«Ер Едіге» елмен қауышты
04.03.2022
17468
0

Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов атындағы драма театры да халқымыздың біртуар азаматтарын дәріптеп, отаны үшін аянбай тер төккен қаһармандарының ерлігін сахна төрінен көрермен назарына үнемі ұсынып келеді. Осындай спектакльдің бірі жақында ғана  театр сахнасынан көрсетілген С.Нұржанның «Ер Едіге» шығармасы. Азаттық жолында Едіге баһадүрдің азапты күресін бейнелейтін қойылым режиссері Д.Базарқұлов ұлттық сананы оятатын, қаһармандық рухты жанитын көлемді спектакль жасауға мән берген. Ол тарихи спектакльдерді қоюда дәстүрге айналып кеткен шешімдердерге бармай, тың дүние жасауға ұмтылған. Автор тарапынан режиссерге еркіндік берілген екен. Д.Базарқұлов пьесаны ықшамдап, сахна заңдылықтарына ыңғайлап қойған.

 Тарихи тақырыпты сахналау қиын

Елордамыз бен Алматы қалаларында шоғырланған театр сыншылары шалғайдағы өнер ұжымдарының жұмысымен жете танысуларына мүмкіндіктері аз.  Театр  фестивальдері мен форумдарда  кейбір театрлардың  спектакльдерін көргендері болмаса сыншылар көптеген театр ұжымдарының хал-ахуалын біле алмайды. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында, соңғы жылдары шалғайда жатқан театр ұжымдары өздерінің жаңа премьераларына театр сыншыларын шақыруды қолға ала бастады.

Тарихи тақырыпты меңгеру мәселесі қазақ драматургиясында тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жаңа арнаға түсті. Өткен тарихымызды ашық айту мүмкіндігіне қол жеткіздік. Құнды дүниелерімізбен, ата-бабаларымыздың ерлік істерін көрсетуге, олардың көркемдік бейнесін жасауға қолымыз жеткен кезеңде театрлар бұл мүмкіндікті жібермесі анық. Ел есінде мәңгі сақталған тұлғаларымыздың ерлікке толы істері драматургияда бедерленіп театр сахнасына қойылып та үлгерген.

Аталмыш тақырыпқа ден қойып өмірде болған тұлғалардың тағдыры жайында сыр шертуге қалам тербеп жүрген жазушы – драматургтердің саны жыл өткен сайын арта бастады. Тарихи тақырыптардың жазылу сыры әлеуметтік ой – сананың дамуына байланысты. Яғни, әрбір халық ұлттық сана – сезімі оянған сайын ел тарихындағы елеулі оқиғаға, жетістік, кемшіліктерге көз жұмып қарай алмайды. Осындай шығармаларды сахнаға шығарып, жаңа тұжырымдама жасап, заманауи көзқарас тұсынан қарап, азат санамен зерделеу театр ұжымының негізгі міндетіне айналды.

Қазіргі өмір мен өткен заманның арасындағы байланыс, сабақтастық өткен тарихымызды бедерлейтін тақырыпты игеру нәтижесінде ғана ашылмақ. Адамзат өткен тарихын толық зерттеп, ондағы кемшіліктер мен жетістіктерден тиісті қорытынды шығармай тұрып, рухани дамуда алдыға қарай жылжу мүмкін емес. Бұл тақырыпта жазылған шығармалар өткен заманның әлеуметтік – эстетикалық көрінісі ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық тұжырымдамасы жатады. Мұндай шығармалардың көбеюі халықтың патриоттық сана-сезімін көтеріп, рухын оятатыны анық. Осы тақырыпты арқау еткен шығармаларда көне заман, өткен дәуір шындығы, бұқара халық тағдыры, азапты ауыр өмірі, азаттықты аңсаған арман – мүддесі өрнек тапқанына көз жеткіземіз.

Адамзаттың тарихи дамуында ел қамын ойлайтын, оның мұң – мұқтажы мен мүддесін терең ұғынып, халықтың бостандығы мен азаттық жолында күресіп, жарқын болашаққа жол ашып, елін жаудан қорғаған батыр ұлдар дүниеге келді. Адалдық пен әділдікті жақтаған ерлік істерін дәріптеп сахнада көрсету бүгінгі ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуге, отанына деген патриоттық рухын көтеруге ықпалы ұшан теңіз.

«Ер Едігенің» көтерген жүгі

Спектакль күңіренген қобыздың үнімен Күлтегіннің жырынан басталады. Едіге баһадүр кімге тиесілі екендігі турасында талас пікір өте көп. Қойылымды бұлай бастау арқылы Едігені жалпы түркі тілдес халықтарға ортақ екенін көрсеткен. Сахнаға қойылған балбал тастың үстіне «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің музыканттары орналасқан. Серік Закарияның арнайы жазған музыкасы этно-фольклорлық тарихи драманың идеясын ашып, керемет атмосфера тудырды. Композитор мен режиссердің бірлескен еңбегінен туған әуендер қойылымның көркемдік тұтастығын аша түседі. Режиссер декорацияны монументалдықтан арылтып, динамикалық қозғалыс бере түскен. Қоюшы суретші Айбек Орынбасаров жасаған декорация жарықтың әсерімен спектакльдің оқиғасына тікелей араласып отырған кейіпкерге айналған. Суретшінің мұндай шешімге келуіне пьесадағы Балбал деген кейіпкер әсер еткен екен. Режиссер тарапынан орынды қысқартуға ұшыраған кейіпкер сахнада осылай әрекетке араласып отырды. Драматургия заңдылығына толық жауап бере алмайтын пьесаны сахналауда режиссер сыртқы эффектілердің көмегіне жүгінгені орынды шешім. Музыка, жарық, декорациялық шешімдер спектакльдің сыртқы формасын аша отырып, тұтастыққа әкелген.

Залда отырған әр көрермен тарихи драмаға келгенде есімі елге белгілі тұлғалардың бейнесін сахнадан көргісі келетіні заңды. Едігенің ерлігін жырлайтын шығармадан бейнелердің психологиялық және логикалық даму эволюциясын көре алмаймыз. Бізге батыр бабамыздың өмірін бірлі жарым тарихи деректерге сүйене отырып жырлап берді. Сондықтан орындаушыларға күрделі талап қою керек емес. Себебі драматургияда кейіпкерлер толық ашылмай қалған.

Едіге роліндегі Мейірбек Шакенов батырға тән мінезді таба отырып әрекет етеді. Ол сахнада батырлығы мен парасаты үйлескен стратег саясаткерді кейіптеуге ұмтылған. Актер Едігені Тоқтамыс ханның алдында адал жауынгері, басұрған серігі екенін көрсетеді. Тоғайбек ханым көңілін білдіріп, арбамаққа әрекет еткенде нәпсісіне ерік бермей өзінің күш-жігерін танытты. Осы сахнада екеуінің бойын тесіп өтіп тұрғандай шешілген жарық арқылы режиссер құмарлық пен ақыл-парасат арасындағы тартысты көрсеткен. Сырттай үйлесімді шешім тапқан бұл сахна ары қарай оқиғаның дамуына түрткі болғанын ескерсек тиесілі дәрежеге көтеріле алмады. Спектакльдің оқиғалар легі жылдам өтіп жатқандықтан, бұл сахна көптің бірі есебінде болып қалды. Тарих беттерінде Тоқтамыс хан мен Едіге батыр арасындағы шынайы саяси жағдай қалай болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Спектакльде екеуінің екіге айырылуына әйел себепкер екенін көреміз. Сондықтан да Едіге мен Тоғайбек ханымның сахнасының бояуын қалыңдата түсу керек еді. Себебі бізге Едігені де басқа қырынан көрсетуге болар еді. М.Шакенов оны батыр ретінде қатқыл дауыс, бойын тік ұстау арқылы аша түскенмен адам ретінде қиналған сахналарына келгенде олқылыққа бой алдырған. Тоқтамыс ханнан кетіп Ақсақ Темірге қосылуын өткінші оқиғадай көрсете салмау керек еді. Пьесада болмағанымен екінші планда өзі тауып, ізденіп сахнагерлік тұрғыда шешімдер тапса ұтатыны сөзсіз.

Тоғайбек ханым интрига тудырушы орталық кейіпкер. Алтын Орданың ханымы болып ойламаған жерден төбелеріне түскен (тура да, ауыспалы мағынада) іріткі салушы. Тоқтамыстың тамырын басып алған ол жымысқы жоспарын жайлап жүзеге асырып жүреген жансыз. Жанар Кемелбаева түлкі болып бұлаңдаған, жыландай ысылдап уын шашып үлгеретін әйелдің құбылмалығын аша түссе қойылымның драмалық бояуы қалыңдай түсер еді. Себебі қойылым барысындағы басқа кейіпкерлермен салыстырғанда Тоғайбек ханымның болмысы жан-жақты ашылатын ұтымды сәттері өте көп. Оқиғалар легі жылдам ауысып отырғандықтан орындаушы бірсарынды ойынға бой алдырған көрінеді. Ж.Кемелбаеваның актерлік мүмкіндігіне күман келтірмейміз. Дегенмен, ол өз ролінің желісін түзе алғанда бізге тұшымды ойын көрсеткен болар еді. Актриса бізге тас боранның астында өлім құшатынын біліп тұрған адамның хал күйін жеткізуде сәтті шешім жасай алмаған. Драматург тарапынан толық ашылып, жазылмаған екені түсінікті. Дегенмен спектакльде өзіндік көтерер жүгі ауыр бейнені ашуда орындаушыларға әліде іздене түсу керек.

Мағзом Бақытжанов Тоқтамыс ханды парасатты, көреген билеуші ретінде көрсетуге ден қойған. Суретшінің шартты түрде тақ немесе билігінің белгісі ретінде шешкен сахна ортасындағы шеңберге мініп тұрғанда өзінің өзгеден ерек тұлға екенін маңғазданған кейіпте бедерледі. Орындаушы ханның тебреніс, толғаныстарын, жеткізуде асыра сілтеп айқайға бой алдырмай, сатқындықты көтере алатын тұлға ретінде кейіптеген. Дегенмен сахнада көтеріліп тұрған шеңбердің үстінде тұрғанда актерге еркіндік жетпеді. Бұл театрдың техникалық мүмкіндігінің салдарынан екені сөзсіз.

Ал Әмір Темір роліндегі Кеңес Кемалбаев шеңбердің үстінде өзін еркін ұстайды. Орындаушы жарты әлемді жаулап алған патшаны ақылды билеуші ғана емес сабырлы адам екенін көрсеткен. Статикалық ойнау мәнерінде спектакль шешілгеніне қарамастан актер Ақсақ Темірді қатал, жаулап алушы ғана емес ет пен сүйектен жаралған адам екенінде жеткізгісі келген. Қолындағы қылышын Едігеге беруде ханның сенімі жатқандығын К.Кемелбаев үнсіз қадалған бір сәттік көзқараспен орынды жеткізе алды.

Едіге батыр туралы жыр, дастандар ел арасында көп тараған «Едігенің ескі жыры» Светқали Нұржанның баба рухына деген тағзымы іспеттес шығармасында ақ өлең басым. Пьеса тарихшы мен ақынның балбал тастың жанында пікір алмасуынан басталады. Режиссер тарихшы мен ақынды өткенімізге өз пікірлерін айтып жүрген бүгінгі біздің қоғамның өкілдері немесе көлеңке мен елес секілді шешкен. Беттеріне қара сурет салып, қап қара киінген екеуі Едігенің тарихи аренадағы ерлігі мен билігі турасында өз пікірлерін айтушы. Бір қарағанда бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ олар сырттан бақылаушы әз-әзіл іспеттес әсер етуі мүмкін. Бағдат Төлеуғалиев пен Аслан Төлентай оқиғаны сырттай бақылай жүріп, пікірлерін ашық айтатын адамдардың жиынтық бейнесін жасаған. Үстіміздегі жылы еліміздің тарихында «Қаңтар оқиғасы» деген атпен қалған оқиғаның себебі мен салдарын астарлап осы екеуінің болмысынан оқуға болады. Қанша адам болса сонша пікір болуы заңды.  Дегенмен, бірі ақын, екіншісі тарихшы ретінде  орын алған жағдайға ашық пікір, ой айтқандай әсерде отырғанымыз жасырын емес.

Ата-бабаларымыз аңсап, көре алмай кеткен алтын ғасыр біздер мен ұрпақтарымызға бұйыруы мүмкін деген үмітті арқалаған қойылым жастардың санасына саңлау салар деген өзінің мақсатына қол жеткізе алды. Сондықтан да, бабалар аманаты болған тәуелсіздігімізді сақтап қана қоймай, нығайта түсудің маңыздылығын жеткізу спектакльдің басты идеясы болды.  

Еліміздегі облыстық театрлардың шығармашылық келбеті актерлік, режиссерлік дәрежесі, өзіндік бағыт-бағдары әртүрлі екені баршаға мәлім. Театрға жаңа авторлар тарту, пьесалардың тақырыптық, жанрлық жағынан әртүрлі болуы жетіспейді. Бұл өз алдына арнайы зерттеуді талап ететін мәселе екені жасырын емес. Алдағы уақытта театрларды буырқанған шығармашылық ізденістер үстінде көргіміз келеді.

Айжан АХМЕТ, театртанушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір