзук те жылдам екен, ұшып тұрды да балтасына жармасты. Мен болсам Шүрәленің сырт жағынан орағыта бердім. Сол кезде бір жуан таяқ қолыма қайдан түскенін өлсемде есіме түсіре алмаспын, бірақ қалың бұталардың арасына сүңгімек болған әлгі сабалақ-сабалақ неменің шүйдесінен бар пәрменіммен бір қойғаным есімде. Байқұс, оқыс соққыдан мұрттай ұшты.
Отын қалды жайына. Біз орман қошқарын әупірімдеп тіркемеге тиеп, үйге қарай тарттық. Ауылға жеткенше мақұлық ес-түссіз жата берді. Минзуктің бақшасында баяғыдан бір үлкен торлы дүңгіршек жатқан еді. Қайдан келгенін өзі де білмейді, көң-қоқырдың бәрін үйіне таситын әдеті бар. Бір жағынан дұрыс-ау: үй шаруасының бір қажетіне жарап қалуы да мүмкін ғой. Ырсылдасып жүріп, әрең дегенде торлы дүңгіршекті мал қораға кіргізіп, есігін жөндеп, ішіне Шүрәлені сүйреп апарып салдық та, шырт еткізіп құлыптап тастадық.
Біздің Шүрәле сұлап жатыр. Бір кезде Минзуктің қатыны жүгіріп келіп, отын түгілі тас та әкелмегенімізді көргенде аузын керіп шәңк ете бергені сол еді, тордағы барақ жүнді немеге көзі түсіп, тілін жұтты да қалды.
Енді не істейміз? Мына торда жатқан шынымен Шүрәле ме, әлде басқа нәрсе ме? Мұны қалай білеміз? Осындайда Минзуктің кәлласы іске қосылып кетеді: «Ендеше, Равил Ғалиұлына барайық, сол бірдеңе білер», – деді.
Онысы жөн, Равил Ғалиұлы – ауылдағы жалғыз беделді әулие. Бүкіл ауыл соның алдында құрдай жорғалайды. Сол үшін арнайы Шүрәле ауданынан әкеліп қойған оны. Басқа уақытта біз сияқтыларды шыбын құрлы көрмейтін Равил Ғалиұлы Шүрәле жайлы оқиғаны естігенде күліп жіберді. Біз де мырс еттік. Сондай адамды күлдіргенімізге мәз болмағанда қайтейік. «Ауыздарың арақтан бір құрғамайды, енді көздеріңе Шүрәле көріне бастаған екен! Екеуіңді де ЛТП-ға жауып тастасам қайтесіңдер?»
«Қайдағы, бүгін арақ дегенді атымен ұмытпадық па? Жайдан-жай жаба салған жалаға қалай намыстанбайсың?»
Равил Ғалиұлы, – деймін, – оллаһи! Сенбесеңіз Минзуктің мал қорасына жүріңіз, Шүрәле сол жерде торда жатыр.
Келсек, қора қатынға лық толыпты. Менікі де жүр арасында шошаңдап. Бізді көргенде қылымси сықылықтасып, бәрі торлы дүңгіршектен шетке ығыса берді. Шүрәле оянған екен, екі көзі оттай жанып, тордың сымдарын ашумен жұлқылап қояды. Пайдасы жоқ, бір-біріне дәнекерленген сымдар қыбыр етпейді. Минзук та ақымақ емес, үйіне көр-жерді таси бермейді.
Равил Ғалиұлының тілі «Иә-ә…» дегенге ғана келді. Біз болсақ осындай адамның өзін таңғалдыра алдық деп шәлтиіп тұрмыз. Минзук сол арада әйелінің бүйірінен түртіп үлгерді: не істеп тұрсың, әкел «қарағымды» деп.
«Қар адамы ма?» деген болжам жасады Равил Ғалиұлы. – Ал жігіттер, енді біз жайлы хабар сонау Чебоксарыға жететін болды».
Соның арасында Шүрәле ме, кісікиік пе, қар адамы ма қысқасы, әлгі жүн-жүн бәле бірдеңелерді мыңқылдап, ұзын қолдарымен ұятты жерін жабумен әлек, байғұс, қиналады келіп, бірақ ондайды қалай жасырасың? Ал керек болса, мына қатындардың кетпей үймелеп тұрғаны да осы екен ғой! Қап, бәлем!
«Қазанға хабар беру керек, келіп өз көздерімен көрсін», – деген жарлығын айтып, Равил Ғалиұлы басқармаға кетті. Сол кезде Минзуктің әйелі де бір жартыны алып жетіп келді. Бір-бірден қылқ еткізіп алғанда, Минзуктің басына бір ой сап ете қалды: «Бауырым, Шүрәлеге де құйып берейік»
Түкті мақұлық та шөлдеп қалған ба, стақанға дереу жабыса кетті! Стаканды бір-ақ қағып салғанда беті бүлк етпеді де. «Иә-ә, мынау да біздің ағайын екен ғой», – деп Минзук желкесін қасыды.
Күнімен орманда жүрдік, оған қоса қарын да шұрылдап барады, сондықтан әлгі бөтелкені тезірек босатып, үйді-үйге тарадық.
Сол күннен бастап Шүрәле біздің ауылда тұра бастады. Равил Ғалиұлы бұл істі жоғары жаққа жөнді жеткізе алмады ма, әлде Қазанда өз шаруалары басынан аса ма, әйтеуір бізге қаладан ешкім келмеді. Әрине, қайдағы бір Шүрәлені қайтсін, бәлкім оның не екенін білмейтін де шығар, өйткені Пушкиннің ертегілерінде Шүрәле деген жоқ дейді ғой.
Кім білсін, бәлкім біреулер келген де шығар, біз естімей қалдық па? Себебі сол оқиғадан кейін үшінші немесе төртінші күні ме, Равил Ғалиұлы үшеумізді – мені, Минзукті және Шәуәліні колхоздың мөлдегіне ағаш кесуге жіберді. Қит етсе неге осы бізді жібереді деп ашуланудың да жөнін таппайсың, осындайда ауылда еркек атаулыдан қалған үш-төртеуіміз ғана. Қалғандары әне, ауылдың жоғары жағындағы зиратта алаңсыз демалып жатыр.
Екі аптадай орманда жүрдік. Қайтып келіп, ауылды танымай қалдық. Жоға, сол баяғы үйлер, теректер де сол баяғыдай шуылдайды, бірақ әйтеуір бірдеңе дұрыс емес. Сәл-пәл ой жүгіртіп барып түсіндік. Қатындар өзгерген. Сәнді көйлектерін киіп, әшекейлерін тағып алып, көшеде алшаң басып жүргендерін көрсең ғой! Тіпті ауылдың ауасы да басқаша кеудеңді толтырып жұтсаң, жүрегіңді қытықтайды. Үйдегі бәйбішем де қақпа алдында күтіп алды. Мәссаған, мұнысы несі? «Қалай барып келдің, шаршап қалмадың ба?» – деп ананы-мынаны сұрастырып қояды. Үйге кірсем, дастархан жаюлы, қақ ортасында маңғаздана бір бөтелке тұр. Лезде бөтелкені белдігіме қыстырған бойда, мына ғажапқа сенер-сенбес күйімде, сүріне-қабына Минзуктікіне жүгірдім. Барсам, ол жерде де сол жағдай! Төрде екі езуі құлағына жеткен Минзук досым отыр, алдында босап қалған бір жарты. Жанында әйелі бәйек болып, асты-үстіне түсіп әлек. Сәл жүрек жалғап алған соң темекі тартуға сыртқа шықтық. «Біздің Шүрәле тірі ме екен?», – деді бір кезде Минзук қора жақты басымен нұсқап. Мәссаған, ол жайлы тарс ұмытқанымызды қарашы! Қораға жүгіріп кірсек, тор қапастың есігі шалқасынан ашық, ішінде Шүрәле түгіл сайтан да жоқ!
Артымыздан қораға Минзуктің әйелі кіріп келді, аң-таң болған түрімізді көріп, қылымси жымиып, бөкселерін бұлтыңдатып қояды, сайтан. «Оны бүгін үйіне Жәмилә шақырып алды», – деді міз қақпастан. Бақырауық Жәмиләні кім білмейді, аузынан дөрекі, балағат сөздері атқылай бастағанда фермадағы сиырлар да ұяттан кірерге тесік таппайды. Марқұм күйеуімен кезінде талай бөтелкені домалатып тастаған едік. Өткен жылы мас күйінде өз ауласында адасып, есігін таба алмай аязда қатып өлген, бейшара. Минзук болса мұны естігенде аузын кебістей керіп, барқ етті: «Ол не, қонаққа шақыратын молда ма сендерге?!»
– Адамнан еш айырмашылығы жоқ деймін, он екі мүшесі орнында, – деді әйелі. – Момақан өзі, жалғызсыраған соң ауылдың қатындарының тең жартысы қонаққа шақырып шықты. Бүгін Жәмиләнің кезегі.
Көп ұзамай өздері де келді. Алдында алшаң басқан біздің Шүрәле, артында Жәмила еріп келеді. Мә, мынау шынымен сол бақырауық қатын ба? Екі беті албырап, көздері бал-бұл жанады. «Сәлем, жігіттер!» – деп ол бізді көргенде әндетіп жіберді. «Әмина апай, мынау кішігірім сыйлығым, қолымды қайтармаңыз», – деп Минзуктің қатынының қолына бір көйлектік мата ұстатты.
Минзуктің көзіне қан құйылып, жұ­ды­рығы түйіле бастаған еді, Шүрәлеге бір қарап, сабасына түсті. Тек «көрерсің әлі» деп әйелін ызалы жанарымен осып өтті.
Қайтіп үйге кірдік. Мен әкелген бөтел­ке енді ашылған-ды, Минзук лы­қыл­датып үш кесеге құйып тастады да: – Кел, Шүрәле! Жолдас дейін бе сені, дос дейін бе, әлде бажа ма? – деді ол. – Бір-бірден тартып жіберейік! «Ол адам емес қой, оған ішуге болмайды, өлтірейін дедіңдер ме?» – деп Минзуктің қатыны қорғаштай бастаған еді, күйеуі еркектердің шаруасына араласпа дегенді көзін бір алартумен ұқтырды. Басында Шүрәле ыстық шоқ жұтқандай қиналып, бетін тыржитып отырған, алайда үшінші стақаннан соң мәз боп былдырлап, бәрі керемет дегендей бас бармағын шошайтып қояды, сасық неме.
Ол жерден қалай кеткенім есімде жоқ. Әлде Шүрәле көтеріп апарып тастады ма?
Сол күннен бастап ол қатты өзгерді. Бізден айнымай қалды, біз қайда барсақ та артымыздан бір елі де қалмайды. Біздің қайда баратынымыз мәлім ғой, таңнан кешке дейін бар уайымымыз – қайдан арақ тапсақ екен деген тірлік.
Ауыл да бәз-баяғы қалпына келді. Қа­тын­дар бұрынғыша тұнжырап, қабақтары ашылмайтын болды. Әлгі Жәмиләнің көзіне түспе, түссең оңдырмайды. Минзуктің қатыны Шүрәлені үйінен қуып шықты, сөйтіп ол бейшара тағы тор дүңгіршекке оралды. Айтпақшы, ол жерде де ұзақ отырмады. Қазымыр әйел басқармаға барып, байбалам салып, «қо­раны бықсытып жіберді» деп әбден шағым­даныпты. Сөйтіп Равил Ғалиұлы досымызды ауылдың бау-бақшасына қарауыл етіп қойды. Ол жерде бір қисық лашығы бар, көкөніс дегенің ағыл-тегіл, ырғалып-жырғалып жүре бер! Равил Ғалиұлы да барып тұрған қу түлкі екен, әлгі бау-бақшаны елдің бәрі айналып өтетін болды, ешкім маңына жоламайды. Біраз жүні түсіп, тықырланып қалса да, Шүрәленің аты Шүрәле ғой! Енді кешке дейін сол жерде аяқ-қолы қалтырап, біздің жолымызға телмірумен күні өтеді. Бөтелкені көргенде бейшара тілін салақтатып, төрт аяқтап итше тұра қалады, аяп кетесің кейде. Әттең, сол кезде бізге қосылмағанда ғой, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп жүрер еді ауылда.
Күзде бау-бақшадан мол өнімге кенелген Равил Ғалиұлы алқып-шалқып қайтқанда, ауданнан Шүрәлеге төлқұжат әкеліп, кең шалбар да сыйлап тастады. Сөйтіп Шүрәле біз сияқты кәдімгі адамға ұқсап қалды. Енді оны ешкім көзге де ілмейді, тек кейде қатындар оған біраз көз тоқтатып қарап қалады, сол кезде олардың есіне әлдебір сырлы құпия түскендей жеңіл ғана күрсініп, жымиып қоятынын қайтерсің.

Ркайыл Зәйдулла
Татар тілінен аударған
Гүлнұр Қыранбайқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір