Гүл аңқиды… жұпары ма жұмақтың?!
04.03.2022
1313
0

*  *  *

Ғұмыр ән салып барады,

Бір көш тамсанып барады.

Ал, мені таң қалдырмайды,

Құстардың қалықтағаны,

Ақыл да — анық бағалы.

Жақын-ды сауыққа жаным,

Жанымды алып қашамын-

Бұл күнде дүние-дүрмектен…

(Дәру болардай кімге өкпем?)

Мені таң қалдырады,

мұңнан бір тарықпағаным,

Біріне ұқсас бір күннен,

Қалайша жалықпағаным?!

 

  •  *  *

Наурыздың кеші…

Асығып кетіп барады жалғыздар көші,

Жалғыздықтың да жолымен сабылдым неше?!

Жалқы үміт тасқа айналып шағылдым кеше.

Тілегі дертті болса да сары қыздың осы,

«ұмыттым…

бірақ(?)

Қалқашым, сағындым» деші.

Көктемнің басы,

Мейірім саған сыйламас өткеннің жасы.

Сағындым деші…жай ғана,

Сағынбасаң да,

Сәруәр сөз солған көңілді көктеуге жазсын.

Қамыға берем…

Қара басымның мұңы ғой,

бәріне көнем.

Көкке тігілген көздерім шарасыз еді,

Құс екеш құстың әуеде сағынған легі.

Сол бір сезімнің кеудеңе тамшысын құймай,

Бұл көктем бастап барады тағы да нені? !

Көшеде баяу келеді Жалғыздар көші,

Жолыңа жаңбыр жасымды тамыздым,

Кешір…

Сағындым деші…бәріне нүкте қояйын,

Наурыздың бесі…

 

*  *  *

Мен ғана аңғал, бейғам

(Жаныма пысықтарды қайдан жиғам?!)

Бұрынғыша жүремін тасып—толып,

Бұрынғыша қаламын ғашық болып.

Бұрынғыша кеудеме сыймайды арман.

Бірақ, аяқ басқанын дос есептеп,

Менің аңқау түрімді қоса өсектеп…

күледі-ау жұрт,

Дос болып қиналғаннан.

Аямайды тіпті де өз болмысын,

«Бәрі күйсін, тек маған сөз келмесін»

 Дегендер көп…

Маған да бәрібір ғой…

(басымнан түйір ақыл, табылар ой)

Тек олардың қасында менің кеудем,

Жүрегі бар, ұяты, жаны бар ғой…

 

*  *  *

Ғұмыр ән салып барады,

Бір көш тамсанып барады.

Ал, мені таң қалдырмайды,

Құстардың қалықтағаны,

Ақыл да — анық бағалы.

Жақын-ды сауыққа жаным,

Жанымды алып қашамын-

Бұл күнде дүние-дүрмектен…

(Дәру болардай кімге өкпем?)

Мені таң қалдырады,

мұңнан бір тарықпағаным,

Біріне ұқсас бір күннен,

Қалайша жалықпағаным?!

 

*  *  *

Күн құяды жанға жылу, шуақты,

Гүл аңқиды… жұпары ма жұмақтың?!

Көктем күткен көп жанның пәк көңілі үшін,

Жаныма жат, жырақ тым,

Гүл теруді ұнаттым.

 

Содан…құмар басылар ма деймісің?!

Жоқ, жаныма жетпейді бір сағыныш…

Мөлдір,таза,

Сылдырындай бұлақтың.

Сол үшін де алай-дүлей күйде ішім.

 

Күйген жанға кімнен медет сұраппын,

Күйген жаным күл болғанша шыдаппын…

Сүйе алмасаң, сұрап кие алмайтын,

Сағыныштың сары гүлді көйлегі,

Маған ғана жарасатын сияқты…

*  *  *

Не деу керек мұндайда?!

Сұрақ?

Жауап?

…еш білмен.

Сөйлемеуге болмай ма?

Сөз күтпеймін ешкімнен.

Қара жерге тіл бітсін,

Құшағында көп қауым-

Елең қылмай жатыр-ау,

Жер үстінің жоқтауын.

Көк аспанға тіл бітсін,

Көргенінен танбасын.

Кері тартып жүрген кім?!

Тіршіліктің арбасын?!

Не деу керек мұндайда?!

Сұрақ?

Жауап?

…еш білмен.

Білмеген соң ақыры,

Үнсіздікке көштім мен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір