Ашудың таяғы
Әдеби сынның өркендеуі қай кезде де қоғамның сөз өнеріне деген сұранысына байланысты. Сондықтан бұл жанрдың тоқырауын немесе дамуын оның ішкі себептерінен ғана іздегеніміз дұрыстыққа жатпайды. Қазіргі кезеңде қазақтың әдеби сынында әлдебір кідіріс, тіптен тоқырау байқалады десек, оған сын жанрының өзі ғана кінәлі емес.
Ербол ТІЛЕШОВ,
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры
С
ебепті жалпы әдеби үдеріс ауқымынан іздегеніміз жөн. Әдеби сын өзінің ең басты эстетикалық, шығармашылық міндетінен ауытқығанда ол көркем шығарма әдеби үдеріс жөнінде емес, әдебиеттен тыс басқа бағытқа бұрылады. Оны дәл қазіргі жағдай аңғартып отыр. Әдеби шығарманы талдауға емес, жатып келіп оның авторын асыра мақтауға, кеміте даттауға құрылған мақалалардың көбеюі біздегі әдеби сынның мәдени деңгейін, көркем ойлаудың өресін көрсетеді. Тіпті, бұларды сын деудің өзі қиын, дұрысы бұларды «мін» деу керек шығар. «Ақылмен жеңе алмаған ашудың таяғына ұмтылады» демекші, кейбір ағайындар біреуді қаттырақ мінесем, намысына тисем, жұрт алдында беделін түсірсем мәртебем артады, мен одан күштірек екенімді көрсетемін деп ойлайтын болулары керек. Бүгін жұрт жаппай әдеби шығарма оқымаса да сауатты, білімді. Мынау ақпарат заманында халықтың әр нәрсеге баға беру, өзінше бағамдау бейімі артқан. Сондықтан қаламды қабілеттің емес, өш алудың қаруына айналдыратын әлдекімдердің «әдеби» қоқан-лоқысына жұрт тіптен ынтызар емес. Әрбірден соң оларды оқитындар ат төбеліндей әдебиетші қауым немесе желсөзге үйір кейбір ағайын. Әдебиеттің өзі оқылып қарық болмай жатқанда мұндай сынсымақтар қайдан оқылсын?!
Біреуді біреу қаралаған, жағадан алған әлгіндей мақалаларды әдеби сын деудің өзі артық. Дұрысы, олар публицистикалық дүниелер. Бұл жанр бәрін де көтереді, оған бәрі де сияды. Дұрыс, шынайы сынның «көркем» деп аталатын сыңары бар, сондықтан оны «әдеби-көркем» сын дейміз. Біз әңгіме етіп отырған мақалалар ондай көркемдіктен жұрдай. Ашуда ажар, кекшілдікте келбет болатын ба еді?! Әсіресе, әдебиет тоқыраған осынау жылдарда беделді қаламгерлерімізге шабуыл үдеді. Базбір ағайындар тіпті ұлтымыздың ұяты, ойымыздың асқары Абайға тиісуге шақ қалды. Миллиондардың жүрегіне ізгілік шуағын төккен, қазақтың қара өлеңінің хас шебері Мұқағалиға соқтығуға барды. Қамшыға Мұхтар Мағауин сынды классиктер де ілікті. Сол жазармандар Мұқағалидың, Мұхтардың ұлттық көркем ойымызға қосқан үлесінің ширегіндей, тіпті оннан біріндей бір нәрсе жасап па екен?!
Әдебиет – адамзат саналы қоғамға аяқ басқаннан бері адамды адамдық кейіпте сақтайтын мәдениеттің асыл тарауы болып келген, бола да береді. Яғни сол әдебиетпен бірге жүретін әдеби-көркем сын да сол мәдениеттің бөлігі. Мәдениеттен мәдениетсіздік тумайды. Сондықтан әлгіндей сойыл сөз, сорақы пікірге құрылған дүниелердің әдеби-көркем сыннан ауылы аулақ. Өйткені, олар біздің әдеби ойымызға, эстетикалық танымымызға ештеңе қоса алмайды. Оларда тек сол жазарманның өрекпіген образы тұрады. Ол оның өзіне, өзі сияқтыларға сүйкімді болар, басқалар үшін жағымсыз-ақ.
Қазақ әдебиеті бүгінгі тоқырау шағынан шығар, қазақ баласы сүйсіне оқитын талай туындылар туар, сол кезде әдеби көркем сынның да қайырылған қанаты жазылар. Сол кезде әлгіндей сынсымақтарға да лайықты бағасы берілер. Алтынды – алтын, жезді – жез дейтін шақтың әйтеуір келері күмәнсіз.