Шағылған ғимарат. Жарылған «бас»
17.01.2022
1925
0

Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 175. «Қазақстан» телерадиокорпарациясының Алматы қалалық филиалына келдік. Мақсатымыз – қарашаңырақтың қазіргі директоры Жиреншина Сәуле Жәнібекқызынан сұхбат алу еді. Ғимаратқа кіретін негізгі есіктің әйнектері шағылған, сынықтарынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал жалпылай алғанда ғимарат бүп-бүтін. Бірақ… Шатырына көз салыңызшы, ішінде өрт болған ба, қалай? Біздің де білгіміз келгені осының жай-жапсары еді. Қасіретті қаңтардың бір ізі осы филиалда қалған сияқты. «Алтын қордың» жарымынан көбін басбұзарлар іске алғысыз етіпті. Сәуле Жәнібекқызына хабарластық, ол ғимараттың қосалқы есігінен кіруімді сұрады. Қызметкерлерге арналған есікке (жертөледен) жақындай бергенімде, үш қабатты ғимаратты қара күйе басқанын көрдім.

Директор сұхбат беріп жатыр екен. «Жоқ, мұны қарапайым халық жасай алмайды» деген сөзін естідім. Иә, қарапайым халық жасай алмас еді.
Нені?
Халық өзінің Шер-ағасының – Шерхан Мұртазаның бюстін шалқасынан түсіріп, «басын жарып», Сағат Әшімбаевтың «мұрнын сындыра алмас» еді. Қарапайым халық телерадио құрылғалы бері сақталған «алтын қорды» жоюға әрекеттенбес еді. Бастысы, «халықтың көзін, құлағын һәм тілін» өз қолымен «кеспес» еді…
Қабырғаларда ілінген асылтекті ардақтыларымыздың суреттері өртеніп кеткен, басқа мүліктер де балқып, жарамсыз болып қалған. Төбеге қарамай-ақ қойыңыз, жүрегіңіз ауырады. Айтпақшы, ғимараттан тез шығып кеткеніңіз абзал – біріншіден, іші ала боран; екіншіден, ыс басқаны сонша, ол жерде шыдап тұру мүмкін емес. Дегенмен бізге күтуге тура келді. Жарты сағаттың шамасында Сәуле Жәнібекқызы сұхбатын аяқтап, маған қарай жақындады да, көрші ғимараттағы кабинетте сөйлесейік деді. Жүріп келе жатып жаурағанын айтты. «Осында күні-түні жүрмін. 2-3 күртеме ыс сіңіп, жууға беріп едім, үстімдегіні әйтеуір іле салдым…». Қара түсті жеңіл күртеше  киіпті. Ауырып қалмаса жарар еді…
 

Тікелей эфир ұйымдастыруымызды талап етті
– Сәуле Жәнібекқызы, сізге еске алу ауыр, әрине. Бұл бәрімізді қынжылтады. Айтыңызшы, басбұзарлар мұнда қашан келді? Ол кезде ғимаратта кімдер болды?
– Қаңтардың 5-і. Сағат 16:00-дің шамасы. Іште он шақты қызметкер болғанбыз. Темір қақпаны сындырып, 20-30 адам басып кіргенін режим қызметі хабарлады. Келген топпен келіссөз жүргізу үшін сыртқа шыққанымызда Жасарал Қуанышәлин мен Жарылқап Қалыбайды кездестірдік. Бұлар аулаға басып кіргендері ғана, көшеде ине шаншар жер жоқ, адамдарды санау мүмкін емес. Біз бәрін ғимараттың ішіне кіргізе алмайтынымызды айтып, төртеуіне ғана рұқсат бердік. Талап-тілектерін тыңдап, келісімге келуге ниеттендік.
– Мұнда билік өкілдерінің отырмайтыны бәріне белгілі. Сонда олардың мақсаттары не болды екен?
– Тікелей эфир ұйымдастыруымызды талап етті, дауыс зорайтқыштар сұрады. Оған мүмкіндігіміз келмейді дедік. Артынша үндеулерін жазып алуымызды, оны Ұлттық арнада көрсетуімізді және елордаға жіберуімізді талап етті. Жазып алдық. Интенет бұғатталғандықтан жіберіп үлгермедік. Қазір ол «интервью» құзырлы органдарда.

– Қуанышәлиндер жазбасында не айт­ты? Талаптары қандай?
– Саяси талаптар. «Билік кетсін», «жүйе ауыссын» төңірегінде. Бірінші топ түсірілім аяқталған соң шығып кетті. Ештеңеге залал тигізген жоқ. Бәрін бүлдірген екінші топ болды. Олардың көш басында Рысбек Сәрсенбай жүрген екен. Бейнебақылау камераларынан кейін көрдім.

– Сіз аты-жөнін атап айтып отырған адамдар – белгілі адамдар. Дұрысы, өздерін оппозицианерміз деп жүрген азаматтар. Келген екі топ бір-бірімен хабарласты ма? Араларында діни радикалды адамдар болды ма? Екінші топ алдымен не айтты? Талаптары мен әрекеттерінен қандай ұқсастықтар байқалды?
– Олар бір-бірімен хабарласты ма, жоқ па – білмеймін. Бәрі бейнебақылауда жазылған. Кешкі жетінің шамасы еді, бәріміз жұмыс уақыты аяқталған соң үйімізге қайтқанбыз. Іште режимдік қызмет басшысы, үш күзетші, шаруашылық қызметіндегі 2-3 адам мен филиал заңгері болды. Біздің режимді бақылау қызметінің адамдары Рысбек Сәрсенбайды жазбай таныған. Онымен еріп келген адамдар да белгілі. Бейнебақылау жазбасы арқылы олардың кім екені анықталуда. Талаптары бірдей – тікелей эфирге шығу. Дауыс зорайт­қыштар тауып беру.
Ішкі тексеру жұмыстарын кеше бастадық. Тонауға, өртеуге Рысбек Сәрсенбай бұйрық берді деп айта алмаймыз. Бірақ ол телефонмен сөйлесіп, біреулермен ақылдасып тұрған. Олар кеткен соң ғимаратқа шабуыл басталып, 20 минуттан кейін жарылыс болған, 4 бірдей студия жанып кетті. Іштегі қызметкерлерді ұрып-соққан. Филиал мүлкін асқан жауыздықпен сындырып, қымбат камераларды ұрлап кетіпті.
Тексеріс жұмыстары кезінде олардың темір дубинка, үлкен балталар мен лом ұстап жүргендері көрінеді. Жалпы қолдарына не түссе, соны «беліне байлаған» адамдар…

«Алтын қордың» тым болмаса жартысы аман қалса екен…
– Ал қазір материалдық шығындарды есептедіңіздер ме?
– Есептеліп жатыр. Нақтыланған жоқ, сондықтан оны айта алмаймын. Бірақ ғимараттың көретін жері жоқ: жарылыс болған кезде жылу батареяларының көбі жарылған, өртелген, бюсттер, мүліктер мен жиһаздар жарамсыз болып қалған, төбелері ашылып кеткен, толық жөндеу жұмысын қажет етіп-ақ тұр.

– Қираған дүние орнына келер, ал орнына қайта келмейтін «алтын қор» аман ба?
– Қазақ теледидары құрылғалы бері таспаға түсіріле бастаған қорымыздың тым болмаса жартысы аман қалса жақсы болар еді… Пленкалар мен кассеталарды біз әлі ашып тексере алмаймыз. Мынадай жағдайда оған мүмкіндігіміз жоқ.  Серверлеріміздің көбі балқып кеткен. Қаншасы қалды-қалмады – белгісіз. Менің ойымша, 80-90 пайызынан айырылдық. Оптимистік тұрғыдан ойлауға тырысып отырмын, әрине. Мүмкін Құдайдың көзі оң болатын шығар. Тым болмаса ұлтжандылығымыз үшін, Ұлттық арнамыз деп бастан кешкен қаншама қиыншылықтың құрметіне біз ойлағаннан едәуір көп дүние сақталып қалған болар, бәлкім. Аш жүрген кезіміз де болды. Үйсіз-күйсіз күнде көшіп, пәтер паналап жүріп-ақ осы жерде жұмыс істеген қыздар мен жігіттер бар, қазір үлкен ата-әже болып отырған ардагерлер олар. Солардың бәрінің еңбегі ғой ол.

– Басып кірген топтың арасындағы жастардың үлес салмағы қандай?
– Көбі жастар. Арасында үлкен кісілер де бар.

Біз де алаңға шыққанбыз
– Олардың бәрін бүлікші деп айту қиын шығар. Жастардың бүлікшілерге еріп кетуіне не себеп деп ойлайсыз?
– Әрине, алаңға шыққан әр адамды бүлікші деп отырған жоқпыз ғой. Олардың ішінде өзінің конституциялық құқын пайдаланып бейбіт шеруге қатысуға ниеттеніп барғандар да бар. Бұл жерде бейбіт топ пен бүлікші топтың ара жігін ажыратып қарау керек. Ал бүлікшілерге, олардың арам ойлы ұрандарына еретін адам – білімсіз адам. Білімді адам көрінгеннің айтағына ермейді. Білімді адам алдымен ойланады, оқиды, тексереді. Оң-солы қайсы, кімдікі дұрыс, немесе бұрыс – ақыл таразысына салады. Біздің жастарға білім жетпей жатыр, содан соң жұмыссыздық бар. Соған сәйкес әлеуметтік жағдайдың төмендеп кеткенін Президенттің өзі де айтып отыр қазір. 30 жылдан бері қордаланып қалған мәселелердің «жемісі» бұл жастар.
Бұдан соң айтылуы тиіс дүние – дін мәселесі. Ешқандай дін адамды жамандыққа бастамайды. Адамзатты тұйыққа тірейтін – радикалданған дін ғана. Сондықтан мемлекет барлық діни ұйымдарды жіті бақылауда ұстауы керек. Бұл тек ислам дініне ғана қатысты емес, Қазақстанда тамыр жайған барлық дінге қатысты. Иман қайда, Алла қайда – ол адамның жүрегінде. Ал біз бейнебақылаудан көрген жастар – арандатушы, бүлікші, шын мәніндегі лаңкестер. Олардың мәдени танымының төмендігі бірден көзге ұрады. Кішкентай-кішкентай ғана балалар даладан кіреді де, үстелге секіріп-секіріп шыға салады, қолдарындағы қаруларымен айналасын осып-осып ойрандап кете салады. Терезелерді, ескерткіштерді шаға салады. Оларға бәрі оп-оңай. Аяушылықтан ада. Бұл адамшылыққа жата ма? Меніңше, жоқ. Егер сен халықты қолдасаң, бейбіт шеру жасап келген болсаң, халықтың мүлкін неге бүлдіресің!? Неге тонайсың?! Бұлар қандай адамдар? Ұлттық арнаның тарихына қалай балта шапса, ұлтымыздың да тарихына, тұрақтылығына солай балта шауып отырған кәдімгі лаңкестік топтар бұлар.

– Келесіде мұндай жағдайлар қайталанбас үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек?
– Біріншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы құлағы түрік, халықты еститін үкімет керек деді ғой. Бізге сол керек. Үкімет басқа жақта, халық басқа жақта өмір сүрмеуі керек. Халық болған кезде ғана билік бар. Халықтың жоғын жоқтамаса, биліктің де жағдайы мүшкіл болады.
Екіншіден, білікті, білімді, парақорлыққа, жемқорлыққа бармайтын жастар министрлікке баруы керек. Ел басқаруда халыққа қалтқысыз қызмет ететін, өз Отаны үшін аянбай тер төгетін мамандар қажет. Бәрінен бұрын елдің мәдени танымын, білім көкжиегін кеңейтуге барынша күш салуға тиіспіз.

– Жаңадан құрылған үкіметтен не күтесіз?
— Бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Мен – оптимистпін. Қол қусырып отырсам ешкім мен үшін ештеңе жасап бермейтінін де білемін. Біз өмірімізді өзгертуіміз үшін өзіміз ат салысуымыз керек, еңбектенуіміз керек, әркім өз деңгейінде үлес қосуы керек. Бұл – біздің Қазақстанымыз. Бұл – біздің ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміз. Мен бәрін қадірлеймін.
35 жыл бұрын алаңға біз де шыққанбыз. Біз де тұрдық 3 күн бойы. Кеңес өкіметіне қарсылық білдіріп, егеменді ел болуға талпынып, бейбіт шеру жасадық. Иә, бізді қуды, ұрды-соқты. Кейін түрмелерге тықты. Ол кездегі талап пен бұл кездегі талаптың арасы жер мен көктей. Өз тарихына, өзінің халқына осындай қастандық жасаған адамды халық ешқашан қолдамайды. Мен жаңа үкіметтен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан жаңа реформа күтемін.
– Уақыт бөліп, жауап бергеніңізге рахмет!
 
*  *  *
Диктофонымды сөндіріп, сыртқа беттедім. Сәтбаев көшесінің бойымен үйге жаяу қайттым. Қаланы суреттеп, уақытыңызды алмайын, онсыз да телеарналардан көріп-біліп отырсыз. Сеніңіз-сенбеңіз, жолда аз ғана бөгелуіме, ойлануыма тура келді. Ағаштың түбіне тұмсық түйістіріп екі кептер құлаған екен. Біреуінің бауырынан, екіншісінің қанатының астынан қан байқалады… Жо-жоқ, халық бұлай жасай алмайды. Мүмкін емес!

Әңгімелескен
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

Суреттерді түсірген
Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір