Музейдегі түн
01.06.2022
463
0

Таяуда Алматы қаласында «Музей түні» мерекелік шарасы өтті. Акцияға «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» жеті музейі қатысты: Алматы музейі, Д.А.Қонаев музейі, Н.Тілендиевтың мемориалдық музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешені, Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптар музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы және А.Байтұрсынұлы музей-үйі.

«Музей түні» – Халықаралық музейлер күніне орай көптеген мәдени мекемелердің қатысуымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын іс-шара. Мұндай мәдени іс-шара ең алдымен жастардың музейге деген қызығушылығын арттырады.
Алғашқы «Музей түні» 1997 жылы Берлинде өтті. Идея көрші елдерде де қолдау тауып, келесі жылы көптеген еуропалық мемлекеттердің музейлері ашық есік түнін ұйымдастырды. Қазіргі уақытта мәдени оқиға әлемнің 150-ден астам елінде өткізіледі.
«Музей түні» акциясы – Алматының мәдени өміріндегі маңызды оқиғаның бірі. Осыған байланысты Алматы қаласы музейлер бірлестігі «Музей түні» акциясы аясында күллі жұртты қамтыған ауқымды мәдени ойын-сауық іс-шараларын өткізді.
«Музей түні» Халық­аралық акциясы – өнерсүйер қауым үшін нағыз мереке! Бұл – құпияға толы, әнмен көмкеріліп, жаңа адамдармен танысып, көңіл көтеріп, жарқын әсер алатын мереке. Сол себептен, акция – музейлерді біріктіріп, адамдарға жақындауға мүмкіндік беретін сәт.
Музей түні акциясында келушілерге «Жанды музей», яғни экспозицияларды тірілтуге негізгі басымдық берілді. Еріктілер мен музей қызметкерлері музейлерде тарихи тұлғаларды сомдап, ән шырқап театрландырылған көріністер қойды. Алматы музейінің залдары тарихи оқиғаларды, сол дәуірдің киімдері мен тұрмыс-тіршілігін интерактивті түрде жұрт назарына ұсынды. Диірмен тарту, келі түю, баланы бесікке салу, т.б. дәстүрлерді музейге келушілер өздері қатыса отырып жүзеге асырды. Алматы музейі жанында жасалған ретроспективаны айрықша атап өту қажет. Қалалықтар 60-70 жылдардағы Алматының көңіл толқытар атмосферасы, антиквариат көрмелері, мәдени астанамыздың қайта жаңғырған бейнелері, Сева Демидов пен Мұрат Ділмановтың көркем туындылары тағы да көптеген керемет дүниелерге куә болды. Сондай-ақ олар Алматы музе­йінің алаңына 60-жылдардағы сәнқойлар образында келіп, кештің ең үздік ретро костюмі сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан раритеттік сыйлықтар табысталды.
Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптар музейінде экскурсиялар және қонақтарға арналған ойын-сауық бағдарламасы, сондай-ақ «Ғасырлар үні» гала концерті, «Ұлт руханиятын жасаушылар» филь­мінің көрсетілімі болды.
Д.А.Қонаев музейінде мемлекет қайраткерінің туыстарымен бір үстелде шай ішіп, тұлға туралы қызықты деректерді тыңдауға мүмкіндік беретін «Димаш Ахметұлы туралы әңгімелер…» атты кездесу сағаты өтті.
Н.Тілендиевтің мемориалдық музейі алдындағы алаңда Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің концерті, сонымен қатар музей залдары бойынша экскурсия, «Әуенді тап» зияткерлік ойыны өтті.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Амангелді» алғашқы қазақ дыбысты фильмі (Ленфильм, 1938, режиссері – М.Левин, сценарийі – Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, Вс.Иванов) және Ғ.Мүсірепов пен актриса Раиса Мұхамедиярованың махаббаты жайлы «Классиктің кеш махаббаты» деректі фильмдері көрсетілді.
Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін­де «Ұлы ағартушы туралы әңгімелер». «Ұлт ұстазы» фильмінің актерлік құрамымен және түсірілім тобы мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды.
М.Райымбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір