Кедендегі қастандық
Бекен Нұрахметов,
кеден қызметінің ардагері, полковник,
қазақ журналистикасының қайраткері
Бұл оқиға мен үшін үлкен сабақ болды. Әсіресе, жаныңды шүберекке түйіп, ұстараның жүзінде жүрген күндер ешқашан ұмытылмайды екен. Тіпті оның жаңғырығы әлі де бітпеген сияқты…
2008 жылдың шілде айының 19-ы еді. Түнгі сағат 12-де бильярд клубынан үйге қайтып келе жатқан бетім болатын. Ол кезде «Семей» кеден бекеті бастығының орынбасары қызметінде едім. Қарасам, үйге кіре берістегі электр шамы сөніп тұр екен. Есіктің алды қап-қараңғы. Жүрегім бірдеңе сезгендей болды. Сол-ақ екен тасадан үш-төрт жігіт тарпа бас салды. Мен де қойғыласа кеттім. Соққы мен тепкі қарша борады. Абырой болғанда құламадым, әйтеуір. Бір уақытта басыма ауыр соққы тигенде барып көзімнің оты жарқ ете түсті. Сөйтсем, сыра толы бөтелкемен ұрыпты. Бөтелке жарылып кетті. Дереу есімді жиған бойда шегініп барып, жарыққа шықтым. Түрлерін көрсетуден қорыққан қаскөйлер су қараңғыға сүңгіп, жоқ болды. Есеңгіреген күйде аяғымнан зорға тұрмын. Дереу бильярдта бірге болған әріптесім Манарбек Мұқашевқа қоңырау шалдым. Ол лезде жетіп келді. Жедел түрде облыстық ауруханаға келдік. Рентген суреті ауыр соққыдан мидың шайқалғандығын көрсетті. Ертесінде Алматыға ұшып келген бойда ауруханаға жаттым да, өзім танитын беделді кісілер арқылы ішкі істер министрлігінің басшылығына қоңырау шалдырдым. Олай жасамасам, бұл істің арты насырға шабатынын іштей сездім. Көп ұзамай Семей қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Жұмабек Исаділов хабарласып:
– Беке, хал қалай? Шамамыз келгенше қылмысты ашуға тырысып жатырмыз. Ауруханадан шыққан бетте маған жолықшы. Тағы бір өтінерім, министрліктен екінші мәрте телефон шалдырмай-ақ қойшы, – деді.
Адамның жүрегі бірдеңені сезеді ғой. Осы оқиғаның арты насырға шауып кететіні жөніндегі күдігім бекер болмапты. Ауруханадан шығып, күнделікті қарбалас тірлікпен жұмыста отырған едім. Кенеттен ұялы телефоныма қоңырау түсті. Көтерсем, арғы жақтан:
– Кешірерсіз, мен сізге автотұрақтан хабарласып тұрмын, – деді бейтаныс дауыс. – Айтайын дегенім, автотұрақтан шыға бере сіздің көлігіңізді соғып кеттім, келіп кете аласыз ба? – демесі бар ма.
Дереу автотұраққа жетіп келсем, менің көлігімнің жанында төрт-бес адам тұр екен. Арасында Семей қалалық Ұлттық Қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы мен қалалық ішкі істер басқармасының есірткіге қарсы күрес бөлімінің бастығы және ит жетектеген кинолог бар. Олар мені көрді де, таңырқап қалды. Себебі, қала кішкентай болғандықтан бір-бірімізді жақсы танимыз.
– Беке, мынау сіздің көлік пе? – деді Ұлттық Қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы мені көрген бойда.
– Иә, – дедім түкке түсінбей. Сол кезде:
– Біздің басқармаға сіздің көлікте есірткі жатыр деген ақпарат түсті, – демесі бар ма.
Мына суыт хабарды естігенде селк ете түстім. Сол кезде жанымызда тұрған есірткіге қарсы күрес бөлімінің басшысы «көлігіңізді тексереміз» деп күшіне мініп барады. Содан дереу Семей қалалық полиция басқармасының бастығы Жұмабек Исаділовқа қоңырау шалдым. Сөйтсем, ол бұл оқиғадан мүлдем хабарсыз екен. Телефон тұтқасын өзінің бөлім бастығына беруімді өтінді. Тұтқаны бергенім сол еді, арғы жақтан: «Сен не, КНБ-ға жұмыс істейтін болғансың ба?» деген айқайын құлағым шалып қалды. Әлгінің түрі лезде боп-боз болып кетті.
– Түсіндім сізді, полковник мырза, – деген бойда телефонымды өзіме қайтарды. Содан кейін:
– Кешіріңіз, – деді де, көлігіне отырып кетіп қалды.
Бір уақытта Ұлттық Қауіпсіздік басқармасы қызметкерінің телефоны шыр ете түсті. Қоңыраудан соң ол да оқиға орнынан тайып тұрды. Автотұрақта әріптесім Нұрқас Ульдаринов екеуміз ғана қалдық. Сөйтсем, Жұмабек Исаділов Семей қалалық Ұлттық Қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Тамабаевқа телефон шалып:
– Басқа адам болса бір сәрі, Бекен есірткімен айналысатын жігіт емес қой. Елге танымал азамат емес пе? Ертең талай жерде бет көрісеміз. Естіген ел-жұрттан ұят болмай ма? – депті.
Жұмысқа қайтып келдім. Көңілім жай табар емес. Ішім бір жамандықты сезіп тұрғандай. Біраз ойланып отырдым да, өз бетімше әрекет істейін деп шештім. Бұл жерде кезінде контрабандаға қарсы күрес бөлімінің басшысы және кеден бастығының құқық қорғау жұмыстары жөніндегі орынбасары болып істеген тәжірибем де өз көмегін тигізді. Дереу «Теміржол» кеден бекетінің басшысы Тельман Ақылжановқа қоңырау шалдым да, таңертең кинологты алып, жұмысқа келуін тапсырдым.
Тельман әріптесім айтылған уақытта Евгений Хомутов есімді тәжірибелі кинологты ертіп, қызметтік іздеу итімен қоса жұмысқа келді. Ондағы ойым көлікті өз бетімізше тексеріп көру болатын. Содан Жұмабек Исаділовқа қайта қоңырау шалып, есірткіге қарсы күрес бөлімінен бір оперативті қызметкерін беруін сұрадым. Ол болса:
– Беке, өздерің тексере беріңдерші, бір нәрсе болса маған жедел хабарла, – деді.
Автотұраққа келген бойда «Джони» атты қызметтік іздеу итінің томағасын сыпырып, есірткіні іздеуге бұйрық бердік. Ит бірден көліктің астындағы қосалқы дөңгелекті иіскеп тұрып алды. Сол кезде Евгений Хомутов:
– Бекен Төлеужанұлы, ит қателеспейді, сезікті бірдеңе жатыр, – деді.
Дереу полиция бастығы Жұмабек Құсайынұлына телефон шалдым. Арада 10-15 минут өтпей-ақ бір топ полиция қызметкерлері жетіп келді. Қосалқы дөңгелекті ағытқан кезде дискінің ішіндегі ойығынан кептірілген марихуана шықты. Әлгі есірткіні сатуға дайындаған сияқты бірнеше қапшықшаларға бөліп-бөліп қойыпты.
Полиция жігіттерінің қимылы ширақ екен. Қылмыстық-процессуалдық кодекс талаптары бойынша оқиға орнындағы тиісті процедураларды тез-тез аяқтап тастаған сәтте полиция қызметкерінің біреуі жаныма келді де:
– Аға, жаңа ғана автотұрақтың алдынан түрлері кавказ ұлтына ұқсаған екі жігітті көзім шалды. Енді бір қарасам, жоқ болып кетіпті. Көлігінің нөмірін де байқамай қалыппын, – деп ескертті.
Мына қаскөйлік оқиға туралы мың ойланып, жүз толғандым. Кімді ренжіттім, кіммен жауластым деген сияқты ой тізбегін тағы бір көңіл керуенінен өткіздім. Әрине кедендік тексеру мен рәсімдеу барысында «жеңілдік» жасамадың деп ренжитіндер жоқ емес. Қалай ойласам да, маған осыншама қастандық ұйымдастыратындай ешкімге опасыздық жасамаған едім. Сөйтсем, мен көретін құқай осымен де бітпеген екен…
Есірткі лақтыру және жеке басқа қастандық жасау оқиғасының психологиялық әсерінен жүйкем жұқарып, жұмыста отырғанмын. Тағы да телефоным шыр ете түсті. Қарасам, Семей қаласының прокуроры Игорь Ковалев екен. Ол бірден:
– Бекен, тез автотұраққа келші,– демесі бар ма.
Дереу алқын-жұлқын шауып келдім. Келсем, автотұрақтың маңы толған құқық қорғау органының қызметкерлері. Өрт сөндіру мен жедел жәрдем көлігіне дейін тұр. Қауіпсіздік шарасы ретінде автотұрақты қоршап тастаған. Тіпті қалалық Ұлттық Қауіпсіздік, төтенше жағдайлар және полиция басқармасының басшыларына дейін осында жүр. Бәрі де мені көрген бетте:
– Беке, сізге не болған? Жауларыңыз тым қатты кетіп барады ғой, – деп жатыр жан-жақтан. Түкке түсінбей мен тұрмын. Сол кезде поркурор Игорь Михайлович:
– Бекен, сенің көлігіңе жарылғыш зат қойылды деген ақпарат түсті, – деді бірден.
Мәссаған, енді жетпегені осы еді. Жиналғандардың барлығы көлікке жақындауға қорқып тұр. Бұндай жағдайда шегінетін жер жоқ. Кілтімді алдым да, көлікті ашуға тәуекел жасадым. Маңайда мүлгіген тыныштық орнай қалды. Бәрінің көздері мен жақта. Көліктің есігін ашқан кезде денем мұз қарығандай күйге түсіп, көлігіммен бірге аспанға күл болып ұшатындай көрінді. Сол кезде іске қызметтік іздеу итін қосты. Ит ары-бері иіскелеп, ештеңе таппады. Алайда, мотордың қапталындағы ауа фильтрі тұратын орынды ұзақ иіскелеп тұрып алды. Сол кезде кинолог жігіт:
– Қалай дегенмен де бірдеңе болған. Жарылғыш заттың белгісі болмаса, ит мұншалықты бір жерді иіскеп тұрып алмайды,– деп өз ойын айтты.
Осылайша, айналдырған бірнеше күннің ішінде үш төтенше оқиғамен бүкіл қалаға танылған жайым бар. Содан көлігімді амалдың жоқтығынан кеденнің алдындағы автотұраққа қоюға тура келді. Бір күні түнгі сағат екі мөлшерінде оперативтік кезекші хабарласып:
– Бекен Төлеужанұлы, жаңа ғана біреулер сіздің көлігіңізге динамит қойылған деп қоңырау шалды. Не істейін? Тиісті органдарға хабарлайын ба? – деді. Жыным келгені соншалық:
– Хабарламай-ақ қой. Тағы телефон соқса «Қоя берсін» деп жауап бер! – дедім.
Өз басым қалалық полиция бастығы, марқұм Жұмабек Исаділовты азамат ретінде жақсы сыйлайтын едім. Адамгершілігі мол және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі тәжірибесі жоғары маман болатын. Алайда, маған қарсы жасалған қылмыстың ашылмай, созылып бара жатқаны жаныма қатты батты. Көп ұзамай Ж.Қ.Исаділовтың атына мынадай мазмұнда шағым жазуға тура келді.
Уважаемый Жумабек Кусаинович!
Как Вам известно, в отношении меня неизвестными лицами были неоднократно совершены провокации. По всему видно, что они пытаются дискредитировать меня и как человека, и как офицера. Начну по порядку. 19 июля 2008 года в 12 часов ночи возле дома, расположенного по улице Беспаева 6, неизвестными лицами на мою жизнь было совершено покушение, в результате чего я получил сотрясение головного мозга и был госпитализирован. Спустя полтора месяца, а точнее 9 сентября в местный КНБ поступил анонимный звонок. Неизвестное лицо сообщило сотрудникам КНБ, что, якобы, в моем автотранспорте имеется наркотическое средство… А также злоумышленники взломали замок правой двери моей автомашины. Очевидно, что пытались проникнуть в неё, но не сумели.
Буквально через день — 11 сентября — по моей инициативе совместно с сотрудниками ОБН УВД г. Семей был проведен дополнительный досмотр моего автотранспорта. В результате чего в запасном колесе автомашины марки «Тойота Ленд Крузер», расположенного между днищем задней части кузова автомашины был обнаружен сверток, внутри которого находилось вещество растительного происхождения со специфическим запахом. В тот же день анонимный звонок повторился, но уже в городскую прокуратуру. Звонивший сказал, что будто бы в этот раз в моей личной автомашине есть взрывчатое вещество. Вновь силами сотрудников правоохранительных органов с применением служебно-розыскных собак, МЧС, КНБ был организован осмотр, который ничего не выявил. В связи с чем прошу Вас принять соответствующие меры, выявить тех, кто целенаправленно пытается «выдавить» меня из таможенных органов, запятнать честь моего мундира.
Личных врагов у меня нет, ни с какими криминальными структурами я не связан, коммерческой деятельностью не занимаюсь. Не исключаю, что если своевременно не предотвратить эти провокации, то они будут повторяться более изощренными способами и методами… Не сомневаюсь, что это дело рук не простых, или как говорят, обычных жуликов, а организованной преступной группы. Если неизвестные лица так нагло провоцируют меня, полковника таможенной службы, то как они могут поступить с теми, кто рангом пониже?
В связи с вышеизложенным, прошу Вас, оказать мне содействие в раскрытии данного преступления, совершенного в отношении меня, включив все рычаги оперативно-розыскной деятельности. Я очень надеюсь на компетентность и непредвзятость ваших сотрудников.
С уважением, заместитель начальника таможенного поста «Семей», полковник таможенной службы НУРАХМЕТОВ Б. Т.
Иә, тас түскен жеріне ауыр. Қастандықты кім жасағанын білмегендіктен, санаң сан-саққа жүгіретіні түсінікті. Мұндай кезде психологиялық шиеленістен әбден шаршағандықтан ба, күдігің де көбейе береді екен. Былайша айтқанда, «параноя» дертіне ұшырағандай күйге түсесің. Тіпті күнделікті бірге жүрген жолдастардан да секем ала бастадым. Амалдың жоқтығынан қалтама қызметтік тапаншамды салып жүруге тура келді. Кейіннен бойымдағы қорқыныш сезімнің бәрін жиып қойып, бильярдқа немесе қонаққа түнделетіп жалғыз барып, жалғыз қайтып жүрдім. Сақтанғаным соншалықты, бір саусағым ылғи да шүріппеде тұрды. Ондағы ойым, тағы да қастандық жағдайы бола қалса, қылмыскерді аяғынан атсам да тоқтатамын деп ойладым. Бір жағынан полиция қызметкерлері аша алмай жүрген қылмысты өзім ашсам ба деген ниетім де болды.
Қылмыстық іс ашылмай, ұзаққа созыла берді. Содан құр қарап жүргенше деген оймен өз тарапымнан әрекет етуге тырыстым. Ойлана келе қалалық Ұлттық Қауіпсіздік басқармасының сол кездегі бастығы Марат Тамабаевтың алдына бардым. Әңгіме арасында ол аталмыш қылмысты кімдер жасағанын нақты білмейтінін, алайда күдіктеніп жүрген адамдары бар екенін жасырмады. «Қателеспесем, қытаймен жұмыс істейтін жігіттерден келуі мүмкін» дегенді айтты. Бұл ақпарат жөнінде өзімнің де күдігім бар болатын. Сонымен қатар жоғары жақтан қаншама қоңырау шалушылардың мазаны алғаны есімде. Ондай дөкейлер отты біреудің қолымен көсеп, жаман үйренген. Содан амал жоқ, сөзге келесің. Бұл дегенің ойламаған жерден өзіңе тағы бір жау таптың деген сөз.
Уақыт зулап өтіп жатты. Сондай күндердің бірінде Семей қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Затон аудандық полиция бөлімінің бастығы болып істеген полиция полковнигі Юрий Федоровпен кездесіп қалдым. Екеуміз ағалы-інілі сияқты сыйластықта болып едік. Өкінішке қарай, беймезгіл жол апатынан өмірден ерте кетті. Әңгіме арасында ол маған жасалған қастандық әрекеттерінің артында өзіммен қызметтес болған бір жігіттің тұруы мүмкін екендігін айтты. Күдіктеніп жүрген әлгі әріптесімнің контрабандист жігіттермен тығыз байланыста болғанын да құлаққағыс жасады.
Бұл сұмдықты естігенде тұла бойым тітіркеніп кетті. Тіпті кезінде кейбір әріптестерім тарапынан «Ана жігіт сіздің орныңыздан дәметіп жүр…» деген сияқты әңгімені құлағым шалса да, онша мән бермеген едім. Себебі өзің, қамқорлық жасап, жақсысын асырып, жаманын жасырып жүрген жігіттерден ондай шығады деп ойламайсың. Ал енді мына сөзді естігенде шынымен де жаным жай таппады. Қиын «жұмбақтың» шешімі енді табылып келе жатқан сияқты. Дереу облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы Ұлықбек Жаңабаевқа бардым да, әлгі әріптесімнің менің орныма таласқаны туралы шындықты айтуды сұрадым. Ол ештеңені жасырған жоқ.
– Беделді адамдарды салып, сенің орныңа тағайындау жөнінде өтініштер айтқызғаны рас. Алайда мен оларға саған қояр кінәраттың жоқтығын және қызметтен еш себепсіз босата алмайтынымды айттым,– деді.
Иә, «Алла Тағала мені досымнан сақтай гөр, жауымнан өзім де сақтанамын» дегеннің кері осы шығар. Бұл жерде бір жақты шешім жасап, күнәға батқым келмейді. Өйткені, біз сот емеспіз. Барлық жағдайды ар сотының төңірегінде ғана топшылап отырмыз. Осы орайда қаншалықты ызаға булықсам да, әлгі әріптесіме кек сақтап, артына шам алып түспедім. Себебі тура сол кезде өзі де басына қара бұлт үйіріліп, кеден саласынан мүлде кетті. Жығылғанға жұдырық жұмсау әдетімде жоқ нәрсе. Әлгі контрабандист деп күдіктенген жігіттер де көп ұзамай сот үкімімен өз жазаларын алды. Осылайша маған жасалған қылмыстық әрекеттер ашылмаса да, Құдіреті күшті Алла Тағала бәрін де өз үкімімен реттеп қойған сияқты. «Бумеранг заңы» деген осы шығар, бәлкім?!