Рафис Корбан. Ленар Шаех
01.05.2022
1490
0

Рафис Корбан

Рафис Корбан – 1957 жылы 1 қаңтарда Татарстанда туған. 1977 жылы Қазан мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған. Әр жылдарда «Татарстан жастары» газетінде, «Байрақ» газетінде, «Салават көпірі», «Еділ» журналдарында, «Шәһри Қазан» газетінде, Татарстан Кітап баспасында басшылық қызметтер атқарған. 2012-2016 жылдары Татарстан Жазушылар одағының төрағасы болып жемісті қызмет еткен.
Қазір «Қазан оттары» журналында еңбек етуде. Көптеген мемлекеттік, халықаралық сыйлықтардың лауреаты.

Шық

Түнімен көкте,
Жұлдыздар жанған.
Түнімен көктен,
Жұлдыздар жауған.

Арай таң атар,
Таратып нұрын.
Тізіліп қатар,
Айтады сырын.

Жұлдыздар жерге,
Көшкендей екен.
Шық болып гүлге,
Түскендей екен.

Әке тоны

Бұл – күрек,
Онымен
Әкем қыста,
Қар күрер.

Мынау – тон,
Әкешім
Қыста киіп,
Сан жүрер.

Бұл – менмін,
Менің де,
Күрегім бар,
Тоным да.
Бұл өлеңім жай сезім,
Әке тоны жолында.

Бақта

–Мына бақта не өседі?
–Түрлі гүлдер жайнаған?
Аналарға берілетін,
Сыйлықтар ол сайлаған!

–Мына жерде не өседі?
–Бұл – көкөніс бақшасы.
Адамзатқа пайдалы ғой,
Көкөністің баршасы!

Бақ дегенің ойлап тұрсаң,
Бейне үміт шырағы.
Алмалары қол бұлғайды,
Қып-қызыл боп тұрады.

Қандай бақша деп тұрмаңыз,
Ол бақшаны көрсеңіз.
–Бұл бақшада не өседі?
–Мұнда біздер өсеміз!

Көктем келді

Сурет салам дедім мен,
Ақ парақты алдым да.
Ақ қағазым ақ қыс боп,
Тұра қалды алдымда.

Қағазыма нұрлы күн,
Көктем мезгіл жалғады.
Күн түсті де ақ қыстың,
Еріп ақты қарлары.

Жан біткендей параққа,
Алуан бояу қолымда.
Түрлі гүлдер шықты ғой,
Ақ қар жатқан орынға!

Ленар Шаех

1982 жылдың 4 қазанында Татарстан Республикасының Актаныш ауданына қарасты Тақталашық ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Қазан мемлекеттік университетінің татар филологиясы және тарих факультетін, 2010 жылы аспирантурасын аяқтаған. Әр жылдарда «Шәһри Казан», «Татарстан яшьләре» газеттерінде қызмет еткен. 2008 жылдан бері мемлекеттік Татарстан кітап баспасында бас редактор. Жиырмаға тарта кітаптың авторы. Филология ғылымының кандидаты, Татарстан Жазушылар одағының мүшесі, Татарстан мен Ресей Журналистер одағының мүшесі. Көптеген халықаралық фестивальдер мен мүшәйралардың жеңімпазы, жүлдегері. Өлеңдері – ағылшын, орыс, түрік, қырғыз, әзірбайжан, якут, чуваш, башқұрт, т.б тілдеріне аударылған. Қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр.

Қызыл алма

Қызыл алма қолдарыңда –
Күндей болып тұр екен.
Сол алмаңды маған создың –
Тебіренгеннен дір етем.

Бетің сенің алма сынды –
Әп-әдемі, қызарған.
Көңіліңе жаз келгендей,
Әр кірпігің – жүз арман.
Жымиясың, күлімдейсің,
Жаздың бейне өзісің.
Қызыл алмаң сиқырлады,
Көңілімнің көзісің.

Қызыл алма ұсындың сен,
Жан дүниемде кенет той.
Толық бақыт үшін маған,
Жүрегің де керек қой!

Ұнатам

Көшеде аппақ қар жауып тұр,
Көңілге көрікті ой салып тұр.
Аппақ қар жамылып тұр Отан,
Ұнатам, ұнатам, ұнатам!..

Көшеде мамық қар жауып тұр,
Таусылып қалмас па, қауіп бұл.
Ақ қарды қолыма құлатам,
Ұнатам, ұнатам, ұнатам!..

Көшеде ақ бақыт жауып тұр,
Тербелем, сен дағы сауық құр.
Мен бүгін бақыттан гүл атам,
Ұнатам, ұнатам, ұнатам!…

Ғашығым тым жақын жүр екен,
Мен көрші бөлмеде күнелтем.
Сезінші, ортада жалғыз-ақ,
Жүрегім дірілдеп тұр екен…

Сағыныш жыры

Ыстық сүю сезімімді,
Күміс жіптей сақтадым.
Ақ бұлттарға хат жазып ем,
Ағып кетті хаттарым.
Күн нұрына малып алып,
Саған сәлем жібердім.
Көкжиекке сіңіп кетті,
Қараңғыдай түнердім.

Айдың нұрын сия еттім,
Саған өлең жолдадым.
Айым дағы қашып кетті,
Таңмен бірге орнадым.

… Желмен бірге хаттар жаздым,
Ұшты, кетті хаттарым.
Ең бір ыстық сезімдерді
Кездесуге сақтадым…

* * *
Жүзің бүгін жарқырап тұр,
Шық суына жудың ба?
Той көйлегің тым керемет,
Сол көйлекпен тудың ба?

Аппақ көйлек – бақ көйлегі,
Адалдықтың белгісі.
Саған, қалқам, ата-анаңның
Берілгендей тең күші.

Бүгін күн де күліп қарар
Сенің нәзік бетіңнен.
Жұлдыздар да жарқырайды
Көздеріңнің шетінен.

Той көйлегі – аппақ көйлек,
Қарайтпасын уақытың.
Мәңгілікке кидің оны,
Тарқамасын бақытың!

 

 

 

 

Татар тілінен аударған — Саят ҚАМШЫГЕР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір