ОҚУДЫҢ АЗДЫҒЫ, ІЗДЕНІСТІҢ ЖОҚТЫҒЫ БАЙҚАЛАДЫ
23.05.2022
2322
0

Соңғы жылдар бедерінде көркем әдебиет­тің қайта түлеп, жаңаша түрленіп, қазақ әдебиетінің жаңа дәуірінің шапағы көрініп келе жатқанына куә болып жүрміз. Осы орайда, талғамы өсу үстіндегі оқырманға қазақ прозасының соны жас легі қандай шығармалар ұсынып отыр? Оның көркемдік талаптар тұрғысынан қарағандағы орындалуы қандай?

Өміржан Әбдіхалық

Жастар қаламынан туған шығармалар алуан түрлі тақырыптарды қозғап, сан түрлі идеяларды көтерген, әркім ізденіс бағытына қарай жазу машығын қалыптастыруға бой ұрған. Әлбет­те, бір кітаптарының өзі ондаған мәрте басылып, тұрақты әрі мол оқырман тапқан Ырысбек Дәбей, Ақберен Елгезек сынды қаламгерлердің шығармалары жастар прозасына үлкен серпіліс әкелді. Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгіме», «Қоңыз» романы және Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесі – соның дәлелі. Осы қатарда яғни қазіргі заманғы проза көшінде қолтаңбасы айшықталып, бағытын орнықтырып, оқырманын тапқан Бейбіт Сарыбай, Мирас Мұқаш, Мақсат Мәлік, Дархан Бейсенбек, Ерғали Бақаш, Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол, Мәдина Омарова, Гүлжан Амангелдіқызы және тағы басқа қаламгерлер бар.
Прозаға жас қаламгерлердің көп келіп жатқаны әрі жазылып, жарық көрген шығармалардың тақырып аясы кеңейгені, оқу, ізденіспен бірге, жазу машығын жетілдірумен жұмыс істеп, асығыссыз, байыпты жазу жолына бетбұрыс жасап жатқан қаламгерлердің бой көрсете бастағаны – қазақ прозасының қайта өрлеу дәуірі басталғалы тұрғандай әсер береді. Бұл рет­те Арман Әділбек, Рахат Әлішер, Досхан Жылқыбай, Есбол Нұрахмет, Бақытбек Қадыр, Жәудір Нартай қатарлы жас жазушыларды атауға болады. Соның ішінде – Арман Әділбектің «Сері туралы әфсана» дейтін фэнтези жанрындағы әңгімесі жас жазушының алысқа баратын қарымын, кең тынысын бірден байқатады. Әңгімеде екі серінің өмірі парралель беріліп, оқырманын бірден баурап, ерте жөнеледі. Оқиғалар қазақтың фольклорлық санасының тақталарын қозғап, шынайы әрі нанымды баяндалады. Әңгімеден автордың ізденісі анық байқалып, жыраулар әдебиеті, халық ертегілері, қазақ поэзиясының мәйекті жырларымен жете таныстығының қоспасынан келіп, сәт­ті туынды жазғаны көрінеді. Ал Есбол Нұрахмет­тің «Сәукеле» новелласы өмірдің негізгі әрі шешуші кезеңіне аяқ басып, үйленіп жатқан жігіт­тің ішкі күйін, сезімдер ағысындағы арпалысын жақсы сурет­теген. «Үкісі бұлғақтаған сайын санамдағы бір ойды ырғай түскендей болды. Осы сәт мен өзімнен: «Оны сүйесің бе?» деп сұрадым. Ал той басталып кет­ті…» деп аяқталатын новелладағы сенімсіз түйін Есболдың оқырмандарын ойландырады. Осы соңғы сөйлемнің астарындағы кейіпкердің психологиялық толқынысы атақты режиссерлер Бергман мен Звягинцевтің отбасы драмаларын еріксіз еске түсіреді.
Жас прозашылар палитрасын байы­тып тұрған қаламгердің бірі – Досхан Жылқыбай. Досханның әр әңгімесі өз оқырмандарының жылы пікірін иеленіп жүр. Автордың «Квант» әңгімесі өзгешелігімен тартымды. Студент­тің махаббат­тың шытырман оқиғалары ішіндегі тұрақсыз ішкі күйін, үміті мен күдігі итжығыс түсіп жататын сезімі мен құмарлығын матастыра өрген туынды. Бір сөзбен айтқанда, бұл туындыны адамның таңдау жасаудағы тағдыр тақтасы десе де болады.
Тағы бір жас жазушы Бақытбек Қадырдың «Ирина» ат­ты әңгімесі оқуға жеңіл, ойландыруға тұрарлық шығарма. Қазаққа тұрмысқа шыққан Иринаның тарихи Отаны – Ресей жерінің ормандарын көргенде тоқтамай үнсіз егілуі, күйеуінің кері бұрылып, Қазақстанға қайтуы көп ойға жетелейді. Әрі шығарма соңында Иринаның көз жасын көлдетіп жылауының себебі ашылмай, аяқсыз қалуы оқырманның еркіне қалдырылған шешім деп түсіндік. Ал Жәудір Нартайдың «Той көйлек» әңгімесі тағдыр талқысына түскен Валяның баянсыз махаббатқа алданған көкөрім шақтағы көктей солған өмірінің сәтін сурет­тейді. Әңгімеде бойжетіп келе жатқан қыздардың бойындағы нәзік психологиялық иірімдер, үш түрлі отбасының үш түрлі тәрбиесі, әйел сұлулығының күнге шағылысқан өткір қанжардай қылпып тұратын сынаптағы мен ішкі сезім тәрбиесінің мәселелері жеңіл мұңға оранып жақсы жеткізілген.
Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» ат­ты өте сәт­ті жобасы жастар прозасының тақырыптық тынысын ашып, материалдық тұрғыдан қолдап, жаңа туындылардың жазылуына үлкен мүмкіндік туғызды. Осы жоба аясында жазылған шығармалар, жарық көрген кітаптар қазақ прозасының жас қанатына жаңа серпін берді. Бұл жоба жалғасын тапса, тіптен тамаша болар еді. Екінші, одақ тарапынан жастар шығармашылығын қолдаудың жүйелі түрде жүруі. Мәселен, өткен жылы «Тәуелсіздік сөзі» сериясымен 136 автордың кітабы жарыққа шықты, соның ішінде 30 жас автордың кітабы оқырманға жол тарт­ты. Осы екі мысалдың өзі жас қаламгерлерге жасалып жатқан қамқорлықты көрсетсе керек.
«Әдебиет­тің басты мақсаты – адамды жырлау» екені баршаға белгілі. Бірақ сол адамды әр қаламгер қарымы қарпыған, ойы жеткен жерге дейін ғана жазады. Ал жазуда көркем шығарманың өз талаптары бар екені тағы аян. Сол талаптың бастысы – тіл. Көркем әдебиет­те тіл – құрал. Адамның қайшылыққа толы болмысын, өмірдің сан алуан ситуацияларында танылатын табиғатын, іс-әрекетін жазушы тіл-құралды шеберлікпен, өлшеммен, дәл пайдаланғанда шығарма идеясы жарқырап ашылады. Осы тілді пайдалану мәселесіне келгенде, жалпы, жас проза­шылар арасында ортақ кемшіліктер бар. Тіл қолданысынан түйгенім, шығармадағы тіл мәселесі «өмірді сол қалпында беру және бастысы, тіл емес, идея, айтарың ойың болуға тиіс» деген тұжырымдардан шыққандай. Бірақ прозада маңызды емес талап, деталь болмайды. Көркем әдебиет тілі, жоғарыда айтылғандай, шеберлікпен, өлшеммен дәл қолданылмаса, ол ең керемет идеялардың да құтын қашырып, болашақ жақсы туындыны мүгедек қылады, сөйтіп жақсы идеяның әдеби обалына қалдырады.
Тағы бір мәселе. Жазушы жазған сайын тәжірибесі молайып, шеберлігі артып, өсіп отыратыны белгілі. Алайда, оқудың тым аздығы мен ізденістің жоқтығы байқалады. Сондай-ақ қысқа сәт­ті сюжет пен тосын, жақсы деталь­дер жиынтығына иек сүйеу де прозашыны алысқа апармайтыны белгілі. Осы қатарға жазатын тақырыпқа зерт­теу жасаудың сол бойынша танымдық, салалық әдебиет­терді, өзге де түрлі еңбектерді қарастыру, сөйтіп толыққанды дайындық етудің де кем түсіп жатқанын айтпасқа болмайды. Мұның бәрі жазушының өзіне қояр қат­ты талабы мен жауапкершілігінен туындайды. Әдебиет, әрине, өнердің алды. Өнер – еркіндік. Алайда еркіндік, ол – үздіксіз ізденіс, талмай оқу, талап, тәртіп, жауапкершіліктен тұрады.
Бұл мәселелерді айтудағы басты себеп, ол – оқырман. Сөз басында айт­қанымдай, қазіргі оқырманның әдеби деңгейі күн санап өсіп, талғамы жоғары болып отыр. Сол бүгінгі оқырман жата жастанып оқып жатқан шығармалармен бәсекеге түсу үшін айтылған ортақ кемшіліктеріміз туралы әр қаламгер өз шығармашылығының болашағына бола ойланса, сол ойланудың өзі қазақ прозасының қайта өрлеу дәуіріне жасаған әр жазушының өз қадамы болар еді. Әлбет­те, мен де ойланам…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір