ҚР президенті Қ.Ж.Тоқаевтың үндеуіне қатысты ҚазҰУ Ғалымдарының пікірлері
13.01.2022
1806
0

ҚР президенті Қ.Ж.Тоқаевтың үндеуіне қатысты ҚазҰУ Ғалымдарының пікірлері

Бүгінгі қиын кезеңнен сабақ алуға тиіспіз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміз бойынша қалыптасқан төтенше жағдай мен қоғамдық тәртіпсіздікке қатысты Мәжілісте жасаған мәлімдемесі мемлекетімізде жылдар бойы қордаланып қалған терең әлеуметтік, экономикалық, саяси, қауіпсіздік және қорғаныс мәселелерін шешуге бағытталды.

Соның ішінде әсіресе Президенттің елдегі орын алған жаппай тәртіпсіздіктерді ауыздықтап, ел азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының (ҰҚШҰ) көмегіне жүгінуі өте дұрыс шешім болғанын айтып өту керек. Осы мәселеге қатысты елдегі азаматтар арасында ҰҚШҰ әскери контингенттерінің Қазақстанға келуіне орай бірқатар алып қашпа әңгіме, ақпарат тарады. Бірақ, Президент Тоқаев бұл әскери контингенттердің басты миссиясы – елдегі қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге көмектесу, одан кейін алдағы екі күннен кейін ҰҚШҰ әскерлері елден біртіндеп кетеді деп нақты шегелеп айтып өтті.

Екіншіден, президент Тоқаев тәуелсіздік алғалы бері елде әлеуметтік, бизнес, экономика және ұлттық байлықты игеру саласында қалыптасқан, тамыры тереңге кеткен проблемаларды, ашық айтып, қордаланған мәселелерді алдағы уақытта тиісті дәрежеде шешілетінін баса көрсетуі көңілге сенім ұялатады. Президент осы уақытқа дейін шамадан тыс байып кеткен компаниялар мен олигархтар тобы елдегі бәсекелестікті төмендеткенін баса айтты.

Осы орайда Мемлекет басшысы енді Үкімет халықтың мұң мұқтажын ойлап, әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге ерекше басымдық беру керек екенін аңғартты. Соның ішінде Қазақстан бойынша халық наразылығының басталуына түрткі болған басты мәселе – елдегі қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы, стратегиялық маңызы бар тауарлар мен өнімдер бағасының тым шарықтап кетуі. Осыған орай жаңа құраммен жасақталатын Үкіметке макроэкономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру, инфляцияны тежеу және әлеуметтік мәселелерді шешуді қатаң тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет және ұлт үшін осындай қиын қыстау уақытта көрегендік танытып, стратегиялық шешімдер қабылдап, елде болған қасіретті оқиғадан сабақ алу керек екенін айрықша атап өтті.

Ең бастысы, Мемлекет басшысы елдегі азаматтардың арыз-өтініштерін ескеретін, «тыңдаушы мемлекет» қағидасын дамытып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбатшылықты, ұлттық валютаның девальвациясын және инфляцияны ауыздықтауды, олигархиялық әділетсіз жүйені жоюды, елдің ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қорғанысын қамал етуді стратегиялық міндеттер ретінде алуы – Қазақстанды тұрақтылық пен бейбітшілікке, экономикалық даму мен гүлденуге алып баратынына кәміл сенеміз.

 

Ғабит ЖҰМАТАЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі,тарих ғылымдарының кандидаты

Президент үндеуі – тұрақтылық пен тәуелсіздігіміздің кепілі

Қазақстан халқы дәл осы 11 қаңтардағы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттегі баяндамасын ерекше күтті. Соңғы орын алған оқиғалар тек еліміз ғана емес, бүкіл әлемдік ақпарат құралдарының назарында болды. Мемлекет басшысының бұл күндері шешімдерді уақтылы қабылдап қоймай, сонымен бірге болашақта жүзеге асырылуы тиіс шараларды да жіті ойластырғаны аңғарылады.

Қаңтар айының басында Қазақстан тап болған оқиғалар еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне  қауіп төндірген күрделі кезең болды. Осы кезеңде Президенттің тиімді шешімдер қабылдап, жағдайды тұрақтандыра алғанының куәсі болдық.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде болған оқиғаларды саралап, бұл дағдарыстан Қазақстанның қуатты әрі күшті мемлекет болып шығатындығына нық сенім білдірді. Мемлекеттік қауіпсіздік мәселесінен бастап, әлеуметтік-экономикалық даму, саяси реформалар кешенін жүзеге асыру бастамасы көтерілді. Елдің күрделі кезеңге аяқ басқанын ескерсек, үндеуде айтылған тапсырмаларды жауапкершілікпен жүзеге асыру аса маңызды.

Кикілжіңнен кейін экономиканы қалпына келтіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын оңтайландыру, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін кемелдендіру, пайдалы қазбалардан түскен пайданы оңтайлы пайдалану, экономикада бәсекелестік орта қалыптастыру, аумақтық даму мәселелерін, бюджеттік жоспарлаудың жаңа тетіктерін енгізу секілді бастамалар елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған оңтайлы шешімдер екені сөзсіз. Президент ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында арнайы қор құрылып, ол қордан түскен қаражатты қоғам тарапынан қадағалау қажеттігіне назар аударды. Шетелдік және ұлттық инвесторларды қолдау мақсатында арнайы тұжырымдама әзірленбек. Одан бөлек, мемлекет мойнына алған барлық әлеуметтік міндеттерді орындайтынына кепілдік берілетінін айтқан Президент бас қаладағы ЛРТ және өзге де мәселелердің оңтайлы аяқталуы қажеттігін баса айтты.

 Парламент мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының кемінде бес филиалын ашу қажеттігін атап өтті. Оның ішінде кемінде екі ЖОО еліміздің батыс өңірінде орналасуы және техникалық бейіні болуы тиіс. Айта кету керек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу барысында МФТИ және Бауман атындағы ММТУ сияқты ресейлік жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалын құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатын.

Қазақстандағы демократиялық реформалар мен қоғамдық келісім тұжырымдамасы диалогсыз орын алмайтыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта осы уақытқа дейін жүзеге асырылып келе жатқан шараларға тоқталып, саяси реформаларды жалғастыруды өзінің «принциптік позициясы» екенін жеткізді. Еліміздегі саяси мәдениетті қалыптастыратын диалог алаңдарын одан әрі нығайту Қоғамдық сенім кеңесі секілді органдар жүйесі арқылы жалғасын табатынына сенім білдірді.

Ел алдында тұрған үлкен міндеттерді айқындаған бұл үндеу – жаңа дәуірдегі мемлекет тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің кепілі. Саяси сыңдарлы диалог пен экономикалық маңызды реформалар қоғамдық гүлдену мен мемлекеттің ертеңіне үлкен үміт ұялатады.

 

Шыңғыс ЕРГӨБЕК, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті, заң ғылымының кандидаты

Жаңа экономикалық тұғырымыздың бастауы

Биылғы барыс жылы ауыр басталды, Қазақ елінің егемендігі сыналып, тәуелсіздік тағдыры талапайға түскен қайғылы жағдай бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Батыл қабылданған саяси шешімдер арқасында ғана ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алдық. Сондықтан Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтарда жасаған мәлімдемесінің тарихи маңызы да, мемлекеттілігіміз үшін мәні де ерекше зор болды.

Президентіміз атап көрсеткендей, ендігі басты мақсат – келешекте мұндай қайғы-қасіретке жол бермеу, жалпыұлттық трагедияға алып келген алғышарттар мен себептерді жою, қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани салалардағы мәселелерді шешу. Бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтары, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды.

Қаңтардағы халық толқуы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан, инфляция мен жаппай қымбатшылық, әлеуметтік әділетсіздік сияқты қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты себептерден бастау алғандықтан, Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы қайта құруға бағытталған міндеттер қойып, жаңа үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Әсіресе атап айтар болсақ, мынадай өзекті мәселелер барша халықтың көкейінде жүрген болатын:

—  шынайы нарықтық қатынастарға өту, олигархиялық монополияларды ауыздықтап, олигополияны жою;

—  еркін бәсекелестікке жол ашу, арамза делдалдықпен айналысатын алыпсатарларды, кәсіпкерлікке тұсау болып отырған қағазбастылық пен жемқорлықты жою, отандық бизнеске қолдау көрсету;

—  «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Қазақстан даму банкінің, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындарына арнайы тексеріс жүргізу, тиімсіз қызметтерді қысқарту;

—  мемлекеттік сатып алу саласын реттеу, бюджеттік қаржы-қаражатты талан-таражға салуды тоқтату;

—  ауыл шаруашылығын қайта құру, еңбек өнімділігін арттыру;

—  кедендік қызметтің тазалығы мен ашықтығына, тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу, оның ішінде қазақ-қытай шекарасында орын алып отырған экономикалық-контрабандалық қылмыстарды жою;

—  негізсіз салынатын салықтар мен қайда кетіп жатқаны түсініксіз төлемдерді жою (әсіресе үкіметке кәдеге жарату алымын тоқтатуды және оны «ӨКМ Операторы» жүзеге асыруын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырды);

—  халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі стихиялық көші-қонды реттеу т.б. «жанып тұрған» мәселелерді көтерді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды.

Сонымен қатар елімізде әлеуметтік әділеттілікті орнатуға игі ықпал ететін «Қазақстан халқына» атты қор құру туралы ұсыныс жасап, Президентіміз ол қорға ұлттық компаниялардың, олигархтар мен қаржы-өндірістік топтардың жыл сайын арнайы жарна төлеуін міндеттеуді тапсырды. Бұл қордың қаржы-қаражаты көмекке зәру қарапайым қазақстандық азаматтардың мұқтаждықтарын өтеуге жұмсалатын болады.

Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бүкіл елге жасаған мәлімдемесі, мемлекеттік билікке берген тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды еңсеруге, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз.

 

С.МҰСАТАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы

Еліміздің бірлігі – байлығымыз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтардағы Қазақстан халқына мәлімдемесіне үн қосамын. Қазақстан халқы, Қазақстан Республикасының мемлекеттігі қатерлі кезеңнен өтті. Қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келгенде шұғыл шешім қабылдап, көрегендік танытқан Мемлекет басшысына өз атымнан, өзім сияқты қарт ұстаздар мен ғалымдардың атынан зор ризашылығымды білдіремін және ел игілігі үшін атқарған және атқаратын істеріне береке тілеймін.  

Қазақстан қаңтар айының басында тап болған оқиғалар қауіпсіздікке, егемендікке және мемлекеттің тұтастығын жоғалтуға қауіп төндірді. Еліміздің бірқатар аймақтарындағы жақсы дайындалған қарулы содырлардың тәртіпсіздіктеріне қарсы тұрумен айналысатын күштік және құқық қорғау органдарының барлық мүмкіндіктерін таразылап, Мемлекет басшысы сол кезде өте дұрыс шешім қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің басшыларынан көмек сұрады. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мұндай шешімі ҰҚШҰ Еуразия кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздіктің жалғыз жұмыс істейтін құрылымы болып табылатынына байланысты болды.

Еліміздегі қайғылы жағдайдың жарасы ауыр. Қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Мәжіліс отырысы кезінде сөйлеген сөзінде ҰҚШҰ бітімгершілік миссиясының аяқталғанын жариялады. Екі күннен кейін Біріккен контингентті кезең-кезеңімен шығару басталады. Әскерді шығарудың жалпы процесі он күннен аспайды. Қазақстандағы бітімгершілік миссиясы, әрине, ұйым тарихында оң тәжірибе болып қала беретінін және оның өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы беделін арттыратынын атап өту қажет. ҰҚШҰ тиімсіздігі және Қазақстанның егемендігіне төнетін «түрлі қауіптер» туралы түрлі пікірлерге қарамастан, ұйым қысқа мерзім ішінде өз жұмысында үйлесімділікті, анықтықты, келісімділікті және елдің ішкі процестеріне тартылмайтынын көрсетті.

Мемлекет басшысының заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екені туралы айтқан сөзінің жарығы мен жылуы жастарымыздың да, қарттарымыздың да жүрегін тербеді. Айналайын жастар, қадірлі қарттар! Алла бізге ақыл-ойымыздың қуатын, қол күшіміз бен ой күшімізді еліміздің игілігі мен берекесі үшін жұмсауды нәсіп етсін.

 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай институтының директоры

Халық пен билік бір болуы тиіс

 Барыс жылы елімізде дүрбелеңмен басталды. Бейбіт болуы тиіс наразылық митингісінің арты арам пиғылды содырлардың лаңкестік әрекетіне ұласты. Халық арасында алаңдаушылық пайда болды. Осы сәтте ҰҚШҰ-ның ережесіне сәйкес, Президентіміз ұйымға мүше мемлекет басшыларынан еліміздегі жағдайды ушықтырмай, тез қалпына келтіру үшін көмек сұрап, маңызды  қадам жасады. Республикамыздағы стратегиялық маңызды нысандарды қорғау мен қызметтерін қалыпты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бітімгершілік күштерін енгізіп, содырлар құрықталып, сақтық шаралары жүзеге асырылуда. ҚР Президентінің мұндай шешімі ҰҚШҰ Еуразия кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздіктің жалғыз жұмыс істейтін құрылымы болып табылатынына байланысты болды. Қасым-Жомарт Кемелұлының парасатты басшылығымен асырылған тиісті шаралардың арқасында еліміздегі ахуал  қалыпқа тез келді.        

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнап үндеу жасады. Екі ай ішінде халықтың тұрмысын жақсартуға арналған әлеуметтік бағдарлама дайындауға үкіметке арнайы тапсырма берді.  Елде болған күрделі жағдайдың, наразылықтың туу себептеріне тоқталып, сақтық пен еліміздің тәуелсіздігін қорғау үшін шақырылған ҰҚШҰ сарбаздарын  екі күнде қайтуды бастайтынын, он күн ішінде толық қайтатынын мәлімдеді. Бай мен кедей арасын алшақтата түскен олигополияға жол азаятынын, жұмыссыздықты жою жолында  жастарға жаңа жұмыс орындары ашылатынын, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында техникалық бағыттағы мамандықтарға мән берілетінін айтты. Сондай-ақ бес жаңа жоғары оқу орны, оның ішінде екеуі батыс аймақта ашылатынын, «Атамекен» гранты көлемінің 400 АЕК  –  116 680 теңгеге дейін өсетінін ескертті.

Жемқорлықтың иісі шыққан жерде кез келген істің құлдырайтынын – ЛРТ жобасы сәтсіздігінің себебін көрсетіп, бастаған істі аяқтау қажеттігін, еліміздегі азаматтарға материалдық-моральдық тұрғыдан қолдау көрсету бағытында жеке тұлғаларға қатысты банкроттық туралы заң жобасы дайындалып жатқанын, Қорғастағы кеден жұмысын қадағалау  шарасы  арқылы жеке тұлғалардың жымысқы әрекеттеріне, мемлекет бюджетіне емес, жеке қалталарға түсіп жатқан миллиардтарға тосқауыл қойылатынын сөз етті. Билік басындағылардың, депутаттардың, әкімдердің айлықтары таяу уақытта  өспейтіні туралы, ал бірақ мемлекеттік бюджет қызметкерлері жалақысының көтерілетіні жайлы және қағазбастылық азаятынын айтты. 2025 жылға дейін инфляция дәлізі 3-4 пайыздан аспайтынын мәлімдеді. 

 Жағымды жаңалық пен стратегиялық маңызды игілікті бастамаларға, соны идеяларғы толы Президент үндеуі – халықтың көкейінде жылдар бойы қордаланып жүрген, наразылығын тудырған мәселелерді шешуге арналып, еліміздің экономикасын дамытып, саясаты мен тәуелсіздігін нығайтуға, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған, елімізді жарқын болашаққа, Қазақстанның жаңа даму кезеңіне бастайтын маңызды құжат.

 

Рахила НАРАЛИЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

Утилизациялық алым мәселесіне нүкте қойылды

Қай кезде де мемлекетті құрайтын халық. Сондықтан да ең бірінші қарапайым жұртшылықтың мұқтаждығына құлақ асу, өтініштерін орындау бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке жеделдете отырып  жаңа жоспар түзу туралы тапсырмасы көптің ойынан шықты деп ойлаймын. Оның ішінде ұлттық қорларды ел игілігі үшін дұрыс пайдалану жайын өте орынды айтты деп есептеймін. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалатын болса, халқымыздың әлеуеті де, хал-ахуалы да жақсара түсетіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы  утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды.

Мемлекет басшысы утилизациялық алымның қажеттілігі туралы қоғамдық талқылауларға нүкте қойды. Атап айтқанда, Президент «ӨКМ Операторы» компаниясының утилизациялық алымды жүзеге асыру жұмысын тоқтатуды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, утилизациялық алымды жинаумен мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс. Сонымен қатар Президент қазақстандықтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында утилизациялық алымның көлемін қайта қарауға шақырып, елдегі утилизациялық алым мәселесіне уақтылы назар аударды. Жаһандық өткізгіш тапшылығы жағдайында Қазақстандағы автосалондарда жаңа автомобиль жеткіліксіз. Енді азаматтарда шетелдерден автокөлікті бәсекелі бағамен сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ утилизациялық алымды жеке компаниядан мемлекеттік ұйымның қарамағына беру алымдардың ашықтығын арттыруға және халықтың мемлекеттің утилизация саясатына деген сенімін нығайтуға ықпал ететінін атап өткен жөн.

Осының барлығы сайып келгенде қастерлі құндылығымыз, азаттығымыздың айғағы – тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны баянды ету үшін жасалатын игі істер болмақшы.

 

Сүндетғали ҚАЛМАХАНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі директорының  орынбасары

ЕЛ БІРЛІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ 

 Ел дүрбелеңге түсіп, елең-алаң аласапыран болып кеткені үрей туғызып, елдің ендігі тағдыры не болмақ деп ойланып қалдық. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сәтте өзінің мықты басшы, білікті саясаткер екенін көрсете білді. Ол өз халқына демеу болып, тығырықтан шығуда батыл шешімдер қабылдай білуі біздің ертеңге деген сенімімізді оятып, еңсемізді көтерді.

Атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) таяу күндері елімізден шығатыны. ҰҚШҰ бітімгершілік контингентін енгізген сәттен бастап ел басшылығы елдегі жағдай тұрақтанғаннан кейін бітімгершілік күштері міндетті түрде елден кететінін бірнеше рет атап өтті. Біз қазіргі уақытта Қазақстанда қоғамдық тәртіп қалпына келтірілгенін, қарулы содырларды жаппай тазарту іс жүзінде жүзеге асырылып, ел қауіпсіздігі үшін қауіпті қатерлердің алды алынғанын атап өтеміз. Бұл жағдай ҰҚШҰ контингентінің елдің стратегиялық және әскери объектілерін күзетуден тұратын табысты және тиімді миссиясының аяқталғанын айғақтайды. Екі күннен кейін ҰҚШҰ контингентін шығару процесі басталады, өйткені Қазақстанға ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштері 2030 адам және 250 бірлік техника келді, бұл белгілі бір уақытты, шамамен 10 күнді талап етеді.

Әрине, Ақтаудан басталған оқиға барысы өкімет алдына әлеуметтік талаппен шығып, газ бағасын 50 теңгеге түсірді, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін өкімет түсінді. Бұл аймақта қару қолданылған жоқ, бұзақы топтарға жол берілген жоқ. Өкінішке қарай, осы шеруді лаңкестік топтар еліміздің мегаполисі Алматыда пайдаланып, көп зиян келтірілді.

Әлеуметтік жағдайға қатысты халықтың қоры – «Қазақстан халқына» құрылатын болды. Президентіміз жаңа Қазақстанды құрып, толыққанды реформалар жүргізіп, халықтың жағдайын жақсартуды қолға алғаны үлкен бастама деп санаймыз. Енді осы мәселелер бойынша тапсырма алған тиісті ұйымдар әділ, дұрыс жүзеге асырса деп күтеміз.

Ел бірлігіне сызат түспей, халқының амандығы үшін қандай да бір батыл шешім қабылдай білетін Мемлекет басшысын – Президентіміз Қ.Тоқаевты біз әркез қолдаймыз. Оның жасампаз бастамалары мен елдің көңілінен шығатын шешімдері бізге рух беріп, қанаттандырады.

Айша БЕГАЛИЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  ЖОО-ға дейінгі дайындық  кафедрасының аға оқытушысы 

 Жүйелі реформа жасау қажеттігі айтылды

Еліміздің басына сын сағаттары туған қиын сәттерде барша жұртшылық Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа, оң өзгерістер жасауға бағыт беретін үндеуін үлкен үмітпен күтті. Мемлекет басшысы ҚР Парламенті платформасында Қазақстан халқына үндеу жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елдің жаңа үкіметі мен мемлекеттік органдар жүзеге асыратын әлеуетті міндеттер мен жұмыс бағыттарын атап өтті. Президент жолдауы, мәлімдемесі ешкімді бейжай қалдырмады. Себебі бұл мәлімдемеде қоғамдағы барлық топтарға, яғни үкімет басындағылар мен қарапайым халыққа қатысты мәселелер түгел қамтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» үндеуінде алдағы уақытта назар аударылатын өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешуге міндетті жауапты үкімет мүшелері мен ведомостволарға нақты тапсырма берді. Әсіресе қоғамда белең алып жатқан келеңсіздіктерді айта келе, елімізде жүйелі түрде реформа жасау қажет екенін баса айтты. Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының жұмысына шұғыл түзету енгізу қажеттігіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде үйлестірілген іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау жүйесін толық жаңғырту және қайта құрылымдау қажет. Сондай-ақ жаңа құрылған үкіметке елдің экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жұмыссыздықты азайту мақсатында жаңа өндіріс орындарын ашу, мамандар даярлайтын білім беру жүйесін кәсіпорындардағы сұраныстармен үйлестіру, ауылдық жерлерде спорт кешендерін салу, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан, елдің көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу тапсырылды.

Президент жолдауынан халық, өзі күткендей, оң өзгерістер, жаңа лепті сезінді. «Жаңа Қазақстанның» жарқын болашағына жол ашатын өзекті мәселелердің барлығы осы мәлімдемеде қамтылды. Қазақстанның бірлігін ойлаған Президентіміздің ел болашағы үшін алға қойған мақсаттарын орындайтынына сенімдіміз. Халқымыздың тұтастығы мен бірлігін сақтау және еліміздің көркейіп, өркендеуі үшін қоғамның барлық саласында жүргізілетін реформаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. «Жаңа Қазақстан» елге келген жаңа леп деп түсінеміз.

И.БАЙМҰРАТОВА, Шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы

Инженерлердің жаңа буынын тәрбиелеу қажеттігіне мән берді

Жаңа жылдың басында орын алған жаппай тәртіпсіздік пен халықаралық терроршылардың қитұрқы әрекеті елімізге үлкен сын болғаны белгілі. Міне, осындай ел басына түскен қиын-қыстау кезеңде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мықты жетекші екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Елдегі жағдай тұрақталып, халқымызға соңғы күндері төнген қауіп сейіле бастады. Президентіміз Қ.Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің кезекті отырысы барысында сөйлеген сөзі еліміз тарихындағы жаңа бір кезеңнің басталғанының нышаны деп айтуға болады. Ол бірқатар маңызды әлеуметтік және саяси реформалар жайлы келелі сөздер айтты.  

Президент үндеуінде қарастырылған мәселелерді бірнеше блокқа бөліп қарастыруға болады. Соның ішінде, ең бірінші, бұл – мемлекеттік қауіпсіздік. Орын алған тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер еліміздің құзырлы органдарына үлкен сынақ болды және бұл сынақтан олар өткенімен де, орын алған оқиғалардан алатын сабақ көп екенін атап өтті. Осыған байланысты Президентіміз: «Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз», – деді. Сонымен қатар кейбір қалаларда орын алған ҰҚК басшыларының келеңсіз жағдайлары жайында айта келіп, құқық қорғау жүйесін реформалау қажет екенін атап өтті.

Президент сөзіндегі мәселелердің екінші блогы аса маңызды әлеуметтік-экономикалық блок екені сөзсіз анық. Әрине, қайғылы оқиғалар себептерінің бірі ретінде елдегі соңғы жылдары орын алған экономикалық қиындықтар мен әлемдік пандемия салдары екені белгілі. Соның ішінде ереуілдерге сылтау болған сұйытылған газ және жанармай мәселесіне ерекше тоқталды. «Жылдан-жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді», – деп ащы шындықты айтып өтті. Осы ретте Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеу қажет екенін атап өтті. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы экономиканың тірегі екенін атап өткен Мемлекет басшысы халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артып жатқанын сөз етті. Қаржы нарығын құбылтуға себепкер болуы мүмкін факторлар ішінде халықтың қазіргі уақытта көп несие алып жатқанын айта отырып, оның әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін екенін атады. Сонымен қоса, Президент Тоқаев «Самұрық Қазына» қорына қатысты орынды сын айтты. Елде құрылып жатқан «Қазақстан халқына» қорының денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге өз септігін тигізуі қажеттігіне тоқталды.

Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты да орынды сын айтты, әсіресе елде маман тапшылығы байқалатын және көп сұранысқа ие техникалық мамандықтар, соның ішінде инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу қажеттігіне мән берді. Президент өз сөзінде 2025 жылға қарай ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының кемінде бес филиалын ашу қажеттігін атап өтті. Оның ішінде кемінде екі ЖОО еліміздің батыс өңірінде орналасуы және техникалық бейіні болуы тиіс. Айта кету керек, бұған дейін Президент Қ.Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында МФТИ және Бауман атындағы ММТУ сияқты ресейлік жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалын құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатын.

Мұндай ұсыныстың маңыздылығы батыс өңірлердегі жастар үшін сапалы жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және жастардың маргинализациялану, олардың деструктивті діни ағымдарға тартылу қаупінің алдын алу қажеттілігімен байланысты. Бұл аймақтардағы жоғары білім беру ұйымдарының желісін дамыту демографиялық процестер тұрғысынан да өзекті. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында 2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша жастар саны 147,4 мың адамды құрады. Бұл ретте облыс аумағында 10 мыңнан астам студент контингенті бар екі ЖОО ғана жұмыс істеді. Жаңа жоғары оқу орындарының ашылуына батыс өңірлердегі жастар арасындағы қоғамдық пікірді, атап айтқанда, сапалы жоғары білімге қолжетімділіктің болмауы сияқты көші-қон факторларының негізгі pull факторларын талдау да оң әсерін тигізуде.

Жалпы, Президентіміз Тоқаев қойған мәселелердің барлығы өте өзекті, орынды және уақтылы көтеріліп отыр. Осы белгіленген реформалардың сәтті іске асып, ел дамуына оңтайлы үлес қосатынына кәміл сенеміз.

 

Әділбек ЕРМЕКБАЕВ,
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының аға оқытушысы

Ұлттық өндіріс жолға қойылуы керек 

Елімізде қиын жағдай туындағанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын бірлікке, бейбітшілікке, ынтымаққа шақыратын үндеу жолдады. Президент еліміздегі саяси жағдайға тоқтала отырып, алдағы уақытта халқымыздың әлеуетін, экономикамызды көтеруге, жұрттың әл-ауқатын жақсартуға бағыт-бағдар берді. «Ендігі кезекте біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет», – деп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде нақты атап өтті.

Мемлекет басшысы болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Сонымен қатар Президент бәрін қалпына келтіруді жеке жауапкершілігіне алатынын, сол арқылы жаңа міндеттер мен реформаларды іске асыруға толық дайын екенін ерекше атап өтті. Президент ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасады. Біз барлық бағдарламаларды, жобаларды, тіпті бірқатар ұйымдар жұмысының орындылығын қайта қарауымыз керек.

Қазіргі уақытта алдымызда тұрған өте маңызды міндеттердің бірі – еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты, объективті баға беру. Бұл уақыт еншісінде. Жұмыссыздық, төмен жалақы мен жоғары табыстағы алшақтықтар сияқты басқа да әлеуметтік қиыншылық жағдайлардан туындаған наразылықтар, халық арасындағы толқулардың қай жағынан болсын теріс салдарлары өте жоғары екенін анық көрсетті. Осыған байланысты өз үндеуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі кезекте еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажеттігін ерекше атап көрсетті.

Біздің экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағыт-бағдары бар нарықтық экономика құру және оны дамыту. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікті толыққанды дамытуға және орта тапты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды фактор болып табылады. Осы тұста Президент әділ бәсекелестікті экономика үшін басты талап ретінде қолдап,  бағаны ымыраласа отырып белгілеуге жол берілмеу керектігін баса айтты. Сәйкес құрылымдарға осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді. Ел Президенті бизнеске кері әсер ететін бюрократиялық салмақты айтарлықтай  азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойды.

 Президент еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы Мемлекет басшысының шешімдері төңірегінде топтасуы қажет. Біз бірге барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз.

Бұл орайда кәсіпкерлердің ел болашағы үшін өзіне зор жауапкершілік алуға дайындығы да аса маңызды. Кешегі лаңкестік әрекеттер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлердің зиян шеккенін көріп отырмыз. «Күшіміз – бірлікте!» деп, мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететініне біз кәміл сенеміз.

Экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, ел ішінде ұлттық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында әлі де күрмеуі шешілмеген мәселелер баршылық. Сондықтан бұл мәселелер ғылыми қоғамдастық, экономист-ғалымдар тарапынан терең зерделеніп, экономикалық саясатқа ғылыми негізделген тиісті ұсыныстар жасалса, бұл да жаңа «қоғамдық келісімнің» тиімділігін арттыратыны сөзсіз.  

Ж.БЕЙСЕНБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі
Экономика кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к.

Негізгі міндет – мемлекет мүддесін қорғау

Қазақстан Республикасы Үкіметі жасақталған және премьер-министрі тағайындалған Парламент Мәжілісіндегі жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдап, өз мәлімдемесін жеткізді.

Бұл жиында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет», – деп атап өтті Президент Қ.Тоқаев. Негізгі міндет – азаматтарды, конституциялық құрылымды және мемлекет мүддесін қорғау. Күштік құрылымдарды түбегейлі реформалау бағытын іске асыруды қамтамасыз ету үшін Президент тұтастай алғанда күштік құрылымдардың, атап айтқанда, арнайы мақсаттағы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Біріншіден, адам құқықтарының әлеуетіне назар аударылды. Барлық салада азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін айтты. Өйткені Алматыдағы соңғы оқиғалар адамның халықаралық терроризмге қарсы қорғансыз екенін көрсетті. Сондықтан оның бүгінгі мәлімдемесі қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге негізделген. Екі айдың ішінде халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарлама дайындап, жүзеге асыруын Үкіметке тапсырды. Сондай-ақ жеке тұлғалардың банкроттық туралы заң жобасы әзірленіп, жүзеге асуын қадағалауды тапсырды. Жастарға арналған жаңа жұмыс орындары ашылатынын да атап өтті. Президент «Қазақстан халқына» көмек қоры құрылып, қарапайым халыққа көмек, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жұмыс жүргізілетінін басымдықпен айтты.

Мемлекет басшысының айтқан әрбір сөзі барлық салада қарапайым азамат құқықтарының басымдығымен байланысты екенін көрсетті. Осы сәтте ел тағдыры үшін жұмыла білген бүкіл халқымызға Президентіміз өзінің шынайы ризашылығын  білдірді. «Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» – деген Президентіміздің  үндеуін қолдаймыз. 

А.ИСАБЕКОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің доценті, з.ғ.к.

Әр азамат өз білімімен, адал еңбегімен ел дамуына елеулі үлес қосуы тиіс

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қиын жағдайда халықты тығырықтан алып шығу үшін оң шешімдер қабылдады. Қазақстандықтардың жылдар бойы қордаланып қалған өзекті мәселелеріне мән беріп, жаңа саяси-әлеуметтік өзгерістерге жол салды.

Қазақстан Президенті күні кеше ғана Мәжіліс отырысына қатысып, елдің әл-ауқатын көтеруге қатысты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Президент соңғы күндері елімізде орын алған халықаралық лаңкестік оқиғаларды саралай келе, жаңа дәуірдегі тәуелсіз Қазақстанның жаңа бағытта даму керектігін атап өтті.

Мемлекет басшысының қоғамды сауықтырудың бірнеше жолдары мен бағыттарын нақты атап беріп, жаңа сайланған Үкімет басшысына нақты тапсырмалар берді. Ел экономикасын өркендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылым саласын дамыту, тағы басқа өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойып, тиімді шешу жолдарын айқындады.

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың болашақтың кілті мектептен бастау алатынына тоқтала отырып, жаңа заман талабына сай техникалық кадрларды даярлаудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Кешегі Қазақстанда орын алған дүрбелеңнен кейін еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтауда жаңа қадамдар мен жаңа көзқарас қажет екені аңғарылды. Бұл орайда барша қазақстандықтар Президентіміз Қ.Тоқаевтың маңына топтаса және оны қолдай отырып, бұл қиыншылықты еңсеріп шығатынымызға сеніміміз мол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушы жастары Мемлекет басшысының еліміздің кемел келешегі үшін бағытталған әр бастамасын қолдайды.

Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры шайқалмасын. Ал осы құндылықтарды сақтап қалу үшін әрбір Қазақстан азаматы өз білімімен, адал еңбегімен ел дамуына елеулі үлес қосуы тиіс.

 

Алмасбек МӘУЛЕНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Жамбыл ғылыми-зерттеу орталығының директоры  

Бірлігі күшті ел озады

2022 жылдың 11 қаңтар күні Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, мемлекетіміздің бірлігін, бейбітшілігін және әлеуметтік-экономикалық жағдайын  арттыру мақсатында жасаған мазмұнды баяндамасында үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

Ел Президентінің Қазақстан халқына айтқан үндеуі әрбір қазақстандық азаматқа нақты айқын жол көрсетті деп білеміз. Болашақтағы  Қазақ елінің бірлігі мен қауіпсіздігі туралы айтқан тұжырымды ойлары көпшіліктің қолдауына ие болды. «Бірлікті ел бұзылмас» дегендей, тәуелсіз Қазақ елінің тұтастығы мен тұрақтылығы осы бірліктің арқасында деп білеміз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арман-мұраты – Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгілік болсын. Ел іші аман, іргеміз берік болсын.

Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  оқытушы-ғалымдары ел Президентінің ұстанымдарын толық қолдайды және жүзеге асыруға атсалысады деген сенімдеміз.

 

Болатхан САРБАСОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры  м.а.,  ф.ғ.к.

 Берекеміз – бірлікте

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару керектігін соңғы күндері басымыздан өткерген қиын күндер мойындатты. Қазақ халқы үшін бұл кезекті ауыр сынақ болды. Бүл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте өткен жиында терең толғаныспен айтты.

Жиында еліміздің жаңа экономикалық тұғырын, нарықтық экономиканы дамыту, қоғам алдындағы жауапкершілік мәселесі де сырт қалмады. Ұрпақ болашағы үшін жауапкершілікті кәсіпкерлерді дайындау, бизнестегі бюрократизмді жою, мемлекеттік тұрғыда оларды қолдау, бәрін заң жүзінде іске асыру қарастырылды.  Кейбір банктердің әрекетін қайта қарастыру, шағын және орта бизнестегі әділ бәсекелестікті қалыптастыру көзделді. Бәсекелестікті қорғау агенттіктерінің қызметіне кешенді ұсыныстар жасауды, кейбір қорлардың қызметін қайта пайымдау, күмәнді болған әрекеттерін қайта қарастыруды тапсырды. Үкіметке сол секторларды реформалауды тапсырды. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» атты халықтық қор құрылып, ол тек халықтың мүддесіне жұмыс жасайтынын атап өтті. Жекешелендіруге қатысты әрекеттердің ашық болуын тапсырды. Ел экономикасындағы өңдеу саласының әлі әлсіз екенін, бұл салаларға терең талдау жүргізу, бәсекеге қабілетті  секторларды анықтауды өкіметке тапсырды.

Оңтүстік пен батыс өңірлердегі ұлттық приоритетке, мәдениет пен  тәрбиеге мән беру керектігіне тоқталды.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жастардың тәрбиесі мен мәдениеті өңірді қолдау, халықпен санасу, халықтың мұңына мән беру ел экономикасының тетігі екенін айтты. Мемлекеттік басқарудағы кемшіліктерді, мамандарды даярлаудағы ашықтықтың маңызды екенін, қызметтік өсуде асырасілтеушілік болмауын негіздеді.

Президент білім саласындағы  түйткілді мәселелерге айрықша тоқталды. Болашақ жастардың, ел азаматтарының осы тұрғыда сұңғыла болып қалыптасуына көмектесетінін түсінгендіктен айтып отыр. ЖОО бәсекеге қабілетті болуға, әсіресе әлемдік бәсекеде орын алатындай даму болу керектігін баса айтты. Білімге деген көзқарасты өзгерту керектігін, гуманитарлық білім бағытын техникалық бағытқа қарай бұруды ұсынды. Еліміз білімді де тәжірибелі технар мамандарға зәру екенін, ғылым мен техниканың заманында сұраныстың маңызды екеніне мән берді. Мамандарды даярлауда заман талабына сай икемделген жаңа мамандықтардың пайда болуын көздейді. Әлемдік тәжірибелерден керегімізді алып, бәсекеге қабілетті болу – жаңа уақыт талабы. Сондықтан елімізде шетелдік ЖОО филиалдарын ашу, тәжірибе алмасуды дұрыс түсінуміз керек. Президенттің жақын арада бес әлемдік ең үздік ЖОО филиалын ашуды тапсыруы осыны көздейді.

Демек, қазақ халқының қабырғасы қайысқан күндерде халқымыздың өткен күндеріне сараптама беріп, ауызбіршілікте, еліміздің өркендеуінде үлес қосатын тиімді тұстарды іске қосуы керек. Бұл ұлтымыз бен мемлекетіміздің тұтастығын нығайтуға септігін тигізетіні анық.

Сәуле БАЙМЫРЗАҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.д.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір