Корпус басқарған полковник
1944 жылы тамыз айынын 17-і күні, қазіргі Қытайдың Іле-Қазақ облысы, Нылқы ауданының Ластай жайлауында «24 қазақ, 3 татар, 4 ұйғыр, 2 орыс, 2 моңғол, жиыны 35 адамнан құралған»(1) көтерілісшілердің мылтық дауысы Сахараны ұйқысынан оятты. Асқынған ұлттық езгі, қордаланған қоғамдық қайшылық, ширыққан халықаралық жағдай ел азаматтарын қолына қару алып, берекеге келіп, билеуші ұлттың озбырлығынан ұйымдасып қорғануға мәжбүрледі. Совет одағының Құлжадағы консулдығы мен мұқажырлары осы көтерілісті ұйымдастыруға, қару-жарақпен қамдауға жасырын көмектесті. Көтерілісшілер қысқа уақытта Нылқы ауданын азат етіп, Құлжадан келген Гоминьдаң әскерлерінің үш реткі шабылуын тас-талқан етіп, жеті рет жеңісті шайқас жүргізіп, 7-ші қарашада 1800 адамдық қолды үш топқа бөліп, Кеңсай партизандарымен және Әбдікерім Аббасов Советтен бастап келген қарулы отрядпен бірге Құлжа қаласын қоршауға алды. 1945 жылы қаңтарда Құлжа қаласын жау қолынан босатты.
1944 жылы қарашанын 12-і күні құрылған Шығыс Түркістан Республикасы 1945 жылы қаңтардың 5-і күні Республиканың 4-ші реткі мәжілісінде 9 тармақты Үңдеу жариялады. Үңдеудің бірінші тармағында «Шығыс Түркістан территориясынан Қытайдың дара билік үстемдігін түп-тамырмен жою» деп көрсетілсе, жетінші тармағында «Шығыс Түркістанның бейбітшілігін қорғау үшін, әр ұлт халқының құдіретті қосынын ұйымдастыру» деп атап өтілген. Осыдан кейін Үкімет мүшелері, министрлер, аймақ-аудан әкімдері тағайындалып, еркіндік қолына тиген елдің еңсесі көтерілді. Азаттық соғысы терістік, орта, оңтүстік бағыттарында жүргізіліп, ел ішінен еңіреп туған ерлер осындай сын-сағат туғанда атойлап алға шықты. Солардың бірі әрі бірегейі – төңкеріс ошағынан шыққан Нүсіпхан Көнбайұлы еді.
Тоғызтарау атты полкінің құрылуы
«1945 жылы сәуірдің 4-і күні Шығыс Түркістан уақытша үкіметінің 43-нөмірлі қарарымен ресми армия құруға шешім шығарылып, біртұтас форма, әскери шен белгіленеді әрі армия құру рәсімі мен құрметті қарауылдан өтуіне шешім қабылданады да, сәуірдің 8-і күні Құлжа қаласының батыс бақшасының (қазіргі Сталин бақшасы) алаңында армия мен халықтың жиналысы өткізіліп, Ұлттық армияның құрылғаны жарияланды».
Осы аралықта 21 жасында Күредегі училищені бітірген Нүсіпхан Көнбайұлы Күредегі қазақ басқармасында жұмыс істеп, кеңсе жұмыстары мен алмым-салық ісіне жегіліп, бүкіл Іле өңірін аралап шығу мүмкіндігіне ие болады. Соның арқасында халықтың жағдайын, заманның бет алысын байқайды. 1937 жылы милитарист Шэн Шицай билікке келгенде туған жері Қаратөбе ауылының әкімі болады. «Алты саясаттың» алғашқы жылымығын пайдаланып мектеп ашып, мәдени шаралар ұйымдастырып, халықты отырықшылдыққа көшуге бастамашылық етеді. Сол жылдары өлкелік үкіметтің саяси кадрлар курсын тәмамдап, оңтүстік Шыңжаңды аралап шығады. Нылқы Ластайда көтеріліс басталғанда Әбілқайыр төре бастаған ықпалды тұлғалармен бірге түрмеге жабылады. Артынан көтерілісшілер аудандық үкіметті басып алғанда, бостандыққа шығып, ел ішіндегі беделі мен абыройын пайдаланып, көтерілісшілердің артқы шеп жұмыстарын тыңғылықты атқарады.
Көтеріліс басталғанда Тоғызтарау ауданының халқын бастап, Құлжаға шеру тартқан әкім Жанболат Сөртіұлына Шығыс Түркістан уақытша үкіметі аудан орталығы Тастөбеде әскер қабылдау штабын құрып, Тоғызтарау, Күнес, Нылқы сынды шығыс үш ауданнан әскер қабылдауды, әрі оларға керекті қару-жарақпен қамдауды бұйырады. Бұл жағдай соғысты көзімен көрген, кейін лауазымды қызметтер атқарған Қожай Доқасұлының естелігінде былай баяндалады: «…соғысқа қатысқан партизандардың ішіндегі жасы 18-35 жас аралығында, қарулы күрес тәжірибесі бар, соғыста батырлық істеп, еңбек сіңіргендерден 300 адам іріктеп алып, 900 адамды Күнес, Нылқы, Тоғызтарау аудандарын негіз етіп, мал шаруашылық районнан қабылдап, жиыны 1200 адамдық полк құрылды»..
Алла берген тума таланты мен атасының алақаны, ұстаздың баптауы, өмірден жинаған мол тәжірибесінің арқасында, төңкеріс өңірінің ірі саяси әрі әскери тұлғасы болып қалыптасқан Нүсіпхан Көнбайұлына ердің жасы елуге иек артар алдында өз өмірінің, ел өмірінің үлкен белесі саналатын қасиетті де жауапты міндет жүктеліп, өрімдей өскіндер тағдыры сеніп тапсырылды. Әскер қабылдау комиссиясының құрамында әкім Жанболат Сөртіұлы, Құлжадағы қазақ-қырғыз ұйымының төрағасы Манап, Күнестен Жайырбек ақалақшы, Нылқыдан Оразхан ақалақшы, Тоғызтараудан Нұрсапа ақалақшы, Нөкербек ақалақшы қатарлы елдің игі жақсылары кіреді. Бұл полк генералы Ысқақбек Момынов бригадасының 5-ші қазақ атты полкі аталып, сол замандағы ауыр-жеңіл пулемет, миномет, автомат, германька, карабин сияқты озық қарулармен жабықталды. Соғысқа мінетін аттары Іле тұлпарының бірыңғай баран түстілерінен таңдалып алынды. Күніге 8-10 сағат машық жасап, кез келген сәтте соғысқа дайын болуға жаттықты. Осы полк құрамында ((1) барлау взвод, (2) пулемет взвод, (3) миномет взвод, (4) коммандант взвод, (5) қатынас-транспорт взвод) сияқты бес заманауи взвод құрылып алдағы кесілескен ұрысқа сақадай сай болды. Қазақ хандығы құлағаннан бері мынадай жан-жақты дайындықтан өткен, сайдың тасындай тәртіпті қосынды көрмеген жергілікті халық, сүйікті армиясының көркіне көздері тойып, өз ризашылықтарын «мырза әскер» деген атаумен жеткізді.
Азаттық соғысқа ел болып кіріскен Шығыс Түркістан армиясы терістік, орта, оңтүстік бағытта жорық жасап Тарбағатай аймағын, одан соң көтерілісшілермен тізе қоса отырып Алтай аймағын толық азат етіп, Манас өзеніне келіп аттарын суғарды. Оңтүстік линия құрамында болған Нүсіпхан полкінің міндеті – тұтас Іле аймағының, яғни Республиканың орталығының амандығын қадағалап, солтүстік, орта бағыттағы соғысқа жәрдемдесу еді. Сопақұн Соперов, Әбдікерім Аббасов, Қасымхан Қамбар отрядтары Мұзтау асып Ақсу аймағына кіріп Бай, Ақсу көне шаһар аудандарын азат етсе де, одан ары бара алмады. 1945 жылы тамызда бір бөлім партизандар Іледен аттанып Совет одағы арқылы Ташқорған аудандық қалашығын басып алып, төңкерістік үкімет құрды. 400-ден астам тәжік, қырғыз партизандары екі полк болып ұйымдасып, 4000 гоминьдан армиясы қорғап тұрған Қашқар, Қотан, Яркентке шабуыл жасады. Жеңіс те, жеңіліс те болды. Бірақ соңынан бейбіт келісім орнаған соң, соғыс қимылдары тоқтатылды. Сонымен оңтүстіктегі жеті аймақ жау қолында қалды. Тек Байунғулдағы моңғолдар көтеріліс жасап, табан тіреп күрескендіктен сол жылы тамыз айында уақытша үкімет «Жұлдыз» ерекше ауданын құрды.
Осы кезде Тоғызтарау атты полкі оңтүстік Шыңжаңның Ақсу, Қарашары жақтан келетін қауіпті ескере отырып, Тоғызтараудың Көлденең-Шашы жайлауына орналасып, бекініс алды. Полктің Мақабыл Қырықбайұлы бастаған взводы Ақбұзау асуына дейін барып, барлау жүргізді.
Манас қорғаны, Алтай арпалысы
1946 жылы қақаған қыста Нүсіпхан полкі ұлттық армияның бас штабының бұйрығымен Нылқы ауданының Көлсай асуы арқылы, аспанмен тілдескен, аңшылар жазда ғана аяқ басатын ескі сораппен Тәңір таудан асып Шиқуға жетті. Арып-аршып, үсік ш-алған жауынгерлер бір жұма тыныққан соң, Манас өзенінің оңтүстік жағындағы Қызылтаудан қорған алды. Сонымен орта және терістік, шығыс бағыттағы армиялар жеңіспен бас қосып, Үрімжіге небәрі 150 шақырым жер қалған-ды. Жеңіс қыр астында тұрды. «Сол кезде Гоминьдаңның Үрімжідегі әскери қуаты 6 батальон ғана болып, азық-түлік, оқ-дәріден де қатты тарығулы еді. Әскери астық қоры 10 күндік қажетті ғана қанағаттандыра алатындай, оқ-дәрі жағында мылтық, пулемет оғынан 100 мың данадай ғана болатын»(6).
Халықаралық жағдайда 1943 жылы қарашаның 28-інде Тегеранда бас қосқан одақтастардың үш серкесі Польшаны құрбандыққа шалып, фашизмге қарсы екінші майдан ашуға келіссе, 1945 жылы ақпанның 4-інде үшеуі Қырым түбегіндегі Ялтада тағы да кездесіп, соғыстан кейінгі әлемнің саяси, әкімшілік аумағын талқыға салады. Міне, осы кезде Иранда Совет күшімен құрылған Әзербайжан Демократиялық Республикасы құрбандыққа шалынды. Әрине, әлемдік империяға айналған Совет бауырлас түрік елдерінен тағы бір Түркияның шығуын қаламады. Келіссөз қарсаңында Совет Одағы өз «қуыршағы» Шығыс Түркістаннан әскери кеңесшілері мен ауыр қару жарақтарын кері алып кетті. 1945 жылы 15 қазанда басталған келіссөз 1946 жылы шілденің 6-сына дейін жалғасып, халық уәкілдері аталған Рақымжан Садри Қажиев, Әбілқайыр төре, Ахметжан Кәсіми үшеуі «11 тармақты бейбіт бітімге» қол қойды.
Осы келісімнен кейін біріккен үкімет құрылып, құралды күштер қайтадан жасақталды. Нүсіпханның 5-атты полкі, Тарбағатай 6-полкі, Еренқабырға 7-қазақ-атты полкі біріктіріліп Қобық-Сауыр 2-қазақ-атты полкі болып құрылып, сарбаздар саны 2100 жетті. Полковник Нүкен полк командирі, саяси комиссары болып подполковник Қазыхан Манасбай, полк орынбасары Камалбек Сейтқазы, полк ақылшысы болып подполковник Жағда Бабалық тағайындалды. Құрамында екі батальон, алты эскадрон бар армия Қобық пен Қостолағайға барып орналасты. Қостолағай Алтай мен Тарбағатай және Манас, Құтыбиді жалғап тұрған стратегиялық маңызы бар қатынас орталығы болатын. Құтыби мен Санжыдағы Қытай әскерлері де таңдаулы күшін осылай бағыттаған. Осындай жағдайда талай сыннан сүрінбей өткен, мол тәжірибе жинаған, әбден сұрыпталған Нүсіпхан полкінің осы өңірге келіп орналасуы азаттық аңсаған елдің өз ұландарына деген зор сенімі, әрі құрметі еді. Нүсіпхан полкі халықтың перзенттері екенін, командирлердің басшылығында ісімен дәлелдеді. Бұл өңірде стратегиялық маңызына қарай талай кескілескен соғыс болып, халық тозып, аудан орталығы әбден бүлінген болатын. Полк көшелерді тазалап, қоқыстарды өртеді. Жарлы-жақыбай, жетім-жесірлерге өз азықтарынан үнемдеп, бөліп берді. Қостолағай өзенінің суын бұрып 333 га жерге егін екті, сол арқылы әскерге қажетті азық-түлік, жем-шөпке бола халыққа салмақ салмады. 1946 жылы шілде айының 6-сы күні өз айтқандарына көнбей, басқаша аяси бағыт ұстанған панисламистік көзқарастағы Республика басшысы Әлихан төре және Ахметқажы Ырымжан, Үсендерді Құлжадағы консулға жиынға шақырып, артынан барымталап, Қорғас шекарасынан өткізіп жіберді. Содан кейін үкімет органдарының маңдайшасындағы Шығыс Түркістан деген жазуды алып тастауға бұйрық берілді. Әрине, Ялта конференциясынан хабары жоқ, ақпарат әлемінен өте алыста жатқан діни көсемдер мен жоғары жақ өкілдеріне мұның бәрі ұнаған жоқ. Әсіресе Алтай беті абыр-сабыр бола бастады. Сол жылы күзде бас қолбасшы Ыскақбек Момынов, Іле аймағының орынбасар уәлиі Жанболат Сөртіұлы бастаған уәкілдер арнайы сапармен Алтайға бара жатып, жол жөнекей жауынгерлерден хал сұрады. Уәкілдер Алтайға жеткенде Оспан батыр уәли мекемесін тастап, Көктоғайдағы Қуүй деген жерде киіз үй тігіп жатқан. Уәкілдер қасына орынбасар уәли Дәлелхан Сүгірбаев бастаған Алтайдың игі-жақсыларын қосып, батырға амандаса барып, «уақытша үкіметтің Бес бұрышты бірінші дәрежелі алтын орденін ұсынды. Оспан мұны бөгде ниетпен Шэн Шицайдың «Алты ұранына» салыстырып, «жеті жыл соғысып жүріп біреуін әрең жоғалтыппын ғой, әлі бесеуі бар екен» – деді. Сонымен әңгіме тәмам. Бұл жағдай біріккен үкіметтің қазына департаментінің бастығы болған Жанымхан қажының баласы Дәлелхан Жаңалтайдың естелігінде былай жазылған: «Батыр Жәкең қажы арқылы Өлкелік әскери қолбасшы генерал Сұң Чи Леңмен байланыс жасап, бірлік істеген. Бұнымен қабат қарым-қатынасты күшейту үшін генерал Сұң 4 қытай жіберіп және сымсыз телефон беріпті».
«Күштінің құйрығы диірмен тартады» дегендей, азулы империялар бірде өзара бірігіп, енді бірде жауласып, керек кезінде санасы ұлттық деңгейге көтерілмеген, берекесі қашқан азшылықтарды өз қолайына пайдаланып отырады. Отырықшылар от қару ойлап тауып, мұхитты игергеннен бастап, көшпелілердің басынан бағы тайып, солардың ойыншығына айналды. Бұл жолы да солай болды. Бейкүнә халықтың қаны суша ағып, боздақтар құрбандыққа шалынды. Кешегі бір ту астына жиналғандар қан майданда бір-біріне қарсы шапты. 1947 жылы қыркүйектің басында Нүсіпхан полкі ұлттық армия мен солтүстік қолбасшылық штабының бұйрығы бойынша Қобықтан Бұрылтоғайға көшіп келді. Бұл соғыста кешегі жау гоминьдан үкіметінің қаруы мен әскеріне арқа сүйеген Оспан батыр бір мезгіл басым орынға шығып, Алтай қаласын басып алды. Қобық-Сауыр атты полкі мен Сарсүмбе атты полкінен 250-ге таяу жауынгер құрбан болды. Осы соғысты көзімен көрген Тоғызтарау атты полкі құрылған күнінен бастап, полк құрамында болған, кейін Іле-Қазақ облысында лауазымды қызметтер артқарған Мақпыш Болатбекұлы өз естелігінде ашық жазбаса да, кісі назарын біраз күмәнді істерге аударды.
Қыркүйектің басында жеңісті соғыстар жүргізген Райымбайдың құрама әскері жеңіліске ұшырап, Сыртқы Моңғолияға өтіп кеткен соң іле-шала келіп, бекініс алған Қобық-Сауыр полкінің командирі Нүсіпхан Көнбайұлын Солтүстік штабының бас командирі генерал Дәлелхан Сүгірбаев 10-қыркүйекте Сарсүмбеге қорғаушылармен қоса шақыртады. Бұның себебі мәлімсіз еді. Сол күні Дәлелхан генерал тағы да бұйрық беріп, бір эскадронды Шитіден Сарыбұлаққа шабуыл жасауға бұйырса, қыркүйектің 14-і күні полктің қалған бөлімін Қандығатайдың Бітеуірге деген жеріне барып, жаудың алдын бөгеуді бұйырады. Бұйрыққа бағынған әскерлердің барлығы қоршауға тап болады. Іс әбден насырға шапқанда, Жеменей шекарасы арқылы Советке өтіп кетуге бел байлаған Дәлелхан Сүгірбаевқа полковник Нүсіпхан былай дейді: «Мен Алтай қаласынан шегініп шығуыңызға қосыламын, бірақ Жеменей арқылы Совет Одағына өтіп кету қарарыңызға қосыла алмаймын. Қобық 2-атты полкінің әскери күші бөліп-бөліп орналастыру себебінен түгелдей жеңіліске ұшырады, мен қазір тобынан айырылған жалғыз қаздай болдым, енді саған ілесе алмаймын». Енді бұған Дәлелхан Жаналтайдың естелігіндегі мына диалогты оқып көрініз: «Менен бұрын да хабар алған екен. «Аббас батыр Алтайды босатып алды» деп қуанып отырдым. Сымсыз телефон бар екен. Аман келді деп әкеме хабар беріңіз, – дедім
– Болады, – деді. Кеңесе отырып:
– Дәлелхан Сүгірбаевқа «бағын, алып кетейін» деп айтпадың ба? – деді.
– Жүрерде барып қоштасып, «Аббас батырдың әскері бүгін қалаға кіреді екен», – деп айттым. Еш жауап қайтармады. Мен де қозғамадым. Хош айтып кеттім, дегенімде:
– Сен айтсаң, келетін еді, – деді. Жанында қашқан орыс әскерінен түскен ең соңғы модель сымсыз телефон бар еді».
Ерікті, еріксіз түрде империалистер қойған қойылымға араласқан екі жаққа да оңай болған жоқ. Қаншама отбасы аңырап қалды, қанша ауыл жер ауып, аштық пен сүргіннің тақсіретін татты.
Нүсіпхан Көнбайұлы генерал Дәлелхан Сарысүмбеге шақыртқанда бүкіл полктің жұмысын штат бастығы Салахиден Сыдықов пен оның орынбасары Әсен Жүнісұлына тапсырады. Салахиден қоршауда соғыса жүріп, тұтқынға түседі. Тұтқыннан қашып шығып, арпаласып жүргенде полктің туын жоғалтады. Алтайда тыныштық орнаған соң, қолбасылардың бәрі ілгерінді-кейінді Советтен және Сыртқы Моңғолиядан қайтып келген соң, Нүсіпхан полкінің бұрынғы даңқын, соғыстағы жанқиярлық ерлігін ескерген Үш аймақ үкіметі, полктің атын бұрынғыдай сақтап, Қобық 2-ші атты полк деп қайтадан құрады. 1948 жылы Нүкең Ысқақбек генерал-полковниктің өз қолынан «Стахият» алтын орденін алып, ұлттық армияның бас штабының кадрлар басқармасының басшысы болып тағайындалады. Бұдан кейін әйгілі полктің командирі Махаметжан Юсипов, саяси комиссары Балқаш Бапин болады.
Құбылған заман, ғасыр жасаған абыз
Қытай компартиясы 1948 жылы қыркүйектің 12-нен, 1949 жылы қаңтардың 31-не дейін төрт ай, тоғыз күнде гоминьдаң армиясының 1 миллион 540 мың әскерін, яғни 147 дивизияны жойып, «үш үлкен шайқастан» кейін батыс-солтүстікке бағыт алған Пын Дыхуай армиясы жол жөнекей Ху Цзуннанның 500 мың армиясын, дүнген милитаристерінің 300 мың атты, жаяу әскерлерін қи сыпырып, Юминь қамалына табан тіреді. Екі оттың ортасында қалған гоминьдаңның 80 мың армиясы мен Совет Одағы теріс айналып бір қинаса, еріксіз болса да артынан ерген көсемдері, әуе апатына ұшырап екі қиналған Үш аймақ үкіметінің 30 мың армиясы бейбіт келісімді қабылдауға мәжбүр болды. 1949 жылы желтоқсанның 17-і күні Қытай халық азаттық армиясы, гоминьдаң армиясы, Үш аймақ армиясы біріктіріліп қайта құрылғанда, Шыңжаң әскери округі екінші дәрежелі әскери округ саналып, өз ішінен Үрімжі, Іле, Қашқар сынды үш бөлімше округке бөлінеді. Нүкең осы кезде Үрімжі әскери округінің бас қолбасшысының орынбасары болып тағайындалады. 1952 жылы армияның құрылымына тағы бір реттеу жүргізілгенде 6-шы корпустың орынбасары болады. Одан кейін Шыңжаң өндіріс, құрылыс құрама полкінің (Бинтуань) өндіріс бөлімінің орынбасары бастығы болып бір жылдай жұмыс істейді. Әскери саладан осылай біртіндеп сырғытылған полковник 1954 жылы Іле-қазақ автономиялық облысы құрылғанда, осы облыстағы көп орынбасардың бірі болып, табан аудармай 12 жыл жұмыс істейді. «Манас бойында шеп жайған сол жылдарда ұлттық армияда адам саны 29 650 болатын. Сол шақта бүкіл армияның 60 пайызын қазақ азаматтары ұстаған» – деп жазады Қожай Доқасұлы тағы бір естелігінде. Тағы бір дереккөзі бүкіл ұлттық армияның 70 пайызы атты әскер екенін жазып кеткен. Бірақ 1955 жылы Қытай Халық азаттық армиясы Орталық әскери комитеті жағынан, әскери шен берілгенде Сайпіден Әзәзи генерал-полковник, 28 жастағы Марғұп Ысқақов, Мәнтімин Именов, Зұнын Тайров, Зайыр Саудановтар генерал-лейтенант болып шыға келді. Көтерілісті бастап, майданда қан төккендер, бір-бір полкты басқарып, үш линияның алғы шебінде жүргендер елеусіз қалды. Мысалы, Сопахан Соперов 1945 жылы сәуірдің 27-і күні Майтауда 1 рота атты әскердің 13-ін бастап көтеріліс жасап, жол жөнекей Нұрпай батырдың ауылына соғып, жол бағдарын біліп, қаша соғысып, Буратала арқылы Құлжаға өтеді. Соңында Нұрпай батырдың ауылы қырғынға ұшырайды. Кейін оңтүстік бағыт армиясының бас қолбасшысы болады. 1949 жылдан кейін өндіріс, құрылыс құрамы полкінің 4-ші дивизиясының тасымал отрядын басқарады, әрі бөлім бастығы болады. 1955 жылдан 1984 жылға дейін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық райондық тас-жол мекемесінде бөлім бастығы болады. Кейін мекеменің ақылшысы ретінде зейнетке шығады.
Іле-қазақ автономиялық облысы құрылғанда облыстың алғашқы басшысы Пәтіхан Сүгірбаев, Дәлелхан Сүгірбаевтың ағасы және Сарсүмбе атты полкінің командирі ретінде еңбегі ел есінде. Бірақ кейін 2-ші кезек әкім Жағда Бабалықов болса, Қобық 2-ші атты полк Дөлбілжінге барып тұрғанда Нүкеңнің орынбасары болған. 1958 жылы 3-ші кезек әкім болған Құрманәлі Оспанұлы Нүкеңдер полк құрып, жорықтан жорыққа шығып жүргенде, Құлжаға партизан қатарына кіріп, біраз жыл журналист болған. Бұның себебі тереңде болуы керек. Әрине, Шығыс Түркістан Республикасының артында Совет Одағының арнайы қызметі тұрғаны айдан анық. Бірақ олардың ішінде Ысқақбек пен Дәлелханнан басқасы қару ұстап, қан майданда болғандар емес. Ел ішіндегі абырой, беделі де жоғары емес еді. Тек Советтен тәрбие көріп, арнайы қызметтің көзіне түсіп, солардың ықпалымен креслода отырған болатын. Сондықтан да қан кешіп, жаралы болып, жақындарынан айырылған қолбасылар мен осы көтерілісті жан-тәнімен қолдаған ру басылардың отыздың ар-жақ бер жағындағы шолақ етек, қызыл көсемдерді бойына тоғытпауы, іштей мойындамауы әбден заңды. Сондықтан да болар әуелі орыстың, кейін қытайдың сеніміне кірген Сайпіден Әзәзи басы асау, ел арасында ықпалы зор тұлғаларға қырын қарады. 1962 жылға дейін Советпен санаса отырып төңкеріс, аштық жылдарында Советте туып, Шыңжаңға ауып келіп есейген сауатты жастарға көбірек мән беріп, маңызды орындарға қойып келді. Осы жерде Совет Одағының идеологиясына ерекше тәнті боласың. Аталары, әкелері, жақын туыстары Советтік машинаның сүргініне, репрессиясына ұшырап келген жастарды өзіне баурап, адал қызмет істетті. 1962 жылы Совет Қытай қарым-қатынасы бұзылғанда, билік көлемі ұлғайып, бірнеше біріншілікті қатар алып жүрген Сайпіден Әзәзи жер реформасы кезінде өсіп шыққан жергілікті коммунистерге көбірек мүмкіндік берді. Іле аймағының орынбасар уәлиі болған Жанболат Сөртіұлы, Шығыс Түркістан Республикасының Білім министрінің орынбасары (Министр – Сайпіден Әзәзи) болған Мұқабай 1952 жылы жаламен атылып кетті. Тарбағатай аймағының уәлиі Башпай Шолақұлы ішкі Қытайда экскурсия кезінде қайтыс болды. Қарулы күреске шыққан Оспан батыр, гоминьдаң үкіметінің қолайына жаққан Жанымхан қажы, қазақ дивизиясының командирі Зәкәрия сияқты ел ағалары да атылды. Осы оқиғалардың қыр-сыры әлі толық ашылған жоқ. Билік бейбіт жолмен алмасқанмен, сыртқы арандату мен ішкі наразылықтар өршіп, кішігірім бұлғақтар басталды. Әрине, қарулы күреспен билікке келген компартия аянып қалған жоқ, қатаң жазалауды күн тәртібіне еңгізді.
Осы кезде өрісі тарылып, құқығы шектелген Нүкең шамасы келгенше өз халқына ара түсті.
«…өлкелік үкіметтің қызмет группасы ішкі жақтан жиын ашып, «банды» деп ұсталған 23 адамды өлім жазасына бекітіп, партиясыз қолбасшы Нүкеңнен сырттай пікір алыпты…. Нүкең: «Ау, онда тәубеге келіп, қылмысын мойындап, ақиқатқа қайтқандарға кеңшілік жасалатын саясатымыз қайда қалды?! Солардың ішіндегі ана бір сорлы екіқабат әйел, үйінде зорлықпен жасырынған қарулы бандыларға бірнеше күн тамақ жасап берген екен… сол үшін оның өзі тұрмақ, ішіндегі ай-күні толып отырған баласы да атыла ма?! Менің пікірімді 6- корпустың қолбасшысы Ло Юэньпа генералға жеткізіңдер», – дейді. Енді бірде сол кездегі өлкелік үкіметтің төрағасы Бұрхан Шахидидың қол астындағы Нығмет Мыңжанға: «Бүгін жер-жерден үгіт-насихат арқылы ақиқатқа қайтарылған қалың елдің ендігі күн көрісі туралы аса маңызды, ақылдасу жиыны ашылды. Ол жиында өзіміздің қатарымызда жүрген «советшіл» біреу бандылықтан қайтқан елді ішкі өлкелерге апарып, таратып орналастырмаса, түбі қайта қаныпезерлене бас көтереді… деген әсіре пікірін ортаға салды. Мен оны құптамадым. Қай жерден кеткен болса, сол жерге барып орналастыруды дәріптедім. Қытай тілінде шама шарқынша айттым. Партия-үкіметтің қытай басшыларына менің бұл пікірімді толық түсіндіріп жан-жақты тез жеткіз, қарағым, бұл партия мен үкіметтің беделіне, ұлт тағдырына, ұлт болашағына саятын барынша маңызды да ірі іс».
Азамат немесе тұлға өмір бойы ерлік жасай бермейді. Алайда, саналы ғұмырында жылдар бойы қалыптасқан сезімі мен түйсігіне ие болып, бір-екі рет әлсізді қорғап, әділеттікке жақтаса білсе, соның өзі жетеді. Бұлғақ кезеңде тұлғаның бір ауыз сөзі немесе көзқарасы сан мың адамның тағдырына араша болары сөзсіз. Корпус басқарған полковник, міне, осылай ана мен болашақ ұрпақтың, бір тайпаның тағдырына ара түсуі аштық кезінде «бесеудің хатын» ұйымдастырған Т.Рысқұлов пен Ғ.Мүсіреповтың ерлігіне пара-пар. 1986 жылы Желтоқсанда Колбиннің алдында жастарға араша түскен Ж.Молдағалиев пен С.Шаймерденовты көз алдымызға алып келеді. «Жау қашқан заман мен бейбіт заманның батырлары» (М. Мағауин сөзі) көбейген мына заманда нағыз батырдың жүрегіміздегі қадір-қасиеті арта түседі. 1986 жылы 18-тамызда Н.Көнбайұлы мәңгілік сапарға аттанғанда сол құтқарылған ана мен бала Құлжаға арнайы келіп, көңіл айтып, жетісі өткенше аза тұтыпты.
Ғасыр айырығында дүниеге келіп, сол заманның ыстық-суығын тең көрген, ат басын тартып, ел ісіне араласып, азаматтық парызын адал өтеп, өз ұлтының өсуі, толысуы, теңдігі, азаттығы үшін толарсақтан қан кешіп, тұлпары ауыздықпен су ішкен, қайтсем қазақтың берекесін сақтап, көсегесін көгертем деп күрескен абыз ақсақалдың басып өткен жолы тірісінде аңызға айналып, жұрт жүрегінде қалды. Көшпенділердің ерлігін бірнеше рет қайталап, заманына қарай айналасын ғылым мен білімге бағыттап, ерте білді. Ерліктері еленбесе де, есімі ел жүрегінде қалды.
Омарәлі Әділбекұлы
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:
Қожай Доқасұлы, «Офицердің күнделігі» // Ұлттар баспасы, Пекин, 31 б
Шыңжанның үш аймақ төңкерісі тарихын құрастырып жазу группасы «Шыңжанның үш аймақ төңкеріс тарихы» // Ұлттар баспасы, Пекин, 86 б
Майнұр Қасым, «Ахметжанды еске алу» 2-кітап // Қытай мәдениет, тарих баспасы, Пекин, 147 б
Қожай Доқасұлы, «Офицердің күнделігі» // Ұлттар баспасы, Пекин, 63 б
Шыңжанның үш аймақ төңкерісі тарихын құрастырып жазу группасы «Шыңжанның үш аймақ төңкеріс тарихы» // Ұлттар баспасы, Пекин, 186 б
Мақыш Болатбекұлы, «Іле тарихи материалдары» 9 кітап // Ішкі материал, 36 б
Дәлелхан Жаналтай, «Қилы заман – қиын күндер» // Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Алматы, 64 б
Мақыш Болатбекұлы, «Іле тарихи материалдары» 9 кітап // Ішкі материал, 46 б
Дәлелхан Жаналтай «Қилы заман – қиын күндер» // Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Алматы, 69 б
Қожай Доқасұлы, «Іле тарихи материалдары» 5 кітап // Ішкі материал, 11 б
Майнұр Қасым, «Ахметжанды еске алу» 2-кітап // Қытай мәдениет, тарих баспасы, Пекин, 153 б
Жұмаділ Маман, Уәлибек Нүсіпхан, «Нүсіпхан полковник» // Іле халық баспасы, Күйтуң, 176-177 б.