ЖАHАЛFЫШ
09.04.2022
3352
0

Жанар Әбдішова

Жақында ғана асфальтталған жап-жа­зық жолда ағызып келе жатқан жеңіл көлік өз-өзінен шыр көбелек айналып, жол шетіндегі томпиып қана көрініп тұрған аласа бетон плитаға соғылып, быт-шыты шықты. Қара асфальтта одан да қап-қара болып, төрт дөңгелектің айқыш-ұйқыш ізі қалды. Машинаның қатты тоқтағаны соншалық, жүксалары көтеріліп барып, жерге солқ ете түс­кен­де, алдыңғы орындықта отырған бір үйлі жанның әкесі артқа қарай ұшып, терезе­нің күлпаршасын шығарып, жол­ға топ ете түсті де, қимылсыз қалды. Ал­дына алып отырған үш жасар немересі анадай жерге ұшып түскен. Отағасының отырған орындығы дінаман. Көлікті ұшырта жүргізген рөлдегі жігіт артқы терезеден ұшып түсіп, ес-түссіз жатыр. Оның орындығының сау-тамтығы қал­мап­ты. Рөл керемет күшпен төмен басы­лып, қисайып, орнынан жылжып кеткен. Артқы орындықта отырған ет­жеңді бәйбіше алдыңғы есіктен ұшып, жол бойындағы жырада, қарағаштың түбінде, ал жас келіншек жолда жатыр. Кейін дәрігерлер қарағанда, «бұғанасы, жамбасы сыныпты» деді. Әжесінің ал­дын­да отырған төрт жасар немересі артқы орындықтың астына түсіп қы­сы­лып қалыпты да, білектерінің көгергені болмаса, дінаман екен. Періштесі қа­ғыпты.

Таң атқанына бірталай болған соң, қара жолда арыбері ағылған жолаушылар қанжоса болып жатқан адамдарды көріп, жедел жәрдем шақыртады. Дә­рі­герлер келгенше, жаралыларды жа­қын жердегі ауруханаларға жеткізеді. Жа­нар­май іздеп, әрең жеткен дәрігерлер тас­падай қара жолда, шалқасынан сұла­ған, елуден асқан ер адамның мы­на фәни дүниеден бақилыққа өтіп кеткеніне ет пісірім уақыт болғанына көздері жетіп, оны мәйітханаға ала жөнеледі. Күннің ыстығынан тозақтың иісі шығып кеткенін айтып келе жатқан дәрігерлер: «Иесі келе қалса, мүрдеге тимегеніміз үшін, «көк қағаздың» бірер жүзін алып, қолдарына тапсырайық» − деп сөз байласты. Қазақ бақилыққа аттанған адамының денесін бүлдірмей жер қойнына тапсыру міндетім деп санайды.

Жаналғыштың Жоғарыдан бұйрық алғанына қырық күн болған. Уақытына дейін белгілі. Осы міндетін атқарып келе жатқан шексіз уақытта Жаналғыштың Алла Тағаламның жақсы көріп, жоғары сана беріп жаратқан жан иелерінің итжандылығына талай көзі жетіп, талай қайран қалғаны бар. Талқаны таусылып, дәм-тұзы бітейін деп отырған пенденің кейде алдына қойған мақсатын біліп, арманын естіп, бітіретін қыруар шаруасының ауқымын байқап, «е, сорлы-ай!» деп талай мырс-мырс күлгені бар. Міне, аз уақыттан кейін ри­зығы таусылып, көрер күні бітіп, келмес сапарға аттанайын деп отырған отағасын бақылағанына біраз уақыт болыпты. Оның қырық күннен бергі өмірін еске алса, ғұмырының бірнеше ғасыры кететін шығар-ау. Сондықтан бүгінгі, соңғы күнін ойында таразылады. Қырық күннен бері оның жанынан қалмай, жанарының жалтылын жаулап, солғындатып, жүрегін суылдатып, елжіретіп, сағындырып, тулатып, түс көргізіп, Алла Тағаланың жасап қой­ған бет-бейнесін өзгертіп, сол жағын тар­тыңқырап, өлімге қанша жетелесе де, күні бітіп бара жатқанын сезіңкіремей кетті. Себебі темекіні жиі тартып, «ақаңнан» аздап сілтейтіні бар екен. Бұ­лар да санасын тұмандатып, сары уайымға салынбайтын қасиеті басым болып, күнделікті күйбең тірлігінде қанағатшыл болмысымен бірігіп, қорқынышты бойына дарытпады. «…Тағы несі бар екен?» деп, жандүниесіне үңіле түскен, сөйтсе жаман адам емес екен.
Жаналғыш Алла Тағаланың бұл пендесінің бағып жүрген малдары, есігінің алдындағы иттері оны өте жақсы көретінін білді. Бір кісәпір сөз айтқанын ести алмады, біреуге дауыс көтеріп, біреудің оған назаланғанын байқай алмады. Ал пенделердің «періштелер» деп әулие қылатын сәбилері бұл отағасын тіпті иектеп алатынын бірден байқады. Күні бойы тыртыңдаған ауыр жұмыстан үйіне келе салысымен, қолын жуып ішке кірген бетте «аталап» жүгірген балаларды біресе мойнына отырғызады, біресе үстіне мінгізіп алып, ат болып арбаңдап еңбектейді. «Шын жақсы көргеннен істей ме, әлде міндетім деп есептей ме?» – деген ойлармен жүрегіне үңілсе, шын сезіммен жан дүниесі елжіреп тұрады екен. «Осының есі дұрыс па, әлде бұл да санасы өспей, жетілмей қалған «үлкен періште» ме?» – деп басының іш құрылысына үңіліп еді, бәрі толық, ақылға кеніш, маңдайы кең, Алланың сүйіп жаратқан пенделерінің бірі екен. Бірақ темекі мен ащы суды жақсы көретіні ойландыра берген соң, «пейілін тексеріп көрейін» деген ойға келді. Бір күні сол ойының орайы өз-өзінен келе кеткені. Жалғызы істі болып, та­рық­қан бір танысы алдына келді. Ол бұның бағып отырған он саулығын сұ­рап келіпті. Соларды пұлға айналдырып, ізденіп, қорғаушы жалдап, баласының кінәсіз екенін дәлелдемекші екен. Әйтпесе өмірінің мәні, жалғыз тірегі қосақ арасында босқа күйіп, сот­талып кетейін деп отырған сыңайлы.

Отағасы жасанды сарғыш тістерін қозғап, біраз ойланып отырып қалды. Жаналғыш оның ішіне үңілді. Бергісі келіп отыр, бірақ Құдай қосқан қосағының да келісімі керек, сол жа­ғы­нан қаймығып отыр екен. Ақыры үй ішіндегілердің біраз дуылдаған сөздерінен кейін он саулық берілетін болды. «Жұмыстан қысқарып кеттің, зейнетақыға жетеміз бе, жоқ па бір Құдай біледі? Заман өзгерді, алда не болатынын білмей тұрмыз. Қойларды ұнға, бидайға, жемге айырбастап отыр едік! Менің екі-үш айда бір қолға тиетін жалақыма қарасақ, күніміз не болады?» − деп зарлаған әйелін: «Өлмеспіз, елдің ішіндеміз ғой. Мынаның жалғызына көмек қолымызды созбасақ, ертеңгі күні бір нәрсе болып кетсе, бетіне қалай қараймыз?» − деп әрең дегенде көндірді.

Жаналғыш ойға кетті. «Осыда сезім бар ма, жоқ па? Әлде әншейін «сен тимесең, мен тиме» деп жүре бере­тін, Алла Тағаланың можантопай қы­лып, жарата салған пендесі ме екен?» Өт­кен­ кеткенін тексеріп кеп жіберсе, осы заманның өтпелі кезеңінде, тамыр-танысқа қосқан малы ұшты-күйлі жо­ға­ла берген соң, он саулық, екі тана, екі сиырды бағам деп, жұмыстан қыс­қарған отағасы жайлауға кетіпті. Сол кезде балалық шақтан бірге өскен, осыдан екі-үш жыл бұрын күнкөрістің қамымен қалаға көшкен досы қайтыс болады. Байланыс жоқ болған соң, ол естімей қалады. Таудан түскен соң, барайын десе, қаражат таба алмапты. Жаналғыштың осы туралы ойлауы мұң екен, отағасынан маза кетті. «Түүһ, шіркін-ай, ес білгеннен ұялас күшік­тердей бірге өскен досымның қазасына бара алмағаным-ай», – деп аһлады-үһледі, ұйықтай алмай, ары-бері дөңбекшіді, тұрса үйге сыймады, көзіне жас келді. Жаналғыш жүрегіне үңілсе, шын күйзелгеннен дірілдеп тұр екен. Жаналғыштың амалы таусылды. «Анауы бұлай екен», «мынауы солай екен» деп Алла Тағаламның жаратқан пендесіне ойыңа келгенді істей беруге бол­майды. Ол әрқашан Алланың қам­қорлығында. Алланың жаратқан құл­да­рының маңдайына жазған тағдыры – бұл­жымайтын заң. Жоғарыдан қарап отыр, қателессең бір түйір құмға айналдырады да тастайды. Ғасырлар өте келе тозаңға айналып кетуің де мүмкін. Сондықтан зерттеу керек. Ол ойланып тұрып қалды. Кесімді уақыт жақындай түскен. «Асығу керек!» − деді Жаналғыш іштей дегбірсізденіп. − Ә, тоқта! Бұның жақсылық, жамандығының өсірген ұрпағына да әсері бар ғой», – деп ыңыран­ды. Тексеріп келіп жіберсе, кіндігінен он бала өрбіген екен. Оның алтауын жер­ге шыр етіп түскеннен кейін, жас­қа толмай, көзге көрінген соң Алла Таға­лам­ның өзі алып кетіпті. Жандары жәннатта, бәрі пейіште жүр екен. Сонда да отағасы үмітін үзбей, күні-түні бала сұрапты. Алла Тағала әйелі екеуінің меселдерін қайтармай қалған төртеуіне ғұмыр беріпті. Беттерінен қақпай өсірген балаларының үшеуі әкелері сияқты момын жандар екен, ешкімге қиянаты жоқ, күндерін көріп жүрген кәдімгі Алланың пенделері. Ал төртіншісі…

«Тоқта, тоқта, мына баласы ақшаға құнығу дертіне шалдығыпты ғой. Ақша – өз еңбегімен табылған, бірақ мына өтпелі кезеңде, қиналып отырған ата-ана, бауыр, қарындастарына татырмай, бөлек жолмен кетіп барады екен. Мақ­саты – көп дүниелі болу, жүрегін мен­мендік жайлапты. Осындай жолға түс­кен қара ниет адамның сөзін тыңдап, со­ның құлақкесті құлына айналыпты. Бірге туған бауырларынан гөрі дәл қазір сол жақын болып тұр. Әйелін қамқорлықсыз тастап, сол адамның шашбауын көтеріп, көбіне өз қызықтарымен жүреді екен. Тапқан-таянғанын сеніміне әбден кірген сол адамның қолына ұстатады екен. Қара шайға салып ішетін құмшекер алуға үй іші ақша таба алмай жүргенде, баласы бес қап қант келетін ақшаға саунаға түсіп, қожайыны екеуі массаж жасатып жатыр. Неге әке болған соң баласына «қой» демеген? Міне, отағасының күнәсі! Сол үшін сазайын тартқызамын!» − деп Жаналғыш жұды­ры­ғын түйіп, тісін қышырлатты, көзі қыза­рып, ағын қан жапты. «Міне, таптым!» − деп алақанын уқалады, жаны жайланды.
Осы сәттен бастап-ақ базарда жейде сатып отырған баланың мазасы кетті. Бастығы «Менің машинамды аласың, табысыңды маған өткізіп тұр», − дегелі біраз уақыт өтіпті. Дегбірі кетіп, бастығын іздеді. Ол алдынан шыға келгенде, әкесін көргендей қуанды.

− Аға, талайдан бері әкем «шаңыра­ғына барып досымның қазасына көңіл айтпадым» деп уайымдап жүр еді, машинаны бере тұрасыз ба, түнімен барып, ертең келемін, – деді.
− Машина сенікі, бар да құжат­тарың­ды жөнде, екі күнге рұқсат беремін, − дегенде қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады.
Жүгіріп барып, гаражда аппақ арудай болып, сылаңдап тұрған көліктің тұмсығын ала құшақтап, етпеттей жатып, алдыңғы капотынан сүйді. Көзінен бір тамшы жас ыршып кетті. Айналып келіп, алдыңғы әйнегінен сүйді.

Кенет есіктің алдын сыпырып жүр­ген өзбектің: «Қожайынның мәшинесі жол апатына ұшырап, екі кісі мерт болды. Әйелінің сіңлілері, рөлдегі баласы аман қалды. Сол көлікті жаса­тып, сатайын деп отыр. Кім алса да, жолы жаман машина», – деген сөзі есіне түсіп, біраз сілейе қарап, тұрып қалды да, ішіне кіріп, орындықтарын тексерді. Бәрі жап-жаңа, тап-таза.
«Ой, айта берсін! – деді тыжырынып. – Енді бір үш-төрт ай тауарларын сатып берсем, қарызынан құтыламын. Тіпті болмай бара жатса, сатып жіберіп, басқасын алармын» деген ойлармен көңіліне түскен күдік пен қабағына түскен кірбеңді серпіп тастап, қол­ды-аяқ­­қа тұрмай, зыр жүгіріп жүріп, бәрін реттеп, жолға шықты.
Астында арқыраған аппақ «Мазда». Жүріп жетті ме, ұшып жетті ме, мың шақырымның жартысын екі сағатта басып өтіп, бала туған үйіне келді.
Аң-таң болып, алдынан шыққан ата-­ана­сына амандасар-амандаспастан бас­тырмалатып: «Асығыспын. Дәл қазір жүріп кетейік. Бүгін түнде сіздерді жеткізіп тастап, қайта кетемін. Ертең қалада жұмыстарым бар», – деді. Ондағы ойы бастығы рұқсат берген екі күннің бірінде қаладағы достарын қыдыртып, әрі машинасын «обкаткадан» өткізіп, жуып бермекші еді. Әрі жүргенде, рөлінің оң жаққа тарта беретінін де байқап, көлік жөндейтін шеберханаға көрсетпекші болатын. Әншейінде бә­ріне көне қалатын әкесі аяқ астынан мінез шығарып: «Шапқан шөпті қораның төбесіне жинамай, кетпеймін», − деп қасарысып тұрып алды. Баласының машина алғанын естіген шешесі: «Тұлпарың жүйрік, әрі тозғақ болсын, өмірің ұзақ болсын! Құдайы шай беріп жіберейік!» – деп еді, бала «уақыт жоқ!» деп ат-тонын ала қашты. Сөйтіп барлық жөн-жоралғы кейінге қалды.
Жаналғыш тырбаңдаған пенделерге қарап отыр. Әсіресе бүгін түнде күні біткелі тұрған Алла Тағаланың пендесіне қараса, басын еріксіз шайқайды. Қасына ит келіп жатты да, бір жамандықты сезіп, ұлып жіберді. «Кет, жамандық шақырмай!» − деп ошақ басындағы әйелдің лақтырған таяғы тиіп, ит бетіне лағып кетті. Әдетте ұйқылы-ояу, «бір жүз грамм болса» деп аңсап, жасанды тісін шұқылап, бейжай отыратын Алланың пендесі бүгін ерекше белсеніп, қораның төбесіндегі таудай болып үйілген шөптің үстіне көз ілеспес ширақ қимылмен шығып алып, басып-басып жіберіп, аласа қорадан жерге секіріп түсіп, айырды жас жігіттей сілтейді.

Әлеуетті қолдың лақтырған шөбі мамықтай қалқып түсіп, құмырсқаның илеуіндей қордаланып, қораның үсті биіктеп барады, биіктеп барады. «Кесімді уақыты бітсе, осы шөптің үстінен құлатамын ғой. Бәрі жазулы ғой. Ұшып жерге түсуі керек!» − деп Жаналғыш алақанын уқалады. Қораның үстіне шығып, Алланың пендесінің тамырларына үңілді, жас баланыкы сияқты үлпілдеп тұр екен. «Бұл әлгі арақ иттің істегені ғой. Мидың талшықтарын өлтіріп, осыған құмар Құдайдың пенделерін миғұлаға айналдырғанымен, осындайы бар оның» деп тісін шықырлатты. Өкпесіне үңілді – қара қорым. Ол мырс-мырс күлді. «Міне, темекінің істегені! Бір түкірігіне қақалып, жерге құлап түссе, саудасы бітеді» деп ойлады. Соның арасынша сырттан үш-төрт жігітті ертіп келген үлкен ұлы шөпті жабылып жинап тастады.
Машина алған баланың қолы шалбарының қалтасында, ары-бері жүріп, әлсін-әлсін жерге шырт-шырт түкіреді. «Жүріп кетсек» деп асығып тұр. Қарындасы шығып: «Үйде қант жоқ, мамамның жалақысы қарызға кетті» деген соң дүкенге барып, бір қап қант әкеліп тастады. Демде дастархан жайылып, шай ішуге кірісті. Жаналғыш уақытына қараса, әлі бар екен. Бірақ көп емес.

Содан-ақ машинаның қуанышының буы ма, бәрі жиналып, тілектерін айтып, біраз отырды. Жаңадан түскен келінін ертіп, отағасының жеңгесі, баласы келді. Бұлар да жол жүретіндер екен. Жаналғыштың жыны келді. «Е, Жаратқан Ием-ай, өте жақсы көріп, үлкен мейіріммен Өзің жаратқан осы пенделеріңнің қылығына түсінбедім- ау. Қамшының сабындай қысқа өмір сүруге жазсаң да, барлық жан иесінен артық қылып, қабілеттілікті, ақылдылықты, көрегендікті, айлакерлікті, саналылықты, ептілікті аямай беріп, жараттың. Сонда да аз қуанса, масаттанып, боқ дүниеге үйлері толса да, көздері тоймай, арандары ашылып, қанағатсызданып, күнәға батып, салқын ақылдан айырылып, пендешілікке салынып кететіні несі екен?
Қиналып, қорықса ғана тәубесіне келеді. Мына қораптай көлікке сегіз адам сығылысып отырып алғанын қарашы?! Ананы қойшы, – деді отағасын иегімен нұсқап, – бой жазып отыр. Мыналарға не жоқ? Өз жұмысыма кіріскенде, шарпып кетсем, Сен мені жазалайсың! Қарашы, мына пенделеріңе!» – деді Жаналғыш күңіреніп артқы орындықта сығылысып отырғандарды шолып.

Жыландай ирелеңдеген, таспадай қара жолда сылаңдаған, тарыдай ақ «Мазда» заулап келеді. Заулап емес, ұшып келеді. Өшейін деп тұрған бір ғұмыр да жалтылдап жанып келеді. Жаналғыш отағасына қарады. Ол мәз. Мейманасы асып, ақ машинаны керілтіп, досының есігінің алдына тоқтайтыны көз алдына елестеп, өзінен-өзі алға қарап күлімдейді. Келесі сәтте осы күйі басқаға алмасып, көңілі қабаржиды, кеңсірігі ашып, көзіне жас үйіріледі, бақилық болған досы көзіне елестейді. Бірге жүрген балалық шағы есіне түседі. Өлдіге қимай, іші удай ашиды. «Қара жер… қара жерде жатыр ғой ол» дейді көзі боталап. Жүрегі лүп-лүп етіп, сынаптай сусып, соғысынан айнып кеудесіне сыймай кетеді, сосын әлдебір қимасын жоғалтқандай тыпырлап, суылдайды әйтеуір жүрегінің бүгінгі соғысы ерекше. Отағасы өз күйін өзі түсінбей: «Тоба, тоба, қуанғаннан болар» дейді іштей басу айтып. Осы сөзді бірнеше рет қайталаса да, болмайды. Ыстық қан қуаныштан тасып, басы ауырғандай ма, әйтеуір ештеңеге көңіл тоқтатып, ойлана алмайды, жандүниесі алай-дүлей.
«Шөп есіктің алдын ыбырсытып жататын еді жайылып, аяқ асты болып. Жақсы болды жинап кеткеніміз», – дейді. Осыны ойлайды да, ыржиып, артта отырғандарға бұрылып елжірей қарайды. Осыны айтқысы келеді. Бірақ өзінің тым белсенді болып кеткені есіне түсіп, «мақтанғандай болам ба?» деп қаймығып қалады. Сонда да бір керекті сөз айтқысы келеді, бірақ аузына сөз түспей, не айтарын білмей, құр ыржияды. Сығылысып отырған арттағылардың қадалған көздеріне бір қарап қойып, әлдене айтуға тиіс екені есіне түскендей, бір жұтынып алып: «Жақсы мәшине екен, жүйрік екен», − деп күлімдеп, кеуіп қалған саусақтарын тарбитып, жарылған, ағаштай болып қатып кеткен алақанымен сырылдатып, машинаның алдындағы әлденесін сипалайды. Жүрегі қанат қаққан торғайдай тыпырлап, кеудесіне сыймай барады.

Жаналғыштың жұдырығы өз-өзінен түйіледі, тісін қышырлатады, таспадай қара жолда оқтай ұшқан машинадан қалмай, жерді діңкілдетіп, ол да жүгіріп келеді. «Қарашы, – деді ол тістеніп, – өмір сүргісі келе береді, осылай бәрі бір орында тұра береді деп келе жатыр. Өмір шексіз сияқты бұған! Жарық дүниеге ынтызар бұлар!» – деді мырс етіп күліп. «Өстіп өмір сүргісі келіп, ынтығып отырған пенденің жанын алу үшін де айла, күш керек-ау! Әлі уақыты бар, мәз бола тұрсын!» – деді ол көзін ойнақшытып.
Отағасы жолдың екі шетінде шыр көбелек айналып қалып жатқан ағаштарға, сарғыш жолақтары бар жасыл далаға, алыстан асқақтап қарап тұрған тауға қадалып қарап отырды да, алдындағы ұйықтап қалған немересін ыңғайлап жатқызып, көңілі толқып, ыржиып артына бұрылды. Аузына сөз түспей, біраз тосылып отырып, нарттай болып, бір жағында немересі мен келіні, бір жағында ортаншы қызы мен ағасының баласы, сығылысып отырған, беті-басын тер басып кеткен бәйбішесіне қарап: «Қыздарды ұзатып алсақ, ә!» − деді. Ыстықтан манаурап, басындағы орамалы қисайып, самай шашы бұрқырап шығып, ұйқылы ояу отырған бәйбішесі көзін әрең ашып, қоштағанның белгісін білдіріп, басын изеп қояды.
Жаналғыш бетін тыржитып: «Дәмесін қара!» – деді кеңкілдей күліп.

…Өзінің заман өзгеріп, «жұмыстан қысқарып» кеткелі бекер жүрмегенін, он саулықтан бөлек, ірі қараның басын көбейтіп қойғанын және той жасап қалса, жылқы соятынын, сосын үй болғалы екеуінің жаман тұрмағанын, бетіне жел боп тимегенін, адал болғанын, тағы, тағы… бір нәрселер айтқысы келген. Бірақ қысылып, бірінің тізесіне бірі отырғандарға қарап, тыйылып қалды. Бір үйде тұрса да, күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, Құдай қосқан қосағына көз тоқтатып, бажайлап қарамағанына көп болыпты. Қазір қараса, самай шашы ағарып, жаздың ыстығы бидай өңін тотықтырып, жүзіндегі әжімдері де тереңдеп кетіпті. Бір кездегі салалы саусақтары да қара жұмыстан буылтықтанып жуандап, тамырлары адырайып, терілері жиырылып, тырнағы да қатқылданып өсе түскендей. Ана бала да қалаға барғалы бір түрлі өзгеріп, үйден алшақтап барады, ылғи асығып жүреді. Жуынып, шайынып жолға шығуға да мұрша бермеді ғой. Бақшадағы қызылшасы мен картошкасын қазып жатқан бұл байғұс та қалай болса, солай шыға жөнеліпті. Үстіндегі базардан алған қытайдың қарабайыр шұбар көйлегі де жараспай тұр. Отағасы әйелін аяп кетті. «Шіркін-ай, бір демалатын жаққа апарып, көңілін де көтермеппін. Өз атымнан бір нәрсе де алып бермеппін. Оңаша қалып, сөйлеспегенімізге де көп болыпты-ау. Тек нәрестелеріміз шетінегенде ғана көз жасын сүртіп, иығынан құшақтап, жұбатыппын. Одан бері қу тіршілік деп, тыпырлап, таңды атырып, күнді батырып, тапқан табысымды қолына әкеп салғаныма мәз болып, жүре беріппін…
Бір кезде ол қандай еді. Қара шашы тілерсегін соққан, қара көзі боталаған сүйкімді қыз өмірлік жары ретінде өзін таңдағанда, бақыттан басы айналып, аспанға ұшып кеткісі келген. Одан бері қанша жыл өтті. Ех! Өтіп бара жатқан өмір десеңші. Жұмыс барда содан шыға алмадық. Жұмыс жоқта ақшаның жоқтығынан ешқайда бара алмай қалдық. Осы қашан бір адам құсап өмір сүрер екенбіз!» – деді күйініп. Өзін көп мүмкіндікті жіберіп алған бейбақ сияқты сезініп, іші удай ашып, бұрылып алдына қарап отырды. Алдындағы төрт жасар немересі балбырап ұйықтап жатыр.

Көлік зулап келеді. Жаналғыш отағасы отырған қанатты ала қара жерді діңкілдетіп, қатарласа жүгіріп келеді. Отағасының кесімді уақыты аз қалды. Тым аз. Жаналғыш алдан бір машина шыға келер деп ойлаған. Қара жолда ешкім жоқ. Рөлді айналдырып көрді. Мына бала бекер қоқиланбапты, мықты отыр. Айырылатын түрі жоқ!
Жаналғыштың көзіне қан толды. Аузынан ашуы ыстық жалын болып шықты. Уақыт болса тығыз. Ал бұл зулаған машинамен далаңдап жарысқанымен, дәнеңе істей алмай келе жатыр. Пенделер болса мәз, қаннен қаперсіз отыр. Машинаның алдына көз салып еді, жол шетіндегі жалғыз бетон текше мыстан кемпірдің тісіндей болып, ағараңдап көзіне түсті. Жаналғыш барлық күшін жинап, аузындағы ыстық жалынын сыртқа шығарып, лап еткізіп жақты да, оны жарқ еткен күшті жарыққа айналдырып, отағасына қарай жүрді. Осымен машинаны бетонға соғып, оның жанын суырып алмақшы еді. Сол кезде күтпеген оқиға болды. Алдынан жарқ ете түскен өткір жарық көзіне түскен рөлдегі жігіт көлікті оқыс бұрып жіберді де, әлгі бетон текшеге өз жағымен соғылуға айналды. Есін жинап алған Жаналғыш күні бітпеген бала бір пәлеге ұшырамасын деп, рөлді төмен басып, арындап келе жатқан көліктің бағытын өзгертіп жіберді. Дүлей күш бойын қалтыратқан Жаналғыш отағасын артқы терезеге қарата алапат күшпен лақтырды. Жерге топ етіп түскен оның шыбын жаны шыр етіп, буалдырланып ұшып шыққанын байқаған соң, ол біраз артына қарап тұрып қалды. Отағасының ұшып бара жатып, бәйбішесінің алдындағы баланы төмен итеріп жіберіп, әйелінің шалқалап артқа кеткен басын еңкейтіп, тұқыртып, төмен басқанын байқап қалған. Әйтпесе аяғымен оның бет аузын талқандап кететінін біліп тұр еді. «Кетіп бара жатып та, жақсылық жасап кетті!» − деп Жаналғыш басын шайқады.

Осы кезде шыр көбелек айналған машинаның арты көтеріліп барып, ерен күшпен жолға солқ ете түсті. Бетонның шетіне тиген көліктің тұмсығы мыжылып, есік жұлынып, анадайға ұшып кетті. Қалған есіктердің де алқам-салқамы шықты. Ішінде отырғандар әр жерге тарыдай шашырап кетті. Түнгі даланы ыңыранған, жараланған адамдардың үні күңірентті. Жаналғыш сәл артына қарап тұрды да: «Ендігілерде менің жұмысым жоқ!» – деп тайраңдап өз жайына кете берді. Ол Алланың бұйрығын орындады. Оның көңілі жай еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір