Бәрекелді!
07.03.2022
177
0

Кеше Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Алматы қаласының қарапайым тұрғындары үшін жағымды хабар жариялады. Оның айтуынша, қаңтар қырғыны кезінде өртеніп кеткен Президент резиденциясының ғимараты сүріліп тасталып, орыны халық серуендеп, демалатын саябаққа айналатын болыпты. Бәрекелді! Дұрыс шешім.

Бұл өзі жиырма жыл бойына қарапайым халықтың көзіне сүйел болған айналасы атшаптырым аумаққа салынған зәулім ғимарат еді. Ешкім жақындап барып, ішіне бас сұқпаған сұсты да сұп-сұр сарай түсінген адамға бітеу жарадай әсер ететін. Айналасы биік темір шарбақпен қоршалып, күзет қойылған бұл ғимаратта не болып, не қойып жатқанын ешкім білмейтін. Айда, жылда Алматыға елбасы келгенде осы сарайдың маңында полицей қызметкерлері қаптап кететіні болмаса зәулім сарай меңірейген күйінде тұра беретін.

Қаңтар қырғыны кезінде халықтың қаржысына салынып, халықтың есебінен өмір сүрген ғимарат әлдекімдердің қолымен (кімдер екені әлі анықталған жоқ) өртелді. Бәлкім Алланың құдіреті шығар. Күні кеше өзінің құпия асқақтығын танытып, сұстанып тұратын зәулім сұр үй әп сәтте өртке оралды да бейшара қалыпқа түсті. Әлі күнге дейін кешегі тоталитарлық биліктің әбден титықтаған қалпының куәсіндей күйе-күйе күйінде терезелері кәрі шалдың көзіндей шүңірейіп әлі тұр…

Президент шешімі дұрыс болды. Онсыз да ауа жетпей тұншыққан қала тұрғындарының тынысын кеңейтуге сәл де болса жағдай жасамақшы. Қаланың өкпе тұсын сыздатып келген ұзаққа созылған созылмалы дерт сылынып тасталып, орыны халық игілігіне айналады. Бұл дегеніңіз жылдар бойы тамырын тереңге жіберген бұрынғы билік тәртібін түбірімен жоюдың алғы шарты. Президентіміздің өзіне жасалған жұмақ жағдайдан бас тартуы, халықпен арадағы алшақтықты жоюға деген ақ адал қадамы. Түсінген адамға биліктегілерді қарапайымдылыққа шақырудың жарқын үлгісі. 

Мен білетін жерде барлық облыс орталықтарында Президент резиденциясы бар. Бұл ерекше ғимараттарды ұстап, сақтап тұруға бюджеттен бәленбай қаржы жұмсалатынын да халық біледі. Ендеше осы ғимараттарды халық игілігіне пайдаланудың да уақыты жеткен сияқты…

Айгерім ТАНКЕБАЕВА,
Сарыбұлақ орта мектебінің
11-сынып оқушысы

 

ПІКІР ҚОСУ