Тіл мен үннің декорациясы
15.03.2022
1211
0

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ, жазушы, кинодраматург

Маған қойылған сауалдың негізгі салмағы сериалдағы тіл жайында екен. Сондықтан шамамша осы төңіректі шолып көрейін.
Осы кезде кино мамандарынан гөрі көпшілік көрермен тарихи фильмдердің тіліне көп назар аударатынын байқап жүрмін. Сөйтсем, бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс екен. Алайда олар ары кетсе әлеуметтік желідегі парақшасында сынайды, бір-екі апта айтылады да, қала береді. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Кинокомпания да, режиссер де, тіпті тапсырыс беруші министрлік тарапынан да «мына қателіктерден сабақ алу керек екен» деп бір жиналыс та жасалмайды-ау, шамасы. Содан кейін тарихи сериал, иә фильмдердің тілінде бүгінгі сөздер, бүгінгі сөйлеу мәнері дегендердің мидай араласып жүретіні үйреншікті жайтқа айналып кете барған сыңайлы. Ал киноның тілінен сол кездегі уақыттың, сол кездегі қазақтың қан тамыры бүлкілдеп тұрса, ол бағаланбай да қалмайды. Бір мысал айтсақ, «Біржан сал» фильмінің қаншама сөзі афоризмге айналып кетті ғой.
Өз басым «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалдарының сценариін жазғанда қатты қиналдым. Ойлаңызшы, ұлы хакім Абай атамыздың, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің, бір халықтың тілінің тірегі болған ұлы ғалым Ахаңның аузына сөз салу, сөйлету оңай дүние ме? Оны сынай қарап бүкіл халық экран алдында отыр. Дайындық кезеңінен бастап, экранға шығып, жұрт жылы қабылдай бастағанға дейін иненің ұшында жүргендей күй кештім.
Кино тілінің сәтті шығуына әсер етер факторлар көп, әрине. Ол жайында соңыра айтармын. Қазірше тұлғаларды сөйлету барысындағы кейбір жайттарға тоқталайын.
Жоғарыда аталған үш тұлға да шығармашылық, яғни жазатын адамдар ғой. Міне, бізге ең оңтайлы жері сол болды. «Абай жолы» сериалындағы Айдос Бектемір ағамыз айтатын сөздердің дені Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздеріне арқа сүйеп тұрды. Диалогтарда мейілінше Абайдың өз сөздерін пайдалануға тырыстық. Мысалы, қыз дауына байланысты Жиренше мен Оразбай Абайды азғыра келіп, Керей жақ сый беріп отырғанын алға тартып, «алтын көрсе періште жолдан таяды демей ме…» дегенінде «Періштеден садаға кеткірлер-ай, періште алтыныңды не қылсын, онан да өздеріңнің көрсеқызар сұмдықтарыңды қостағалы айтқандарың да» деп кекесінмен күледі. Бұл әрине, Абайдың «қара сөздегі» мақал-мәтелді сынайтын тұсы ғой. Өлеңдерінен де алдық. Дәлме-дәл болмаса да, негізін содан алып, ауызекі сөзге айналдырдық.
Ал Әуезовтің «менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» деп марқаятын сөзі бар ғой, данышпанның сол сөзіне құрмет ретінде оның Абай сөзін қолданып сөйлеген тұстарын іздедік, реті келген жерде өзіміз де аузына салып отырдық. Мысалы, сериалда Қайым келіп, өзінің диссертациялық жұмысына қарсы тараптың баяндаманы қардай боратқалы жатқанын айтқанда, Әуезов «олар мұндайға келгенде бәйге атындай аңқылдайды ғой» дейді кекесінді кейіппен. Мұны, әрине, Абайдың «өтірік пен өсекке, бәйге атындай аңқылдар» деген өлең жолдарынан алып отырғанымыз түсінікті болар.
Сонымен бірге диалектілерді де пайдаланғанды жөн көрдік. Мысалы, Абайдың атқосшысы «Сәлиқадар келді» дейді. Мұны актерлер де тосырқап, «ертең дау болмай ма?» дейді. «Болса мен жауап беремін» деймін. Арасында актерлермен дау болған жайттар да болды.
«Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының тілі де осындай әдіспен жазылды. Тек Ахаң емес, сол кездегі мақалалардағы сөз қолданысты көбірек сіңірдік. Мұрат екеуміз көбіне шәй үстінде осы кездегі жайттарды сол кездің мақала тілімен сөйлесіп әзілдесіп отырамыз. Бұл алдыңғы сериалдан қалыптасып қалған әдет болды да, сол мына сериалды жазғанда да табиғи түрде жалғасын тапты. Салыстыра қарасаңыз, Ахаңның 50 жылдығында сөйленген сөздер, Ахаңның «Мен өз жайымнан сөз сөйлеп көрген адам емес едім… Мені түрлі сөздермен атап…» деп келетін өз сөзі бәрі-бәрі сол кездегі материалдар негізінде жазылды. Өткенде белгілі алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы ағамыз сериал туралы жүрекжарды ыстық ықыласын білдіріп, «Фильмнің тілі жатық, ұғынықты, 2 пайыз – калька, говор бар, есесіне 98 пайыз – қыртысты әдеби тіл» деп бағалап, хат жазып жіберіпті. Біраз ескертпелер де бар. Соның ішінде – «Азамат» серіктестігін кейіпкер «серіктік» деп қате айтады» депті. «Апыр-ай, қате кеткен екен-ау, байқамай қалдық па?» деп іштен тынып қалып едім, кейін «серіктік» деп те қолданылғанын тауып қуанып қалдым.
Кейде дұрыс жазылған дүниенің орындалу барысында қателіктер де болады. Мысалы, Дихан ағамыз тағы да «белгілі газет 1925 жылға дейін «Еңбекшіл қазақ» болып шыққан. Сіздер 1922 жылғыны «Еңбекші қазақ» дейсіздер. 3-серияның 34.39 минөтінде кейіпкер июнь жарлығын «июль жарлығы» дейді» деп ескертті. Ескертуі орынды. Алайда бұл сөздер сценарийде дұрыс жазылған да, түсірілім барысында қате айтылуы байқалмай кетіпті. Кей адамдардың «Егемен Қазақстан» газетін әлі «Егеменді Қазақстан» дейтіні секілді, «Еңбекшіл қазақ» «Еңбекші қазақ» болып айтылып кеткен ғой.

Ал «июнь»-нен жаңылыспаса да, анық болмай қалған тәрізді. Әйтпесе, тарихи фактілер жағынан алаштанушы жас ғалым Ұшқын Сәйдрахман бар күшін, білімін, ынтасын салды. Тіпті «мұндай сөзді қолданған ба?» деп жекелеген сөздерге дейін іздеттірген кездеріміз болды.
Міне, ғалымдардың да мұндай жіті бақылауына түсетін тарихи дүниені жазудың жауапкершілігі өте ауыр екенін осыдан-ақ түсіне беруге болар. «Калька» демекші, бір ұры сөздер болады. Оны жазу барысында да аңдамай қаласың. Режиссер қырағы, әр сөз, әр дыбысты қабылдауы қазақы қалыпта толық жетілген, сүзгісі бар болса, оны түсірілім барысында «сүзіп» қалады екен. Оған да бір мысал айта кетейін.
«Абай жолы» сериалын түсіріп жүргенде мынадай бір жағдай болды. Абай үйдегі қонақтарға ғылым жайында әңгіме айтып отырады да, қонақтарды таңдандыра түсу үшін шәй құйып отырған жас қызға сөзін құптатып: «Солай ғой, Міңке балам, сен қалай ойлайсың?» дейді.
Осы көріністі режиссер ары түсірді, бері түсірді. Редактор болып отырған мен алдымдағы қағазға қарап «сценарийдегі сөздің бәрін дұрыс айтты, жеткізу де жаман емес, болды ғой» деймін. «Жоқ, бірдеңесі дұрыс болмай тұр, Абайдың үйіндегі әңгіме секілді емес, түк сендірмейді» деп Айдос ағамызды тағы әуреге салды кеп. Он дубльден асты-ау, шамасы, «болды» деді бір кезде. Шынымды айтсам, алдыңғыларынан аса асып тұрған ештеңесі жоқ. Жалығыңқырап кеткен біз «е, болса жарайды» дедік те қойдық.
Кеште Мұрат «бағанағы көрініс неге дұрыс болмай тұрғанын білдіңіз бе?» дейді. «Жоқ, әрине». «Сөзде екен, сценарийдегі сөз қазақы қалыпқа түспеген екен, Айдос аға бір кезде «Солай ма, Міңке балам, сен не дейсің?» деп қалғанда ана сахнаға жан бітіп шыға келді» дейді.
Басымды жұлып алдым. «Сен соны білдің бе?» деймін. «Тек ұнамағанын сездім, Айдос аға да жалығып жаттаған сөзді емес, өзіне жатық сөзді айтып жіберді-ау деймін, сол кезде Абай үйінің, қазақ үйінің атмосферасы сезіле кетті» дейді. «Міне, деймін мен, міне, уызына жарыған қазақ режиссері деген!» деп мақтап…
Бұл түйсікте бұғынып жататын дүниелер ғой. Әсіресе өнерде солай. Таланттың бір аты – түйсік. Түйсіктен түйсікке жетеді. Шынын айтқанда, анау сөздің қазақы емес екенін нақты білмесе де, көрермен жаны сол сахнаға тұщынбайды. Ал сол жан түкпіріндегі бұғып жатқан түйсікке жетер дүниесін тауып бере алсаң оны үнсіз жұтып, жаны рахат табады. Нақты неден рахат тауып отырғанын саралап жатпауы да мүмкін.
Ол енді оқырман, көрерменнің міндеті емес, қаламгер, режиссердің міндеті.
Міне, осындай ұры сөздер болады. Әсіресе әріректегі қолданысына жанасып кеп тұра қалғанда екеуін айыра алмай қаласың. Әнеки, бәрін «қалай ойлайсың?» бүлдіріп тұр екен!
Көркем шығармада одан аман өтемін деу өте қиын. Кез келген жазушы тарихи кейіпкерінің аузына жүз пайыз өз заманының сөзін салдым деп толық сеніммен айта да алмас, бәлкім.
Ал біз сценарийі алдымен орысша жазылатын сериалдарды айтамыз…
«Кедейліктен көрген бір пайдам» деп айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев айтқандай, орысша білмейтінімізден көрген бір пайдамыз да осы болар, бәлкім. Қазақтың кино өнерімен қаншама уақыттан бері орысша оқыған, орысша сөйлейтін мамандар айналысып келеді. Артық айтсам Алла кешсін, рухымыздың дүр сілкініп кетпегенінің бір себебі де содан шығар.
Мұрат әзіл-шыны аралас «Ұлақаңның теориясы» деп атайтын бір теориямыз бар. Ол – «тіл мен үннің декорациясы» деген теория. Мысалы, «Қыз Жібек» фильмінде көш жолында машинаның ізі жатса декорация бұзылады ғой? Быт-шыт болмай ма? Тура сол секілді тілдің декорациясы болады. Алаш заманына бертінгі шыққан бір сөз кіріп кетсе декорацияны бүлдіреді. Киноны көзбен ғана көретін көрермен тарихи фильмдегі бүгінгі электр сымдарын көріп қалып сынап жатады ғой, киноны тұла бойымен сезінетін көрермен ХІХ ғасырды көрсеткен сериалдан «мені атқа отырғыза ма?» деген сөзді естігенде сол электр тоғы өзін соғып кеткендей күйге түседі. Ал, «үннің декорациясы» тіпті терең әңгіме… Оған кең уақытта айналып соғу керек болар.
Ішіне мәтін қонбайтын актерлер болады. Ондай бейбақтар үннің декорациясын салмақ түгілі сценарийдегі небір аяулы сөздеріңнің басын жарып, көзін шығарып алдыңа тастайды. Бұл тұрғыда Ахаңның рөлін сомдаған Байғали ағаға айрықша алғысымды айтар едім. Өзі жазатын, өз ішінде мәтін бар актер екен. «Мәтінді мәтін оқиды» деп Таласбек Әсемқұлов айтқандай, қағаздағы сөз актердің ішіне толық түседі, содан ол өз сөзіне айналып жүректен шығып, жүрекке жетпей ме?! Іштен шығып, тіл ұшына жеткенше бергісі келген көңіл-күйді бейнелеп неше құбылмай ма? Сонда ол тіпті керек жеріне сәл ғана ғырыл қосарына дейін сезіп, түйсініп үлгермей ме? Міне, қазақы үннің қасиеті!
Ал ішіне қонбаған, кеңірдектен кері қайтқан сөзде не сезім болсын?! Өз басым сценарийді жазып отырғанда бүкіл сөзді ішімнен актер болып айтып көремін. Оның тілге жеңілдігі, айтуға қолайлылығы, бүгінгі құлақтың қармай алу мүмкіндігіне қарап ілгерінді ықпал, кейінді ықпалдардың аз болуына айрықша көңіл бөлуге тура келеді. Қазір «айта алады» деген сөздегі ықпалдарды жайына қалдырып, қалай жазылып тұрса солай айтатын, «айталады» десең құлағы қармай алмай қалатын жастар көп-ақ. Мүмкіндігінше сондай сөздерден айналып өтуге де тырысасың. Әйтпесе кей актер аузына кергі салған қасқырдай екі езуін құлағына дейін тақап, екі дауысты дыбысты да аузына сыйдырып айтып тұрады.
Жалпы, тұлғаға деген махаббат, жан-жүрегіңмен беріліп істеген әрбір ісің, қолданған әр сөзіңнің самалы, жүрегіңнің лүпілі көрерменге де жетіп, сезіліп тұрады деп есептеймін. Көрерменге білінер, иә білінбес, Ахаңның жекелеген сөз қолданыстарына дейін барынша Ахаңша болуы керек деп тырысып іздендік. Мысалы, Ахаң «дейін» деп емес, көбінесе «шейін» деп қолданады. Кей актерге «шейін» деп айтшы десең «онда тұрған не бар» деп кейіс білдіруі мүмкін. Соның өзін сақтауға тырыссаң, оның да сөзбен жеткізіп айта алмас бірдеңесі бар әйтеуір. Қазақ әңгімешіл халық қой, содан да біздің жадымыз көзден гөрі көп әсер, көп білімді құлақпен қабылдауға дағдыланған. Сөз бен үннің үйлесімі адамдар арасындағы ұлы қарым-қатынасты түзген. Парасатын асырған, пайымын қалыптастырған. Білгенге сөздің қасиеті деген ұлы дүние ғой…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір