«Рахмет!»
Алматыға қоңсылас қонған ауылдардың қыз-қыз қайнаған тіршілігі өз алдына, адамдары да қалалыққа жақындау келетін сияқты. Алып мегаполистен екі жүз шақырым жерде орналасқан біздің ауыл аудан орталығы болғандықтан ба, әйтеуір ию-қию адамдары құдды Қытайдың жаяу жолындағыдай болып кететін сәттер жиі. Кейде қым-қуыт, қарбалас тіршіліктің жетегінде жүргендер ақшадан өзгеге бас ауыртқысы келмейтіндей болып көрінеді. Дегенмен, бір-біріне деген құрмет пен ілтипатты көрсеңіз, жан сүйсінтіп, жүрек тебірентіп, іші-бауырыңды елжіретерліктей. Оның айқын дәлелі болатын көпе-көрінеу мақтау басқа-басқа аудандық басылымның тұрақты айдары десе де болады.
…Күн сенбі. Орталық алаң. Сахна төрінде шырқалып жатқан әуен жаңғырығы алыстан талып естілгенімен кәдімгідей менмұндалап, өзіне тартатын сияқты. Еліктірген әуенге еріп музыка шығып жатқан тұсқа беттедік. Расында, адам ығы-жығы. Әртістер бар өнерін салып, ән шырқауда. Бірақ тамсанып, тыңдап тұрған жұрт жоқ. Екіден-үштен топталып алғандар өзара қызу әңгімеге кіріскен. Жанымызда қара көзәйнек таққан кексе әйел топ ішінен өтіп бара жатқан келіншекті қолынан шап беріп, ұстай алды. Шошып кеткен құрбысы бастапқыда танымағандай кейіс білдіргенімен, соңынан «Е-е-е» деп әлденені есіне түсіргендей жымиды да, лезде езуін жиып алды. «Сенің балаңа мектепке керекті заттарын алуға көмектескенімді өзің де жақсы білесің. Алғанда бәледейсіңдер. Неге алғыс айтпайсың». «Рахмет, рахмет, әрине» дей бергенде, «Маған айтқаның керек емес. Сен оданда бүйт, ертең редакцияға барып, газет арқылы алғысыңды айт. Жұрт білсін. Әйтпесе, шашылып жатқан ақша бар ма, тәйірі», – деді де бұрылып жөнімен кете барды…
Сол күні мерекелік кешкі асқа жиналып, қонақтармен бірге дастархан басына жайғастық. Кіл жақсының басын қосқан жиында сөз сөйлеушілер де көп екен. Бірінің сөзін бірі қайталаудан танған жоқ. Бәрінің айтары алғыс. Тіпті, келісіп алғандай әсер қалдырады. Сонымен микрофонның кезегі келгенде көрші ағамыз көсіліп тұрып қазақтың сүтті қою шайындай құнарлы, бай тілімен ақ тілекті алыстан қайырып келіп, сөзін түйіндеді. Ал бұныма не дейсің дегендей жай басып, орнына жайғаса бастағанда әлдекім құлағына сыбыр етіп: «Оның жарамады, бүкіл жұмысты өзің бітіріп жатқандай, ең болмаса мына жұртыңа бір рахметіңді аяғаның ба», – дегенде әлгі ағамыз шын састы. Япыр-ай, бұл қалай болғаны? Жұмыс туралы айтпап едім, бұл не қылғаны, – деп, ішкі сырымен бөліскендей бізге сұраулы жүзбен қарайды. Сөйтіп отырғанымызда әлгі кісіге кезек-кезек келіп, өкпе-ренішін айтқандар қарасы көбейе берді. Осы кезде келесі сөз кезегін алған мейман ә дегеннен «осы шараны ұйымдастырғандарға рахмет!» деп бастағанда жұрт: «Әп, бәрекелді!» деп, айта түс дегендей тыңдай қалысты. Осылайша өзінің қалыпты әдебіне түскен тағы бір жиын аяқталып, қонақтар үй-үйіне тарай бастаған.
Ертесі күні үйреншікті уақытта жұмысқа келсек, редакцияда бір келіншек күтіп отыр екен. Өңі таныс. «Мақала берейін деп едім», – дей бергенде есімізге сап түсті. Иә, иә, кешегі Орталық алаңдағы келіншек. «Жақсы адамдар қолғабыс етіп, көмек қолын созған еді. Соларға газет арқылы алғыс айтсам деймін. Ақылы екенін білемін, ақшасын да ала келдім. Тек тездетіп шығарып бере аласыз ба?», – дейді қиылып. Ақыл айтып, сұрақ қоюдың жөні жоқ екенін түсініп, кезекші қызметкерді шақырғанымызда «бұл бүгінгі басылымға баратын төртінші алғыс» екенін айтып қалды…
Жалпы, кез келген адам өмір сүретін ортасына бейімделіп, сіңісіп, тіпті жақсы-жаман қылықтарына дейін бойына тез сіңіріп алады екен. Дәл осы жағдайдың жақсы әсері де болды. Жүрген жерде ризашылығымызды білдіріп, пейіліміз кеңи түскендей болып көрінеді. Осы дүниемізді жазғандағы мақсатымызда да бөтен ой жоқ еді. Қалай болғанда да, аяғына дейін оқып шыққаныңызға «рахмет!».
Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ.