КҮШ – БІЛІМДЕ
04.03.2022
833
0

«Білім – инемен құдық қазғандай»… Білім алып, тіл игеру – қазіргі заманның басты талабы. Түрлі ұлттың тілін білген адам үшін шекара жоқ. Мұхит асып, Америкада оқу оқып жүрген өнер иесі Сәния Ерзат пен Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Нью Йорк қаласында тәлімдемеден өтіп жүрген тележурналист, ф.ғ.к. Жаңылхан Асылбекованың схбатын назарларыңызға ұсынамыз.

АДАМЗАТҚА АДАМИ КӨЗҚАРАСПЕН ҚАРАУДЫ ҮЙРЕНДІМ

  Сәния, екеуміз  бір ұлттың, бір мемлекеттің, бір қаланың адамдары бола тұра Алматыда кездеспей Америкада кездесіп жатырмыз.
– Менің ойымша, Жаратушы адамның несібесін бидайды әр жерге шашып жібергені сияқты шашып береді. Бәлкім, менің де, сіздің де бір несібеңіз Америкадан, Нью Йорктан бұйырып тұрған шығар. Сондықтан да сіз екеуміз осы жерде кездестік. Танысқаныма өте қуаныштымын. Керемет кездесу болды деп ойлаймын.
Қазақта «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра»  деген сөз бар. Ел көріп, жер көріп жатсыз. Осы сапардан не түйдіңіз?
– Мұнда ағылшын тілін оқуға келдім. Өйткені магистратураны болашақта Америкада оқысам деймін. Өз мамандығым бойынша, кино саласында ізденгім келеді. Ол үшін ағылшын тілін жетік меңгеру керек. Ағылшын тілімді жетілдіріп алайын деп ағылшын тілді ортаға келіп оқуға тырыстым. Осы мақсатпен New York Language Center орталығын таңдадым. Бұл жерден ағылшын тілін оқып қана қоймай,  әлемнің түкпір-түкпірінен  келген студентермен таныстым. Біздің курста Эквадордан, Доминикодан, Саудкориядан, Жапониядан, Франциядан, Италиядан, Австралиядан келген студенттер болды. Олардың сөйлеу әдістері, тілдері бір қызық енді. Бұл жерде   түрлі ұлт өкілдерін күнде кездестіресің.  Нью Йорк –  әртүрлілікке бай қала.    Өзім Қытайда туып-өстім. 11 сыныпты сол жақта тәмамдадым.  Қазақстанға келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында актерлық  мамандығы  бойынша білім алып, одан кейін театрда он бес жыл жұмыс істедім. Шетелге шығып, оқу баяғыдан арманым болған. Осы жылы белімді бекем буып,  қайтсем де оқып келейін деп шештім.

Туған жерден жырақта жүріп, жершарына, адамзатқа адами көзқараспен қарауды үйрендім. Жасыратын несі бар, Қазақстанда «Қазақ, қазақ» деп патриот болдық, ол сезім әлі де бар. Адамзатты ұлтына қарай бөлмей, адами қасиеттеріне қарап бағалау керек екен.

АКТЕРДЫҢ САХНАДАҒЫ ӨМІРІ СПОРТШЫНЫҢ ӨМІРІ СИЯҚТЫ

 – Қазақ театрына, қазақ өнеріне еңбек сіңіріп жатқан қыздардың біреуісіз. Еңбегіңіз бағаланды ма?
– Мен Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында  2006 жылдан бастап он бес жыл жұмыс істедім. Ол жақта көптеген рөлдерді сомдадым. Айта кетсем, «Ақан сері Ақтоқтыда» – Ақтоқтының, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» –  Баянның, «Құстар фестивалінде» – Бұлбұлдың, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу»  спектаклінде – Алманың, «Келіндер көтерілісінде» – Нигораның, сахнада он бес жыл жүріп келе жатқан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналған  «Желтоқсан желі» спектаклінде – Ақмарал деген қыздың рөлінде  ойнадым. «Қара шекпен» деген спектакльде Баянды да образдадым. Бір сөзбен айтқанда,  Баянды да, қоянды да ойнадым (күліп). Сонымен қатар біраз киноларға түсіп үлгердім. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді ғой,  әріптестеріме ешқандай ренішім жоқ,  бәрін жақсы көремін. Кейде достарымның, туыстарымның тарапынан: «Сен осы күні-түні театрдан шықпайсың, қашан көрсек, жұмыста жүресің. Атақ алдың ба? Қашан аласың?» – деген сұрақтар қойыады. Бәлкім, біреуге ерте, біреуге кеш, бір реті болатын шығар. Негізі, өзім адамға әке-шешесі берген аттан басқа атақтың қажеттілігі шамалы деп ойлаймын. Десек те, құжат ретінде ол нәрсе керек екен.

Бір сөзіңізде кино туралы айтып қалдыңыз. Бірнеше сериалдарға түскеніңізді көрдік. Түбегейлі кино саласына ауысу ойыңызда бар ма?
– Жалпы,  мен өз өміріме қатысты дүниелерге «мынау былай, анау солай болуы керек» деп шектеу қоймаймын. Балаларыма да барынша шектеу қоймауға тырысамын. Алда болатын жайлар – уақыттың еншісінде. Мүмкін киноға кетермін, мүмкін театрда қалармын. Өзім театрды жақсы көремін. Мана айтқанымдай, Америкадағы бір үлкен университеттен білім алғым келеді (NYFA немесе  Калифорния университеті). Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы солардың біреуіне түссем деген арманым бар. Бұл елде  өз қаражатыңмен оқу өте қымбат екен.

Америкаға келіп ағылшыншаңды жетілдіріп жүрсің. Негізгі мақсаттарыңның біреуі орындалды. Бұл жақтың театрларына бардың ба? Қандай да бір ерекшелік, өзгешелік байқадың ба?
– Көптеген мюзиклдар көрдім. Мұнда келу мен үшін оқу да, демалыс та болды. Келгелі бері көптеген кітапханалар мен  музейлерді  араладым. Театрларға бара жүріп, түйгенім – бұл жақтың әртістерінің кәсіби деңгейі өте жоғары. Басты рөл ғана емес, массовкада ойнайтын кез келген актердың шеберлігін бірден аңғарып  отырасыз. Дауыс диапазоны, биі, пластикалары керемет. Сондықтан болар, Нью Йорк қаласына әлемнің жан-жағынан көрермендер ағылып келіп, билеті қымбат болса да  спектакль көреді. Ең арзан билет 60 $-дан  басталады, ары қарай 200-300 $ болып кете береді. Өзім де спектакльдерді тамашалағанда  керемет көңіл күйде болдым. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазақ – бір бойында бірнеше өнер тоғысқан қызуқанды халық қой. Әр өнер түріне арналып, жақсы мюзиклдар  қойылса деп ойлаймын. Актердың сахнадағы өмірі спортшының өмірі сияқты. Артистердің мүмкіндігін ашатын мюзиклдар көп болса деп армандаймыз. Арманымыз орындалатын шығар…

 

ҚАЗАҚСТАН ШЕШУШІ КЕЗЕҢДЕ ТҰР

 – Бірнеше күннен кейін елге қайтасыз. Жаңа қозғалыстар болып жатыр. Сеніңше, жаңа Қазақстан қандай болуы керек?
–  Еімізде қаңтар оқиғасының болғаны  – қайғылы, өкінішті… Біреуге ақыл айтудан аулақпын. Жастарға кеңесім – сыртқа шығып, оқып, көзаяны кеңейтіп, басқа жақта да әлем бар екенін көру керек. Көрген сайын, оқыған сайын өмірге деген көзқарасыңыз, білімге деген құштарлығыңыз арта түседі. Жаңа Қазақстаннан нені күтеміз? Шынын айту керек, өкінішке қарай, бізде бәрі таныс-тамыр арқылы  шешіледі.  Сол нәрседен құтылсақ, жаңа Қазақстанда барлығы жақсы  болады деп есептеймін. Америкалықтар  сапалы, жоғары білімді бизнеске айналдырған. Мектеп білімі қандай екенін білмеймін, ал жоғары оқу орындары расымен бәсекеге қабілетті.  Әлемнің жан-жағынан жиналған ең мықты профессорлар осы жерде сабақ береді. Көп адамдар осы жерден білім алғысы келеді. Қазақстанда да тап осындай жағдай қалыптастыруға әбден болады ғой. Күш – білімде. Ең мықты, ең жақсы мамандарды тарта алсақ,  бүкіл әлемнен ағылмаса да, жан-жағымыздан, Орта Азиядан көпшілік келіп  оқитын деңгейге жетсек, әрине ол керемет болар еді.

– Қазақ әдебиетін, қазақ қаламгерерін оқып тұрасыз ба?
– Әрине оқимын.  Театрда жұмыс істегендіктен Ғ.Мүсіреповтің, М.Әуезовтің, Абайдың, Шәкәрімнің, О.Бөкейдің, М.Жұмабаев, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова шығармаларын жақсы көремін. Заманауи ақындардан Бақыт Бедалханды сүйіп оқимын.   Ол кісінің шығармаларының философиялық астары өте терең.  Тірі классик деп айтуға болады. Сондай тірі классиктерімізді бағалай білейік.
Оқырмандарға, көрермендерге айтар тілегіңіз?
– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұрпақтарымыздың болашағы жарқын, білім жолдары, өмір жолдары әрқашан ашық болсын! Қазір нағыз елдігіміздің көрінетін уақыты. Қазақстан шешуші кезеңде тұр. Жахандану заманында ұлт ретінде жұтылып кетпес үшін экономикамызды көтеру өз алдына,  білім деңгейімізді көтеруіміз қажет.

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір