ДИКТАТОРДЫҢ АРҚАСЫНДА…
03.06.2022
239
0

Бұдан 84 жыл бұрын, шілдеде, кино өнерінің алғашқы ірі байқауы өтті. Венецияда өткен бұл байқауға екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кино өндіруші алпауыт алты ел қатысты. Қазылар алқасының құрамында дипломат Филипп Эрланже мен журналист Рене Жанн болды. Бәрінің көңілі хош: кинобәйге жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен түйінделмек, әрі сыншылар бірауыздан америкалық фильмді үздік деп таныған еді.
Гитлердің қысымымен «Муссолини кубогы» деп аталатын ең жоғары марапатты неміс режиссері Лени Рифенштальдың «Олимпия» фильмі мен италиялық режиссер Гоффредо Алессандринидің «Ұшқыш Лучано Серра» фильмі «жеңіп алды». Әрине, себебі бұлар фашистік идеологияны насихаттайтын пропагандалық фильмдер емес пе? Осынау шешімге қазылар алқасы құрамындағы Франция, АҚШ, Ұлыбританияның сыншылары қапа болғаны сондай, «Венецияға қайта ат ізін салмаймыз» деп қасам ішті. Дипломат Филипп Эрланже Францияға қайтып бара жатқанында әлемге жоғарыдағы байқауды алмастыратын, ешқандай шектеу қойылмайтын һәм ешкім қысым жасай алмайтын фестиваль ұсынуды ойлады. Ол үшін келесі Венеция байқауы өткенше уақыт жоғалтпай француз фестивалін ұйымдастыру қажет еді. 1939 жылдың маусым айында баспасөз беттері АҚШ бастаған түрлі кино өндіруші елдердің қолдауымен Францияда кинофестиваль құрылғанын және ашылу салтанаты 1 қыркүйекте болатынын сүйіншілеп, жарыса жазды. Аталмыш шараны өткізуге Францияның 10 шаһары ниет білдіріп, таңдау Канн қаласына түсті. Сонымен 1939 жылдың 31 мамыр күні Канн қаласы мен Франция Үкіметі Халықаралық фестивальдің «дүниеге келгенін» ресми түрде жариялады. Әйткенмен сол уақытта бейбітшілік құсының ақ қанатын қан жуып, фашистік Германия қолына әзірейілдің қайраулы қылышын алып, жер жүзін оңды-солды кескілеп жүрген-тұғын… Каннға барған өнер майталмандары елдеріне бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Фестиваль комитеті сонда да алған беттен қайтпай, байқау тарихындағы алғашқы фильм Уильям Дитерленің «Норт-Дамнан шыққан бүкір» кинокартинасының жабық көрсетілімін жасады…
Қанқұмар фашистік жүйе күйреген соң, 1946 жылы, Филипп Эрланже ұйымдастырған Халықаралық кинофестиваль 20 қыркүйектен бастап алғаш рет өтті. Осынау атаулы күн жайында дипломат, өнертанушы, тарихшы һәм қаламгер Филипп Эрланженің өзі былай дейді: «Айпара әлем алғашқы фестивальдің буына алтын күн аспанының астында, қазан айының ортасына дейін мас болды».
Канн фестивалінің пайда болып, ұйымдастырылғанына көп өтпесе де, байқауда Роберто Росселлини, Уолт Дисней, Билли Уайлдер, Джордж Кукор, Дэвид Лин, Жан Ренуар сынды сол кездегі кино әлемінің ірі тұлғалары бой көрсетті. Бастапқы жылдары қатысушылардың түгелге жуығы жүлделі болды, бұған дүниенің төрт бұрышынан келген аса танымал өнерпаздардың қызыл баспалдақпен көтеріліп, сән құрағанын қосыңыз. Мұның бәрі кеше ғана тұсауы кесілген байқауды әйдік әлемге әйгілі етті. 50-ші жылдары Кирк Дуглас, Софи Лорен, Грейс Келли, Брижит Бардо, Кэри Грант, Роми Шнайдер, Ален Делон, Симон Синьор, Джин Лоллобриджид және Пабло Пикассо сияқты атақты адамдардың қатысып, фестивальдің танымалдығы одан әрі арта түсті.
Одан бері жыл дөңгелегі 76 рет айналды, аталмыш байқау кино өнеріне арналған ірі байқаулардың біріне айналды. Тіпті кино мамандарының басым көпшілігі «Канн фестивалін» «Оскар сыйлығынан» жоғары қояды. Өйткені кейінгі кездері «Оскар» жүлдесінің көп ретте саяси астар алып кеткені де, кейде идеялар мүддесі үшін беріліп жүргені де жасырын емес. Ал біз тілге тиек етіп отырған сыйлықтың бұдан мүлдем ада және жеңіс қолтаңбасы анық авторлық фильмдерге, киноға құрал емес, өнер ретінде қарайтын туындыларға бұйырады.
Жалпы фестивальдің бас «Алтын пальма бұтағы» жүлдесі ең үздік толық метражды және ең үздік қысқа метражды фильмдерге беріледі. Бұдан бөлек байқаудың негізгі бағдарламасында келесі сыйлықтар мыңнан тұлпар шыққандарға табысталады.

Негізгі сыйлықтар:
«Гран-при»;
«Қазылар алқасының сыйлығы»;
«Үздік режиссерлік жұмыс үшін»;
«Үздік сценарий»;
«Үздік актер»;
«Үздік актриса»;
«Алтын камера» – үздік дебют үшін.

Арнаулы сыйлықтар:
«Ерекше көзқарас»;
Cinеfondation жүлдесі, т.б.

Фестиваль тарихына үңілсек, қазақ кинематографиясы да бұл сыйлықтан кенде қалмағанын байқаймыз. Мәселен, ірі суреткер, режиссер Дәрежан Өмірбаевқа «Ерекше көзқарас» номинациясы екі рет табыс етілді («Киллер», 1998ж.; «Студент», 2012ж.). Дәл осы номинация бойынша 2018 жылы Әділхан Ержанов «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмі үшін марапатталған еді. 2018 жыл қазақ кинематографиясы үшін сүйіншілі жыл болды. Ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» деп аталатын картинасын түсіруге Қазақстан, Ресей, Польша, Германияның бес компаниясы қатысқанымен, фестивалге Қазақстан атынан ұсынылып, Самал Еслямова «Үздік актриса» аталымы бойынша топ жарды. Дұрыс айтасыз, өнерді ешқандай марапат өсірмейді. Бірақ қазақ туындысы дүниежүзінің ықыласына бөленіп, өнер аспанында еркін қалықтап бара жатса, жүлде иегерінің ғана емес, қазақ мәдениетінің жетістігі деп білеміз! Әрі-беріден кейін, ұлттың басты мұраты келер ұрпаққа озық мәдени үлгілерді қалдырып, әлемдік өркениетке өз үлесін қосу болса керек.
Өткен аптада дәстүрлі Канн кинофестивалі мәресіне жетті. Қорытынды бойынша, 75-ші Канн кинофестивалінің басты марапаты – «Алтын пальма бұтағы» швед режиссері Рубен Эстлундтың «Қайғы үшбұрышы» картинасына берілді. Ал бұдан бөлек негізгі және арнаулы сыйлықтардың жеңімпаздары мыналар:

kinopoisk.ru

«Гран-при» – бельгиялық режиссер Лукас Донттың «Жақын» фильмі;
«Қазылар алқасының сыйлығы» – екеу: итальяндық-бельгиялық режиссер Шарлотта Вандермерс пен Феликс Ван Грунингеннің «Сегіз тау» фильмі және поляк режиссері Ежи Сколимовскийдің «Иа» фильмі;
«Үздік режиссерлік жұмыс үшін» – кәріс режиссері Пак Чхан Ук («Кетуге шешім» фильмі үшін);
«Үздік сценарий» – швед режиссер-сценаристі Тарик Салех (өзі түсірген «Жұмақтағы жігіт» фильмі үшін);
«Үздік актер» – кәріс актері Сон Кан Хо (жапон режиссері Хирокадзу Корээданың «Брокер» фильміндегі рөлі үшін);
«Үздік актриса» – ирандық актриса Зар Амир-Эбрахими (Иранда туған швед режиссері Әли Аббасидің «Қасиетті өрмекші» фильміндегі рөлі үшін);
«Алтын камера» – америкалық жас режиссерлер Джин Гэммель мен Райли Кио «Жауынгер пони» дебюты үшін.
«Ерекше көзқарас» – франциялық режиссерлер Лиз Акока мен Роман Гере («Сорлылардың сорлысы»)
Ал фестивальдің 75 жылдығына арналған арнайы жүлде ағайынды Дарденннің «Тори және Локита» фильміне табысталды.

Құрметті оқырман!
Қалай ойлайсыз, Гитлер өзін һәм жауыздықты сынайтын фильмдердің бағын ашуға, теңдессіз кинофестивальдің пайда болуына сеп боламын деп ойлады ма екен?!

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір