«АҚЫНХАНАДАҒЫ АЛТАУ»
19.11.2021
1800
0

«Құдай жайлы ойланатын қала». Жуырда жарық көрген жыр жинақ осылай аталады. Антологияға Түркістан шәріндегі «Ақынханадағы алтаудың», жас ақындардың күмбезді көне шаһарға жазған қасидалары және өмір мен өлім, ұжмақ пен тамұқ арасындағы нәзік үйлесімді өзек еткен өлеңдер топтастырылған. Жас перілерге ақ жол тілей отырып, назарларыңызға олардың өлеңдерін ақын Ербол Алшынбайдың алғы сөзімен қоса ұсындық.

 ӨЛЕҢ МЕН АЛДАСПАН

«Құдай жайлы ойланатын қала» деп аталатын қолымдағы альманахты оқып отырып бабаларымыздың Алдаспан алдындағы серті ойымда қайта жаңғырды. Ақынның Алдаспаны – қаламы, серті – өлеңге деген әппақ жүрегі болмақ. Өрімдей жас алты жігіттің өлеңінен әуелі жандарын поэзияның

арда жолына байлаған адалдығы көрінеді. Табан тимеген көк майсаның бетіне тұнған таңғы шық секілді жырларды жерге төгіп алғың келмей аялайсың. Оны жазып отырған ақынды аяйсың. Себебі пенделіктен үстем, еміреніп сөйлейтін елжір жүрегін кірлетпей сақтау бұл заманда екінің біріне нәсіп емес.

Егер сіздің Түркістан қаласына жолыңыз түсіп, әдеби ортасымен таныса қалсаңыз «Ақынханадағы алтау» деген атауды естуіңіз бек мүмкін. Бұл алты ақында қазақ даласының алты қиырынан келіп, қасиетті қалада тағдыр тоғыстырған жандар. Мағжан ақынның сөзімен айтқанда «Екі дүние есігінде» тұрып сыры жұмбақ қос әлемді басқаша сөйлетеді. Еламан Төлеутайдың Түркістанға арналған қасидалары кешегі бақсы сарынының бүгінгі ақын жырына айналған нұсқасы іспетті. Тірілер мен өлі рухтар арасында жанын қоярға жер таппай, аласұрып, пәле-қаза атаулыны өлеңімен аластап жүретін ақынды көресіз. Ол мынау күрең топырақты басып тұрғанда астында жатқан қурап қалған сүйектердың өзі табанына ауыр тиетінін сезеді.

«Кебінін сүйретісіп елестердің,

 Кетермін рухтарға еріп бұл қаладан…»

Аруақтан алыстай бастаған халықтың ақыны ғана айта алатын сөз. Өлеңдерінен Қаратау шертпесі, Сүгір күйінің сарыны естілетін Ғылымнұр Кәдірбай:

«Тәңір болып қуанармын мен бір күн,

Түркістанға рухым келе жатыр деп…» дейді.

Қазақтың қаншама жақсысына мәңгілік мекен болған киелі топырақта, күн мұжып, жаңбыр шайған ескі қорғанда тұрып арауақтарға күбірлеп жыр оқыған ақындардың айтар дәті бөлек. Доспанбет жыраудың:

«Бұрынғылар түскен жүрі жол,

Бұрылып соған түсті дегейсіз» деген баба танымды ардақтап, ақ байлағаны көрініп тұр.

«Еркем,

Тым асығыс, тым жүдеулеу өте көрме бұл тұстан,

Себебі бұл – рухтарын жерге көмген Түркістан…» деп кесек сөйлей алатын Арқалық Әмәлиятұлының күмбез шаһар күміремелері де, «Кесене рухымның

жаршысы – бұл» деп түн бойы ескі қаланы кезіп жүретін Тілеубек Батысұлының өлеңдерінде де жаныңды қыл бұраумен қысатындай ауыр қамырық бар. Бірақ, ол қайғы өлеңді оқып болған кезде сейіледі. Жан дүниең Түркістанның желтоқсанда жауатын жаңбырына жуылғандай тазарады. Бойыңды ыстық жалын кернейді. Бұл – ақындар зарыға күткен рух болар. Олай болса ақын өлең алдындағы парызын адал өтегені.

Ақын – ақиқаттың жоқшысы. Шындық көп, ақиқат жалғыз. Әркімнің өз шындығы болуы мүмкін. Бірақ, әркімнің өз ақиқаты болмақ емес. Өйткені ақиқат жалғыз. Әрбір өлең ақын жүрегінің сол ақиқатқа өзінше тапқан жауабы. Сіздің өзіңіз жазған сөзге әмәндә көңіліңіз толмай қоңылтақсып тұратыныңыз содан. Ертең өзгеріп кететін шындықты жазсаңыз көңіл құрғыр оның жел екенін сезіп-ақ тұрады. Шәкәрім айтқан «Өзгермейтін шын» – өлеңнің мұраты.

«Құдай жайлы ойланатын қала» кітабының авторлары жастықтың желқабыз күндерінен арылғанын, ірі сөйлей алатын, өзгеше ойлай алатын бөгенайларын бірден көрсетіп тұр.

«Алтауымызда алты құбыла, алты әлем.

Алты шарап, алты өлең.

Сүйіп қалсам сендер үшін бас тартып,

Күйік болса сендер үшін тартам ем», – дейді Еламан Төлеутай. Өлеңнің күйігін бірге тартып, өмірде анда болған алты ақынның бұл альманах алар асуының басы деп білем.

Ұстазым Таласбек Әсемқұловтың «Әдебиет дегеніміз – шелектеп төгілген тер» дегені бар еді. Менің де айтарым осы сөз. Енді сол тәңірі берген нығыметті шашып алмай, жаңа көктеген жас шыбығыңызды үздіксіз біліммен суарып тұрыңыз. Ол жайқалып өсіп орманға айналсын.

Ербол АЛШЫНБАЙ, ақын

 

Еламан ТӨЛЕУТАЙ

ҚҰДАЙ ЖАЙЛЫ ОЙЛАНАТЫН ҚАЛА

Түркістанда мәңгі батпас бір кеш бар.

Менің халім – сол кешпенен үндес хал.

Тозақ жайлы түстерімде неге жоқ,

Күмбез аспан астындағы күмбез шәр?

 

Жалғыз күмбез.

Жалғыз қанат бір сәуле.

Жалғыз ақын, жалғыз өлең.

Мың сәлде.

Молама да сыймайтұғын пері едім,

Қалай сыйғам молласы көп бұл шәрге!

 

Шаңқай түнде шалқай кезіп көшеңді,

Әулиеңмен сұраспадым есендік.

О, онсыз да қасіретті қалаға

Еркелеген менікі не есерлік!

 

Шерлі шаһар, іше-іше сораңды

Біреу кетті, біреу қайта оралды.

Бір тірі ақын өлгендердің ішінен

Өзін-өзі іздеп кетті,

жоғалды.

 

Шайқап-шайқап шайтан судан ішіп ек,

Найқап-найқап пері қызын құшып ек,

Шарабы да,

Жанары да мөп-мөлдір, –

Түркістанның түсі көк.

 

Кесененің мұнарасы.

Мұнар ай.

Мұнар айда мұнар ойлар, бұ қалай?

Құдай жайы ойланатын қала бұл,

Ал мен нені ойлап жүрмін?

Құдай-ай!..

 


Ғылымнұр КӘДІРБАЙ

*** 

Сен көктемгі бұрқыраған ақ жусан,

Пешенеме хош иісіңді жаздырсам…

Жан – көбелек,

Жұпарыңда жүзеді,

Өмір озып,

Сөнгенінше тағдыр-шам.

 

Екі адамның ортасында өрт теңіз,

Қанша күйдік сол ғажайып дертке біз.

Сені іздеймін…

Төбекөзім ашылып,

Оралмайды көлеңкесін ерткен із.

 

Жан дүнием гөй-гөйлеген бір сарын,

Жүрегімді тазартады жуса мұң.

Ей, еркетай, жымиғаның жұп-жұмсақ,

Мен сонымен мұз кеудемді жылытамын.

 

Сағынышың жіпке тізген ақ моншақ,

Жәудір әлем қайғы да алыс…

Бақ та алшақ…

Сүп-сүйкімді болмысыңды танимын,

Тәңір өзі түйсік отын жаққан шақ.

 

Желігім де, жебір ой да желге ұшпақ,

Шақырасың тым кіршіксіз жол нұсқап.

Жас өмірге қайта келем сағынып,

Жүрегіңнен көктеп шыққан қолды ұстап.


Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ

ТӘУЕЛСІЗ МҰҢ

 Бір сөз айтшы бәрін бірден тәмамдар…

Мына қоғам, мына мөлдір жанарлар…

Кетіскеннен жылайтыны шындық қой,

Жетіскеннен күле ме осы адамдар?

 

Көздің жасы, елдің жасы түгемес,

Айтқаным да, айтпағым да бұл емес.

Шын жанармен халқыңа бір қарасаң,

Сенің, менің көрген мұңым түк емес.

 

Дарияның ар жағында – Дәриға,

Дарияның бер жағында – қағида,

Дарияның ортасында біз бармыз,

Біздің қоғам соны біліп, тани ма?!

 

Сұм жалғанның арғы жағы – қызыл өрт,

Қу жалғанның бергі жағы – қылует…

Соның бәрін біле ме екен бұл қоғам?

Білсең, қане, қызыл өртті бұзып өт!

 

Өтіріктен тарих жасап, дін жасап,

Болмайды елді алдарқатып тұрмасақ.

Біздің дағы дәуіріміз – сұм соғыс,

Біз де сөніп барамыз-ау, шындасақ!

 

Өткен дәуір – мола көрмейтін соғыс,

Мына дәуір – далада өлмейтін соғыс,

Өткен соғыс – бола бермейтін соғыс,

Мына соғыс – адам өлмейтін соғыс.

 

Неге бізде азаптар көп не түрлі…

Неге бізде бақыттар жоқ өтімді…

Неге бізде бәрі жалған сияқты…

Неге бізде бәрі әдемі секілді?..

 

Түк таппасаң, Отаным деп ұзақ күл.

Ұзақ күлген жанарымда сұрақ тұр.

Ей, ертеңге еркін ұшар балапан,

Неге сенің қос жанарың жылап тұр?

 

…Бір сөз айтшы, бәрін бірден ұғатын,

Мына қоғам сенетіндей, мына түн.

Бізге бір сәт қарасаңшы, Құдай-ау,

Сізбен сосын сөйлесеміз, ұлы ақын!


Тілеубек БАТЫС

АДАМДЫ СҮЮ

Соңғы әлетте көк аспан бұлттанар,

Көкжиектің көзінен ымырт тамар.

Құдайға да бейтаныс бір әлемін,

Мың толғатқан кеңістік жұмыртқалар.

 

Бұл мезгіл Құдайменен тілдесер шақ,

Адамдар қызық осы!

Үндесе алсақ…

Бұл өмірде көрмеген қызықтарын,

О дүниеде тұрады мүрдесі аңсап.

 

Тағдырыңа тигенмен кей кеселі,

Бақытыңа жол сілтер бейнесі өлі.

Мынау түнек өмірде болуыңмен,

Ей, өмір! Жақсы көрем кейде сені…

 

Талақ қып тозағын да бізді күткен,

Еміреніп саған сонша үздігіп пе ем?

Жек көрем адамға тән жауыздықпен,

Сүйемін Тәңірге тән ізгілікпен.

 

Тәннің асау толқыны ұдайы ұрмай,

Санамдағы самарқау күй арылмай.

Кенделіктің кенеусіз мінезімен

Адамдарды сүйемін Құдайымдай.

 

Ессіздігі – елесі,

Күйігі – өлең…

Ол да сондай жүрегін миы жеген.

О, адамдар, сүйіңдер шексіз мені,

Мен әйтеуір сендерді сүйіп өлем.


Қайсар БАУЫРЖАН

АҚЫНХАНА

 Көз алдым көк тұман, белгісіз дүние,

Тыңдасаң ғазалым сенгісіз дүние.

Кенезе кептірмес ақындар ордасы,

Батыстық ләззатқа бергісіз дүние.

 

Шығыстық шайырлар шеріне нұр тұнған,

Құдайды мез қылар біз айтқан бір түнгі ән.

Шерменді күйлермен кіндігі байланып,

Ақындар үнінен ғасырлық жыр туған!

 

Кірлетпес арының пәкиза парағын,

Ақынның жадында ай-қыздан тамар үн.

Ауылын сағынды, сағынды бауырын,

Қанекей, құйыңдар ақынның шарабын!

 

Дүбәра дүние елесін жасырған,

Ақындар ордасы – жұмақтай асыл маң.

Сағыныш сөйлемі көзінде көрініп,

Арудың көз жасы кірпігіне асылған…

 

Тәңірлік сағыныш жанардың отындай,

Ақындар ордасы қойшының қосындай.

Домбыра үніне періште қалғыған,

Адамдар әлі бар осындай, осындай!


Мейір ОРАЗҒАЛИЕВ

РЕКВИЕМ

 Mozart-тың симфониясындағы тамұқ

қарғысы туралы әңгімелесейік,

Боб Диланды оятып алсақ ше?!

Michael Jackson-ның әндерінен түңілген сайын,

«Billie Jean»-ға ынтықпын.

«іңірдегі іңірдің картинасы дейді мұны.

мен де тірі, сіз де тірі»,

осылай дегім келді, дедім.

тағы нені айтайын,

бәрін айтайын.

жалғыз екенімізді айтайын, жалғыз емеспіз, тағы.

қойшы, бұған кітаптар кінәлі емес!

Өзің солай дедің, солай шығар.

ну и что?!.

 

ПАМЯТЬ

…одан да,

өзімді жерлесем, қаңғырған уақытымды өлтіріп.

Тірілсем қайтадан өзімді өлтіру үшін.

Бесін.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір