Кәусар жан
16.03.2022
2007
0

Белгілі ақын, сатирик, этнограф Қажытай Ілиясұлы туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Өмірі өнер майданының қан базарында өткен тұлға туралы сағына еске аламыз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі». Қажекең жайында жазылған ізетке толы естелікті ұсынып отырмыз.


Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, сазгер, этнограф, сатирик Қажытай Ілиясұлын оқырманға таныстырып жатудың өзі артық шығар. Сондықтан қысқа қайырайын. Ол – ҚХР-ның Шыңжаң Тіл институтын бітірді. «Шыңжаң» газеті редакциясында аудармашы, газеттің Іле, Тарбағатай аймағындағы меншікті тілшісі болды. 1962 жылы Қытай қазақтары жаппай бері өткенде ол да Атамекеніне қоныс аударды. Жарма, Үржар ауданының Тасбұлақ, Бестерек ауылдарында, Аягөз ауданының Қарақол ауылында екі-үш жыл мұғалім, қара жұмысшы болып еңбек етті. Кейін Қазақ Ұлттық университетінен білім алып, «Ара-Шмель» журналында, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде фельетонист, бөлім бастығы, Қазақ теледидарында аға редактор болды. Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор, «Азамат», «Астана», «Астана дауысы – Голос Астаны» газеттерінде бас редактор қызметтерін атқарды. Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды. Лирикалық, сатиралық өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1965 жылдан жарияланып келді.

Үржарға келген сайын біздің үйге түсетін
Есіме біртуар жан Қажытай аға Ілиясұлымен бірге өткізген күндер түседі. Атағына, түр-тұлғасы мен шығармашылығына қанық ағаны, ұмытпасам, алғаш 1980 жылдардың ортасынан ауа Руда жеңгемізбен (бүгінде филология ғылымының докторы, профессор), екі кішкентай ұлымен үйге келгенде көргем. Жас кезіміз болғандықтан, олардың жанына батып бара алмай, әкеммен әңгімесін ести алмағам.
Екінші рет ол кісі Алматыдағы республикалық «Ара» сатиралық журналында жүргенінде іздеп барып, арнайы амандастым. Редакция көк базардың жанындағы биік ғимараттың жоғарғы қабатының бірінде екен. Ол кез – қырықтың ішіне келген Қажы-ағамның қылшылдап тұрған шағы. Екі иығын жұлып жеп от шайнап, шоқ бүркеді дейтіндей. Жүрісі де, қимыл-қозғалысы да шапшаң, екі көзі жайнап, жалт-жұлт етеді. Менің көзіме оттай басылғаны – кабинетінің төріне ілінген оюлы домбырасы болды. Ағам салалы саусақтарымен қағып-қағып, домбырамен ән салды, күй шертті. Сол күні ағаның алдында мен де Нұрғисаның «Әлқиссасын» тартып бергенім есімде. Сосын мейрамханаға отырдық, ішімдік татып алмады…
1991 жылы әкем жазылмас дертке шалдығып, Алматыға дәрігерге қаратуға апарғанымда тағы бардым. (Айтпақшы, сол күндері Алматыда жер сілкінді. Есімде газеттер басты бетке «Алматыда 6 балл!» деп жазды). Кейін Қажытай ағам Үржарға әлденеше келгенінде қона жатып әңгімелестік. Ол кісі: «Шотбас ақсақалдың шаңырағына Құран оқып кетпесем болмайды», – деп Қарақолдағы қара шаңырақта қонақ болып жататын. Кенже інім Ержанның ұлы Аянның тұсауын да кескен…
Марқұм мінезі шалт, өтірікке жаны қас, өзім деген жанға өзегін жұлып беретін өжет адам еді. Тіпті біреумен шәлкем-шәліс келіп қалса қол жұмсап жібермесе екен деп қауіптеніп отырушы едім. Ол кісіге жалған сөйлеу, өтірік айту – жат нәрсе болғандықтан ба, аузынан шыққан әр сөз мен үшін алтындай болды.
Бірде есік алдында бір топ адам әңгімелесе қалғанбыз. Қажытай аға өзінің аңшылығы жайлы кеңінен көсілді. Құс атуға барғанын, 20 шақты үйрек атып алғанын майын тамызып айтып отырған. Шет жақта әңгімеге құлақ түріп отырған ауылдың бір қалжыңбас жігіті:
– Па! – деді сенімсіздік білдіре қутыңдап, — Аңшының осындай әңгімесі де болады, ә, негізі!
Жасы 70-ке тақап қалған Қажытай аға бұл кезде шау тартып, науқастанып жүрген. Қимылы да бәсең еді. Мына сөзді естігенде лықсып келген ашуын тежеді білем, бір сәт үнсіз қалды да, жайымен:
– Мынауың кім-ей, ішіңді ұрайын?! Не, мен саған өтірік айтып бір нәрсеңді алып алайын деп отырмын ба екем?! – деп ажырая қарады. – Ақымақ!
Анау бірдеңе десе, жақтан тартып жіберуге дайын отырғандай көрінді маған. Ол әйтеуір, үндемей құтылды.
Енді бір күні Қажекем өзінің арғы беттен келген кезін, осы Үржар ауданының Тасбұлақ ауылындағы мектеп-интернатта меңгеруші болып жүрген шақтағы бір оқиғаны айтып берді.
Интернатта
меңгеруші бола жүріп, оқушыларды бұзықтардан қорғаған
Арғы беттен келген соң Жарма ауданының Скотовод ауылында жүргенінде қазылар өзі биші, өзі әнші, ақын, талантты бозбаланы Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы училищеге бір ауыздан қабылдайды. Алайда, әлеуметтік жағдайдың кесірінен оқуын жалғастыра алмаған Қажы-ағам Аягөздегі кірпіш зауытында, Қарақол ауылында жұмысшы, Үржар ауданының Бестерек мектебінде тәрбиеші болып қызмет етеді. Келер жылы тау ішіндегі Тасбұлақ орта мектебіне бір жағы мұғалім, бір жағы мектеп-интернаттың меңгерушісі етіп тағайындапты. Интернаттың балаларына жергілікті жігіттердің әлімжеттік жасайтынын білген ағамыз бір күні екі топтың жаппай төбелесіне қатысып, түгелін бықпырт тигендей қылады. Осы әңгімені маған өзі айтып берген еді:
– Интернаттағы балалар жергілікті жігіттерден көп жапа шегетін көрінеді. Ақшаларын тартып алып, ойларына келгенін істейді екен. Бір күні олардың екіге бөлініп топ-топ болып жаппай төбелесетін күнін аңдып жүріп біліп алдым да, сол қырықпышақтың ішіне кіріп кеттім. Қыстыңгүні еді: малақайымды баса киіп, тамағымнан тарта байлап алғанмын. Түн ішінде ешкім де мені танымайды. Мұғалімнің өздері сияқты бірге төбелесіп жүргенін біреуі де білмейді. Арғы бетте жүргенімде жекпе-жек өнердің әдіс-тәсілдерін үйренгенім іске асты. Кейін интернат балаларын мұғалімдері де төбелеске шығып қорғайтынын білді ме, содан бастап екі жақ шекіспейтін болды, – деп кеңк-кеңк күлетін жарықтық.
Өмірдің қызығы мен шыжығын бір кісідей татқан талантты ағамыздың бойында асыл қасиеттер жетерлік еді. Ол ақын, композитор, музыкалық шығармаларды саз аспаптарында шебер орындайтын виртуоз болатын… Соңында 24 ән мен 3 күйі қалған Қажытай Ілиясұлының атбегі ғана емес, ат сыншысы болғанын да кейбіреулер біле бермейтін. Онысы әкесі Ілиястан, бәлкім атбегі атасы Есенбай зәңгіден берілді ме, кім білсін…
«…Бірде Алматыда үлкен бәйге болды. Бір сәйгүлік бірнеше айналым бойы бірінші болып шапқанымен, соңғы айналымда болдырып қалды, – деген еді енді бірде, Қалтамдағы куәлікті көрсете жүріп, қоршаудан өтіп, атқа барып, тұяқтарын ұстап көрсем қызып кетіпті. Ат иесіне «Мынауың кәрі биенің құлыны ғой!» десем, Дәулет деген Үржардың жігіті екен: «Аға, қайдан білдіңіз?» деп таңғалады. Жасамыс биеден туған жылқының тұяғы жұқа болады да шапқан кезде тез қызады!» дегенін естіп, мен де қайран қалғанмын…
Өзім дегенге
өзегін жұлып беретін ақкөйлек еді
Қарақол ауылында Советқали Өтепов деген ағамызбен бірге жүріп-тұрған дос болды. Ана бір жылы өңірімізге ат басын бұрып, бұрынғы сыйлас, дәмдес болған ағайын-туыс, дос-жарандарымен жүздесіп, бірнеше күн жүріп қайтқан еді. Сол тұста Советқали ағамыздың да үйіне барып, қона жатып әңгімелескен-ді. «Советқали екеуміз жастық шақтың бірер жылын осы Тарбағатай бөктерінде бірге өткізгенбіз. 1965 жылы мен Алматыға оқуға аттанарда: «Қажеке, менің көмегім болсын, мына семіз қойды қалаңа алып кет», – дейді. «Сәке, бұл қойды мен қайда сүйреп жүрем!?» – дегесін, қойды ақша қылып берген болатын», – деп сол бір шақты ризашылықпен еске алып отырды. «Досқа адал, жүрегін жұлып беруге әзір азамат», – деп, аузынан тастамайтын.
Ағаның 70 жылдық мерейтойын (ұмытпасам, 2010 жылы) Қазақстан Жазушылар одағы дүркіретіп өткізді. Сол тұста Үржар ауданының әкімі Қажытай Ілиясұлына құттықтау хатты табыстау үшін жергілікті газетте істейтін мені Алматыға жіберді. Онсыз да тойға шақырту алып отырған едім. Ертеңіне үржарлық ақын Амантай Оспанов екеуміз аттандық. Дүркіреп той өтті… Айтайын дегенім, Қажытай ағаның «өзім дегенге өзегін жұлып беретін» мәрттігі мен адалдығы еді. Алыстан келетін біздерге Жазушылар одағының қонақ үйінен орын алып қойған екен. Досым, белгілі журналист Алмас Ақылбекұлы екеуміз тойдан кейін сонда түнедік. Таңертең көзімізді тырнап ашпай жатып ағаның: «Үржардан келгендер қай бөлмеде? Көрсетіңдер!» деген дабырынан оянып кеттік. Бізді үйіне апарып, рақметін айтып, Руда жеңгейдің қолынан дәм татып аттанған едік. Халықшыл, қарапайым еді. Талантқа сай қасиет пе, кім білсін…
Өмірден өз бағасын ала алмай кеткендей болып көрінетін ағамыздың мынандай өлеңі бар:
Келешек, мені түбі түсінерсің
Жалғыздың топқа қайтіп күші келсін!?
Жұлдызым жүйткімеді ит біледі
Өнердің өкше ізіне түсіп ем шын.
Мен көрген мұз жүректі көрмей-ақ қой,
Көзінің ызғарынан үсінерсің.
Күншілдік кәусарға да құм құйғызған,
Кәусарды жаны кәусар кісі көрсін…

Берікхан ТАЙЖІГІТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір