«Қызылкөз»
11.12.2015
1688
0
Дамир ӘБІШЕВ
231795_1847900519_IMG_9700-e1398683997488
МЕНІ СОТҚА БЕРІПТІ
– Масқара болдым, зәрем зәр түбіне кетіп отыр.
– Не болды соншалықты?
– Айтары жоқ, құрыдым, біттім.
– Ау, енді қалтырай бермей айтсаңшы не болға­нын.
– Анау арыз-шағым жазумен атағы жер жарған «қы­зыл­көз» мені сотқа беріпті.
– Астапыралла, не дейт! Немене, «бірдеңе» жеп қойып па едің?
– Немді жеуші едім, жейтін не бар мен байғұс­та. Өт­кен­де бір үлкен тойға мен асаба болдым ғой. Со­рым­ның түрт­­кені ме қайдам, сонда әлгі қызылкөзге 9-шы кезекте сөз берудің орнына ша­тысып, 10-шы кезекте беріп қойып­пын.
– Иә, содан…
– Содан не болсын, маған сөзді өз ке­зегімде бер­меді деп мені сотқа беріп отыр.
– Бар болғаны сол ма, сол үшін сотқа беріп пе?
– Сөзінің түрін қара, бар болғаны сол ма?– дей­ді. Не­ме­не бұл аз ба? Тойда сөз сөйлеу, әсіресе, бай­лардың аяғын жер­ге тигізбей аспандатып сөйлеу, кі­сіне­тіп сөйлеу, шұ­быртып сөйлеу, құ­былтып сөйлеу, есілтіп сөй­леу, есіртіп сөй­леу, көсілтіп сөйлеу бүгінгі күннің ең маңызды, ең бас­ты мәселесіне ай­нал­ғаны қашан. Тойда кім кімнен бұ­рын сөйлейді, кім кімнен кейін сөй­лейді, кім қалай сөй­лейді, міне, мұның бәрі – үл­кен саясат. Тіліңнен «қай­мақ» ағызып, бал тамызып сөйлесең байе­кеңнің саған жыл­қы атай салуы ғажап емес. Қазір мырзалар көбейіп жа­тыр ғой. Өткенде бір тойда бір ақынның бай досына ар­нап:
Құтты болсын бүгін толған 70-ің,
70-іңнің көрме ешқандай тепкісін.
70-іңде күндіз ғана желігіп,
Кемпіріңнің қасында отыр кешкісін,
Қуып кетпе біреулердің «ешкісін», – деп, әзілге сайып, мақ­тап, ма­дақ­тап, бір жыл­қыға ие бол­ға­нын өз кө­зі­­мізбен көр­дік. Әнеки, көр­дің бе, қызыл тіл­дің құдіретін, сөз­­дің құдіретін. Сөз құдіретті болма­са, кезегінде бер­ме­­генім үшін мені сот­қа бере ме? Құрыдым ен­ді, біттім.
– Қойшы, түймедейді түйе­­дей ғып.
– Түймедей дейсің, ә! Бұл се­­нің ақымақтығың, надан­ды­ғың.
– Сонда қалай, сөзді кешіктіріп бер­геннің «статьясы» бар ма екен?
– Бар екен ғой. Қызылкөз оны да тауып алып­ты. Ол таяуда ғана телефоныма смс жіберіпті. «Қисық, біттің. Енді көз жасыңды көлдетсең де, сотқа берген арызымды қайтып алмаймын. Сен ар-ожданды қорлау статьясымен сотталасың. Менің бақталасыма менен бұрын сөз беріп, мені әбден қорладың, жер қылдың, ит қылдың, абыройымды айрандай төктің. Бұл барып тұрған сұмдық. Бақ­тала­сымнан кейін мен қақалып-шашалып, түшкіріп-пысқырып, ыңы­ра­нып-іңіреніп сөй­лей алмай қалдым. Сөйтіп, масқара болдым. Сен жө­лік мұны әдейі істедің. Енді мен ағайын-туыстардың, ел-жұрттың бетіне қалай қараймын, қалай жер басып жүремін? Бұдан өткен қорлық бар ма, бұдан өткен сұмдық бар ма? Енді сенің көзіңді түрмеде ағартамын, сені түрмеге тықпай жаным жай таппайды. Сол жақта асаба болып, «жарапазаныңды» айтып жү­рер­сің».
– Әнеки, қызылкөз осылай деп жазыпты. Енді қайт­тім? Масқара болдым, зәрем зәр түбіне кетіп жүр. Кетпей қайтеді, сотталатын болсам. Ерінбе­сеңіз­дер, менің сотыма келіңіздер, аға­йын. Ара түсіңіздер.
ДЕПУТАТ БОЛА САЛАЙЫН ДЕП ЕМ
Мамандығым бойынша жұмы­сым жоқ еді. Парламент депутат­тығына сайлау болайын деп жатқан кез. Аяқ астынан Парламентке депутат бола салайыншы деген ой келе қалды. Тиісті құ­жат­тарын тапсырып, тіркеуден өтіп, сайлаушылармен кездесе бастадым.
– Сіздің депутат  болудағы мақса­ты­ңыз не? – деген сұрақ қойды бір жиында бір есуас. Есуас болмаса, осын­дай да сұ­рақ  қоя ма?
– Мақсат дейсіз бе, мақсат үлкен ғой, – дедім мен, – мақсат өте үл­кен.
– Сонда қандай?
– Қандай болушы еді, айттым ғой үлкен деп, өте үлкен.
–Таратып айтсаңыз дегенім ғой.
– Вы что, казахский язык не знае­те, сказал же большой, очень большой, – деп айқай салдым. Ол жым болды.
– Ауылдың жағдайын білесіз бе? – деді тағы бір әңгүдік.
– Ауылға не бопты? Неге біл­ме­йін, ауыл тамаша ғой, тамаша ауыл.
Әсіресе, жазда керемет қой. Жай­лау­ға киіз үй тігіп, бие байлап, ет жеп, қы­мыз  ішіп жатса ғой, шіркін! Ауыл рахат қой, рахат!
– Сіз демократияға қалай қа­рай­сыз?
– Қалай қараушы ем, жақсы қа­рай­мын ғой, жақсы қараймын. Де­мок­­ратия деген жақсы ғой. Біздің бір Демократ деген ағамыз болған. Қа­зақ  атты тауып қояды ғой. Сол Демократ ағамыз нағыз демократ еді. Аузына не келсе, соны айта беретін. Вот молодец, нағыз демократ деп жұрт мақтайтын. Демократия деген жақсы ғой. Депутат болсам, демократияны қатырамын.
– Сіз саясатты жақсы көресіз бе?
– Е, неге жақсы көрмейін, жақсы көргенде қандай! Саясат деген жақсы ғой. Өмірдің өзі саясат емес  пе? Сіздің  жүрген-тұрғаныңыз да – саясат, өтірік күлгеніңіз де – саясат, бас­тығыңды жақсы көріп, басыңды игенің де – саясат, тіпті, әйеліңнің бетінен сүйгенің де – саясат. Саясатсыз  өмір жоқ, жақсы көрем саясатты. Депутат болсам, сапырамын саясатты.
– Сіздің мамандығыңыз не, қан­дай жұмыс атқарып жүрсіз?
– Мамандығым – артист, бірақ жала­қым аз. Сосын депутат бола са­лайын де­генім ғой. Ал енді мені бі­раз тер­ге­діңіз­дер, тексердіңіздер. Со­ның арқасында біраз сауаттанып қал­дыңыздар. Ертең сайлауда мен үшін дауыс беруді ұмыт­паңыздар.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір