Жатыпатар жанрдың жауынгерлері
24.05.2022
305
0

Әзіл-сықағымызда әлеуметтік жүк арқалап, қоғамдық ойды қозғаған шығармалар некен-саяқ. Әлемге әйгілі түрік әзілкеші Әзиз Несин секілді ең алдымен елінің еңсесін көтертпей келе жатқан негізгі кемшіліктерді жылап жазып, күллі оқырманды күлкіге көметін қаламгер қайсы? Атай аласыз ба? Міне, бүгінгі күннің проблемасы осы.

Нұрлыбек Жұбатхан

«Сатирадай қаһарлы қаруды қолынан түсірмей» жауынгер жанрдың жасағын құрып, қитұрқы сөздің құпиясын ашып, оны студенттердің құлағына құйып үйрететін баяғы Темірбек Қожакеевтей ұстаз жоқ. Басқа жоғары оқу орындарын былай қойғанда, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінде ерте заманда енгізілген сатира сабағы оқу кестесінен түсіп қалған. Оқытылмайды.
Қазіргі кезде түйрейтін де, сілікпесін шығарып сүйрейтін де тақырып көп. Нені жасайтынымызды білгенімізбен, қалай қадап жазатынымызды білмейміз. Бұл – шындық. Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы түйткілді қолға алып, журналистика факультетіне сатира сабағын орнықтырса, орасан олжа әкелері сөзсіз. Қысқасы, қыршаңқы тілді сықақшыларды тәрбиелеп дайындамаса, қырман басқан ат секілді бір жерді шиырлай бергеніміз кімге керек? Әйтпесе сахнадағы қойылымдары бір-біріне егіз қозыдай ұқсас еліміздегі 18 әзіл-сықақ театры секілді жалпы жұртты жалықтырып алуымыз ықтимал.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Сап түзейтіндей сатиралық шығармаларымыз бар. Ендеше, бар нәрсемізді бағалайық, салмақты дүниемізді саралайық.
«Ақтөбенің ақмылтығы» атанған қазақ еліне танымал Төрежан Мәндібаевтың мамандығы – математик. Биыл 85-ке толды. Жарты ғасырдан бері сатираның сарбазы болған ағамыз «Сыпыртқы командасы», «Оңай деймісің», «Махаббат минөті» атты күлкіге толы кітаптарымен танымал. Үмбетбай Уайдин атындағы сыйлықтың иегері, жазушы-сатирик атамыздың «Қазығұрт – «Қорасан» атты төртінші жинағы былтыр оқырман қолына тиді. Негізгі тақырыбы сатира болғандықтан, өмірдің көлеңкелі тұстары көп әңгіме болады. Қаламгерді қоғамдық өмір де көп толғандырады. Бұдан бөлек, әр жылдары жазылған әзіл-сықақ әңгімелері кітаптың әрін кіргізіп, ажарын аша түскен.
Сатирик Сабырбек Олжабаевтың «Ғасыр машақаты» атты жаңа жинағы бір ғасырдың оқиғасын қамтыған. Кітаптың «Ғасыр машақаты» деп аталуының өзінде үлкен салмақ бар. Автор әр тақырып аясына жеке отбасының, бір адамның басындағы оқиғаны ала отырып, бүкіл қоғамды жайлаған дерт, бәрімізді әбігерге салып жүрген машақаттардың сырын ашады. Сөйтіп, жинақ ғасыр машақаттарымен бірлесе күресуге шақырады. Кітаптың құндылығы да осында. Кітаптағы «Жайна, Жидегүл», «Аққолтық», «Ақырзаманның баласы», «Көбікауыз», «Тәрбиесіз түс», «Жоғалған құда» сатиралық әңгімелерінің айтары мол, астарлы. Сабырбектің тілі жатық, бір деммен оқылатын әр дүниенің тереңінде уытты мысқыл, кекесінді күлкі арқылы жан дүниені тазарту бар.
Қазақ сатирасында ойып тұрып орын алатын Мұхтар Шерімді білмейтін қазақ кемде-кем. «О, сатира, мен саған ғашықпын!» деген ұраны бар Мұхтардың әлеуметтік желіде оқырмандары он мыңнан асып жығылады. Ол жақында ғана «Супер сүмелектер» атты кинокомедия жазып бітірді. Былтыр жергілікті баспадан жарық көрді.
«Ары жатыңызшы» кітапшасы да оқырмандарын күлкіге көмді. «Шаншарды» ұйымдастыруға мұрындық болған өзінің де «Мистер Мұхтар» сатира театры Түркістан облысына танымал. Саяси-сатиралық басылым «Араға» да белсене атсалысып, көпшіліктің көзінен кете бастаған фельетон жанрын реанимациядан шығарып, өндірте жазып келеді. Ол туралы ұстазы, белгілі сатирик Көпен Әмірбек: «Мұхтар Шерім – бүгінгі сатираның ауыр артиллериясы» деп баға берген.
Сын-сықақтың соқасын сүйретіп жүрген Қазыхан Әше үш кітап шығарыпты. Біріншісі – «41 небылица» деп аталады. Таңдаулы әзілдерінің орыс тіліндегі нұсқасы. Екінші топтамасының аты – «Түйенің түйгені». Бұған мысал әңгімелері мен сатиралық повестері еніпті. Үшінші кітабы – «Сүзеген мақал» деп аталады. Ел аузындағы езу тартар мақал-мәтелдер мен өзінің қалжыңға таяу қанатты сөздерін араластырып шығарыпты. Аты айтып тұрғандай, сүйкенгенді сүзіп тұр. Әттеген-айы, халықтың ғасырлар бойы жасаған еңбегіне «құрастырушы» деп көрсетіп жібергенде қатып кететін еді.
«Жарымды айырбастасам да, жанрымды айырбастамаймын!» деп сұхбат берген Көпен Әмірбектің сатира саласына сіңірген еңбегіне ерекше назар аудару керек. 100 жылдық тарихы бар саяси-сатиралық «Ара» журналын 20 жылдан бері бір өзі шығарып келе жатыр. «Күлкінің жеңбейтін дұшпаны жоқ» (Бауыржан Момышұлы), «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» (Сейіт Кенжеахметұлы) деген жалынды сөзді жалаулатып, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайластардың, парақорлар мен жемсауы кең жемқорлардың аты-жөнін әжуамен айғақтап, жоғалып кеткен фельетон жанрына жан бітірді. «Жайдарманға» қатысқан жас сықақшылардың еңбегін саралап, қызылшақа қалжыңбастарға қанша жылдан бері қазылық жасауы ұлағатты жұмыс, ұстаздық үрдіс. Жас сықақшы Әдебиет Жұмановтың «Мырс-мырс» атты алғашқы кітабына алғысөз жазып, Қарағанды қаласында өткен тұңғыш жинағының тұсауын кесті. Мұның өзі – жастарға деген жанашырлық.
«Айтқыштар – Ақтөбеде» байқауының ең алғашқы жүлдегері, актер Бауыржан Орда «Қалжыңдаймын» кітабын шығарды. Жас қаламгердің жинағында сахнаға лайықталып жазылған әзілдер көп. Бауыржанның сатирасы көркемдік нақышымен, тілінің шұрайлылығымен ерекшеленеді, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді оқырман көкейіне дөп басып жеткізеді. Шығармасында арқау еткен әрбір оқиға желісі қазіргі өмір шындығын боямасыз көрсетеді.
Былтыр Көпен ағамыз есімдері елге белгілі азаматтар туралы әрқайсысы 0 минуттық 40-тан аса телефильм жасады. Оның ішінде – А.Боранбаев, М.Шерім, С.Олжабай секілді сыралғы сықақшылардың шығармашылық қырын ашты.Теледидардан көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы насихаттады. Ең үлкен еңбегі – «Көпен келе жатыр!» атты 8 томдық кітабы мен бір томдық фотоальбомын шығарды. Бұл фото­альбомнан А.Тоқмағамбетов, С.Адамбеков, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров, Ү.Уайдин, С.Кенжеахметов, С.Еркебаев, Қ.Ілиясұлы ағаларымен көзі тірісінде бірге түскен суреттерді көріп, көзайым болғандай сезімге бөленесің. Міне, ыждағаттық!
Елімізде сонау «Тамаша» ойын-сауық отауының шекпенінен шыққан әзіл-сықақ театрлары көп. Ақтөбеде 2002 жылдан бері тұрақты түрде, екі жылда бір рет өткізіліп жүрген республикалық «Айтқыштар – Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалі – «Екі езу» сатира театрының төл жобасы. Қазір қазақ сахнасында әзіл-сықақ жанры бойынша осы фестиваль ғана үздіксіз болып тұрады. Оған қатысқан әзіл-сықақ отаулары бағы жанып театрға айналып жатыр. Демек, «Айтқыштар – Ақтөбеде» қазақтың кенже дамып келе жатқан сатира саласына үлкен көмегін тигізіп тұр.
Қанағат Әбілқайырдың «Қайыр­шының миллиардер досы» атты сатиралық кітабына көз жүгіртіп едік. Бай не дейді? Кедей не жейді? Қоғамда орын алған бай мен кедейдің айырмашылығы жер мен көктей. Байшыкештердің паңдығы мен астамшылығы ащы әжуаланады.
Аймұханбет Бейсенбаевтың әлеуметтік желідегі әзіл-сықақтары өткір. «Сайтан алғыр сатира» деген қалыңдығы кере қарыс кітабын парақтасаңыз қалжыңға қарық боласыз. Есімі елге белгілі қайраткер қазақтарға арналған эпиграммасы да ерекше. Тіл туралы тікенек ойлары да уытты.
Қорыта айтқанда, «Сатира – қоғамның санитары». Қоғамды қоқыстан тазартамын деп жүрген Қазақстанның сықақшылары жасасын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір