ҮРКІНШІЛІК
01.06.2022
2344
0

Түн. Қазан айының жұлдызды, айлы түні. Арба үстінде шалқасынан жатыр. Екі көзі бөздей бозарған айда. Әлгінде ғана бөпесін емізіп отырған апасы бесіктің белағашына сүйеніп, тәтті ұйқыға батыпты. Жегіндегі жирен қасқаны жетекке алып, құла жорғаны салт мінген атасы да, кейінгі арбадағылар да тым-тырыс. Тек көш соңындағы шашау шыққан малды үнсіз ғана қайырған ағаларының анда-санда сақтана текіректей желгені еміс-еміс естіліп қалады. Ал күндіз ұйқыны әбден қандырып алған Асан көз іле алар емес. Бүкіл ауыл әлдеқайда көшіп барады. Қайда және не үшін бара жатқаны бұған бұлыңғырлау…
Кеше кіші бесінде атасы Шәуешектен құла жорғамен суыт келді де, алас-құлас қарбалас басталды да кетті. Бір атадан тарайтын бүкіл ауыл жанұшыра жиналып, әп сәтте тас түйін дайын болды. «Қайда барамыз?» деген сауалға апасы «Соғыс болмайтын жаққа…» деп, қысқа жауап қайырды. Қабағы түнеріңкі болған соң бала да анасын одан әрі мазаламады. Алайда, жүктерді тасысып бола бере: «Апа, мұнда да соғыс жоқ қой. Неге көштік…»,– деп сұрады. Әлденеге алаңдаулы апасы терең күрсінді. «Е-е, балам, көп ұзамай осында қытай мен дүңген әскері құмырсқадай қаптайды дейді. Өздері тасқын селдей жолдағысының бәрін жайпап келе жатса керек, үріккен елдің алды шекара асып кетіпті…»,– деп түсіндірді. Содан ең керекті бұйымдарын ғана арбаға тиеп, малдарын алға салып әлдеқайда үдере көшті. Сол жүргеннен мол жүріп, таң ата тау қойнауындағы бір сайды паналаған. Сөйтсе, онысы тура асудың аузы болып шықты. Шекарашылардың көзіне түспеу үшін күні бойы сонда бұғып жатты. Үлкендердің айтуынша, осы жақта Қазақстан деген ел бар көрінеді. Орысқа бағынса да, басшылары қазақ дейді. Сонда бармақшы. Әлгінде қас қарая жолға шығып, түн ортасына таяу асудан асқан болатын. Енді, міне, өгіз аяңмен тау етегіне қарай құлдилап келеді.
Асан тағы да аспанға көз салды. Ай қораланыпты. «Ай қораланса, азығыңды сайла» деуші еді атасы. Көп ұзамай күн суытады, арқаны кеңге салған жайсаң жазбен қош айтысасың деген сөз. Ызғырық үдеп, денесі түршігіп кеткендей болды. Әлгінде асудан асқанда ылди-төмен сырғып, пысынай берген соң ішіктің сыртына шығып жатып еді, енді жып-жылы ішікке қайта сүңгіді. Екі көзі аспанда. Көкте бір шөкім бұлт жоқ. Жұлдыздар самсап тұр. Түстік пен терістіктің арасын жалғап, боп-боз түске бояп құс жолы сайрап жатыр. Жыл құсының көктем мен күздегі жолы. Құдды бір көк аспанға керіп қойған ақ көпір секілді. Асанның есіне апасы айтқан аңыз әңгіме түсті…
Кешқұрым ел орынға отырған соң апа­сы бала-шағаның бәрін тойды­рып болып, дастархан басында жападан-жалғыз шай сораптайтын. Бұл сондай сәтті қалт жібермей анасының жұпар аңқыған төсінен бір иіскеп, еркелеп алатын. «Құлыным-ау, исің қандай жұпар аңқиды», – дейді апасы мұның төбесінен иіскеп отырып. «Ал Сіздің исіңіз жұпардан да күшті», – дейді бұл апасының исіне қанбай. Сөйтіп жатып апасынан әңгіме айтуды сұрайды.
– Не айтсам екен,– деп, апасы сәл ғана ойланады да. – Әә, тоқта, міне таптым! Мен бүгін саған күндегіден де қызықты әңгіме айтып берейін,–дейді де кезекті тәмсілін бастап кеп жібереді…
– Баяғыда, Құдай Тағала он сегіз мың ғаламды жаратқан екен дейтін ол. Оның алты мыңы хайуанат, алты мыңы өсімдік, алты мыңы тау-тас, топырақ. Құстар Құдай берген қос қанатының арқасында аспанда самғап, жерден нәпақасын теріп жеді. Кейбірі күз келгенде туған жерін тастап, жылы жаққа ұшып кететін. Алайда жол-жөнекей неше түрлі азап-бейнетті бастан кешетін. Көбісі адасып, ашығып, суыққа үсіп өлетін, мергеннің қарауылына ілігетін.
Бір күні құстар жиылып, Алла Тағалаға арыз айтыпты.
Иә, Алла, жаратып жан бергеніңе шүкір! Алайда көк жүзінде қауіп-қатер көбейіп кетті. Қатарымыз селдіреп, азып-тозып, азайып барамыз. Бүйте бер­сек, тұқымымыз торғайдай тозып, тұздай құри­ды. Бізге де жердегі жол сияқты көктен жол салып бере көр!– деп. Сонда Құдай:
Айтқандарың болсын! Сендер де жылы жаққа жердегі адамдыкі сияқты жолмен қатынап, барып-келіп жүріңдер!– деп, құстардың тілегін орындап, құс жолын салып беріпті. Содан бастап құстар да еш адаспай, жылы жаққа ұшып барып-қайтатын болыпты,– деуші еді апасы… Қазір сол құс жолының бозамық сәулесі жерге жарығын шашып, түнгі жолаушыларға жол сілтеп тұрғандай.

***
Ояна келсе, бұларды өңшең қалпақтылар қоршап алыпты. Жаппай сарала киінген, жағалары мен иықтарына жез қадаған әскерилер. Бұларды қауіпті жау санай ма, мылтықтарын кезеніп тұр. Мылтық ұңғылары ажал бүркетін аждаһадай үрейлі екен. Мұндай түсі суық, сұсты кісілерді бұрын-соңды көрмепті. Неге екенін қайдам көк көздерінде ызғарлы, сызды өшпенділіктің оты бар сияқты. Ара-арасында түр-түсі қазаққа ұқсастары да бар ма, қалай. Иә, әнеу бір ақ сұр кісі жүгіре басып, ортадағы қабағын қарс түйіп, шіреніп тұрған жирен мұрттың қасына келді. Жирен мұрт сыздана тіл қатты. Ақ сұр кісі соның айтқанын сөзбе-сөз аудара бастады.
– Араларыңдағы басшың қайсы?
Жұрт бір-біріне қарасып алып, мұның атасын нұсқады. Жирен мұрт енді атасына шүйлікті.
– Шекарадан неге өттіңдер?
– Соғыстан жан сақтап, қашып келеміз.
– Бізге неге келдіңдер?
– Биыл қыстап шығуға мұрсат берсеңіздер деп едік…
– Дәмелерің зор екен…– жирен мұрт мырс етті,– атып тастар деп қауіп қылмайсыңдар ма?
– Жоқ, басеке! Сәбет елі біз сияқты жарлы-жақыбайларға қарасып отыр деп естиміз! Сондықтан еш кінәсіз халықты себепсіз атпайды деп сенеміз!
– Ә-ә! Солай де!– Жирен мұрттың аздап жүзі жылиын деді. Бірақ өйтіп жылығаны бар болсын, ақ сұр кісіге әл­денені бұйыра сөйлеп, аз ғана жауаптасқан соң атасы астындағы құла жорғасын түсіп берді. Содан соң өзі айдаудағы мал ішінен биыл қысыр қалған торы биені ұстап мінді. Асан мұнысын жаратпай: «Апа, құла жорғаны неге берді?!» – деп күңк етті. «Е-е, балам, бас аман болса, мал табылар. Билік кімнің қолында болса, мал соныкі емес пе?! Атаң бізге тиіспесін деп берген шығар оны…», – деді.
Ет пісірім уақыттан соң үріккен елді қалпақтылар қоршаған күйі ішкері қарай айдап ала жөнелді. Аз ғана жүгін, бала-шағасын арбаға тиеп, делбені әйелдеріне ұстатқан, еркектері салт ат мініп, малдарын айдаған бес-алты отбасы батысқа қарай ілбіп барады. «Бәріңді айдап, Мұқаншы мен Үржардағы басшыларға апарады. Солар тағдырыңды шешеді» десе керек жирен мұрт. Ендігі тізгін – жирен мұрттың орынбасары қас-кірпігі аппақ, шегір көзде. Шегір көз өзіне тізгін тиген соң-ақ дереу қаһарына мініп: «Бірден ескертіп қояйын! Кімде-кім бұйрықты орындамай, топтан шашау шықса, дереу атылады! Тамақ ішетін, дәретке баратын арнайы уақыт бөлінеді. Тек сол кезде ғана барасыңдар. Одан тыс уақытта жан баласына рұқсат жоқ»,– деп, қатаң түрде жарлық шашты. Ақ сұр кісі осы сөзді аударғанда Асанның кішкентай жүрегі дір-р ете түсті. Қасында отырған апасы «астапыралла!» деп, жағасын ұстады. Содан соң: «Естідің ғой, ә, балам! Рұқсатсыз ешқайда аттап баспа! Мыналардың сұры жаман екен, сөзге келмей атып тастайды!» – деп, одан сайын шегелеп, нығарлап қойды…

***
Көшкен ел Көктұмадан шыққанда күн тас төбеден ауған еді. Анда-санда үп етер елеусіз самал болмаса, ауа тынық. Күздің қара суығынан әзірше еш хабар жоқ. Асан әлгінде өзек жалғағанда апасынан сұрап білген. Бұлар өткен шекара бекетінің аты Бақты екен. Ескіше аты – Көктұма. Ендігі бағыты – Мұқаншы. Кенет тұмсығына әлдеқайдан бір күлімсі иіс бұрқ етті. Шамалауынша өлген малдың, өлексенің исі. Ауылдан екі бел ұзағанда арам өлген малдың өлексесін тастайтын шұңқыр болушы еді. Мал қарап жүріп талай рет тұсынан өткені бар. Асан сол жерден танауын басып, жүгіріп өтуші еді. Қазір өйтуге еркі болмаған соң амалсыздан танауын басты. Бірақ адам дем алмай қашанғы шыдасын. Қолын алса, жүрек айнытар әлгі бір күлімсі иіс қайтадан бұрқ етеді.
– Түу, не сасып кетті?– деді шыдай алмай.
– Өлген малдың исі шығар…
– Оны жол бойына кім тастап жүр?
– Мен қайдан білейін, балам?! Шыда, шыдай түс, қазір сейілер! Алға қарап отырсаң, қазір алдыңнан аталарыңның туған жері Бұғыбай шығады.
Бұл бұрын-соңды естімеген әңгімесі еді, білмекке құштарлығын оятты.
– Атамның туған жері Бұғыбай болса, неге біз сонда тұрмай, Қытайда тұрамыз, апа?
– Е-е, балам! Шекара деген кейін пайда болыпты ғой. Әйтпесе, бір кезде бір жағы қазақтың жайлауы, бір жағы қыстауы көрінеді,– деп күрсінді апасы.
– Қалай сонда? Жайлауға бару үшін шекарадан өткен бе?
– Жоға! Ол кезде қазақ ешкімге бағынбай, емін-еркін өмір сүрген, балам. Осы жердің бәрін қалағанынша қыстап-жайлады. Ауызша серттесіп-анттасқаны болмаса, шекара сызған жоқ. Кейін қазақ жерінің бір жағын орыс, екінші жағын қытай өзіне алып, ортадан шекара сызығын сызды. Сөйтіп жартысы Қытайға, жартысы Ресейге қарап қалды.
– Сонда қазақтың жерін қорғайтын бір батыр шықпады ма?!
– Шықты ғой, балам! Бір батыр емес, мың батыр шықты. Алайда… бұл енді ұз-а-ақ әңгіме…
Осы сәтте алдыңғы жақтан бір қарайған көрінді. Бірақ айдалада қараңдаған жалғыз ноқат, мал ма, адам ба, әлде тас мүсін бе, анық байқалмады. Асан енді сол ноқаттан көз алмады. Ноқат әуелі шыбыққа айналды. Содан соң шыбық екіге бөлінді. Тас мүсін емес, қозғалатын сияқты. Әуелі теңселгендей, одан кейін бір отырып, бір тұрғандай көрінді. Көз көрімге келгенде анық байқалды. Мал емес, адам екен. Анығы екі бала… Біреуі сылқ етіп, құлап түсті. Оны тұрғызамын деп, екіншісі де құлады. Дегенмен жолаушылар жақындағанда екеуі де қайта тұрды. Асаннан үш-төрт жастай үлкен, недәуір ес тартып қалған балалар. Ұсқындары кісі көргісіз, тыриған арық, көздері шүңірейіп, ішіне кіріп кеткен, азып-тозған, үсті-басы кір-қожалақ, алма-жұлма. Алдыңғы арба жақындай бергенде кір-қожалақ алақандарын жайып, жанұшыра ұмтылды:
– Ашпыз! Та-мақ, та-мақ беріңдерші!– Дауыстары жердің астынан шыққандай құмығып, зорға естіледі. Әл-дәрмені құрыған.
Көштің алдында келе жатқан сарала киімді сарбаздар әлдене деп айқайлап, жасқаған болды. Оны тыңдап жатқан балалар жоқ. Қайтсін енді, әбден ашыққанда жасқағанды ұға қоя ма. Апасы әлгілердің көзін ала беріп, шашу шашқандай уыстап сықпа құрт лақтырды. Балалар жалп етіп құлай кетіп, тапқан құрттарын ауыздарына салып, жатқан күйі тағы да алақан жайды. Ол екі ортада бұлар мінген арба өтіп кетіп, екінші арба балалардың тұсына келіп қалып еді. Ондағы Сәруар апа шағын ғана бір қалта қуырылған бидай лақтырды. Мана Бақтыда бір әйелге күміс білезігін осындай екі-үш қалта бидайға айырбастап алған болатын. Енді балалар орнынан тұрып, үшінші арбаға ұмтыла бергенде мылтық дауысы қатарласа гүрс-гүрс етіп, екеуі де жел ұшырған қалпақтай ұшып-ұшып түсті. Асанның жүрегі зу-у етіп, төбе құйқасы шымырлады. Құдды анау бейкүнә балаларды емес, өзін атқандай жаны түршігіп кетті. Кім атты екен деп, бар күшін жиып артына бұрылып қарап еді, маузерін белдігіндегі қынына салып жатқан шегір көз екен. Өзінің дәл осы сапарда жеке-дара билеуші екенін, кімді, қашан атып тастаймын десе де, ешкім қолын қақпайтынын сездіргісі келгендей, едірейіп, қоқиланып қояды.
– Астапыралла! – деді апасы.– Байғұс балалардың не жазығы бар еді?!
Атасы торы биесін тебініп қалып, шегір көзге беттеді. Әлденеге тас түйін бекінгендей кейіпте. Япырмай, енді атасын атып тастамаса екен деп, Асанның зәре-иманы ұшты.
– Нәшәндік! Рұқсат етіңіз, мына балаларды жерлеп кетейік, обал ғой!– деп, атасы жас мүрделерді иегімен нұсқады. Жирен мұртқа тілмаштық жасаған манағы ақ сұр қазақ атасының сөзін қолма-қол аударды. Шегір көз шаңқ етіп, қысқа қайырды.
– Рұқсат жоқ! Айда давай!
Көш қайта ілгері жылжыды. Шарасы таусылған атасы жақ ашқан жоқ. Әлгі адам кейпінен кете бастаған, тыриған арық екі бала жол бойында көмусіз қала берді. Біреуі Сәруар апасы лақтырған бір қалта бидайды тас қылып ұстап алыпты. Өлсе де айырылар емес…
Кенет әлгіндегі күлімсі иіс жақын жерден тағы да бұрқ етті. Асан сонда ғана көрді. Жол жиегіндегі бұтаның арасынан жоғары созылған адамның қолы… ашылған алақан, тарбиған бес саусақ шығып жатыр екен… Тұла бойы дүр-р ете түсіп, әлдене төбесінен табанына дейін зырқ еткізіп жүгіріп өткендей болды… Арқа-басы шымырлап, зәресі зәр түбіне кетті.
– Апа, ананы қарашы,– деді дереу. Апасы бәрін көріп келе жатқан сияқты.
– Қарама, балам! Шошынып қаласың,– деп, мұның көзін көлегейлеп, шыр-пыр болды. Өзі де лықсып келген ойын жасыра алмай күбір ете қалды.
–Е-е, Алла, бұлардың бетін жасыратын бір мұсылман жоқ па?! Әлде тірі қалғандардың бәрі есінен адасқан ба?!
Оның даусы дөңгелек шиқылына жұтылып кетті. Көш ілбіп кете барды.

***
Қақыраған қыс өтіп, көктем келген шақ. Екінті мезгілі. Мұқаншыдағы НКВД кеңсесінің алдында ат арбаның үстінде тоғыз-ондар шамасындағы бала отыр. Қолындағы бөбек уанбай шыр-шыр етеді. Оның іздегені тек қана ана сүті. Қарны ашқанда емізетін анасын әлдекімдердің «байдың қатыны» деп қамап қойғанын бала шіркін қайдан білсін? Айтсаң да ұға қоя ма?! Бұл – Асан мен оның інісі Үсен еді. Түстен бері бөпесін жұбату үшін Асан не істемеді?! Қоржыннан қуырылған бидай мен құрт алып, шайнап берді. Шөлдеді-ау дегенде торсықтан әлсін-әлі су жұтқызды. Біресе мойнына мінгізіп, біресе арқалап, ат болып шапты. Арбаға отырғызып қойып, өзі жасырына қалып, бірде ана жақтан, бірде мына жақтан оқыс шыға келіп, сықылықтатып күлдірді. Алдына алып әлдиледі. Осылай ақ тер, көк терге түсіп жүріп, інісін ұйықтатты да қабырғалары ырсиған жирен қасқаны доғарып, әудем жердегі ағашқа арқандап келді. Бос тұрғанша, бетегенің бойынан биіктей бастаған көкті жұлып, әл жисын дегені. Кеңсеге барып, қоқырайған қалпақ киген кісілерден еш жазықсыз анасын босатуын сұрады. Алайда олар баланың сөзін елең қылмады. Сол екі арада Үсен де оянды. Енді, міне, емшек сұрап, қолды-аяққа тұрмай, шыр-шыр етеді. Манағы қуырылған бидай мен құртқа да алданбады. Арқалап арлы-берлі жүрсе де, торсықтан су жұттырса да уанбады…
Шіркін, қазір атасы болса, апасын қамаудан оп-оңай шығарып алар еді-ау. «Әй, атам-ай, бізді бекерден бекер көштен бөліп кеттіңіз-ау,– деп ойлады Асан.– Не көрсең де елмен бірге көрген жақсы ғой». Атасының бұларды көштен қалай бөліп кеткені қазір де ап-анық есінде.
…Тапа тал түс еді. Күн суытып, жаңбыр жауып, ел бүрсеңдей бастаған. Жол жиегінен он шақты шөмеле көрінгенде күйісі кеткен жолаушылар қатты қуанды. Айдаушылар да, үріккен ел де бір-бір шөмеленің ығына тығылып, тамақтануға отырды. Атасы бұларды жолдан ең қиыс тұрған дәу маяның түбіне апарды. Жүрек жалғап болған соң тәуе­келге бел буып, апасын, бөпесін және Асанды ат арбасымен қоса маяның арғы бетіне жасырып кетті. Кетерінде атасы нар тәуекелге бет бұрған кейіпте: «Бізді абақтыға қамай ма, әлде бір жыраға апарып ата сала ма, білмеймін. Мана екі дүңгенді қалай атып тастағанын көрдіңдер. Ана біреуінің іші өтіп, уақсыз уақта дәретке жүгіргенінен, екіншісінің соған болысқанынан басқа не жазығы бар еді?! Мен бұларға сенбеймін! Сендер осында қалыңдар! Мен ғана кетейін! Құдайға тапсырдым»,– деді. Апасы екеуі күні бұрын келісіп алған сияқты. Мұқаншыдан ұйғыр, дүңген, қазағы бар қырық шақты кісі қосылғанын әрі айдаушылардың да ауысқанын айтып, осы оңтайлы сәтті пайдалануға бел буыпты. Кетерінде Асанды төбесінен иіскеп тұрып: «Апаң бәрін біледі. Дегенмен жігіт боп қалдың, сен де оған ес бол! Әбден ел кетсін! Оған дейін тырп етпеңдер. Ешкім жоғына көз жеткен соң шығасыңдар да, Мұқаншыға кері қайтасыңдар. Одан әрі Көктерекке барасыңдар. Сондағы туыстармен ағайын­шыласып, қыстап шығасыңдар. Ал маған қалуға болмайды. Мына дүңгендермен тілдесуге іздеп қалуы мүмкін… Ал, қайыр хош!– деп, қайрылмастан кете барды. Шамасы, өзім өлсем де балаларым аман қалсын деп ойласа керек. Содан бері аттай желіп алты ай өте шығыпты-ау…
…Інісін жұбата алмай, шарасы тау­сылған Асанның жылағысы келді. Көзінің айналасы ысып, құлағы шуылдады. Бөпесін көтерген күйі аяғын нық басып кеңсеге кіріп барды. Кіре берісте манағы бір орыс пен бір қазақ кісі отыр екен. Бұларды көріп, екеуі де ежірейе қарады. Орысы әлдене деп ақырып қалды. Ана сүтін аңсаған сәби көзін тарс жұмып алып, шыр-шыр етеді. Темір тордың арғы жағынан шырылдаған апасының сөзіне де ешкім құлақ асар емес. Сәбиінің шырқыраған дауысын естіп, манадан бері қанша сұраса да тыңдата алмаса керек. Содан апасы қазаққа жалынды:
– Әкем-ау, айтсаңшы ана бастығыңа! Сенің де қатын-балаң бар шығар?!
Бірақ ол міз бақпады. Сол сәтте жабық есіктердің бірінен жинақы киінген тағы бір қалпақты шықты. Шамасы бастығы болса керек. Әлгі екеуінен жөн сұрап еді, олар кінәлі жандай кішірейіп, жарыса жамырасып әлденені айтты. Бастығы да бірдеңе деп, басын изеді. Қазақ атып тұрып:
– Әй, бала, әкел мұнда, – деп, бір уыс кілтін сылдырлатып, темір тордың есігін аша бастады. Асан қуанғанынан көзінен жас ыршып кетті. Дереу қолымен сүрте салып, бөпесін тордың аузына апарды. Апасы баланы алып, мұның бетінен сүйді де, жігерлендіріп қойды:
– Енді балаға өзім қараймын. Ат-арбаға, керек-жараққа ие бол! Көп ұзамай атаң келіп шығарып алар, қорықпа!
Асан осы сөзге кәдімгідей арқаланып, масаттанып қалды. Сол қуанышты қалпында сыртқа жүгіре шығып, айналасын тақырлап тастаған жирен қасқаның шылбырын шешіп, жол жиегіндегі көгалға жая бастады. Өстіп тұрғанда аталарым келе қалып, анамды босатып алып, бәріміз үйге қайтсақ қой деп қиялдады. Аталары демекші, таяуда ол туралы бір деректің шеті қылтиған еді. Бұлар қыстап шыққан Көктеректің бір кісісі кеше түсте Қараталдан келіпті. Сол кісі апасына Қараталда бала кезден танитын Ахмет дегенді кезіктіріп, шүйіркелескенін айтыпты. Ахмет оған былтыр дүңгеннің бүлігінде Шәуешектен қашқан елмен бірге өтіп, Ақтоғай жақтағы Жүзағашта қыстағанын, енді арғы бетке бірге қайтатын жолсерік іздеп жүргенін жеткізіпті. Мұны естігенде апасы дереу жолға жиналды. Бүгін Көктеректен таң бозынан шығып, түске тырмыса Қараталға жеткен. Келе сала әлгі Ахмет деген кісіні іздеп тапты. Сол айтты. Аталарын айдағаннан айдап отырып, Науалы, Үржар, Таскескенді басып өтіп, Жүзағашқа апарыпты. Сонда қыстатыпты. Малын алып, азық-түлікпен көмектесіпті. «Бәрі де дін аман. Олар да жолға жиналып жүр. Көп ұзамай келіп те қалар. Мені шекарадан өтуді сөйлесе бер деп солар жіберген» деп, бұларды бір қуантып тастады.
Ахмет пен апасы екеуі өстіп арқа-жарқа болып отырғанда балалар шу ете түсті. «Ойбай қан, басын жарды» деді біреуі. Шуға себепкер – өзі құралпы балалармен асық атып жүрген Асан екен. Мұнда кінә жоқ. Ойнайық деді, ойнады. Бірақ сақасымен көздеп тұрып атып кеп жібергенде ана баланың асықтарды түзейін деп еңкейе қаларын бұл қайдан білген?! Қас қылғандай қорғасын құйған сақа дәл құлақ шекеден тиіп, қан бұрқ етті. Бала баж етіп, басын ұстап, жерге домалай кетті. Жүрегі зырқ ете түскен Асан анталаған жұртқа қалай және не деп ақталарын білмей қалды. Оқыс деген осы. Мұндай боларын білсе, өлсе де ойнай ма… У-шу басыла бере қолында қаруы бар НКВД-нің салт атты екі адамы жетіп келді. Дереу апасына: «Қане, сандықтағы алтындарыңды шығар» деп зіркілдеді. Апасы сандығын ашып көрсетті. Дәнеңе жоқ! Армансыз ақтарып, аударып-төңкеріп, ештеңе таппаған соң қолындағы қатар-қатар тізілген күміс білезіктерін шешкізіп алды. Сосын әй-шайға қарамай, Мұқаншыға жаяу айдап әкетті. Ахмет ағасы дереу екі ұлды арбаға отырғыза салып, жирен қасқаны шаужайлап, артынан қуып жетті. Қалпақтылар әуелде жолатқысы келмеп еді, апасы: «Өзің атқа мініп, кісіні жаяу айдағанды қай атаңнан көріп едің. Атып тастасаң да отырамын» деген соң амалсыз көнді. Ахмет ағасы бұларды «Бір салпаңқұлақ «Байдың қатыны. Сәбеттің бар алтынын алып, Қытайға қашып барады» деп, көрсетсе керек…Уайымдамаңыз, жала екеніне көз жеткізген соң босатар» деп жұбатты. Осылайша Асан аңдаусызда апасының абақтыға қамалуына себепкер болды. Енді сол асығы құрғырды ойнамай-ақ қою керек еді деп, іші удай ашып, өкініп отыр. Ахмет ағасы бұларды әкеле салысымен-ақ көп кешікпей келемін деп, базар жаққа кеткен. Қашан оралары беймәлім.
…Құдай тілеуін беріп атасы шынында да бұл ат жайып отырғанда келді.
– Асанжан! Өй, құлыным!– деді біреу арт жақтан. Таныс дауыс. Жалт қараса, атасы мен Ахмет ағасы қатар тұр. Бала жылап жіберді. Түсте қалпақтылар апасын ұстап әкеткеннен бері қанша қиналса да жыламап еді. Енді, міне, сағыныштан ба, әлде қуаныштан ба, әйтеуір лықсып келген көз жасын ірке алмады.
– Өй, Асантай! Жігіт адам жылай ма екен?– деді атасы мұны құшақтап тұрып.– Апаңның абақтыдан тез шыққанын қаласаң, жылама, балам, жарай ма?– Асан басын изеді. Атасы қуанғаннан самбырлап сөйлеп жүр.– Құдайдың құдіретімен базарға соқпағанда, ол жерден мына Ахметті кезіктірмегенде сендердің мұнда екендеріңді білмей, ары қарай Қараталға өтіп кетпек екенбіз…
Атасы келген соң-ақ бар шаруа оп-оңай шешілді. Өйткені кеңседегілер ол кісіні жақсы танитын болып шықты. Былтыр келгенде тіл білмейтін қытай, дүңгендермен екі араға тілмаштық жасап, түсінісуге көмектесіпті. Сол кезде-ақ бұлар: «Бірнеше тілді жетік біледі екенсіз. Бізге аудармашы болыңыз!» деп жабысқан көрінеді. Атасы сыпайы ғана бас тартқан. Бүгін: «Шекара түбі ғой, өз ауылыңызда тұра беріңіз, барлық жағдайыңызды жасаймыз, азамат­тық ал деп те қыстамаймыз, тек қыжалатпен шақыртқанда Бақты бекетіне келсеңіз болды», – деп тағы жабысыпты. Атасы ендігі шалқайғаным болмас деп, айтқанына көніпті…
Ертеңіне үркіншілікке ұшыраған ел қайтадан шекараны бетке алды. Ең үлкен олжасы – бірен-саран кәрі құртаң болмаса, бас аман, бауыр бүтін…

Әбділдәбек САЛЫҚБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір