Төс табаны отты басса күймеген
31.03.2022
1998
0

Есенғали Раушановтың дүниеден өткеніне де қас қаққанша жыл толып үлгеріпті. Ақынның жан шөлін қандырарлық жыр кәусарының жұмбағы неде? Біздіңше, талант иесі үздіксіз ізденіс нәтижесінде өзінің осы өмірге келгендегі мұраты мен мақсатын анық танып білген дер едік. Сірә, осы ақиқатты танығанда ғана адамның құдіреті артып, қуаты көбеймек. Оның үстіне ұлттық рухтан қуат алған жыр қайнары – ақын жүрегінен бұрқырай жөнелгенде қазақ баласының құмары бір қанғаны анық. Санадан өшпеген сирек таланттың есімін қайта ұлықтай отырып, ақынмен замандас қаламгерлердің пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.

ӨЗЕГІНДЕ БАР ҚАЗАҚТЫҢ ЗАРЫ БАР
Ақын өз мінезімен туады, яғни, жаратылыс табиғаты қалай болса, өлеңі де сондай. Әдетте, ұлттық рухы биік ақындардың мінездері ұқсас келеді. Бәрі де бір беткей, бәрі де қайсар. Қалыпқа сыймайды, қамытқа басын кіргізбейді. Есенғали бұл ретте былай дейді:
Тасырқағанда тас жауған,
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау
қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.

Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып
Тарпаңды міндім көлік деп.

Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жонымды тостым «міне» деп
Жолбарыс-тағдыр атылса…
Міне, еркектік мінез! Міне, ақындық тарпаң болмыс! Дүниені алағай да бұлағай етіп астаң-кестеңін шығарып жіберуге әзір, сұмдығы мен зымияндығы ібіліс пен шайтанның өзін шатастырып, айласы мен қулығы албасты мен перінің өзін адастыратын, қырсықтығы мен қыңырлығы қырық есекке жүк болатын мына сұмпайы заманға осылай күш пен сес көрсетпесең, онда ол сенің бұтыңды бұт, қолыңды қол етіп, терідей айырып, матадай жыртып тастары сөзсіз. Апан аранын айдаһардай ашып, жұтқан сайын жұлынып, қылғытқан сайын құнығып бара жатқан, обыр өңеш пен озбыр пиғыл әбден иектеп, халықтың қасиетін де, қасіретін де аяғына салып таптап, мүлде басынып, басқа шығып алған мына жыртқыш, кісәпір заманды енді жалынан сипап жуасытам, мойнынан қысып сабасына түсірем деу бос әңгіме. Оны тоқтатса осындай қаһарлы еркектік мінез ғана тоқтата алмақ!
Бұл енді бүгінгі хал. Не болғанда да, қазір ептеп болса да, бойымызға ұлттық қан, ойымызға ұлттық жан кіре бастады. Ондай тұста осындай еркектік мінез көрсетуіміз заңды.
Жалпы шын ұлт ақыны – ұлт тағдырымен қандас, тамырлас. Яғни, ұлт тағдырын жан жақты көрсете білген ақын ғана ұлт ақыны бола алмақ. Бес-алты-ақ беттік, үш-ақ тақырыптан («Сәскеде», «Кешке», «Азанда») тұратын «Қазақ ауылы» өлеңін оқып шыққанда үлкен шабытты талантпен жазылған драмалық һәм трагедиялық үш кітап оқып шыққандай әсер аласың. Осы бір шап-шағын дүниеден-ақ Есенғалидың кең масштабтылығы мен эпикалық тынысын жазбай танисың.
Есенғали Раушановтың эпикалық зор ауқымдылығының түп-тамыры оның туабітті табиғи болмыс-бітімінде жатыр деп ұққан жөн. Яғни, оның әу бастағы талант табиғаты солай жаратылған. Содан да болса керек, ол бірқатар тынысы кең, тамыры терең, биік өрелі, айтар ойының аясы ауқымды, көтерер жүгі салмақты, өткеннің өкініш-күйініші бүгіннің өкініш-күйінішімен бірге өрілген «Сары өзен», «Ғайша бибі» сияқты кесек дастандарды дүниеге әкелді.
Сондықтан «Қазақ ауылының» (автор меңзеп отырғандай бұл тіркес үлкен мағынаға ие) көрген құқайын айтып, қақырап сөгіліп, күйзеле сөйлесең де күйрей жығылуға болмайтынын басқа-басқа Есенғали жақсы біледі. Халқыңның зарын айт, көрген қорлығын айт, бірақ ішкі рухыңды өлтірме! Күйзелсең де өзегіңе құрт түсірме. Тіпті тұрмыстық, шаруа харекетімен жүрген қарапайым қатардағы адамның бойы мен ойынан да, оның өзі мен сөзінен де ірілік сезіліп тұратын болсын. Олай болса үлегін іздеп жүрген түйекештің сөзіне құлақ түріп көрейікші.
Тілім-тілім,
Бұжыр-бұжыр денесі,
Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі,
Борбас үлек – атасы,
Бопық мама – енесі,
Төс табаны отты басса күймеген,
Тасты басса қамырдайын илеген.
Қатар қойып отыз інген қайытқан,
Қатар қойып отыз шана сүйреген.
Үлек жоғалттым.
Кім көрді?
Құдай-ау, не деген жоталы, не деген ірі, не деген палуан сөздер бұл?! Түйешінің аузынан осындай қайратты, осындай қуатты сөздер шығатын халықтың рухы қалай төмен болмақ?! Сонда ол халықтың қалғандары қандай? Уысына түскенін үгіп, ұстағанын жыртып, тартқанын айырып, таптағанын илеп, қысқанын күтірлетіп сындырып жіберетін өңкей бір алыптар болып шықпасын!
Құдайға шүкір, Есенғалида еңсеңді көтеретін, жігеріңді жанып, қуатыңды қайрап, күшіңді еселеп, кеудеңді көріктей етіп жіберетін бұл сияқты поэтикалық қуатты, температурасы жоғары, тіпті кейде пері соққандай бой бермей арқаланып кететін өлеңдер жетіп артылады.
Өз ұлтының зарын да, қайғы-қасіретін де сонымен бірге биік рухын да бүкіл жан-жүрек, қарым-қайратымен жырлаған Есенғали Раушанов шығармалары әлі талай кемел де өрелі әңгімелерге арқау болары сөзсіз.
Есенғали бір өлеңінде «Әр қазақта он қазақтың зары бар» депті. Осы сөзді мен сәл өзгертіп, Есенғалидың өзіне қаратып «Өзегінде бар қазақтың зары бар» дегім келеді.

Темірхан МЕДЕТБЕК

СЕНҒАЛИДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
…Есенғалидың айыбы – туа қасқалығында, талант тұрпатының басқалығында. Қаршадайынан «Халқым!» деп қабырғасы қайысатыны да оның ХХ ғасырда ат жалы, атан қомында белден-бел, елден-ел асып, үрейлене, үдере көшкен үркердей ауылда кіндігі кесілгенінен, аузы арақ сасыған көксақалдардың шатпағын емес, көкіректері қобыздай күңіренген абыз ақсақалдардың асыл сөздерін құлағына құйып, ойына ерте тоқығанынан. Есенғали өлеңдерінің халық тағдырымен терең тамырласып, заман зарымен қапысыз үндесіп жататыны да содан болуы керек. Кейде сөз саптасынан көне жыраулар иірімдеріндегі сезім толқындарын бұзбай, бүлк еткізіп тереңге тарта жөнелетіні – ақындық қарымының кеңдігі.
Айдай, менің заманым,
Айдынына толған ер,
Аймақты жұрт,
Ордалы ер,
Айлақы төс аршынды
Ай қасқаға қонған ер;
немесе:
Ауыл,
Көктем,
Қардың суы сайға ағып,
Жарқабаққа сүйкенеді тай барып,
Ескі атызда ұмыт қалған тырманың
Тісін санап қарғалар жүр айналып.

Екі мысалдан-ақ оның талант мүмкіндігінің оңы мен солы айқын көрініп тұр. Ақын өлеңдеріндегі осы өрелілік дастандарға барғанда еті қызған жүйріктей бауырын одан сайын жаза түседі.
Есенғали өз тұрғыластарының ішінде поэманы мол жазды. Мол жазғанда «миллиардтатып» көпірткен жоқ, сөзді бір-біріне соғып «бильярдтатып» секірткен жоқ, қазақ поэзиясының эпикалық жанрында сырғып аққан Сырдай өз арнасын салды. Тың тыныс, жаңа құбылыс әкелді. Әсіресе, пәлсафалық мағынасы алыс ойларға жетелейтін «Ғайша бибі» поэмасы – оның қазақ поэзиясындағы аласармас биігі дер едік. Есенғали поэмаларының көркемдік қырларын, оның өзіне ғана аян құпия сырларын кеңінен сөз ететін уақыт әлі алда.

Несіпбек АЙТҰЛЫ

КӨП АДАМҒА ЖАҚСЫ СӨЗ АЙТЫП КЕТТІ
Есенғали ағамыз қызық адам еді ғой. Көп нәрсені тура айтпай, тұспалмен жеткізетін. 2008 жылы телефон соқты: «Бауыржан, қалайсыңдар? Ақтөбе аман ба? «Жұлдыз» журналынан Ертайдың поэмасын оқып жатырмыз», – деді де, трубканы қоя салды. Алдында ғана Ертай Ашықбаевтың «Қобыландының қонысы» атты поэмасы шыққан. Шамасы, Ес-ағаңа ұнаса керек. Бірақ авторға ләм-мим демепті.
Алдыңғы жылы уатсап арқылы: «Ертай сұпыға соңғы кезде «Әдәбиати Қазақия» кәзиті дұрыс шығып жүр дегейсің» деп хабарлама жазыпты. Бұл – Ерекеңнің Ес-ағаң туралы «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Өтіріктендірілмеген өлеңдердің иесі» атты мақаласына білдірген алғысы деп ұқтым. Өзіне тағы хабарласпаған.
Былтыр туған күнімде Есағаңнан хат алдым. Дәлірегі, хат емес, сурет. Менің 50 жасыма келген кезінде сахнада қанатын жайып, сөйлеп тұрған сәті: «Мынау кім, Назарбаев па?». Еріксіз күлдім. Ес-ағаңша құттықтаудың түрі ғой.
«Ақын деген бірде – қарт, бірде – сәби», – дейді Мұқағали. Ағамның кейбір қылығы баланың қылығынан аумайтын. Мысалы, жас күнінен бірге жүрген досы Қасымхан Бегмановпен кейін қатты араздасыпты. Тіпті аты аталғанын ұнатпайтын. Бір күні оңаша әңгімелесіп отырғанда маған: «Сені де осы қасымханшыл дейді ғой…» – деді кенет түйіліп. Қатты сасып қалдым. Бірақ шегінетін жер жоқ еді. «Аға, айтыңызшы, мен Қасымхан Бегмановты неге жек көруім керек? Төлеген ағам қайтыс болғалы бері елу жыл өтіпті. Содан бері Қазақстаннан екі ақын ғана арнайы іздеп, басына барды. Бірі – Светқали ініңіз, екіншісі – Қасымхан. Оның үстіне сол сапардан кейін ол өз баспасынан осы кезге дейін ешкім керек қылмаған «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасын» кітап қып шығарды. Шаруам біткесін, одан жалт бұрылсам, адамдығым қайсы?». «Өй, сен де бір… Ақшасы болғасын шығарған да». «Қалталы жігіт көп қой, аға! Біздің ауылдан да қаншама адам бар. Шығарса, қайда қалыпты?»
Осы жерде тағы қателестім. Сөзімнің бір ұшы өзіне де тиіп тұр ғой. Тілімді тістегеніммен кеш еді. «Аға, – дедім сосын, – Қасекең сізді қатты сағынып жүрген сықылды. Бесқалада бес күн бірге жүргенде сіз туралы көп айтты. Қатты дос болыпсыздар ғой…». Жалт қарады. Көзінде бір от жарқ ете қалғандай болды. Бірақ үндеген жоқ.
Кейінірек тағы бір сөз үстінде байқамай Қасекең туралы айтып қалдым. Бұрынғыдай ашуланған жоқ, ештеңе дей де қоймады.
2019 жылы қыркүйекте елордада өткен әдеби жиынға бардық. Күндізгі жиыннан соң, қаланы аралап, қонақ үйге кіре бергенімде Ес-ағаң звондады:
– Ниердесің?
– Нөмірге келіп жатырмын.
– Тез маған көтеріл.
– Яқшы, яшуллы! – Екеуміздің әңгімемізге кейде өзбек, қарақалпақ тілі «кіріп кететін» осылай.
Келсем, Қасымхан аға екеуі шай ішіп отыр екен. Ағыл-тегіл әңгіме. Біреуі бастайды да, екіншісі іліп әкетеді. «Есіңде ме, Келінтөбедегі…». «Бабайқорғандағы отырыс ше…». «Сондағы ана қыздың аты кім еді-ей….». Ішек-сілелері қатып күледі. Әбден сағынысып көріскендері көрініп тұр. «Қаскембай, сен жүзімді тәуір көруші ең ғой. Мә, же», – дейді Ес-ағам өз қолымен ұсынып.
– Баукен, сен асығып отырсың-ау деймін. Жас жігітсіңдер ғой, басқа да шаруаларың бар шығар. Ал бара бер, – деді бір кезде Ес-ағам күліп. Неге шақырғанын сол күйі айтқан жоқ. Бірақ мен түсіндім. Қатты қуанып шықтым. Кейін екеуі жақсы араласып кетті. Арадағы көп кірбің шайылыпты. Ес-ағам дүниеден озғанда Қаскең уатсап арқылы жазысқан хаттарын фейсбукке жариялады. «Мен сол Қоңыраттың түбіндегі Хожеліде туғанмын ғой. Білесің. Ақтөбедегі Бауыржанды алып, нәсіп болса, мықты көлікпен сол жақты бірге аралауымыз керек. Оған да айтқам бұны…» – депті Ес-ағаң бірде. Сірә, Қасымхан ағаның «Қоңыратқа барғанда» атты өлеңін оқығаннан кейінгі әңгіме болса керек. Нәсіп болмады ғой…
Қазір қарап отырсам, соңғы жылдарда жалғыз Қасымхан аға емес, біраз адаммен татуласыпты. Көбіне жақсы сөзін айтып үлгеріпті. Бұл да Алла-Тағаланың берген нығметі емес пе?

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Алашқа ортақ ақын

2017 жылдың тамылжыған тамызы. Елордада ел білетін жазушы Төлен Әбдікұлының үйіндемін. Жол түскен сайын арнайы сәлем беретін әдетім. Төкеңнің әлемге әйгілі жазушылар мен философтардың кірпіштей кітаптары сықасқан үлкен кітапханаға бергісіз қоңыр салқын бөлмесінде сөреден көз алмай, сөз қоздатып отырмыз. Әрине сөйлеуші – Төкең, тыңдаушы – мен. Ара-тұра терезеге көз қиығымды салып, анадай жерде көрініп тұрған «Шабыт» атты өнер сарайына назар аударып қоямын. Онда ақын Есенғали Рау­шановтың шығармашылық кеші өтпек. Бірге бармақ болып келіскен дос жігіттер қоңырау шалып, қайта-қайта хабарлама жазып жатыр.
– Әй, сен асығып отырғаннан саумысың өзі? – деді Төкең бір кезде менің телефонға қарағыштағанымды байқап. Алаң көңілімді аңғарса керек.
– Қазір Есенғали ағамның кеші еді, соған бармақ едім. Сіз бармайсыз ба?
– Е-е. Бүгін бе еді? Қайбір күні ол інім хабарласып, кешіне арнайы шақырған. «Барам» деп уәде беріп едім. Барғызбасым барғызбай тұрғаны. Қазір балалардың бірі келіп те қалар. Үлгерсем, барармын. Ал сен – тарта бер.
Деді де, Төлен ағам терезеден сыртқа қарап тұрып, бір жымиып алды.
– Апырай, жасыратыны жоқ, ақындардың көбін білімқұмар дей алмайтынымыз рас қой, – деді сосын көзәйнегін бір нығарлап қойып. – Бірақ мына Есенғалиың сұмдық-ей, – деп тағы кідірді.
– Өткенде оның Бунин туралы мақаласын оқыдым – әншейінде мына біз, прозаиктер, аңғара бермейтін нюанстар мен детальдарды дәл байқап, дәлелдеп талдайды-ей. Оқып отырып сүйсіндім, тұшына отырып оқыдым. Артық ештеңе жоқ – не қажет, соның бәрін айтқан. Таланттың аты – талант екен ғой…
Балалар келсе міндетті түрде баратын болып Төкең қалды. Ал мен «Шабыт» сарайына асықтым.
Кеш керемет өтті. Ес-ағаңның алпыс жылдық тойы еді, ағам тіптен түрленіп кетіпті. Алқымына «көбелек пошымды» көркем галстук іліп, әлдебір шетелдік дирижерлар әлде композиторлар секілді әбден жасанып алыпты. Қошеметші қауымға қысыла бас иіп, залдың орта тұсынан орын алды. Сахнаға шықпады. Өз аузынан сыңар-жарым жыр тыңдасақ деген үмітіміз сол күйі ақталмады. Бірақ сахна Есенғали жырларының алаңына айналды. Ән де шырқалды, Әнес Сарай (бүгінде марқұм) бастаған ақсақалдар да жылы лебіз айтты. Жас ақындар Ес-ағаң өлеңдерін керемет оқыды.
…Біз ешқашан араласқан жоқпыз. Жай әншейін… ара-тұра… түрлі себептермен… сөйлесіп қалатынбыз. 2008 жылы ғой деймін, Мақтааралдағы Пердеш Есенбеков көкем немересіне сүндет той істеп, Алматыдағы достарына шақыру билеттерін менен беріп жіберді. Тізімнің басында Есенғали ағам тұр. Дереу хабарластым.
– Ауылдағы Пердеш досыныз той істеп жатыр еді, аға, сүндет той…– деп бастай беріп едім, лезде іліп әкетіп:
– Оббо. Пердеш те мұсылман болған екен ғой, ә? – деп салды. Қате менен кетті ме деп қысылып:
– Жоқ, аға, Пердештің өзі емес, баласы… – дей бергенімде:
– Не дейд? Пердештің баласы бар ма, не? – деп тағы аңыртсын.
– Сол баласының баласы ғой мұсылман боп жатқан… – дей беріп едім,
– Әй, шырағым, сен өзі адамның жүрегін аямайтын пәле екенсің тегі. Бір қоңырауда бірден үш жаңалық айтуға бола ма? Пердештің өзі аман ба әйтеуір? Аман болса бопты. Жақсы, мына мекенжайға әкеп таста шақыруды, – деп әрең «беті бері қараған». Әзілкештігі мен тап­қырлығы сұмдық еді ғой…
Тағы бірде Жазушылар одағының кіре берісінде жолығып қалдым.
– Әй, сен Бегім Серіков деген көкеңді танисың ба? – деді салған жерден.
– Танимын, – дедім (Бегім көкеміз кезінде Өзбекстанда да шаруашылық басқарған, Мырзашөл тарихын зерттеген, білімді де көшелі ақсақалдарымыздың бірі еді).
– Танысаң, сол кәрияның кітабын шығарып бергелі жатырмын. О кісі туралы айтарың, жазарың болса хабарлас, – деді де, жүре бере кері қайырылып: – Әй, сен өзің бір кісікиік неме екенсің! – деді.
– Ежелгі заманғы адамдардың үңгірде жалғыз қалған жабайы баласы секілденбей араласып жүрсеңші!
«Мақұл» дедім де кеттім. Бірақ кісікиік боп жаралған адам өзгере ме…
Ес-ағам құс баласын құныға зерт­теп жүрген жылдары «Жас қазақ» газетінің тұрақты авторы болды. Жоспарлы мақалаларының жөніне орай апта сайын хабарласып тұрдық. Бірде әлдебір ақын ағамыздың тойына барсам, есік алдында бір кісімен дауласып тұр екен. Жақындай берген мені көрді де:
– Міне, Мырзашөлдің баласы келе жатыр. Бір білсе, осы біледі, – деп мен өмірімде естімеген бір құстың түр-сипатын айтып, атын сұраса бола ма? Қарға мен қараторғайдан басқасын түстеп танымайтын мен байғұс оны қайдан білейін. Мүдірдім де қалдым.
– Әй, Гагаринде, Жетісайда, Мақтааралда күнде көріп жүрген құсың емес пе еді? Нағып білмейсің?
– Білмеймін, аға.
– Түу, өзің адам емес екенсің ғой! – деп қолын бір сілтеді де, бұрылып кетті…
Есенғали Раушанов – ұлы ақын. Қазақстанның қай түкпірі болсын, оны өзіне тартуға құштар. Маңғыстау – баба жұрты. Жаңақорған (Қызылорда) – өніп-өскен жері. Мырзашөл (Жызақ, Гагарин) – азамат болып қалыптасып, жалынды жастық шағы өткен ыстық өлке. Ес-ағамның Мырзашөл өңіріндегі талай қызығын Пердеш көкемнен (Есенбеков), Мылтықбай көкемнен (Ерімбетов) естіп өскен мен үшін ол – жерлесім, ауылдасым, туысым секілді.
Маған ғана емес, барша қазаққа солай. Бәріміздің ауылдасымыз. Жерлесіміз. Туысымыз. Алашқа ортақ ақын…

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір