Сан салалы мақтау
Қазақта «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» деген сөз бар. Орынды мақтау адамның көңілін өсіріп, өзін дамытады. Сіз біреуді мақтасаңыз, ол адам сол үдеден шығуға тырысады. Жалпы, адамның бойында жақсы-жаман қасиеттер қатар жүреді. Шалкиіз жыраудың: «жақсының жақсылығы сол болар, жаманменен бас қосып, сөйлемекке ар етер, жаманның жамандығы сол болар, сөйлесе дәйім бетін қара етер» деген сөзінің салмағына қараңызшы. Қазақта жақсы деген – элита. Элитаның бір кереметі, ол өзі жақсы болғаннан кейін өзгенің бойынан да тек қана жақсылықты көріп отырады екен.
Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ,
әдебиеттанушы
Яғни жақсы әрдайым адамды өсіреді. Абай да айналасындағы малшы, жалшы, қызметшілерінің бойынан бір жақсы қасиет тауып, соны айтып, үлгі ғып отыратын көрінеді.
Ал бүгінгі мақтау – залымдар мен қулардың пайда табу үшін айтып жүрген жел сөзі. Бүгінгі таңда адамдар мақтауды маскаға айналдырып алған. Бір-бірін жөн-жосықсыз мақтай береді. Негізінде қазақ адамды көзбе-көз мақтамаған. «Семіздікті қой ғана көтереді» демекші, көзге мақтау адамды бұзады. Өйткені, адам мақтауды көтере алмай қалуы мүмкін. Ғабит Мүсіреповтің: «Дұшпаның көзіңе мақтайды, досың сыртыңнан мақтайды. Егер бір адам сені көзіңше мақтап тұрса, ол адамнан өте сақ бол. Өйткені, ол сенің қасың» деген сөзі осыдан шықса керек. Бүгінгі беталды мақтау, көлгірсулер тіпті жиіркеніш тудырады. Мұндай мақтаулардың екі жақты зияны бар. Біріншіден, көзіне мақтаған адам бұзылады, екіншіден, сөзін жүрегінен емес, тілінен шығарған мақтаушы да бұзылады.
Қарағанды мемлекеттік университетінің негізін қалаушы Е.Бөкетовтің: «Сыннан өлген қазақтың моласы көп, мақтаудан өлген қазақты көргенім жоқ» деген сөзі бар екен. Жалпы алғанда, мақтау пайдалы нәрсеге жатады. Яғни, жастарды ынталандыру, қанат бітіру мақсатында орнын тауып мақтасаңыз, ол мақтау пайда әкелері сөзсіз. Біздің бет түзейтін темірқазығымыз Абай ғой. Сол Абай: «Мақтау – жел сөз, жанға қас, қошеметшіл шығарған», – дейді. Яғни мақтаудың табиғатын Абай жаратпай тұр. Қошеметшіл дегеніміз, біреуден пайда тапқысы келген адам. Жел сөз деп отырғаны – салмағы жоқ бос нәрсе. Абай мақтаушының өзін екіге бөледі. Біреуі – ел, екіншісі – тобыр. Тобыр – өзі антұрған. Жоқты-барды шатады. «Бір мақтаса боқтамас, ел табылса, құмарлан..», – дейді. Елдің тобырдан айырмашылығы – бір мақтаған адамынан ешқашан да айнып кетпейді екен. Ал тобыр болса, бүгін мақтап, ертең даттап шығатын пәтуасыз келеді екен.
Қысқаша айтқанда, мақтау сан салалы. Адамның арына, ұятына, адамгершілік қалпына байланысты оның сан түрлі ракурстары бар. Арлы адамдардың мақтауы да арлы келеді. Ал жылпос, пысықай, пайдакүнем адамдар мақтауды баюының құралына айналдырған. Біздің қоғамда осындай көлгірсу, бос мақтау көбейіп кетті. Өйткені, біздің қоғам сыни ойды көтере алмайтын жағдайға жеткен. Бүгін бір адамға сын айтсаңыз, ол ертең соңыңызға түседі. Сондықтан болса керек, қазір бәрі «әйтеуір, осы зиянсыз ғой» деп бірін-бірі жел сөзбен мақтай береді, мақтай береді. Ал ол мақтан адамды өсіре ме, өшіре ме бұл ойланарлық мәселе.