Маралтайдың «Сарайшығы»
Сайын даланың төсінде, жайықтың Каспийге құяр тұсында бағзыда бой көтерген Сарайшық (Сары-Айшық) қаласы туралы тебіренбей сөз қозғау мүмкін емес. Сарайшықтың салтанаты асып тұрған кезінде, шамасы, 1334 жылдары әйгілі араб жиһанкезі Ибн Батута Ұлысудың жағасындағы ірі руханият әрі сауда орталығы болған қала туралы жазба түсірген екен… Жиһанкездің назарынан Ұлысудағы жүзбелі көпір де тыс қалмаса керек…
Өткен ХХ ғасырдың елуінші жылдарында топыраққа айналған көне қаланы зерттеген әйгілі археолог, мәдени мұраларымызды тануда айрықша еңбек еткен академик ғалым Әлкей Марғұлан болса, беріде археологиялық зерттеулер жүргізген Зейнолла Самашев…
1999 жылдары ұлтымыздың аяулы перзенті Иманғали Тасмағамбетов ел мен елдік тарихындағы киелі орындардың бірі болған Сарайшық топырағында мемориалды кешеннің ашылуына, хандар пантеонының бой көтеруіне бастамашы болды…
Атырау топырағына табанымыз тигенде біздің де ойымызға осы Сарайшықты, анықтай айтқанда оның орнын көру мақсат болған. Әруағы асқан жеті ханның рухына, әппақ сүйек үгінділері араласқан киелі топыраққа тәу ете отырып, өткенімізді егіліп еске алып едік… Сарайшықтың салтанаты мен сәні көз алдымызда көрінбегенімен, санамызда жаңғырып, рухымызды түлеткендей әсер беріп еді.
Сол Сарайшық, Сарайшық қана емес, қыпшақ сұлтаны билеген Мысыр елі Маралтайдай тегеурінді ақынның әпсана деп әдіптеген поэтикалық туындысында қайта тіріліп, екі қаланың – Каир мен Сарайшықтың арасында тынымсыз керуен көшіп, Берке хан мен Бейбарыс арасындағы байланыс жанданып, Бейбарыс сұлтан мен Қисса-дин арудың жүрек лүпілдері жиілеп, жазуларға қанат, музейдегі жәдігерліктерге тіл бітіп кетті…
Олай деуіміздің мәні – «Аруана» атын үкі етіп таққан Маралтайдың әпсана-поэмасының алтын өзегінде Сарайшықтай саф қаланың, астана жұртын айналған алуан тағдырлы тарихи тұлғалардың кешкен өмірі, көрген ғажабы мен азабы жатыр… Жайықты жағалаған жетім бота – Қисса-диннің төркінінен бота болып ілесіп келіп, қасіретті шағында еліне бірге қайтқан ақ аруана – ұлттың рухын, перзенттің сағынышын, елдің зары мен мұңын, Бейбарыстың жетпеген мұратын, Қисса-диннің қасіреті мен шерін аңғартатын символдық деталь… Әпсана-поэманың «Аруана» аталуының астары осында жатыр… Жары мен баласынан айрылып, Төлеген ақын жырлағандай «омырауын шерге толтырып», еліне қарай бет алған, ел шетін көргенде ажалдың жебесіне тап болған Аруана – Қисса-дин тағдыры оқырманының жан-жүрегін солқылдатады…
Алтын Ордалы айбынды мемлекеттің айбары һәм мақтаны болған Сарайшық туралы ақынның әпсана әлемінің табалдырығына қалаған
Батырған мұңға
Орыстың ойлы орманын,
Теңселткен сесі
Қытайдың қалың қорғанын.
Жүрегі сынды,
нұр-өңі сырлы Сарайшық –
Айбарлы Алтын Орданың! –
деген өлең жолдары бұл қаланың тарихтағы даңқын мегзейді.
Әпсана кіріспесі Жайық өзенінің ағысына сыры мен мұңын өрген ақынның толғанысынан бастау алып, бірінші бөлімі әйгілі Дамашық шаһарының марқұмдар жай тапқан молаларында жас төгіп отырған Қисса-дин ханшаның азалы сәтіне ұласады.
Жылап аққан Жайық, күліп аққан Жайық…
Өмірдің жалғандығын, әрбір сәттің өткіншілігін, бақтың баянсыздығын ағысымен аңғартқан Жайық жағасындағы жетім бота – боздап жүрген үміт пен сенімнің елесі яки сұлбасы. Біз осылай деп сезінген жетім ботаны жұбатқан сырлы өзен кешегі Сары-Айшықтай саф қаланың тулаған қан тамыры емес пе еді… Сол Сары-Айшықтан тағдырдың жазуымен Бейбарыс сұлтанға ұзатылып келген Қисса-диннің егілген сәтін есіндегі өткен шаққа апарып жалғаған поэтикалық баяндау ақынға аз жүк артпаған. Туған жерінен бала жасында қол үзіп, бойға біткен тектілік тегеурінімен жат жерге сұлтан болған әйгілі Бейбарыс қандай даңқты болса, Алтын Орданың айбарын асырған Берке ханның беделі көкпен таласқан асқақ шыңдай болғаны да шындық. Сол Беркеден туған ай маңдайлы ару Қисса-диннің болмысы қандай еді…
Жан жарынан, содан соң жалғыз ұлдан айрылған Қисса-диннің азалы сәтінде есіне оралатыны – төркін жұрты Сары-Айшық топырағы. Сары-Айшықта бастан өткерген бал дәурен, бойжеткен бұла шағы азалы аруды еріксіз өз иіріміне тартады…
Әлқисса…
Қисса-дин жай ғана көп арудың бірі емес, бірегейі еді. Ол – Берке ханның маңдайына басқан аяулы перзенті ғана емес, мақтан тұтар ұрпағы. Маралтайдың суреттеуінде:
Адамның болар-болмас арман ісі,
Секілді Ұлысудың нар қамысы.
Ұл болған ұл орнына, қыз да болған,
Қисса-дин – хан Беркенің ар-намысы!
Сарайшықтың әмірші айымы, Берке ханның маңдайдағы жұлдызы – Қисса-динді таң алдында піл сүйегінен шаптырған төсегінен тұрғызған мазасыз ой мен сезімнің аясында Мысырдан – Бейбарыс сұлтаннан сый ретінде келген қыш құмыра көзге ілігеді:
Шамдалдың жарығынан шашыраған,
Құбылып сөреде тұр қыш құмыра.
Мысырдан сый боп жеткен бұл құмыра,
Өрнектеп өлең төккен гүл құмыра…
Көне Сарайшықтың құнды бір мүлкі – археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған сұр түсті қыш құмыра. Қазба жүргізу кезінде Сарайшық қаласынан үш метр тереңдіктен шыққан екен. Құмыраның бүйірінде көне түркі әдеби тілінде Жүсіп Баласағұнның «Кісі көркі жүз, жүздің көркі көз, ауыз көркі тіл, тіл көркі сөз, тағы кісіге көрік білім мен өнер, біліктілікке әркім жанын пида етуі тиіс» деген сөздері жазылыпты. Ортаңғы бүйірінде «Бұл құмыраның ішіне көз жасын құяр болар» деген сөз бедерленген. Зерттеушілердің болжамына сүйенсек, бұл жазу осы құмыраны жасаған шебердің мұң-шерінен туындаса керек. Міне, сол құнды жәдігерлік Маралтай поэмасының оқиғасында салмақты орын алған.
Әпсана-поэмада құмыра – Бейбарыс сұлтанның жүрек сырын жеткізуші, Қисса-дин сұлудың ілтипатына іліккен құрал.
Әуелі Бейбарыстың өзі қымбат,
Дәнекер ортадағы көзі қымбат.
Мысырға екі барып, екі келген,
Жазылған құмыраға сөзі қымбат.
Жүрекке жыр тұнады тазарса шын,
Білмейді адам-пенде ажал сырын.
Айтармыз сәті келсе бек мархабат,
Жазылған құмыраға ғазал сырын…
Бұл құмыраны кезінде Қисса-дин қалап алып еді… Құмырадағы жазуды Маралтай ақын түпнұсқадан ауытқымай:
«Ақыл көркі – тіл,
Тілдің көркі – сөз.
Кісі көркі – жүз,
Жүздің көркі – көз! –
деп өрнектейді. Ақынның баяндауынша, келесі сөзді жаздырған Қисса-дин екен:
«Бұл құмыраға алтын құяр болар,
Бұл құмыраға күміс салар болар.
Бұл құмыраға шарап құяр болар,
Бұл құмыраға көздің жасы толар!»
Сөйтіп, құмыраны қайтадан Бейбарысқа жібереді. Бейбарыс сұтан тарапынан:
«Тағы көрік кісіге,
Білім мен өнер.
Біліктіге әркім
Жанын пида етер!» –
деген жолдар жазылған құмыра Қисса-динге қайып оралады… Қыш құмырадағы жазу сырын Сұлтан мен ханшаның арасын жалғаған ғазал ретінде ақын осылайша тірілтеді. Қыш құмыра, ондағы жазулар –кейіпкерлер арасындағы сезімді, олардың болмысын, мақсат-мұратын танытуда қолданылған сәтті көркем деталь. Тарихи жәдігер ретіндегі қыш құмыра поэма мазмұнында осылайша ерекше мәнге ие болып, бас қаһарманның тағдырына қатысты қымбат мүлік, екі жастың арасындағы қимас сезімді жалғаған ерекше зат… Ақын Маралтай тарихи-археологиялық дерек-мәліметтерді назарынан тыс қалдырмай ақындық қиялында қайта түрлентіп, маңызын арттыра түскен. Тарихи деректердің көркем кеңістіктегі жаңғыруы суреткерден ерекше шеберлікті талап етері белгілі. Осы тұрғыдан келгенде қыш құмыраның жай ғана бір мүлік емес, кейіпкерлер тағдырында алар маңызды орны бар детальға айналғаны поэманың қуатын арттыра түскен. Ақынның өзі айтқандай, құмырадағы ғазал сыры осылайша сыршыл сезімге толы хикая болып тарқатылады…
«Дүниеде әркім жүрер кең болған соң, Мен жүрмін кең дүниеде сен болған соң» деп кесте төгетін Қисса-диннің болмыс-бітімі бөлек, жан сарайы кіршіксіз асқақ екен… Ал, Бейбарыс ше… Тарихтағы Бейбарыс тағдыры туралы там-тұмдап білеріміз бар болар. Алайда, ол кешкен мұңды, ол тартқан зарды сезіне алдық па? Туған жерінен еріксіз айрылған баланың түбі басқа жұртқа бас болар, бас болса да алыстағы атажұртын сағынып өтер жазмышын әуелде кім білді дейсің…
Бұлдырап санасынан өтер елес,
Сарайшық Бейбарысқа бөтен емес.
Құмында табанының табы қалған,
Ақ Жайық көз алдынан кетер емес.
Бес жасар жау қолында қасқа бала,
Қара бұлт жай ойнатқан аспанына.
Тас болып кеудесінде қатып қалған,
Ол енді басқа әңгіме, басқа бала…
Туған жердің сананы арбап, өзіне бас идіретін, қиырда жүрсең де өз бауырына еріксіз тартатын құдыреті сұлтан Бейбарыстың дұшпан мысын басатын айбарын жұмсартып, еріксіз тұңғиыққа батырады. Талайлы тағдыр, тартысқа түскен ғұмыр, күрескелік мұрат – Бейбарыстай бөлек жаратылған оғланның пешенесіндегі жазуы. Елді билеп, алтын тақта асқақ отырған сұлтанның жүрегіндегі сағыныш, көңіліндегі сызат – алыста қалған атажұрты, туған елі. Атажұртты сағынған сәтінде терең ойға шомып кететін ол – жат жердің сұлтаны болса да, туған елін сағынып, сарғайып күн кешкен перзент. Ой тұңғиығына батып, одан өзін өзін суырып алып шыққандағы сұлтанның әмірі:
Келтіріңдер алдыма
Жолбарыстай білекті,
Білекті де тақымды,
Шалымды да ақылды
Наиб Білік досымды!
Қалдырмаңдар әрине,
Ұстаз-әмір Айтегін
Қадірменді батырды!
Сары-Айшықтың әмірші айымы – Қисса-динге үкі тақпақ ниетпен ұстазы мен досын алдына шақырған сұлтанның толғанысы ең әуелі атажұрт туралы. Ақын жат жерде сұлтан болған Бейбарыстай арыстың туған жерге деген перзенттік сағынышын былайша төгілтеді:
Қалма мынау сапардан,
Еділ – Жайық арасы
Ұлысу деп аталған.
Қайран менің қонысым,
Атамекен – Атажұрт!
Мені туған өлкеге,
Барып қонақ болғайсың.
Мен сағынған Ақжайық
Жағасына қонғайсың.
Атам жатқан топырақ,
Өр басыңды игейсің.
Анам басқан топырақ,
Сәжде қылып сүйгейсің.
Осылайша тебіренген сұлтанның ары қарайғы ниет-тілегі де осал емес. Сарайшықтың топырағына кіндік қаны тамған, балалықтың бал шырынын қанып ішпей, жат жерге кеткен ұланның көкірегіндегі шер, жүрегіндегі сағыныш фольклорлық үлгідегі айшықтаумен және классикалық поэзиядағы бейнелі суреттеумен шебер астасқан. Ақын кейіпкерінің жанына оймен сүңгіп, күллі сыры мен сезімін, тебіренісі мен мұңын, арманы мен мұратын сүзіп алып шыққан:
Сарайшыққа жеткейсің.
Ақ, аманат мүлкім бар,
Ұлы Шыңғыс зәу-заты,
Берке ханның жұлдызы
Қисса-диндей аруға,
Барып табыс еткейсің!
Сұлтанның сыйға жіберер ақ, аманат мүлкінің басы – Хазіреті Оспанның қолы тиген қасиетті Құран:
Берік қыл деп иманын,
Қисса-динге сыйладым!!!
Содан кейін – маржан, лағыл, асыл тас… Тағы:
Гауһар көзді білезік
Білегіңе ки дегін.
Мұнымен де тоқталмайды:
Ақ жібекке түйгенім –
Кәмшат бөрік үкілі,
Үлпілдетіп үкісін
Кисін соны сүйгенім!!!
Осы аманат мүліктің бәрі – ақ сандықтың ішіндегі көк сандыққа салынған. Ақын сөзді, тіркесті, тұтастай жолдарды қайталау арқылы әр детальға поэтикалық әсер үстейді. Үкісін үлпілетіп ұсынған кәмшат бөрік бабамыздың «қалыңдыққа үкі тағу» салтының көрінісі. Жат жұртта сұлтан болса да елінің салты мен дәстүрін есінен шығармаған Бейбарыстың түркі текті дара болмысын айқыдай түсетін бұл үзіктер поэманың шырайын ашқан суреттеулер. Қалыңдыққа ұсынылар гауһар көзді білезік, үкілі кәмшат бөрік өз алдына бір төбе болса, Хазіреті Омардың қолы тиген Құран Кітап сұлтанның туған жеріне, сондай-ақ әмірші айымға деген үлкен құрмет, шекіз ықыласының айғағындай.
Сары-Айшыққа қарай жол тартқан қымбат мүлік артқан бес жүз нар, сұлтанның аманатын ала шыққан Наиб Білік пен Айтегін бастаған көш – әпсана-поэманың көркін кіргізіп, айшығын айқындап тұрған алтын үзігі. Көш мүлкі ақынның бейнелеуінде бөлекше болмыс, ерекше тілмен бедерленеді:
Талайғы жолы ғой бұл бұлың-бұлың,
Шам, Бағдат, жақсы таныс Ұрым, Қырым.
Бұл көштің жолбасшысы – Наиб Білік,
Білетін алыс жолдың қырын, сырын.
… Алладан басқа ешкімнің жоқ панасы,
Керуен анық енді тоқтамасы.
Сұлтанның бұйрығымен бекітілген
Бұл көштің Айтегін ер – ноқта ағасы.
Құлаған тау суындай ағыны дәл,
Болса да қандай бұйрық қабыл алар.
Келеді үш жүз сарбаз жер төңкеріп,
Дауылпаз, керней-сырнай, дабылы бар.
Қорғаны жүректегі – Құрандары,
Алла аты – ту көтерген ұрандары!
Әрбірі он адамға төтеп берер,
Мәмлүк қыпшағының ұландары…
Наиб Білік пен Айтегін бастап, Сарыайшыққа қарай бет алған көштің айбын-айбары осындай.
Ең қызығы, біз бұны авторлық тапқырлық дейміз бе, қиял ұшқырлығы дейміз бе, көркем қисын дейміз бе, не десек те дәл осы көште, Наиб Білік пен Айтегіннің қасында замандасымыз Әмірхан Балқыбектің жүруі… Сарайдың иесі – сұлтан, қорғаны – батыр болғанда, сөз ұстары – ақын болуы заңдылық. Сұлтан сарайының сәнін келтірген айдынды даңқы болғанда, әрін келтіретін семсер тілді ақынның жыры… Маралтай өзімен заманы бір, мұңы бір қимас досының рухын әпсана-поэмасында қайта тірілткен.
Кіретін өткір тілмен бұзып дауға,
Сәл өзі қызу қанды, бұзықтау ма!?
Бәрібір Әмірханның орны бөлек,
Ақынсыз қызды ауылда қызық бар ма?!
Пір тұтқан адам атын, ақын атын,
Жырына ару қыздар «аһ» ұратын.
Өзі ақын, өзі батыр шежіреші
Тарихты әргі-бергі сапыратын.
Көзі от, тілі жүйрік, жыры жорға,
Ешкімге басын имес ұлық ол да.
Әмірхан Балқыбекті Айтегін ер
Қолқалап ертіп шыққан ұлы жолға.
Есте жоқ ескі күннің шежіресін санасына сіңіріп, бағзыға болмысымен еліткен Әмірханың өмірдегі арманын Маралтай досы осылай жүзеге асырады. Асырғанда қалай – алыстағы Мысыр жұртыныан Бейбарыстай сұлтанның аманатын арқалаған абыз бен батырға серік болып, ата қоныс, бабажұрт Сарайшыққа бет алған керуенге ілестіреді. Әмірхан бірге келе жатқан көштің сән-салтанаты, көркі қандай дейсіз ғой:
Бағасын шамалайсың түр өңінен,
Сұлтанның сыйлығы бұл – жүрегі кең.
Нарлардың жуан белі қайысады
Қытайдың торғын-торқа жібегінен.
Көз арбап, көңіл қозғап нұрыменен,
Меккенің мөлдір зәм-зәм суыменен.
Жез, қола, күміс көркем шырағдандар
Апталған сары алтынның буыменен.
…Тоқтамай, толастамай ғұмыр ағар,
Ғұмырдың бағасын кім ұғына алар.
Тек ханның сарайына лайықты,
Құмыра, құмыралар, құмыралар…
Қай жақтан қалай келген, білер ме еді,
Сөйлеп тұр көрер көзге реңдері.
Ұрымның сауыт-сайман, семсерлері
Фарсының қызыл оттай кілемдері.
Қысқасын айтқанда:
Жер шалғай, бел болады, көл болады,
Жағалай дөң басына ел қонады.
Не бар деп сұрағанша мына көште,
Не жоқ деп сұрасаңыз жөн болады.
Көш жолымен тарта берсін… Енді ақын Мысыр сұлтаниятының Каир шаһарында даңқы асқан Әмірхан туралы тебіреніске көшеді:
Қап-қара күңдер, қап-қара…
біледі тәтті-ақ,
Ауызын басып жымиып
күледі шақтап.
Әмірхан өлең оқыса
жиыла қалар,
Тәндері қара болғанмен
жүрегі аппақ.
Нәсілге бөліп… (басады
сананы қырау),
Құл қылып, күң қып қорлық қой
адамды сынау.
Гүрілдеп жырға басқанда
Әмірхан жырау –
Жаратқан өзі секілді
ғаламды мынау.
Әмірханның жырын жатқа оқитын Хасанның Хорлан сұлуға деген сүйіспеншілігі де поэма оқиғасымен әдемі үйлесім тапқан. Шегініс жасау арқылы кейіпкерлері жайлы толғап өткен ақын оқыс оқиғаны өрбітуге де ерекше мән береді. Бейбарыс сұлтанның аманаты – ақ сандықты ұрлатпақ болған қара ниет жүзеге аспай, қызғаныштан қара басына пәле тапқан Мәліктің әрекеті ақын тілінде көркем қисынмен суреттеледі.
Әмірхан ақын образы поэмада уақыт пен кеңістік ауқымынан шығып кететін тұстар бар. Ақын оны былайша жеткізеді.
Жыр оқып болды-дағы өңі жүдеп,
(Тұтқанын кім біледі, нені медет.)
- Бұл, бірақ басқа уақыт, басқа заман
Бұл, бірақ басқа қала, – деді, кенет!
Ақын түйсінер тылсымды адамның бәрі ұғып, сезіне бермесі шындық. Сондықтан да Әмірханды бәрі емес, бірі ғана түсінеді. Ақынның нұсқауынша, сол – Қисса-диннің нөкер басы Мархабат… Әмірхан Хасан арқылы жыр-хат жолдаған Мархабат… Ұзақ үнсіздіктен соң Әмірханға «Сіздікі – іңкәріңіз» деп тіл қатқан Мархабат… (Бүгінгі біздің білуіміздегі замандасымыз Әмірханның жан жары Мархабат…)
Мінгені бір-бір бедеу салтанатпен,
Ерке ақын ақ сезімін арқау еткен…
Үзеңгі қағыстырып қатар жүрген
Әмірхан нөкербасы Мархабатпен.
Сезімге қалай қой деп айта аласың,
Қисса-дин қалай мұны байқамасын…
Екі жастың арасындағы селт еткен сезімді Қисса-дин ханша қалт еткізбей қағып алған екен… Соңыра ақынға Сарайшықта қалу туралы ұсыныс жасаған себебінің бірі сол…
Әмірхан түс көреді. Түсінде көргені – Сарайшықтың суға батып, ғарық болғаны, қираған қаланы құзғын-қарғаның мекендегені, маңдайындағы Айшықтың алынып, орнына бес тармақты жұлдыздың қадалғаны, өзі жыр оқыған Қызыл алаңның Мәскеуге ауысқаны. Көркем кеңістікте осы түсті көрген Әмірхан ақын дәл осы түсінде көрген дәуірде өмір сүрген жан. Маралтай бұл өмірлік шындықты көркем шындыққа айналдырудың тәсілін де сәтті тапқан. Ақын Әмірхан Балқыбек өмір сүрген заман әпсана-поэмада көрген түсі болып суреттеліп, Сарайшықтың, қала берді күллі хандықтың тағдырын тұспалдайтын түс:
Сол түні Ай тұтылып… байқалмады,
Сол түні Жер қозғалып шайқалған-ды.
Сол түні ол бір сұмдық түс көрген-ді,
Ол түсін ешкімге де айта алмады.
Бір нөпір тасқын жүрген екен дейді,
Тасқыннан қашып жүргем екен дейді.
Сарайшық суға батып қарық бопты,
Бұл оған жете алмайды… жетем дейді.
Су емес ат дүбірі екен дейді,
Көп жаудан қашып жүргем екен дейді.
Қиратып, өртеп, жойып Сарайшықты
Орынын қарға-құзғын мекендейді.
Сөйлеуге қызыл тілі байланыпты,
Жағалай ата жауы жайланыпты.
Кеше өзі жыр оқыған Қызыл Алаң
Қан сасып қара жерге айналыпты.
Қарайды көзін алмай форымына,
Түсті екен қашан, қалай жолы мұнда.
Мәскеуде – Қызыл Сарай, Қызыл Алаң
Айды алып, жұлдыз қойған орынына.
Шындыққа кім қалайша жүгінеді,
Шындықтың нәзік белі бүгіледі.
Мәскеуде – Қызыл Алаң – Кремльде
Соғып тұр алып курант бүгін енді…
Поэмада Әмірханның түсінде тұспалданған Сарайшықтың кейінгі тағдыры ақынның көңілінде секем туғызып, жүрегіне үрей ұялатады. Бұл – болашақта болар шындық. Алайда:
Қайғылы – бұл тарихты ойға алуға,
Жұмыр жер өз жөнімен айналуда.
Бар еді, бірақ әлі үш ғасырдай,
Бұл сұмдық, ақиқатқа айналуға…
Каирдан келген Әмірхан ақынның кітапханаға ауған ниеті әмірші-айымның назарынан тыс қалмағанын да білеміз:
– Сарайшық үшін жақсы бір іске жарарсыз,
Ақылға салып қарарсыз.
Әмірхан мырза, орындалмайтын арман жоқ,
Осында мүмкін қаларсыз..?
… – Уәде менен, қалғанын тағы таңдарсыз,
Сән бар ма елде өрелі, ойлы жандарсыз.
…Нөкер басымен сөзіңіз барын сезем-ді,
Той қамын тездеп қамдарсыз…
Каирдан Сарайшыққа қарай шыққан көш суреті көшпелі жұрттың бары мен нарын, сәні мен салтанатын танытса, дәл осы сән-салтанат келесі – Сарайшықтан Каирға қарай Қисса-дин аруды ұзатып алып шыққанда да ерекше шабытпен жырланады:
Жалғыз қыз… аянардай қызы көп пе,
Жарық боп барған жерде жүзі көпке…
Берке хан жасау артты мың түйеге
Мың адам және қойды қызметке.
Уығы күмістелген бұрамалы,
Кім оған таңырқамай тұра алады.
Жүк болған жүз түйеге жүгіменен
Ақ орда отыз қанат құрамалы.
Шебер де бар өнерін құйған дер ем,
Бойына бекзаттықты жиған ерен.
Баяғы Алтын орда сияқты дәл –
Батуға Шыңғыс қаған сыйға берген.
Қисса-дин Каирға – Бейбарыс сұлтанның сарайына осылай келіп еді… Бұл көштен қалып қойған – ақын Әмірхан. Ол да бір кездері осы қыпшақ даласынан Мысыр асқан оғлан еді. «Әмірхан Балқыбек нөкербасы Мархабат сұлумен бас қосып Қисса-дин ханшаның өкімімен Сарайшық қаласындағы кітапханалардың басшылығына тағайындалған-ды. Бұл қала Әмірханға да жат емес…», – дейді ақын…
…Дамашық шаһарындағы қорымда үш таңын өткізген Қисса-диннің арман-мұраты, ақтық шешімі – Сарайшыққа, туған еліне жету. Бүгінде Аруанаға айналған баяғы ақ ботаның жібек баулы жез бұйдасын қолына алып, еліне бет бұрған арудың жолына бар ниетімізбен тілекші болсақ та, шешім басқаша. «Айды аунатып», «күнді заулатып», көл мен шөлден өтіп, арман болған Сарайшықтың төбесін көрген сәтінде қарақшы қолынан жолданған ажалдың улы жебесіне тап болады. Аруана болса туған жерін танып, көзінен жас парлатады…
Поэманы сөйлетейік:
«Қисса-дин ханша оң иығына қадалған улы жебеден ауыр жарақат алып еді. Сәт санап халі мүшкіл тарта берді. Қанша жылдан бергі сартап сағынышына айналған, өмірінің ең соңғы мәніндей болған Сарайшыққа әні-міне жетем дегенде… Қисса-дин ханшаның санасы шатаса бастады. Аруана жүрісін үдетті…
Қисса-дин әнге салды өте мұңды:
«Дүния-ау, білуші едім өтеріңді…»
Баяғы жетім бота жетегінде
Қисса-дин көкке қарай көтерілді…»
Бір күндері Ару-ханшаның жетегінде Каирға келген жетім бота поэма финалында Аруана болып, шерлі ханымды Сарайшыққа әкеле жатыр еді…
Қисса-динді туған еліне жеткізбек болған Аруана – рух, сағыныш, ел мен жерге деген сүйіспеншілік символы. Сондықтан да Қисса-дин өлген жоқ:
Адамның ең бірінші адамдығы:
(Ұқпайды мың айтқанда надан мұны!)
Өлмеудің бұл өмірде жалғыз жолы –
Туған ел, туған жерге – адалдығы…
Авторлық пайым мен таным, Сарайшықтай қаланың тіршілік-тынысын жандандырған ақындық тегеурін, ең соңында рухтың асқақтығы мен мәңгіліктігін тұспалдар көркем шешім поэма оқиғасының айшығын айқындап, бейнесін құлпыртқан. Сарайшық пен Каирдың Берке хан мен Бейбарыс сұлтан заманындағы хал-ахуалы, өмір салты, қыпшақ даласының сән-салтанаты, Қисса-диннің асылзада болмысы мен кіршіксіз махаббаты, оқиғаға араласқан алуан тағдырлы кейіпкерлердің арман-мұраттары – әпсана-поэманың алтын өзегіне айналып, қуатты көркем дүние туған…
Даңқы құрылықты дүбірлеткен Алтын Орда мемлекеті туралы тарихтан білеміз. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихы сол Алтын Ордадан тамырланатынын да білсек керек.
Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық (Сары-Айшық) қаласының сәні мен салтанатын, гүлденген кезінен де, күйреген шағынан да тарих арқылы хабардармыз. Маралтай ұлт тарихындағы ерекше дәуірдің бір үзігін осы туындысында тірілтіп, көз алдымызға әкеледі, санамызға сіңіреді. Елдік пен ерлік, сүйіспеншілік пен адалдық – адамның ұлылығы да, қасиеті де осы ұғымдармен дараланбақ. Тарихтың тасасында сан қилы тағдыр жатыр. Сатқындықтың улы жебесіне жолыққан тағдыр тауқыметін, Мәмлүк Бейбарыс сұлтан мен Алтын Ордалық Қисса-диннің ел-жұртына, бір-біріне деген айнымас сүйіспеншілігін арқау ету, сол арқылы өткен шақты көмбеден шығарып, көркем әлемнің кеңістігінде тірілту – әпсана-поэманың артық тұсы.
Қорыта айтқанда, Маралтай Райымбекұлының «Аруана» поэмасы – өткен тарихты бүгінгі күн шындығымен сабақтастыра отырып, тың көркемдік тәсілмен шебер суреттеп жеткізген сүбелі туынды.