Ербол Алшынбай. Тарымшы
15.03.2022
2053
0

Ербол Алшынбай

І
Тобылғы түсті жаз еді,
Ай толмаған шақ өзендер жатқан жуасып,
Қалықтап барып бауырға қонған қаз елі,
Ақшаңқан үйлер ақбас шыңдарға ұласып.

Шыбынсыз жайлау томсарып,
Шілтерлі орман құлдилай біткен шың-құзды.
Боз үйге кірген бұлаң қыз жүкке қол салып,
Құлын да құлын дауысы шығып шыңғырды.

Қалғыған ақ шың селк етті,
Құлады төмен мызғыған өзен селкілдеп.
Аптыққан жел де ақ қайыңдарға шер төкті,
Күбінді ауыл түңілік кере желпілдеп.

Бұғалық түскен тарпаңдай,
Аққұба қыздың алаулы жүзі көгерді.
Шиырылып түсіп ширауы жеткен арқандай,
Соныға сіңіп сұр жылан аулақ жөнелді.

Ақ білегінде тамшы қан,
Қайырла қалған қарлығаш қанат қабағы.
Жыланкөз бұлақ секілді жолын аршыған,
Жыланның уы тамырын бойлай тарады.

Абына шықты сорлы ана,
Қағына қасқыр қамалай шапқан құландай.
Ай, атшы бала! Абжылан тиді қарғама,
Атыңа мін, шап, Түменбай қайда? Түменбай?

Алқара аспан – қарашық,
Дүбірге үрке қарайды үнсіз тосаңдап.
Барады бала сағымды белден ары асып,
Қылаңға мінген, жетекке баран қосарлап.

ІІ
Орманнан үріккен құс қонды,
Құбыла жаққа мамырлай беттеп түйе күн.
Дүрліккен дүние баяғы дел-сал түске енді,
Ақшаңқан үйлер ақ шыңға сүйеп иегін.

Көкжиек тұсы – қара мең,
Ақ шағи сағым пердедей кілкіп тұр әлі.
Мұнарлы белдің үстіне шығып саламен,
Қылаң мен баран ауылға қарай құлады.

Қанды ауыз қара оқпандай,
Қарсы беттен қараны көздеп қарысқан.
Қабақтан асып қарашық басқан қас қандай?
Жанары жасын жасыл отынан жау ыққан.

Қаһарын төксе сең жүрген,
Қара дарияға қарақошқыл су құстырып.
Арқарлы аңғар жыланын қойдай өргізген,
Аса таяғын ұшырып көкке құс қылып.

Осы елге аты даңды еді,
Қобызын алса солқылдар жердің жүрегі.
Ғайыптың күйі, аждаһа тілі дәрмені,
Түменбай бақсы ескінің соңы бұл еді.

Мамаға атын байлады,
Қолтықтап бала ақбоздан жерге түсірді.
Шешесі қыздың қонағын төрге жайғады,
Жан екен тұмса аруанадан да құшырлы.

Көсеге үсті қыз жатыр,
Үрейден жүзі тұтылған күндей талаурап.
Шырпыдай жүрек сірескен үрей-мұзда тұр,
Аждаһа көзге айнала қалып бар аумақ.

Шыдайды үнсіз құлшынып,
Қос сүрлеу түсіп шытынай қалған ақ маңдай.
Құлын да мүсін құмандай болды түршігіп,
Тамырын бойлай иреңдей жылан жортқандай.

Тарымшы қызға бұрылды:
– Алты қыр асып, мен келдім, қорықпа, ақ көкем.
Аузыңды ашшы, көрейін қане тіліңді,
Абақай неге ақ отау келіп шақты екен?

Бейбақ қыз тілін шығарды,
Айырыла өскен жыланның айыр тіліндей.
«Тәңірім» деді, сорлы ана көзі тұманды,
Боздай да зарлап шерлі жас жүзін тілімдей.

Қыз жатыр удан өртеніп,
Суыды қыстай бақсының енді жайлы өңі.
Астаудай көзін сағымды белге төңкеріп,
Түменбай бақсы келте қайырып сөйледі:
– Дегелек құсым ұшты де,
Жалаңаш қалдыр, туырлық, үзік салмасын.
Үй тіктір анау сағымды белдің үстіне,
Көрейін жинап жылан Бапының зәузәтін.

ІІІ
Жарқырап уық жосалы,
Сағымды белге жалаңаш үй де тігілді.
Ішінде бақсы жыланның елін тосады,
Салады қиқу дегелек құсы дүбірлі.

«Көкжиекті керелеп,
Көк кезеңді өрелеп.
Көкке жайған қанатын,
Құс сұлтаны дегелек.
Мұнар таудан бері асып,
Мұздақ шыңмен таласып.
Мұнда келіп жетті енді,
Тұлпардайын таң асып.
Аспан жарған шуылын,
Көкірегіме басайын!
Қанатының суылын,
Қобызыма қосайын!

Сумаңдаған сұр жылан,
Жеті жылғы ту жылан.
Бапы ханның әулеті,
Мәлике-Маран зәузеті,
Өзегі толған у жылан.
Күн бетімнен оралып,
Түн бетімнен жер алып,
Жалаң қағып жылжыған.
Алты қанат ордамды
Үзік жаппай сайладым.
Ата күлдік қордамды,
Қатар тұрып жайладым.

Түндік басты ақ жылан,
Айыр тілді сақ жылан.
Оралып нар құлатқан,
Арқан бойлы абжылан.
Көмейінен у шашқан,
Танауынан бу шашқан.
Мары жылан бастап кел,
Ордаңды алып ну шаттан.
Табалдырықты алдырдым,
Бауырыңа ағаш батпасын.
Бойлай шеңбер салдырдым,
Иреңдей келіп жат қасым!

Мірден де өткір оқ жылан,
Марал жұтқан тоқ жылан.
Кел ордама, кел-сана,
Кереге тас алдынан.
Қара қорым қалақай,
Қара жылан балақай.
Мен әмірім жүргізгем,
Атаң сенің абақай!
Еңку қолат, ен қырдан,
Ұзын жатқан саладан.
Иіріліп кел жылдам,
Ебелек ұшқан даладан.

Келмей қалсаң кер жылан,
Кереге тасты тор қылам.
Дегелек құсым ысқыртып,
Кең қолатты тар қылам.
Сағым жортқан сан қырдан,
Сартап болған тандырдан.
Айыр тілің жалаңдап,
Бапы әулеті кел жылдам!»

Күркірей тынды тарымшы,
Бұдырайған шеке тұсында тамшы мөлдіреп.
Алапасы асқан, мейманасы тасқан әмірші,
Қос иығында шоқпардай үкі желбіреп.

Тағы да дүние тынды үнсіз,
Ұмытшақ уақыт оған да бәрі таңсық-ты.
Сол кезде сонау салалы белден бұлдырсыз.
Қоралы қойдай шуақ та шумақ шаң шықты.

Құс қанатындай суылдап,
Абақайлардың артында қалмай мүлде ізі.
Жайлаудың шөбі жел шайқағандай
жыбырлап,
Сыбырлай сыңсып сал беткей
өрлей жылжыды.

Кереге бойлай керіліп,
Уықты өрлеп үзіктей үйді жапқанда.
Айқасқан басы өрмектей әсем өріліп,
Иіріле түсіп жағалай жусап жатты алда.

Зәрі бар көздің ұшында,
Сықырлап үйдің сүйегі зілден қалжырап.
Тарымшы қонған шеңбердің желке тұсында,
Қос жылан тұрды қожабау сынды салбырап.

Тарымшы алды үш сызық,
Үш дүниенің тәңірі сызған шегіндей.
Жылан патшасы демінен заһар үскіріп,
Қарсы келді қабарған қара темірдей.

Ортаңғы сызық ант-дүр,
Шаншулы оған ақ қанжар сертке байланған.
Қисыннан шықсаң қиып түсуі анық тұр,
Қаһарлы бұл сәт самсыған қолдан сайланған.

IV
Сағымды белде көп жылан,
Бауырдағы үйде қыз жатыр тілі жалаңдап.
Қарайды ана ақшаңқан үйдің алдынан,
Тарымшыменен қызына қатар алаңдап.

Дегелек құстай ысқырып,
Шудалы нардай жалбырап қас пен қабағы.
Жауатын күндей, қара да түндей түс бұзып,
Түменбай бақсы зікірге сонда салады:

– Арту-арту бел келді,
Дегелек құсым тербелді.
Ақ семсерді алдырдым,
Сертке ғана сермеулі.
Шаңырақ асты салдырдым,
Күндей қызыл шеңберді.
Алдымдағы үш сызық,
Антымыз-дүр ежелгі.
Аспаныма шықты бұлт,
Сенің уың кезенді.
Алаулы таңда анық бар,
Ақ семсерде ант бар,
Сол атпай ма сендерді?

Сенің атаң хан Бапы,
Жеті қат терең барғанмын.
Адал ердің жолдасы,
Ақ семсерді алғанмын.
Жағама жау жетпейтін,
Көктемірді алғанмын.
Ей, Бапы хан әулеті,
Адамның тілін айырып,
Адамдықтан қайырып,
Сен басқаға қамдандың.
Ебелек ұшқан беткейге,
Ермен, жусан көктей ме?
Атаңнан қалған ант бар,
Сол түбіңе жетпей ме?

Бауырыңды қақтадың,
Тарғыл таудың тасына,
Үйіме келсең қонақ деп,
Ақ құйғанмын басыңа.
Сен суатқа түссін деп,
Ақ ордамды тіккем жоқ,
Ақ өзеннің қасына.
Құбылып жүрген қу жылан,
Әулетіңді қуармын,
Құралай таудан асыра!

Күркірі таудың өзені,
Жаутеректі де жаңқадай көрмей жарға атқан.
Жыланның ері Маранның келді кезегі,
Қауымын бастап ұлан бел үстін шаңдатқан.

Тағдыр сағаты соққандай,
Ішінен тынған көкорай бел мен көк таулар.
Сөйледі жылан көмейін ашып оқпандай,
Екі басынан жалаңдап тілі қос қанжар:

– Бұдырлы беткей, бұлдыр тау,
Шынар бойлы шынжыр тау.
Астына орда салғанмын.
Қаһарым шашсам ысқырып,
Заһарым шашсам күш қылып,
Құлатып нарды алғанмын.
Алты басты айдаһар,
Алпыс құлаш абжылан,
Алдыма салып қорғандым.
Ақыра берме, адамзат!
Басыңды жұтып арбармын!

Білдің бе адам парықты?
Анттың түбі анық-ты,
Әуелі бұзған сендерсің,
«Жыланды көрсең басқа ұр», – деп,
Еліме тиіп қасқыр боп,
Жеті де кесіп денемді,
Жеті жерге көмгенсің.
Ақтықтың бәрін амалдап,
Абақай жұртын жамандап.
Аспанда айдай ақпын деп,
Абына берме адамзат!

Кер жылан апам ай жүдеп,
Сапардан шаршап барыпты.
Жастықтың үсті жайлы деп,
Жайланып ұйықтап қалыпты.
Ұйқыдан оқыс шошынса,
Сол-дағы кешпес айып па?
Ұйқыда жатқан у апам,
Жеті де жылғы ту апам.
Үстіне келген қызыңды,
Шошынып шаққан сұрасам.
Қылабы қандай қорыққанның,
Атаммен болған антқа?!

Түменбай бақсы:
Екі басты қу жылан,
Сайқалданба, сұм жылан.
Ақ ордамды бетке алып,
У жасырып жылжыған.
Қыз жастығын жастанып,
Ойың осы мызғыған,
Шаңырағымды тоздырып,
Күмән қылмақ мұратың.
Зәузәтімді аздырып,
Жылан қылмақ мұратың.

Апаң шаққан арудың,
Тіліне түскен үзік бар.
Жылан, саған нағылдым?
Пейіліңде бұзық бар.
Үш дүниенің шегінде,
Тәңірі сызған сызық бар.
Оны неге кесесің?
Мекеніміз қара жер,
Қоңсы қылған тәңір-дүр.
Саған мәнсұқ ана бел,
Ант атқан қағынғыр!
Құралай таудан ары асып,
Қу медиен көшесің!
Бұл қоныстан кетесің!

Үш дүние арасы,
Шегінен жылжып өткенсің.
Тәңірінің салған жазасы,
Ақ семсерге жеткенсің.
Ай, Бапы хан баласы,
Енді саған жоқ жарық.
Өзен тасып демінен,
Тау шайқалған лебінен,
Құралай тау асырып,
Қу медиен қумаққа,
Дегелек тұр қомданып!

Жылан патшасы Маран:
Дүние желдей құбылды,
Желпінтсем деп ем туымды.
Кер жылан апам жөнелтіп,
Төккенім рас уымды.
Қатерсіз қылсам деп едім,
Кейінгі қалар үрімді.
Зәузәтіңді құбылтып,
Бауырлай жерді жүгіртіп,
Жүргізсем деп ем құзырды.
Қаһары қатты хақ Тәңір,
Етпеді қабыл мұнымды.
Алапаң асқан адамзат,
Асқарға туың тігілді.
Қанына қосқан уым бар,
Қайтпексің анау қызыңды?

Мен көшермін, көшермін,
Құралай таудан өтермін.
Көшерден бұрын серт үшін,
Семсерге анау жетермін.
Қара да селдей қаптаған,
Қайран да жұртым жауласпа.
Көк аспан жаққа аттанам,
Басымды беріп алмасқа.
Бәденім қалсын, басымды ал,
Арам тән сізге не керек?
Құралай таудан асыңдар,
Ысқырып айдап дегелек!

Өкініш удай жайылды,
Өзекті өртей өрлеген.
Қанатты құдай қайырды,
Дәуренім барда сермеген.
Қоныстан адам айырды,
Антты қойып көлденең.
Боз белдің асты қалдырдық,
Қайырсыз қоныс қордамды.
Қалың да өртке алдырдық,
Қайран да қара орманды.
Кемсеңде жұртым, кемсеңде,
Аранға түскен тарланым.
Басымды қоса берсем де,
Бағыңды ұстай алмадым!!!

Антқа құрған ақ семсер,
Жылжи да келіп мойынын салды шаһ Маран.
Қас қағым екен құбылған дүние-ай,
бақ пен сор,
Толқыды сол бел сөгілген сеңдей тоспадан.

Үзілді басы алмадай,
Шиырылып түсіп есілген жіптей тән қалды.
Қағанның басын жыланның жұрты қаумалай,
Құралай тауға еңсесін бұрып қамданды.

Жыланның көші қаралы,
Жол берді оған қасарған өзен кес-кестеп.
Адыр да адыр таулардан асып барады,
Аңырап қалған ата жұртына қош-қош деп.

Қош дейді қайран кұба бел,
Салқын да кеште сімірген саумал самалын.
Тарғыл тауда өскен кекілік тек сен куә бол,
Тағдырға жазып, табаным тайып барамын.

Қайран да дүние енді елес,
Бұдырлы беткей, бұлдыр тау сен де,
ал тыным.
Құлазып қалған жұртымда қалмай сен де көш!
Қордалы ордамда қойныма басқан алтыным!

Үміт пен күдік аралас,
Тарымшы ойда суыған түндей түс мүлде.
Шаңырақ күнге шағылып тұрған жалаңаш,
Жалғыз үй қалды сағымды белдің үстінде.

Маңдайы тайқы қарабақ,
Көш асып кетті құс аса алмайтын сеңгірді.
Түменбай бақсы шаһ Маран ерді азалап,
Жеті оба қылып, денесін жерге көмдірді.

V
Басылды дүние сілкініп,
Ананың ғана өңінде тылсым мұң тұрды.
Айыққан удан көсегесінен қыз тұрып,
Елеурей басып есікке қарай ұмтылды.

Сілтідей тынған бар аумақ,
Шыбынсыз жайлау, асқақ шың,
аспан арайлы.
Ақ үйдің алды бұлаң қыз тілі жалаңдап,
Боз жылан асқан құралай тауға қарайды.

Бәрі де жат боп көрініп,
Ақшаңқан үйлер, аспанды тескен дара шың.
Ішінен шыққан бір дүлей құйын еліріп,
Итеріп жықты қалбаңдап келген анасын.

Өрілген шашы желбіреп,
Желменен бірге иреңдеп қара жыландай,
Айдала беттеп жүгірді сосын елбіреп,
Құба да түзге барады шауып құландай…

Күн шықты қанша ақ қырға,
Ұшқалақ айлар жүдетті сені кәрі жыл.
Аңызғақ дала, алаулы аспан астында,
Айыр тіл сол қыз желбіреп шашы әлі жүр.

Төсеген жонын жасынға,
Кереге тауда кеткен дәуреннен ақпар бар.
Сағымды белде, жеті де оба қасында,
Тарымшы қалды тауға қараған тас балбал.

Айналып уақыт тұйғынға,
Тегеурініне таусылмай төзген осы жұрт.
Сағымды белде тарымшы тастың иығында,
Жусайды күнде жайылған бір топ кекілік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір