Cypet
30.05.2022
308
0

Дәулет ЖАДЫРАСЫН

 

Екі, екі, жердегінің бәрі екі,

Тілек екі, жүрек екі, жол екі.
Қақ бөлініп Донбасс қалды,
түтіндеп,
Қара албасты тұтатқандай темекі.

Ібіліс тұр қала үстінде масайрап,
Жесір қалды жасыл аймақ, жас аймақ.
Босағада жылауық жел боздайды,
Шерлі шаһар шат тірліктен босай қап.

Бұлт астында балқып жатыр
сайқал-Күн,
Сайқал-Күнің нөсер болып айтар мұң.
Қарқылдайды қақ бөлінген қалада,
Асыранды қарғалары Шайтанның.

Саябақ та сәби сынды кекілді,
Жұбатқысы келеді жел жетімді.
Елегізген оралар деп екі ұлды,
Кәрі ананың соңғы үміті секілді

Дірілдейді тұла бойы көп талдың.
Ортасында отыр кемпір жоқ-бардың.
Соқыр түнде шамы сөнбес шешейдің
Санасына тас атады сотқар мұң.

Екі есімді айтады ана күбірмен,
Екі сурет қабырғада ілінген.
Кәрі ананың соңғы үміті секілді,
Жалғыз шамның жалыны тұр дірілдеп.

Екі, екі, бір де – екі, бәрі – екі,
Қарт ананың қайғысы екі, зары екі.

ІІ
Қыртыс маңдай,
қатқыл дауыс командир
маңғаздана шегіп болып темекі,
«Қанды» өмірдің соңғы әмірін жеткізді,
Жаны құрсау сарбаз дабыл қағарда:
«Қаймықпаңдар қас дұшпаннан,
бар алға!
Аяушылық жасамаңдар адамға.
Қашар болсаң, жасар болсаң
кері қадам,
Өз-өзіңді атып өлтір одан да».
Екі Отанның ерегесіп ерлері,
Екі мүдде кескілесті алаңда.

Ұңғы біткен күткен сынды бұйрықты,
Оқтар ұшты жұлдыздардай құйрықты.
Алаң үстін «алақайлап» Ажал жүр,
Ат қып мінген уақыт дейтін жүйрікті.

Кеңкілдейді кеуделерден жан жұлып,
Алақ-жұлақ қос көзіне қан жүріп.
Сөніп жатты білте шамның отындай,
Өліп жатты жанмен бірге мәңгі үміт.

Ұрыс іші бірін-бірі көрді айқын,
Екі сарбаз көрінбейтін жаудай тым.
Екі жанар іздеп тапты бір-бірін,
Екі жанар бір-бірінен аумайтын.

Жатқанымен жүректерге сыз кіріп,
«Дұшпан көзде» тұнып тұрды ізгілік.
Қақтығысқан қалың әскер ішінде,
Қарайды үнсіз екі жанар үздігіп.

Екі жанар, екі мүдде, ел екі,
Қан майданда болмайды
ешбір жол екі.
ІІІ
Екі Отанда егізі бар есейген,
Бір ай бұрын хабар келді шешейге:
Украина сарбаз қыпты біреуін,
Бір сыңары сап түзепті Ресейде.

Бұдан асқан қайғы бар ма тірлікте?
Тірлікте бар бұдан асқан сұмдық не?
Екі Отан шідерлейді екі ұлды,
Екі мүдде жібермейді бірлікке.

(Қолдамайды, қорғамайды кім елін?!)
Келген хабар қақ бөлді ана жүрегін.
Қан майданда болмайды ешбір жол екі,
Бірі өмір сүруі керек, бірі – өлім.
Жылайды ана: үміті – екі, мұңы – екі,
қай Отанға білмей жеңіс тілерін?!

Нәзік демі шам отындай дірілдеп,
Елжірейді екі есімді күбірлеп.
Енді қайтіп, қалай көзі ілінбек?
Қабырғада қос сурет тұр күлімдеп.

IV
Темекінің тұқылындай таптаған,
Оты сөніп, шала бықсып жатты алаң.
Қан жылаған секілді анау сайқал-Күн,
Жердің беті өлекселер қаптаған.

Қан майданнан аман қалған халықты,
Таңғалдырған бір қызық жайт
болыпты:
Өліктерді көміп жүріп бір пақыр,
Қос дұшпаннан бірдей сурет тауыпты.

Пақырыңның саусақтары дірілдеп,
Дұға оқыды көк-сұр ерні күбірлеп.
Екі дұшпан сақтап жүрген суретте
Жалғыз ана қарап тұрды күлімдеп.

Қаралы жұрт қарап таңдай қағады,
Қос сарбазға сұлап жатқан тәні өлі,
Тұлғасы бір, әлпеті бір, бәрі бір,
Бөлегі – ту, иықтағы погоны.

Сонда пақыр көргеніне шыдамай,
Ағытылып ағыл-тегіл жылады-ай:
«Сұм соғыс-ай, бірге туған бауыр да,
Сен деп дұшпан бола ма енді,
бұ қалай?

Асып түстік хайуандық жолақтан,
Кешір бізді,
Адамзатты,
Жаратқан.
Егіз ерлер бір-біріне оқ атқан,
Егіз елдер бір-біріне оқ атқан.

Екі ұлы үшін жылайды үнсіз кәрі ана,
Екі ел үшін жылайды үнсіз Жер-Ана.
Бірін-бірі жұтады олар тоқтаусыз,
Ажал қарнын тойдырады арада.

Тұл анаға қос төсбелгі ап келер,
Қос төсбелгі бір жүректі қақ бөлер.
Украина ерлігі үшін даңқ берер,
Ресей де ерлігі үшін даңқ берер.

Қос төсбелгі құлпытастай екі ерге,
Шейіт болған шыбын жан-ай бекерге.
Сен де сыяр, мен де сыяр едім ғой,
Жер дейтұғын ғаламшарға, мекенге.

Ел болды ма көр көбейтіп көгерген,
Жер көбейтіп, адам санын шегерген?
Біз, бәріміз – егізіміз тұл Жердің,
Нәсіл бөлек, ұлтым басқа дегенмен.
Сонша бауыр – жойылған ұлт,
нешеме ел,
Жеңіс – жоқтау!
Ал жоқтаудың несі өнер?
Құдай «бармын!» дегенменен, ұқпадық,
Ал қайтеміз Құдай «Жермін!» десе егер?

Ажал қарнын тойдырады арада,
Болған күні халық дұшпан, ел ала.
Үнсіз қайғы жұтар енді кәрі ана,
Жансыздарды жұтар енді Жер-Ана.

Бейіт басы ана қалар қаралы,
Кім өлсе де, ана болар жаралы.
Ей, Адамзат, жылатпа Жер-Ананы,
Күнәларды кешірмейді ол әлі…»

V
Бұлт артынан сығалайды ерке Күн,
Әнші құстар қайта оралды көркем үн.
Қала үстінде Ібіліс тұр шаттанып,
Қалай қызық етемін деп ертеңін.

Ұмыт бәрі – туған сынды ел жаңа,
Ылди жақта ыңырсиды жел ғана.
Жылауық жел босағада боздайды,
«Қайдасың – деп, қасіретті,
шерлі ана!?».

Бәрі орнында – болмағандай
кеше күн,
сөнбегендей жарық шамы көшенің.
Ылди жақта жалғыз үй бар.
Сол үйдің
өшкен шамы жанбағалы неше күн…

ПІКІР ҚОСУ