Жас ерекшелігі де – ерекшелік
«Балалар әдебиеті жылы» аясында бірқатар қаламгерлердің жас оқырманға арналған шығармалары жарық көрді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет 10 томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» оқырманға жол тартты. Қаншама жылдар көз майын таусып, бір институттың жұмысын жалғыз атқарып, қазақ ақын-жазушыларының балаларға арналған туындыларын жинаған Байбота Қошым Ноғайдың табандылығы көпшілікке үлгі.
Қаламы жүйрік, қиялы ұшқыр жазушылардың 2021 жылы балаларға арналған көптеген туындылары жарық көрді. Солардың ішінде қолымызға түскен шығармаларға тоқталып өтсек. Ш.Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді», Н.Ақыштың «Тау ішіндегі тауқымет», Б.Сүлейменовтің «Сырлы әлем», Ә. Файзуллаұлының «Өтірік айтпайтын күн», Ә.Салықбай «Айдана мен Ақжолтай», С.Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», Д. Мамырбаеваның «Әке мен бала», Ж.Шағатайдың «Ауылдың кішкентай археологтары», З.Жұманованың «Күләйша, Рокфеллер және басқалар», Г.Шойбекованың «Тұрлыханның көк туы» сынды кітаптары қолымызға түсті, сонымен қатар С.Бақтыгерейдің Валерий Кастрючиннен аударған «Ержүрек құмырсқасы» мен Г. Ақжолованың Ә.Беркімбаевадан аударған «Дәуіт атайдың ертегілері» сынды аудармаларын шолдық. Ақселеу Сейдімбектің балаларға лайықтап әңгімелеген «Алпамыс батыр» эпосының баянын, Алдар Көсенің қызықты хикаяларын кітапханалардан еркін табуға мүмкіндік алдық.
Кәсіби әдебиеттің дамуына барынша күш салып, мемлекеттік тапсырыстан бойын алшақ ұстап, аз ғана уақытта әлемнің үздік туындылары мен балаларға арналған жауһарларды, жалпы, оқырманға арналған көркем шығармаларды қамтыған 60-қа жуық кітап шығарған «Qasym» баспа үйінің еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Ғұмырының соңына дейін балаларға арнап шығарма жазып, қаламын қолынан тастамаған Шәкен Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді» кітабындағы «Алты жасар Алпамыстың басынан кешкендері» хикаясы мен әр алуан тақырыптарды қамтыған әңгімелерінің оқиғасы ширақ, оқырманын жетектеп отыратын динамикаға толы.
Жастарды отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелейтін туындылардың бірі – Нұрдәулет Ақыштың «Тау ішіндегі тауқымет» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы. Бала табиғатына тән білуге құмарлықтан туған шым-шытырық оқиғалардың жетегінде шығарманы бір деммен оқып шығасың. Шығарманы оқу барысында шығыстың тауларын кейіпкерлермен бірге аралап, тастарын ұстағандай күй кешесің. Уақыт пен кеңістікті алмастыруда автор нарративтік уақытты шебер пайдаланған.
Бейсембай Сүлейменовтің «Сырлы әлем» кітабына «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат» романы мен «Тентектер» повесі, ертегілер, әңгімелер, естеліктер мен эсселер топтастырылған. Сонымен қатар Бейсембай Сүлейменовтің «Туған күніңмен, Айтұмсық», «Горилла – адам» атты туындылары қазақ, орыс, ағылшын тілінде жеке кітапша болып жарық көрді.
Әлібек Файзуллаұлының «Өтірік айтпайтын күн» әңгімелер мен ертегілер, хикаят пен аңыз-дастандар жинағы тәрбиелік, тағылымдық мәні зор туындыларға толы. Қысқа сюжетке құрылған әр әңгіменің астарында тәрбиелік мән бар.
Әділбек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай» жинағы бүгінгі заман бейнесін балалардың образы арқылы аша түскен. Кітаптың өн бойында мейірімділік пен достық, төзімділік пен қайсарлық, әділдік пен адалдық қамтылған. Сонымен қатар шығармада бірқатар діни мотивтер кезігеді.
Жазушы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» атты екі кітабы бүгінгі күннің бестселлеріне айналды. 5 жасында әкесінен айырылған Жомарттың өмірге құлшынысы мен еңбекқорлығын баяндаған шығарма – көркем оқиғаға құрылған нағыз мотивациялық еңбек. Шығарманың өн бойында алақан жаюды ар санаған, қаймағы бұзылмаған қазақы танымның исі аңқиды. Жетім мен жесірдің тағдырын баяндау арқылы автор қиындықпен күресудің жолы еңбек, қанаты мақсат екенін көрсетеді.
Шығармадағы Жібек образы арқылы келіннің әулетіне құрметін, ұмыт бола бастаған ырым-тыйымдарымызды, сонымен қатар қайсарлықты бейнелейді. Мұқан мен Дәулетбек образы арқылы жетімді жебеу мен қазақы дархандықты жеткізеді.
Әкесіз өмірдің ауыр күндерін, жетімдіктің ащы дәмін Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаясынан көре аламыз. Оқиғасы қою, тілі жеңіл өрілген шығармада жазушының балалық шағы шынайы суреттелген. Мұнда автор типтік бейне жасауды мақсат етпегенін аңғаруға болады.
Ділдәр Мамырбаеваның «Әке мен бала» әңгімелер мен хикаяттар жинағы бала психологиясын ашып көрсеткен туындылардан тұрады. Ата-ананың балаға деген мейірімін ешбір техника алмастыра алмайтынын Жаңабек Шағатайдың «Ауылдың кішкентай археологтары» кітабындағы «Рымтай, робот және инеліктер» атты әңгімесінен байқаймыз. Жаһандануға құлаш сермеген заманда мейірімді де бір уақ естен шығармау керектігін барынша насихаттауға тырысқан автор, әр шығармасында осы идеяны баса көрсетуге тырысады. Отбасы құндылықтары сөз етілген туынды – Заря Жұманованың «Күләйша, Рокфеллер және басқалар» кітабы. «Күләйша, Рокфеллер және басқалар» әңгімесінде оқиға кішкентай қыздың баяндауы арқылы суреттеледі. Қаланың тіршілігі мен қала өміріне бейімделмеген қарттың күйі. Маңайындағы ағайынмен араласуы – барлығы далада өскен қазақтың психологиясын анық бейнелейді. Шығармада қала адамының психологиясы мен ен далада еркін өскен адамның психологиясы параллель сипат алады. Ата-анасы мен бала арасындағы қарым-қатынасты шынайы бейнелеуге тырысқан автор бүгінгі күннің жаргон сөздерін пайдаланған. Шығарманың негізгі идеясы – «бай бол, кедей бол, адамдық қасиетті жоғалтпа» дегенге саяды.
Заря Жұманованың мысалдары да кішкентай оқырманға ой салады. Автор шығармаларында ақыл айтпайды, тек кейіпкерлерінің іс-әрекеті арқылы ой салып, негізгі шешімді қабылдауды оқырманның өз еркіне қалдырып отырады. Осы арқылы бала бойына шешім қабылдаумен жақсы мен жаманды ажырата білу қасиеттерін дарытуға атсалысады.
Қорыта айтқанда, 2021 жыл қазақ әдебиеті үшін өнімді жылдардың бірі болды. Ендігі уақытта саннан сапаға көшу мақсатында– авторларға ұсыныс ретінде айта кететін негізгі мәселе балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жазу. Бізде ондай кітапшалар бар, бірақ тілі күрделі. Енді әріп танып келе жатқан балалар көп сөздің мағынасын ұқпай мүдіріп қалады. Сондықтан әр жас деңгейіне қарай күнделікті қолданыстағы сөздердің синонимдерін пайдалануға тырысса. Немесе көркем шығармалардың оқиғалар желісін ғана сақтап, оларды бала тіліне және қазақ тілін жетік білмейтін адамдарға лайықтап өзгертетін орталық құрылса. Ондай орталықтар шығармаларды беталды өзгертпей, автормен келісе отырып жұмыс жасаса деген ұсынысым бар.
Ерқанат Қуатбекұлы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
аға ғылыми қызметкері