Өкіметтен қашанғы өгейлік көреміз?!
15.03.2022
879
0

Ауыт Мұқибектің «Қандастарды қаралау…» («Қазақ әдебиеті» газеті, №7) атты мақаласына орай туған ой

Самат Өтениязов

Аталған мақаланы оқып отырып көзіме жас келді. Ауыт Мұқибек билік тарапынан халқымызға жасалған қиянаттардың біразын көрсеткен екен. Қарап отырсақ, қазақ халқы күні бүгінге дейін өкімет тарапынан қаншама өгейлік көрсе, соншалықты трагедияларды да басынан өткеріпті. Кешегі «қасіретті қаңтар» оқиғасы да соның айғағы.

Мен Алматыға 1969 жылдың басында келдім. Сол кезден бастап әсем астанамызда қандастарымыз тартқан түрлі қиындық пен зорлық-зомбылықтың куәсі болдым.
1981 жылы Өзбекстаннан жақын ағам шиет -тей бала-шағасымен көшіп келіп, «Горный Гигант» совхозының жерінен үй сатып алды. Ағамның басы бүтін сатып алған сол үйіне меншік иесі етіп көрсететін құжаттарын тіркемей, жергілікті билік екі жыл сандалтты. (совхоз директоры Демченко деген біреу еді) Кейін білдік, олар қазақтың ата жұртына оралуына ашықтан ашық қарсы болған екен. Ақыры ағам Әбдіжәміл Нұрпейсов арқылы Имашовке дейін шағымданып, өз үйіне әрең ие болды. Сол кездері, яғни Кеңес өкіметі заманында Алматы қалсы мен облысына орыстар мен өзге елдерден келетін ұлттарға ешқандай кедергі болмайтын. Мысалы, мыңдаған күрд ұлтына екі совхоздың территориясынан жер бөліп (бірі Жаңа Тұрмыс, екіншісі Қоянқұс) қоныстандырды. Бәріне құрылыс материалдарын таратып, жап-жаңа үйлер салып берді. Дінмұхамед атамыз дәл осындай бір жақсылықты қазаққа жасады ма? Жоқ!
2010 жылы Өзбекстаннан інімді бала шағасымен көшіріп әкеліп, Бұрындай жақтағы бір үйге тұрғызып, құжаттарын рәсімдедік. Інім сол жылдың күзінде Талдықорғанға бірнеше рет барып, квота алуға тіркелді. Ол сонда: «Бір адамның квотасын, яғни 200 мың теңге бермесең ешқандай квота ала алмайсың», – деп айтқан әкімшілік қызметкерлері мен елдің сөзіне сенбеген еді. Әкімішілік қызметкері аты-жөнін тіркеп, компьютерге кіргізгенін көрген інім,«жаңа жылдан кейін аласың» деген сөзіне мәз болып, кетіп қалады. Жаңа жылдан соң тіркелген адамдардың бәріне квота шықты. Менің ініме жоқ. «Не болды?» деп барса, бастықтың орнында басқа адам отыр екен. Ал облыстық көші-қон басқармасы ІІМ-нің құрамына өтіп кетіпті. Осының бәрі арамза шенеунікке 200 мың теңге пара бермегеннің әлегі. Көшіп келіп жатқан қандасымызға қуанып, жәрдем берудің орнына одан пара алады. Бөтен емес-ау, сондай дұшпандықты істеп отырған өзіміздің қазақ баласы. Осындай қызмет орнындарында есектен тезегі басқа малғұндар отырған соң қайтесің. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деген осы шығар.
Оның үстіне сол інім азаматтық ала алмай көп жыл жүрді. Бір күні оны екі полиция алып кетіпті де, Қаскелеңге қамап қойыпты. ҰҚК-де істейтін бір танысым жетіп барып:
– Не жазығы бар, неге кінәсіз адамды қамап қойдыңдар?– деп сұраса, «Төлқұжаты жоқ, келгеніне көп жыл болса да, азаматтығы жоқ»,– депті әлгілер сасқандарынан міңгірлеп.
– Төлқұжатты бермей жүрген өздерің емессіңдер ме? Оралман бейшараларды қорқытып тонап жүрген қорқаусыңдар. Осылай нан тапқанша ұяттан өлмей қалай жер басып жүрсіңдер? Осы қылықтарың үшін мен сендерді соттатып жібере аламын. Әттең, әке-шешелерің мен отбасыларыңды аяп кешірім жасаймын,– деп оларға жеткізе айтып, інімді шығарып алады. Ал көп ұзамай інім азаматтығы мен төлқұжатына ие болды. Олардың қорыққанынан ғана інімнің заңды төлқұжатын бергені шындық.
Қатардағы ұсақ шенеуніктердің сықпыты осылай болған соң, ақ жағалы ұлықтардан не жақсылық күтуге болады? Өкіметтің көші-қонға арнап 60 миллиард теңге бөлгені шындық болса, соның жартысына жуығы игерілмей қалды. Ал қаншама қандас ағайын қаражаты жоқтықтан келе алмады.
Қандастардың көп келетін аймақтары Маңғыстау, Алматы, Түркстан облыстары. Барлық қандастардың 76 пайызы Өзбекстаннан келгендер екен. Әттең біздің билік қандастарымызды жинап алуға оң көзбен қарағанда, Қытайдан келетін ағайындарымыз бәрінен де көп болар еді. Қазақтың көшіне неше түрлі кедергі жасағаны және біздің басшыларымыз осы мәселеге көз жұмып отырғаны – ең сорақы бейшаралық кеп. Басшыларымыз Қытаймен әмпей-жәмпей болып жүрсе де, қандастарымыздың елімізге көптеп келуін жақтырмады. Осы мәселенің артында Елбасының өзі тұрғаны белгілі болды.
Көші-қон басқармасы астанаға көшпей тұрғанда, Нұрекең: «Қазақ халқының санын 20 млн.ға жеткіземіз» – деп ұран салды да, жыл айналмай жатып, көші-қон қызметкерлеріне: «Тырағайлап кеттіңдер… Енді қайтып келген немістер мен орыстарға көмектесіңдер, жағдай жасаңдар» – деп қатаң ескертті де, қандастарымыздың көшіне бөлінетін квотаны біраз қысқартып тастады.
Жалпы айтқанда, әсем Алматы егемендік келген соң иесі жоқ көпшіліктің қаласына, орыс тілінде айтсақ «проходной дворға» айналды. Көшіп келіп жатқан қандастарымыздың көбі Алматыда баспана қымбат болған соң, басын сұға алмады. Есесіне орыс, еврей, кәріс, қытай, қала берді арабтар мен үнділерге дейін «қақпасыз» Қазақстанға қаптап кіріп, бизнесін жасап жатты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан-ақ, сығандар мен тәжіктер де қаптады. (Олар Ташкентке де ағылып келіп еді. Бірақ оларды Каримов бір күнде қуып шықты. Мемлекеттің қожасы осылай әрекет жасайды. Бізде ондай қимыл жасайтын басшы болмады). Ал осы сыған, тәжіктер әрі-беріден соң Алматының қожайыны болуға айналды. Олардың келгеніне отыз жылдай болып қалды. Кез келген жерде қайыр сұрап отырады. Балалары автобустарға кіріп, дұға оқып қайыр сұрайды. Біздің жүйкемізді осылар құртып болды. Қасиетті Құранды да кез келген жерде оқып, аяқ-асты етіп жүр. Қала басшылары мен полиция бұларға тимейді. Бірдеңе сатып отырған қазақ әйелін көрсе, заттарын шашып білгенін істейді. Ал ондай келімсектерге жоламайды. Біз талай рет қала басшыларына шағым жаздық, алайда олар арызымызға пысқырған да жоқ.
Осы келімсектер туралы айтатын болсақ, Алматыға келген бойдан оларға «Босқын» орысшаласақ – «Беженцы» деген «мәртебе» беріп, БҰҰ арқылы жәрдемақы төлей бастадық. БҰҰ-ның ар жағында АҚШ бастаған алпауыт елдердің тұрғаны анық. Алпауыттардың бар халыққа жаны ашитын болса, сол көмегін көшіп келіп жатқан қазақтарға неге бермейді? Олардың мақсаты – неше түрлі жолмен қазақты азайту ма дейсің кейде. Қаншама түрлі дін орталықтарын ашып, қазақтарды ислам дінінен кетіруге көптеп қаражат бөлді. Алматыда христиан дініне кірген қазақтар қаншама? Осының бәрі біздің халыққа үкіметіміз ешқандай қамқорлық жасамай, керісінше қиянаттарға көз жұмып отырғанын көрсетеді.
Реті келіп тұрғанда сыған, тәжіктерге қатысты бір мәселені үкімет басшыларына айтқым келеді. Алматыда әйтеуір бір күні соларды қуатын күш бас көтеретін болады. Өкімет осы бастан сол қанды оқиғаның алдын алса дұрыс болар еді. Себебі, Алматыдағы базарларда және көптеген аулаларда олар пара беру арқылы көкөніс-жеміс дүкендерін оп-оңай ашып алады. Қысқасы, кім болса сол Алматыда тайраңдап жүреді. Дәл солар сияқты көрші республикалардағы қазақтар тайраңдап жүре алмайды.
1992 жылы Тәжікстанда тұратын қазақтардың бір бөлігі қуғынға ұшырады. Олар үй-жайын, мал-мүлкін, киім-кешегін тастап, бас сауғалап, қашуға мәжбүр болды. Тәжік- стандағы қазақтар өте бай тұратын. Солардың үйлерін осы тәжік ағайындар иеленіп қалды. Біздің өкімет басшылары оған да көз жұмған еді. Осындай оқиға қазақтан басқаның басына түссе, қоғамдық ұйымдар шулап, көлденең кепке ұшыраған халықтың туған елінен өктем-өктем дауыстар естіліп, үкіметке ескерту жасайтын еді.
Сол бас сауғалап келген қандастарымызға Оңтүстік Қазақстан облысының (қәзіргі Түркістан облысы) басшылары жер берді. Олар қазір жетіліп, жақсы тұрмыс құрып жатыр. Себебі, олар өте еңбекқор. Әрине, Тәжікстаннан тыныштық жағдайда келіп, халқымыздың санын көбейткен қандастарымыз да жетерлік. Қазақстанның оңтүстігіндегі үлкен мегаполис, көрікті қала. Біз бұл жағдайды Ташкентпен салыстырсақ, аспан мен жердей айырмашылықты көрер едік. Кез келген адам Ташкентке барып үй, не пәтер сатып ала алмайды. Басқа адам түгілі Ташкент облысының адамы сатып ала алмайды. Ал Алматыда кім болса, сол үй сатып алады. Осыны шектеп тек қандастарымызға ғана тіркеуге рұқсат беретін заң керек және осыны қолдайтын үкімет керек. Басқа ұлт өкілдеріне қашанғы жалпақ шешей бола береміз?
Тағы бір мәселе, қазір қазақ қыздарына үйлену арқылы азаматтық алған қытайлар көбеюде. Түрлі кедергілер жасап, азаптау лагерлеріне қамап, қандастарымызды Қазақстанға жібермей жүрген қытайлар біздің әйелдер арқылы азаматтық алып, санын еселеуде. Осыған кедергі жасау үшін арнайы заң керек. Мысалы, Жапонияда қыздарының басқа ұлтқа шығуына тиым салатын заң өткен ғасырда-ақ шығып қойған.
Алматыдағы қазақтардың үлкен бөлігі балаларын орыс мектебінде оқытады. Сондықтан көшедегі жастардың ішінде қазақша сөйлейтіндерін сирек көреміз. Бұл – ащы шындық. Қазақстанда емін-еркін өмір сүретін өзге ұлт өкілдері де балаларын орыс мектебіне береді. Тәуелсіздігімізді алған бетте Алматының трагедиясына айналған оқиғалардың бірі ­­­- 10 мың адам жұмыс істейтін «Текстил» комбинатының жабылуы болса, екіншісі — 6 мың адам жұмыс істейтін «Жетісу» аяқ киім фабрикасының құрдымға кетуі болды. «Текстил» мен «Жетісу» фабрикасында жұмыс істейтіндер өңшең біздің қара көздер еді. «АХБК» деп аталатын осы комбинатқа шикізат өзімізден, яғни Шымкенттен келетін мақта. Шетелге ешқандай тәуелділік болмады. Осындай ірі комбинат пен фабриканы жауып тастаған мемелекет басшыларынан қандай жақсылық күтуге болады? Енді Қазақстан ондай ірі кәсіпорнын ешуақытта құра алмайды.
Қазақтың техникалық мамандарының көп бөлігі қазір АҚШ-та жүр. Сол елде қазір өңшең білімді, оқыған, еңбекқор қазақ азаматтарынан кәдімгідей қазақ диаспоры қалыптасып үлгерді. Соңғы берген сұхбатында Президент Тоқаев жас мамандарымыздың шет елге кетіп жатқанына қарсылық білдірмейтінін айтты. Біз бұған қатты өкпеледік.
Міне, 30 жыл болды мыңдаған студенттерімізге мемлекет тарапынан грант берілді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдерде оқыған студенттерге миллиондаған долларлар жұмсалды. Солардың ешқайсысынан қазақ тілін білу талап етілген жоқ. Әттең қазақ тілінен диктант алса, солардың көп бөлігі грантынан айрылып қалар еді. Бұл талап балаларын қазақ мектебіне оқытпай жүрген ата-аналарға сабақ болар анық.
Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан өкіметінің басшылары біздің халықтан алыста болды. Өкінішке орай отыз жылда да халық пен өкімет арасындағы алшақтық бәз-баяғы қалпында қалды. Тіпті кейбір жағдайларда бұрынғыдан бетер алыс болып кетті. Халқымыз «үмітсіз – шайтан ғана» дейді. Қиын жағдайымыз жөнделер. Халқымыз аман болса, сол бір «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заманға да жетерміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір