Недоношенный Зюганов
16.03.2022
659
0

«Кірлеген Ресейдің» (Лермонтов есіңізде ме, «Прощай, Россия, не мытая») жуан сары саясаткері бар. Өзі сондай лас адам. «Саясат адамды ластап бітірді» дейді білетіндер, ал мынау – сол саясаттың нәжісіне батқан біреу. Іздейтіні – жау, сұрайтыны – дау. Бірақ Құдай-ау, бүгінгі Ресейден Зюганов, Миронов, Жириновскийден басқа қандай саясаткерді күтуге болады? Борис Немцов сияқты либералдау азамат бар еді, жалғанның жарық күнінде жалғыз оққа байланып көз жұмды. Қалғаны қашып шетел асқан, қаша алмағаны – қамауда. Сонда да Путин орыс оппозициясының күшін әспеттеп, асыра сөйлеуден танбай келеді. «Әлемде Ресейдегідей оппозиция жоқ, – дейді ВВП. – Ресейдің оппозициялық күштері өте әлеуетті. Олар бізді күнде сынайды, аямай сынайды. Білгендерін істеп бағады. Мысалы, «Газпром» Еуропаға газ сатады да, тапқан пайдасын саяси БАҚ-тарға беріп, бізді іреп, сояды».

Ресейдегі сондай «сұмдық» оппозициялық күштердің қатарында Зюганов та бар. Алайда ол Кремльге алшаңдай басып кіріп, Путиннің қолынан Александр Невский атындағы орденді омырауына тағып шығады. Путин оның Украина мен Қырымға қатысты жауыздық көзқарасын қолдап, арқасынан қағады. Қысқасы, Борис Ельциннің кезінде бармағын тістеп көзінен талай қанды ірің ақтарған Геннадий Зюганов – қазір саясат- та сайыпқыранға айналған «саңлақ тұлға». Сол «саңлақ» жуырда Қазақстанға қарап жұдырығын кезекті рет біледі. Оның айтуынша, «Қазақстанда орыстілділерге қысым жасалап жатыр-мыс». «Қазақ- станның оңтүстік өңірлерінде орыс мектептері жабылып қалған-мыс». Сондықтан Владимир Владимирович Қазақ- стандағы «бауырлардың» жағдайына көңіл бөлуі керек. «Орыстілділердің қауіпсіздігі мен Байқоңырды, өзге де әскери полигондарымызды қорғауымыз қажет», – дейді Ресей коммунистерінің көсемі.
«Іштен шыққан жау жаман» деуші едік, осы күні кімнің – жау, кімнің – дос екенін анықтау үшін Ресей тарапы әлдебір елге күш көрсете бастаған кезде білетін болдық.

Мысалы, әлеуметтік желіні «жарып жібере» жаздаған мұғалім. Өскеменде тұрады. Татьяна Михайлова. Өндірдей жап-жас бала (қыз, әлде келіншек). «Путин келсін, жағдайымызды көрсін, бізге қысым жасалуда. Қазақстанды Ресей басып алмаса, күніміз қараң», – деп еңіреп отыр.
Мұғалім осы күні Қазақстанда аз жалақы алмайды. Оның үстіне біздің Татьянаның төрт құбыласы түгел болуы әбден мүмкін. Бір басында үйі-жайы, автокөлігі, қала сыртында шағын жері, саяжайы, бәрінен бұрын тұрақты жұмысы бар. Ол және өз тілінде қайда барса да сайрап, сарнап жүре береді. Шіркіннің бетінен қағатын ешкім жоқ. Кейде тіпті еңбек демалысын алып, теңіз толқындарына балтырын сүйгізіп, бауырын төсеп, алқып-шалқып Анталия мен Дубайдың бірінде демалып та қайтады. Сонда да қазақ – «идиот», Қазақстан – «отсталый». Бүгінгі Татьянаның «қырдағы әні» – осы. Осы «әнімді» ол жалғыз өзі жаһанға соғыс ашып отырған Путин естісе екен, Зюгановтар іліп әкетсе екен дейді. Қасындағы бейбіт адамдардың өміріне өлім, тіршілігіне соғыс тілейді. Ертең керзі етігін сүйретіп орыс солдаты келсе дейді. Сонда біздің Танюша оларды етегін түріп, кешіріңіздер, құшағын жайып қарсы алмақ. Міне, саған Қазақстандағы халықтар достығы! Міне, саған отыз жылдықтың жемісі! Тұтас әлем халқы толқып, Украинаның сар жолақ туын көтеріп, соғысты тоқтатуды сұрап жалбарынса, Татьяна мен оның коммунист атасы тағы бір отты ошақтың орнын іздеп алас ұруда.
Бір «қызығы», Зюгановтың жоғарыдағы мәлімдемесі осыдан екі ай бұрын жасалған көрінеді. Бірақ жер бетіндегі ең кәрі коммунистің әлгі сандырағы бізге Украина мен Ресейдің арасындағы кескілескен майдан қызған кезде жетіп жатыр. Арандатушының аузынан шыққан сөзге байланысты бүгін (10.03.02) ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді былай деп пікір білдірді:
«Ресей коммунистік партиясының жетекшісі Зюганов өзін билікке оппозиция ретінде көрсетіп жүр. Ал оппозиция үнемі биліктің ресми ұстанымына қайшы пікір айтады. Зюгановтың мәлімдемесі ресейлік федералдық арналардың бірде-бірінен көрсетілмеді. Президенттің Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресейдің Қазақстанға территориялық тұрғыда ешқандай претензиясы жоқ екені жоғары деңгейде расталды».
Тілеуберді мырзаның бұл сөзін біз дипломаттарға тән мәселенің бетін бүркемелеп, бәрін мәмілеге әкеліп жығатын сөз деп білеміз. Шын мәнісінде Зюганов Кремльдің де, Путиннің де жауы немесе саяси бәсекелесі емес. Ол Путиннің – досы. Екеуі бір адам. Зюганов – Путиннің «тілі». Путиннің ымы осы зюгановтардың аузымен айтылады. Абай болайық!
Зюганов бір сұхбатында анасының құрасағынан айы мен күніне жетпей шала туғанын айтып еді. Яғни, «недоношенный». Ресей қазір «недоношенныйлардың» қолында. Бұл – қауіпті жағдай.

Дәурен ҚАСЕНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ