Орынкүл Тәжиева

Қазақ қаламгерлері тағы да бір аяулы әріптесінен айырылды. 73 жасқа қараған шағында белгілі жазушы Орынкүл Тәжиева дүниеден өтті.
Орынкүл Тәжиева 1943 жылы 3 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш (бұрынғы Келес) ауданы, Абай ауылында туған.
1963 жылы Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет атқарды. 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, республикалық “Лениншіл жас” газетінде әдеби қызметкер, одан соң “Қазақстан” баспасында кіші редактор болып істеген. 1972 жылы Келес аудандық “Мақташы” газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1985 жылдан Келес аудандық партия комитетінде үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, аудан орталығындағы №3 балабақша меңгерушісі болып жемісті қызметтер атқарған.
Орынкүл Тәжиеваның «Жетім қыз», «Қара қолғап», «Менің ауылымның адамдары», «Алтын жазулы алқа», «Шоқ жұлдызды Домалақ ана», «Сырғалылар әулетінің құпия қазынасы» атты кітаптары жарық көрген. Кезінде оқырман қауымнан да, белгілі сыншылардан да жақсы бағасын алған шығармалары баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрды. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспей еңбек етті.
Кішіпейіл де, бауырмал асыл ана Орынкүл Тәжиеваның жарқын бейнесі жадымызда сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.
Үзілді түздің бір гүлі
Оңтүстіктің қызғалдақтай құлпырып өскен талантты бір қызы еді Орынкүл! Бар қызғылықты шақтарын Келес өңірінде өткеріп, қиялын көкке шарықтатты да Қазақия елінің әр түкпіріне бауыр басып, шығармашылығына талғажау іздеумен шарқ ұрды. Дәрігер боп басталған ғұмыр газетті де, баспаны да, балабақшаны да көріп, жан-дүние ләззатын тек жазудан тапты. Училище, университет түлегін біз мақтаныш етуші едік-ау! Тағдырдың жазуы шығар, журналистика бөлімінде отыз ұл және жалғыз қыз Орынкүл оқыды. Содан да болар, «Отыз ұл және Орынкүл» деген тамаша тәмсіл тарап кеткен-ді. Жасыратын несі бар, сол отыздың ішінде Орынкүлден озған ұл жоқ. Сарыағаштың суының шипасы болар, Орынкүл Тәжиева оңды-солды қалам сілтеп, өндіріп жазды. Оңтүстіктің оттай қызулы перзенті әңгіме, повесть, роман, эсселер кітабын үздік-создық текшелеп шығара білді. Төлегеннің, Сабырханның, Мұхтардың өлеңдерін сүзіп оқып, Шәмші әндерін әдемі сызылтатын қайран жүйрік қалам иесі қиялдан кенде емес-тұғын. Тіпті, «Домалақ ана» романын әлі де жалғап, бірнеше жинақтарға ұластырмақ ниетін білдіріп қалатын…
Жанына жалау болған Арман атты перзентінің қолғабысын көрді, қызмет бабымен Қазақ елінің барлық түкпіріне аяғы жетіп, қоныс тепкен аяулы ұлы немере сүйдірді, бағып-қақты, шығармашылықпен шұғылдануға барлық жағдайды туғызды. «Айналып келіп отыз ұлмен бірге оқыған ақжолтай Алматыға ірге тептім» деп жылы ғана жымиып қоятын қаламдас, замандас әл-әзірге ортамыздан кетіп қалады деп кім ойлаған, опасыз дүние-ай! «Ақ сүтімді ақтаған Армандай ұлыма ризамын. Жұмыс ретімен еліміздің Батысы мен Шығысын, теріскейі мен түстігін түгел көрсетті. Жұмысына адал болды. Міне, енді Алматының төрінде алаңсыз қалам жорғалатып отырамын» дейтіні құлақта қалды. Амал қайсы, хош деу ғана біздің еншімізде. Жазбалары арқылы сырласып тұрармыз…
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,
курстас қаламдасы.
Иманды болсын!
Қазақтың аяулы жазушы қызынан айырылдық. Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ еді Орынкүлдің. Қандай қиындық кешсе де тәубесінен жаңылған емес. Көзін ашар-ашпаста әкесі Орман Ақбердиев соғыста қаза тауып, анасы Әзиза екеуін қамқорлығына алған Тәжі нағашы атасы мен Жығагүл әжесі де тым ерте дүние салды. Кітапқа деген сүйіспеншілік жас қыздың жолын ашты. Әдебиетке ерте келді. Алғашқы өлең, әңгімелері Шымкент медицина училищесінде оқып жүргеннен-ақ жариялана бастады. Бірден Әбділда Тәжібаевтың назарын аударып, қанатын еркін қақты. Университеттің журналистика факультетінде отыз ұлдың ішінде жалғыз қыз еді. Студент кезінде алғашқы кітабы жарық көрді. Кез келгеннің қолы жетпейтін «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасты. Орынкүл Тәжиева есімінің аңыздай тарағанына куә болдық дәл сол жылдары. Кейін өзімен танысқанда, ізгі қасиеттерімен баурады. «Жеті қыз», «Қара қолғап», «Менің ауылымның адамдары», «Алтын жазулы алқа», «Шоқ жұлдызды Домалақ ана», «Сырғалылар әулетінің құпия қазынасы» сияқты повесть, очерк жинақтары, роман, драмаларын ұсынып, көл-көсір еңбек сіңірді. Шүкір, шығармаларын іздеп оқитын оқырманы қалды соңында. Жалғыз ұлы Арман мен немерелерінің қызық, қуанышын айтып тауыса алмайтын кездескен сайын. Төңірегіне жылу шашып, адалдықтың үлгісі болған Орынкүлдің ұрпағы аман болсын. Топырағы торқа, иманды болсын!
Мағира Қожахметова.
ПІКІРЛЕР1