Бекен Жылысбаев
ҰСТАЗ ӨТТІ ӨМІРД
ЕН…
Қазақ өнері тағы да қара жамылды. Қазақстанның халық артисі, асқақ дауысты әнші, қазақ академиялық вокалдық педагогикасының тұңғыш профессоры, ұлы ұстаз, Ұлы Отан соғысының сарбазы – Бекен Жылысбаев 92 жасында өмірден озды. Бекен аға осы 92 жастағы өмірінің жарты ғасырын Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда қазақ өнеріне жас әншілерді тәрбиелеуге арнапты. Осы кезеңде өз классынан екі КСРО халық артисін, 10-нан артық ҚР халық артисін, 30-дан аса ҚР еңбек сіңірген артистері мен қайраткерлерін, көптеген халықаралық, республикалық конкурстарының лауреаттарын тәрбиелеп ұшырды. 45 жыл әншілер кафедрасын басқарып, жүздеген жас әншілердің өнер жолындағы ақылшысы, қамқоршысы болды. Оның алдыңғы буын шәкірттері – КСРО халық артисі Т.Сейталиев, ҚР халық артистері М.Мұсабаев, Н.Қаражігітов, Б.Бейсенов, К.Бақтаев, З.Қойшыбаева, т.б. болса, ортаңғы буындары Ғ.Есімов, Н.Үсенбаева, Ш.Әбілов, Ж.Бақтай, Ұ.Кенжебеков, М.Шалабаев, Е.Әбілдаев, Д.Хайруллин, А.Бейсембеков, Р.Смаилова, Р.Жұмаділова, т.б. әншілер. Ал оның ең соғы шәкірттерінің бірі, қазір әлем сахнасында өнер көрсетіп жүрген талантты жас әнші Медет Шотабаев. Ұстазымыз біздің екінші әкеміздей болды. Оқуды бітірген соң түлектерінің жұмысқа орналасуына, пәтер алуына, атақ алуына, жанұя құруына тікелей ақылшы болып, көмегін көрсететін. Ұстазымыз өмірден өткенімен, оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегі, Отан қорғаудағы ерлігі ел есінде мәңгі сақталып, келер ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, аяулы ұстаз!
Аймұханбет Бейсембеков,
ҚР мәдениет қайраткері,
Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университетінің профессоры.
Өмірі ұрпаққа өнеге
Бекен Бәкенұлы өз өмірін ұлт өнерін зерделеуге, ұлт руханиятын асқан талантымен насихаттауға арнаған еді. Ол халқымыздың өнері мен мәдениетін терең білетін санаулы саңлақтарымыздың бірі, ұлттық мәдениетті насихаттау ісіне шын берілген адал азамат еді. Биік өнерімен, әуелеткен әндерімен талайларды тамсандырған талантты әнші еді. Тенор дауысымен халық әндерін, шетелдік шығармаларды шебер орындап, ән өнерінің нәрімен сусындатты. Талантты әншілер мен музыканттарды, ізбасарларын тәрбиеледі. Мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елімізге адал қызмет етті. Оның өмір жолының, өнегесінің кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі болатыны анық. Сыйлас інісі ретінде ауыр қайғыға ортақтығымды білдіремін. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Дүйсен Қасейінов,
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының
Бас хатшысы.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшылығы Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген қайраткері, композитор, белгілі әнші, педагог
Бекен Бәкенұлы Жылысбаевтың
қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, жақындарына көңіл айтады.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.