Біз өзгердік пе?
08.01.2016
1104
0
82015 жыл. 31 желтоқсан. Алматы аспанында от-шашу ойнап, қызыл-жасыл-сары түске еніп, шартарапты шаттыққа бөледі. Жанымызда тұрған жұрт жанарынан болашаққа деген сенімді, балалық аңғалдықты байқай алдық. Мүмкін, бұл жасындай жылт еткен бір мезеттік қана нәрсе шығар. Адамдар мереке кезінде ғана шынайы қуанып, мереке кезінде ғана бір-бірін кешіре алатын секілді көрінеді, Бізге. Ал келесі күні не болмақ?! «Жаңа жылда» көпшілік маска киіп, сәнденеді. Біреу аң болып, біреу құбыжық, ал қалғаны жәндік болып шыға келеді. Ал адам болып қалғысы келетін кім бар екен, осы?! 31 желтоқсанда Сирияда мұсылман бауырлар бір-бірін өлтіріп жатты, Жапонияда зілзала орын алды, Кобо-Вердеде автобус төңкеріліп, қырық адам қырылды, Вьетнамда алпыс адамы бар кеме суға кетіп, он бесі опат болды… Біз ол кезде той тойлап, бір-бірімізді құттықтап, жақын-жуығымызға сыйлық таратып жүргенбіз. Шүкір! Әйтеуір ән айтып, думандатқанымыз болмаса, басқа ешқандай оқыс оқиға орын ала қойған жоқ-ау. Халыққа: «2015 жыл несімен есте қалды?» деп сұрасаңыз бәрі демей-ақ қояйық, бірақ көпшілігі доллардың күрт көтерілуі деп жауап беретініне кепілміз. Бұл Біздің сауат ашып, әлемдік экономикамен қызыққандығымыздан емес, дағдарыстың тұрмысқа әсер етуінен. «Ал биылғы – Мешін жылы Бізді несімен қуантар екен!..» деген дәме көптің көкейінде жүр. Сол күн жылылау болды. Бұны маймылдың ойнақылығы, Бізге күле қарағаны деп түсіндік. Кез келген нәрсені жақсылыққа жоритын қазақы көңіл бұнда да байқалды. 

Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан бас тартқан «Жаңа жылды» Біз әлі тойлап келеміз. 22 наурызға үлкен дайындық жасамайтын қазекем 31-ін ерекше ілтипатпен күтеді. Ал ұлттық са­на­ның оянуына, қалыптасуымызға, кезін­де жоғалтып үлгерген қазақы­лы­ғымызды қайта табуға Наурыздың – «Жа­ңа күннің» орны ерекше екенін айтудың өзі артықтау. «Жаңа жыл» мен «Жаңа күн» сөздері ұқсас болғанымен, мазмұны алабөтен, бір-біріне кереғар ұғымдар екенін өзегі­нен ажырағандар, өз қазағын бөтеннің алдында жығып беруге дайын тұратындар түсінсе ғой. Рухани тәуелсіздік рухты ке­сір­ден, кеселден, таза, саф күйінде сақ­тау десек, онда оң өзгеріс, ірі-ірі баста­ма­ларға әр кез дайын жүруіміз керек секілді.
Дәл бұл күнді «христиандардың мейрамы» деп саналы түрде тойламайтындар бар екен. Бірі діндарлар болса, енді бірі эт­но­­графтар. Сонда елдік мүдде осы екеуі­не ғана керек пе?! Қалғандары ше?!.
Сонау Лапландиядан қарлатып, борандатып келген Аяз-ата мен Ақша-қар жыл бойы тәртіпті, ақылды, озат балаға сый-сияпат үлестіріп, арманын орындайды екен. Сымбат деген он төрт жасар көршім әлгі шалға әлі сенеді. Қызық үшін: «Қызыңызға шындықты неге айтпайсыз?», – деп анасынан сұрап-ек: «Оған сенетіні соншалық, бір ай бұрын тақпақ жаттап, шыршасын сәндеп, костюм сатып алады. Егер ақиқатты ашып салсам баламның психикасын бұзамын ба деп қорқамын…», – деген жауап алдық. 12-ге он минут қалғанда шынында да Аяз болып киінген әкесі Сымбатқа ойыншық толған дорбаны алдына қойып, тілегін айтып еді, Ақша-қыз билей жөнелді… Келесі жылы көршім 15-ке толады… Ал сіз Аяз-атаға сенесіз бе?..
Бұлтсыз аспанға қарап тұрғанда… ау­зымыздан еріксіз: «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа!» деген сөз шығып кетті. Мүмкін бұны Құдай айттырған шығар… Аумин! Бетімізді сипадық.
Біз жаңа жылға нендей жаңалықпен аяқ бастық? Не өзгерді? Не қалды? Нені жеңдік? Неден жеңілдік? Ұттық па, ұтыл­дық па? Бізді мазалайтын сұрақ көп.
 
Мұражайға барғанда…
1 қаңтар күні қалада былайғы кездегі арлы-берлі андыздап жатқан көп көлік көзімізге түспеді. Демалыс болған соң туған-туысты аралап, ауылдан қонаққа келген іні-қарындастарды қыдыртуға шықтық. Алматыны көрсеттік. Қайда барамыз? Цирк! Кеттік. Барсақ ығы-жы­ғы жұрт, балаларын жетектеп, кассаның алдында кезекте тұрған елді көрсеңіз. Әншейінде 1000 теңгеден сататын биле­тіңіздің құны 5000-ға бір-ақ шығыпты. Ха­лық пен кассаның ортасына сынадай қағылған алыпсатарларыңыз ауадан ақша жасап жүр. Е-е-е… Жанбағыстың қамы. Бізге қызық көрінген ол емес еді (күнделікті көріп жүрген нәрсе ғой). Кассада 1, 2, 3 күндері билет жоқ. 4-не ғана бар екен-ді. Оның өзі артқы орындар. Театрға алып барайық десек, олар демалыста. Ал киноға барғысы жоқ. Цирктың артын айналып, қапталындағы тар кө­ше­мен жоғары көтерілдік те Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайына тірелдік. Өлі тыныштық. «Сонда кезекте тұрғандардың бірде-бірі бері қарай мойын бұрмағаны?» деген ой туды. Музей балаға қызық емес? Мүмкін. Бірақ олар музейді араламаса, көрмесе, жақын таныспаса қызығу­шы­лығы қайдан оянбақ? Хош! Кірдік. Кас­са­ның алды бос екен. Жанымда екі інім, екі қарындасым бар. Араладық. Мүсін, картина, ою-өрнекті көрген олар таң қалғаны соншалық:
– Тағы бір айналып шығайықшы аға… – деді өтініп.
Тағы бір айналдық. Фотоға түсіруге рұқсат етпейді ғой, каталогын сатып алу­ға тура келді. Бізбен қатар жүріп отырған тағы алты-жеті адам болды. Ерлі-зайып­ты­лар мен бес бала – оқушылар. 1-2 сы­нып оқиды ғой деймін, шамасы. Орыс­тар. Әкесі әр өнер туындысының қасына тұрып таныстырып, талдап беріп отырды. Ішінде арқасына сөмке ілген, көзі тұздай, шашы бұп-бұйра, сарғыштау бала блок­нот­қа бір нәрселерді түртіп отырды. Сұ­рақ­тары тегі көп. «Бұл қайдан келді? Оны қалай жасауға болады? Бұны жасауға қанша уақыт кетеді? Біз қашан үйре­неміз?». Дені осындай. Бір кезде анасы балаларын киіндіріп жатып:
– Енді музыкалық аспаптар мұра­жа­йын аралаймыз, – деп еді, бүлдіршіндер қуанып, орындарында лақтарша секіре бастады. Бір түсінгенім олар қызылды-жасылды дүниеден гөрі, адамды рухани өсіретін, эстетикасын тәрбиелейтін нә­рселер­ге аңсары ауып тұрады екен. Кеше ғана ауылдан әпкем хабарласып:
– Балаларым қайда барған? Ауыз­да­ры­ның суы құрып, құлақ етімді жеп қой­ды. Келесі жылы тағы да Қастеевке апа­р­сыншы деп жатыр… – деді күле сөйлеп. Біз де іштей қуанып қалдық…
Кие қайда?
Бүгіндері көп жайт жазылып та, айтылып та жүр. Дегенмен, сөзіміз ауаға сіңіп, ортаға тасталған ой тек қиял жүзінде ға­на қалып отырғаны ешкімге жасырын ем­ес. Біз киеден айырылып қалғанбыз-ау, осы. Аузымыздан дуа кетіп, сөзіміз өз нәрін жойғандай көрінеді. Кей басы­лым­ның, кей телеарнаның жазғаны да, айт­қаны да елді елеңдетпейтін болды. Үлкен кі­шінің, кіші үлкеннің сөзіне құлақ аспайды.
Қазақ барлық нәрсенің киесі бар, егер Табиғатқа, жан-жануарға, Жерге зияның тисе, адамзат үлкен апатқа ұшырайды деп түсінген. Айналып келгенде осы ұғым Біздің бойымызда ұлы қасиет, ірі мінез қалыптастырған еді. Көкті жұлма, аңды өлтірме, жәндікті қыр­ма, үлкенге қарсы келме, кішіні сыйла, тегіңді ұмытпа, Отаныңды сатпа, еліңді қорға, ата-анаңды қорға, ұрлама, өтірік айтпа, аманатқа қиянат жасама, ізгілік жолынан тайма… Белгілі бір дүниелерді кие тұту арқылы қазақ адамның қадір-қасиетіне жетіп, адами құндылықтарды қалыптастырды. Енді, сол кие қайда?
– Қазіргі балаларға сөйлеуге қорқа­сың. Немереме  бір қылығы үшін ескерту жасағаным сол еді, маған айқайлап шық­ты. Сөйтсем, оларға ақыл үйретпеуіміз ке­рек екен. Олар туа ақылды, генийлер!.. – деді күлкісіне ыза араласып. Дәулет деген кісімен паркте танысқанбыз. Ашық кісі екен.
– Кінә кімнен? – дедік Біз сұраулы жүзбен.
– Кінә деймісің?! Бұлар аштықты… (үн­сіздіктен соң) соғысты, жоқшылықты… қиыншылықты көрген жоқ. Қар басып, мұз жастанудың қандай болатынын Біз ғана көрдік. Ішкені артында, ішпегені алдында. Бәрі дайын. Мыналардың бәрі еңбек пен махаббаттан айырылған, – деді қолындағы таяғымен жанында­ғы­ларды көрсетіп.
– Не істемек керек ақсақал?
– Қазір мен телевизор көруден қал­ған­мын. (Бір кезде ашына сөйлеп) Ей, қазақтың қай еркегі қазанның жанында жүріп еді. Батырлардың, арыстардың ұрпағымыз ғой, Біз! Ошақтың жанында жүріп, от жағу қатынның ісі ғой. Соны ұял­май қалай ғана «көксандықтан» көр­се­тейді-ей, – деді де бөгеліп барып: – Қазақтың жанын жегідей жеген құрт – ақша мен билік үшін талас. Идеологиямыз ит-құсқа жем болды. Бұрындары әнші-әртісті дұрыс көруші едім, қазір құсқым келеді. Өшіріп тастаймын. Сендер көрген жоқсыңдар ғой. Ол кезде баласыңдар. Мен Баукеңмен жолығып, біраз әңгімесін тыңдаған адаммын. Ой-ой-ой… Қандай ғажап жан еді. Оның басқаның емес қа­зақтың маңдайына біткенін қарасаңшы. Аллаға рахмет! Қазір ондай адамды көрсем мына көзім шықсын. Бәрі өтірікші, бәрі қорқақ, бәрі жағымпаз.
– Абылайдың айтқаны рас келді ақса­қал.
– Енді сол бақа-шаян болғанымыз аздай, жәндікке айналуымыз ғана қалып тұр. (Бір нәрсе деп күбірлеп, Дәулет қарт бетін сипады). Үмітіміз – жастар!.. Қолың­ды жай, батамды берейін…
Әлгі ақсақалмен паркте танысып, аз-маз сөйлесіп үлгердік. Бір кезде баласы қасына келіп, Бізге жақтырыңқырамай қарады да әкесін алакөзімен бір атып, екеуі ұзап бара жатты, ұзап бара жатты… «Тек маған ғана емес, тұтас ұлтқа күшті бір бата керек ақсақал» деп айтуға оқ­талдым да, бөгеліп қалдым…
Ұстазсыз ұрпақ!
Біз ұстазсыз ұрпақпыз! Дәл осы сөз айтылмай келсе де немесе жастар айтуға тар­тынса да, шындық осы. Еріктеріңіз біл­­сін, бірақ үлкен әдебиеттегі бұл ке­зең­ді осылай атамасқа лажымыз жоқ. Ұстаз­дық  диплом мен диссертацияға жетек­ші­лік етумен немесе лекция оқумен шек­телмейтінін, ол өнер мен өмір арасын жалғап тұрған қыл-көпірден шәкіртімен бірге өтіп, қуаныш пен қайғыны, ащы мен тәттіні бірге бөлісіп, рухани өсуіне, жаңа қырынан танылуына, ашылуына, түрлене түсуіне, түлеуіне барынша септігін тигізіп, қажет кезде қолдау көрсететін тұлға болуға тиіс. Біздің түсінігіміздегі ұстаздық осындай…
Аристотель Ескендірді алғашқы жоры­ғына шығарып салып жатып, Буцефалға мініп, артынан армия ерген шәкіртін көз­бен шығарып салып тұрып: «Оның сүрін­гені – менің өлгенім!» – депті. Ұлы қолбас­шы қателік жасап, шалыс басқан тұстарын данагөй біліп отырған екен. Дарий әске­рін тас-талқан етіп жеңіп, Македония­ға оралған Зұлқарнайынның жанарына қарап тұрған Аристотель:  «Ештеңе айт­пай-ақ қой, жара қанайды – жазылады, ал жан жарасын жазу үшін уақыт керек…», – деп патшаның оң қолын маң­дайы­на басыпты-мыс. Бізге жеткен дерек – сөйдейді. Осы бір мысалды сөз өнерімен байланыстыра сөйлесек, онда ну орманда жалғыз жортқан жас жолды қалай таппақ? Білімі, танымы, аз уақыттан кейін арты көріне бастайтын тәжірибесі аздық етер… Сондайда арқа сүйейтін, іштегі үніңмен үндестікте болатын ұстазың бол­са, бұл жалғанда өзіңді жалғыз сезінбес ең… Жалғыздық әр кез қорқыныш, қор­қы­нышпен бірге сенімсіздік, сенім­сіз­дікпен бірге жалтақтық, жалтақтықпен бір­ге бей-жайлық алып келеді. Бүгінгі ахуал осындай. Ұлт ұстазына айналған Ахмет пен Мұхтарлар мұхиттай білімін, шығармашылық әл-қуатын, өнердің қыр-сырын ашып, ешкімнен ештеңе қызғанған жоқ, ештеңе аяған жоқ. Әуезовтің алдын көріп, лекциясын тыңдап, жақын жүрген­дер­дің әрқайсысы қазақ әдебиетінің қа­быр­ғалы қаламгерлеріне айналып шыға келді. Мұхаңның лекциясын тыңда­ғы­сы келгендердің қатарында сол кездері Қазақ тау-кен институында оқып жүрген Букетов те бар екен. Залға ұрлана кірген студент Евнейдің әдебиетке қызығушы­лығын оятқан – ұстаз. «Тартылыс заңы» физи­калық мәнде, арифметикалық есепте емес, бауырмашылық пен жылылықта шығар. Бүгіндері сол бір қажетті делінген қасиеттен айырылып қалғандықтан жаны­мызға ешкімді жуытпайтын болдық. Үйірін қызғанған айғырша артынан келгенді тарпып, алдына келгенді қырши­мыз. Сана тұңғиығында: «Ана жастың баптаған аты менікінен оза шауып, шаң қаптырмасына кім кепіл?! Соның кесірі­нен есімім ұмытылып, келешекте ескеру­сіз қаламын…» деген бір есекдәме бар ғой. Онда Олар жас қаламгерлерден аулақ жүрмес еді, жақындар еді, араласар еді, білгенін үйретіп, «қазақ әдебие­тінің қамы үшін» деген биік идеяны ту етіп ұстап, жол сілтеп, алдыға бастар еді…
Осыдан бір апта бұрын ғой деймін… Кабинеттегі өлі тыныштықты бұзып, есікті біреу қақты.
– Кіріңіз!
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам.
– Бір әңгіме алып келім едім, оқып көріңізші, – деді де қолжазбаны алды­мыз­ға қойды.
– Нөміріңізді қалдырып кетіңіз, хабарын беремін, – дегеніміз сол еді, әлгі жі­гі­тімнің қос қасының арасында найзағай ойнады. Аң-таңбыз.
– Өстіп ағаларды сағына іздеп келгенде жылышырай танытып шығарып салу бәріңізге ортақ ғадет пе?
– Кешіріңіз, түсінбедім сізді!
– Осы қолжазбаны бәріне таратып жүрмін. Тек қана пікірін білгім келеді. Бар болғаны сол. Сынын айтсаңыздар, бағыт-бағдар сілтесеңіздер, жазушы болғым келеді, Құдай үшін көмектесіңіздерші. Нөмірімді жазып алып қалып, артынан хабар-ошарсыз кеткен тоғыз адам бар… – деді қабағын қарс түйіп.
– Егер шамыңызға тисем кешіргейсіз, оқып шығып өз ойымды айтайын. Ол үшін нөміріңіз қажет қой, – дедік те қолын алып, қоштастық.
Туынды көңілден шықты. Әңгіме ұстаз бен шәкірттің бір-бірінен алыстауы туралы екен. Соңында әдебиеттен, әдеби ортадан үлкен үміт күткен шәкірт асылып өледі… Бекер оқыдым ба деп қалдым. Біразға дейін өзімді бір түрлі сезініп жүрдім. Сол шәкіртті өлтірген өзіміз ғой, мына тасбауыр қоғам, мына тасқабақ уақыт, мына тастай қатты адамдар.
Ұстаздың атын шәкірт шығарады. Бұл айнымас қағида – тереңінен толғағандар­дың Темірқазығына айналды. Құдай оң­дап, жолы болып, ұстазға жарығандар өздігінше еңбектеніп жүр. Олар өздерін бұл әлемдегі ең бақытты жан сезінеді. Өйткені, қатең кетсе түзейді, жаңылып, жаза бассаң жаныңа батыра айтады, реті келсе сізбен мақтанудан да тартынбайды, талпынысың мен талабыңа талғам­паз­дықтың сәл жетіспей тұрғанын астармен жеткізеді, алдаспаныңды артықтау сілтесең арыныңды басуын сұрайды, кемшін түссең кез келген дүниеге кемеңгерлікпен келуге шақырады… Бұл да бір бақыт қой, иә?.. Себебі, оларда тірек бар – ұстаз бар!.. Олар бақытты!
Облыстан орталыққа…
Қаланың қарбалас тіршілігінен шар­ша­ғанда алыстағы ауылымыз Бізге қол бұлғап, тартады да тұрады. Бірақ жұмыс­сыз­дық пен жалақының төмендігі жұрт мысын басып, ұнжырғасын түсіретін әдеті. Кеудеңді кере дем алып, таза ауамен тыныстаудың өзі бір ғанибет екенін сол «алтын бесікке» барғанда да ұғы­на­сыз.  Өркениет ауылға да жеткен: Ка­бель­ді теледидар, уай-фай, ғаламтор, планшет, айфон, т.б. Қораны тазалап, су тасып, малды жайғастырған соң ұялы телефонға телмірген жасты кешкі тамаққа шақырып көріңіз. Яғни «ауыл әлем жаңалығынан құр қалды» деп сандырақтайтындар қатты қателеседі. Ауыл да қала да бір ақпараттық кеңістікте тұрғандықтан, алшақтықтан гөрі тұтастық туралы сөз қозғаған дұрыс секілді.
Көше-көшені аралағанда көзге бірден түсетін нәрсе – бос үйлер. Кейде сол қаңы­ра­ған басқалқаны шетелден ауып келген қандастарымыз сатып алып жат­қанын бір емес, бірнеше рет байқап қалдық. Олардың келуі ауылдың бойына қан жүгіртіп, бірсыдырғы тіршілігін жандандыра түсетіндей көрінді…
Облыстан орталыққа, шалғайдан шәр шаһарға тартылған қазақта есеп жоқ. Алматы маңындағы елді-мекендерден жер алып, үй салып жатқандарды көріп көңілің бір марқайып, кейін бір көңілсіздік басады. Марқаятын себебіміз – қала ұлғайып, қазақилана түседі. Ал көңіл­сіздік басатыны – аграрлық сектор­дың аяқтан тұра алмай жатуымен қатар, ұлт рухани дамуының мешелденуіне алып келіп соғады. Гогольдің «Қалай ұлы ұлт боламыз?» деген мақаласында «алдымен деревня, станицалардың жағдайын жақ­сартып, ол жақты орыстың рухани орта­лы­ғына айналдыру» туралы идея тастаған еді. Кейін осы ойды Ленин пайдаланды. Бірақ ол деревняларды рухани орталық­тан гөрі, еңбек ордасына айналдыруды көздеді.
Қала ауқымы ұлғайып, ортамыз жаңа мінездермен, жаңа характерлермен, жаңа образдармен толыса түсті. Алайда, «провинциалистік мінезді» дүниемен, байлықпен, қымбат киіммен бүркесек те жанды ештеңемен жасыра алмайтынымыз тағы бар. Өзге жерден көшіп келген адамның сөзі, ісі, әрекеті қалай дегенмен де бөлектеніп тұрады. Бізге қатты әсер еткен оқиға, олардың қылын да қисайт­пауы мүмкін. Керісінше саған кінәмшілдік­пен қарағандықтан өзіңді жындысүрей, мына әлемнен жырақта өмір сүретін сопы немесе бодхисатва сезінесің.
Әр өңірдің өз мінезі бар. Оны ерек­шелі­гі деп түсінген дұрыс болар. Алайда, ол ­мінездің арасында да бәрін алатайдай бүлдіріп жүретіндер бар. Бізді бір таң қалдыратыны – соны көрсетуден ұялмау. Бұны ұятсыздық деп шорт кесе салуға да болады. Бірақ мәселе онда емес. «Құнды­лық­тардың ауысуы» қазақты да айналып өтпепті. Жақсы қайсы, жаман қайсы, алтын қайсы, мыс қайсы, әлі айыра алмай жатырмыз. Неге? Буын алмасқанда, қан жаңарғанда басты нәрсені естен шығармауымыз керек сияқты. Адамның адам болып қалыптасып, толысып, бо­йын­дағы кері мінездерден арыла алды ма? Маңыздысы – осы!
Кей адамның сөзінен, диалектісінен-ақ қай өңірден келгенін ажыратамыз. Бірақ ол үлкен ортаға сіңісе бастағанда: «Алдыма қойған жоспарым нендей? Қа­лай өзгерсем болады? Даму мен өсудің алғышарты қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеуі қажет сияқты. Бұл 3 сауалды Ежелгі Грекия ойшылдары Философиялық мектепке қабылдағысы келген жас философқа қояды екен. Сұрақтан сүрін­ген­дер қаланың орталық көшесімен жүру құқынан айырылатын болған. Неге дейсіз ғой? Бұл жағы енді қызықтау… Ойшылдар: «Мақсат-мұратынан, еліне, Отанына деген сүйіспеншілігінен, адамға деген махаббатынан және ең бастысы бойын­дағы кері мінезі асқынған адам қоғам үшін қауіпті әрі орталықта тұруға лайық­сыз» деген жарлық шығарған. Да­на­лар­дың түсінігінше «полисті тек кемел­дікке жеткен немесе соған ұмтылғысы келетіндер ғана» алға сүйрей алады екен. Уақыт сынынан өткен осындай бір сауалды өзімізге неге қоймасқа? Себебі, Біз де елге еңбек сіңіріп, биік мүдде үшін күресуді көздеп жүрген жоқпыз ба? Ондай болса, «атақты үштіктің» жауабын іздейік… Уақыт кетті!..

P.S.: Грегориан күнтізбесі бойынша жаңа 2016 жыл – Мешін жылы босағамыздан аттап, төрге озды. Мешіннің жылдамдығы, ойнампаздығы мына халықты біраз ойға жетелесе екен. Себебі, түбі бір түркі ұрпағының «жаңа күні» – 22 наурыз. Бүгінгі қазақ екіұдай күй кешіп жүргенін ісінен-ақ аңғаруға болады. «Быт или не быть, вот в чем вопрос?». Гамлеттік сұраққа әлі ешкім, оның ішінде Біз әлі дайын емес секілдіміз. Алайда, «Құм сағаттың» сусымалы мінезін ескерсек, есі дұрыс ел жыртығын жамап, бөлінгенін бүтіндейді. Бұл кезең ешкімді аяйтын емес, уысымыздағы уақыт түйіршік-түйіршік болып түсіп жатыр, түсіп жатыр. Келесі жылға дейін біз қаншалықты өзгереміз әлде осы қалпымызда қала береміз бе? Бәрімізге ортақ жұмбақ осы!..    
Әлібек  БАЙБОЛ.
ПІКІР ҚОСУ