ДІН ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ЖАППАЙ ЖАЗАЛАУ НАУҚАНДАРЫ
29.10.2021
779
0

Тарихи ақтаңдақтарды ақтарғанымызда, көп ретте назарға ілікпей, айтылмай қалып жататын оқиғалар аз емес. Кеңес Үкіметі орнасымен, кіл мықтының төбесінен құй қазғанын бәріміз білеміз, бірақ сол кездегі қуғынға ұшыраған дін иелерінің аттары аталмай, саяси мәні ашылмай қалып жатады. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, өкіметтің айбалтасы бас көтерердің басын жалмаған уақыттары халық сенімін дін иелеріне байлағаны шындық. Олардың да соңынан еріп, «адам еркіндігін» алу үшін «діни еркіндікті» желеу етіп қарсы тұрды.

Алматы қаласында «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІН ДҮРБЕЛЕҢІ»: КЕҢЕСТІК ҮКІМЕТТІҢ ДІНГЕ ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯЛЫҚ ШАРАЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияда Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Талас Омарбеков осы мәселе төңірегінде өз ойын ортаға салып еді. Қазақ тарихының елеулі маңызы бар осынау парақтарын қайта ашу мақсатында тарихшының ойының негізгі тұздығын ұсынып отырмыз.

 ХХ ғасырдың басында кеңестік жүйенің дінді қудалауы басталғаны бәрімізге белгілі. Мұны негізінен үш кезеңге бөлуге болады:

  1. 1926-27 жылдардағы ауылды кеңестендіру кезеңіндегі қуғындау;
  2. 1928-29 ірі байларды тәркілеу кезіндегі зобалаңдар;
  3. 1930-31 жылдардағы көшпелілерді отырықшыландыру және байларды тап ретінде жою науқанындағы қудалаулар. Бұлардан, әсіресе, 1928 жылдан басталған науқандар аса қатігездігімен ерекшеленді. 1928 жылғы ірі байларды, хандар мен сұлтандар тұқымдарын қудалау науқанында кеңестік биліктің жаулық назарына алынған дінбасылар көп емес. Діни сенімі үшін айыпталғандар негізінен олардың кеңестік билікке қарсы пиғылда екендерін көрсету үшін қажет болған. Мұндай ишандардың, молдалардың саны 8 адам. Бұрын қазақ ауылында би болғандар да осы қатарда. Ал енді осы, алғашқы кәмпескеде молдалар сандарының аз болу себебі олардың ішінде малы көп адамдардың аз болуына байланысты. Сондықтан да діндарлар негізінен келесі 1930 жылдан басталатын науқандарда ашық қудаланды. Сөзімізге нақты мысал келтірелік. Кәмпескеге ұшырағандар арасында «әлеуметтік қауіпті антисоветтік элемент» ретінде айыпталған діндар, Ақмола округінің Асанқайғы ауданының 5-ауылының тұрғыны Әділбаев Ахметтің тағдыры ерекше назар аудартады. Оның 1928 жылы 17 желтоқсанда И.Сталинге жазған хатында осыған байланысты мынадай жолдар бар: «…мені мұсылмандық жоғары білім алғаным үшін кінәлайтын тәрізді. Бастапқыда Ақмола губерниясының өзінде, онан соң екі жыл Арап еліндегі Мәдине шаhарының «Ишфха» медресесінде, оны тәмәмдаған соң Мысырдың Каир қаласындағы «Жәми Асхари» медресесінде дәріс алған едім. Отаныма араптың Ибн Халдун, Ибн әл Асыр, Талфикул-Ахбар, Ибн Халекен тәрізді тарихшы ғұламаларының шығармаларын ала келіп, Ислам тарихын жаза бастадым.                                         Ислам тарихы дегенде, менің еңбегім Қазақстанның ислам тарихымен сабақтастығы жайлы, тарқатыңқырап айтқанда, жазба деректер мен сәулет ескерткіштерінің зерттелуіне қатысты. …ОГПУ-дің Ақмоладағы қызметкері менің 45 пұт кітабымды тартып алды. Жоғарыда аталған арап тарихшыларының шығармаларын, Мәдина мен Каирдан дәріс алғандығымды куәландыратын дипломдарымды, Шейх ул Исламның Константинополда өз қолымен тапсырған дипломды қосып қаттап еді, кейіннен кітаптарымды қайтарғанымен, күні бүгінге шейін дипломдарымды бермей жүр.                     Бір кезде коммунизмнің шығу тегін қазақтарға түсіндіру үшін Карл Маркс пен Лениннің коммунизмін ертедегі араптардың «Иштракуин» деген ұғымымен салыстыра тарқатқаным әрі коммунизмді зерттеп жүргендігім Ақмоланың Ократкомындағыларға күдік тудырған-тын. Енді сол күдік қараңғы, надан коммунистерге менің мал-мүлкімді хаттап, өзімді отбасыммен қосып жер аударуға жеткілікті себеп боп саналып отыр.

…Мұның үстіне  Ократком және басқа органдағылар осы кеңес үкіметі тұсында Түркістан қаласына келіп, әйгілі ғалым  Қожа Ахмет Йассауидің басына зиярат еткен арап ғалымы Ақишанды құрмет тұтатындығым үшін де маған күмәнмен қарады. Ақишан елде болғанда арнайы іздеп барған едім. Шынын айтқанда өз басым арғы тегі ежелгі  Грекия мен Мысырдың ілімі мен ғылымын болашақ үшін сақтап, бүкіл адамзат атаулының өнер білімінің қайта өркендеуіне себепкерлік еткен мұсылман ғалымдарын ардақтау азаматтық борышым деп білемін.                                                                                 Жоғарыда аты аталған Ақишан болса әлдеқашан Меккеге кетіп қалған… Жоғарыда келтірген дәлелдерім Қазақстандай мешеу қалған елде көп ұшырасатын жеке қу басының қамы үшін ру аралық тартыс туғызу, бір партияның екінші партияға үстемдігі үшін күресу тәрізді ақмақшылықпен айналысуға қолымның босамағанына айғақ болар деп ойлаймын. Сондықтан, Ақмола  ОГПУ қызметкеріне маған қымбат болғанымен, оған түкке керексіз дипломдарымды өзіме қайтаруын бұйырсаңыздар екен».

Өтініші қанағаттандырылмаған Әділбайұлы Ахметтің жанұясымен Гурьев аймағына жер аударылғаны деректерден белгілі. Алайда, олар онда жете алмай, қыс айында Ақтөбеге тоқтаған. Деректердің жоқ болғанына қарағанда ол, жаняұсымен осында  қырылып қалған тәрізді. Дегенмен деректерді іздеу керек. Мүмкін, Ақтөбенің облыстық архивінен қосымша мәліметтер табылып қалар.                                                                                      Дінге қысым жасау 1929-32 жылдары орын алған халық наразылықтары мен көтерілістеріне себептердің бірі болды. Мысалы, 1930 жылғы Қарақұм көтерілісіне қатысушылардың көтерілісті басуға келген Мемлекеттік комиссияға қойған  алты талабында «дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттар мен шараларға кедергі жасамау» мәселесі екінші орында тұр. Бұл талапты ұйымдастырған молда Жұмағазы Байымбетов. Оның бастауымен көтеріліске қатысқан діндарлар жоғарыдағы талаптармен қатар, Қазақстанда дербес дін басқармасын құруды және осы мақсатты орындау үшін Жұмағазы бастаған делегацияның Уфаға барып қайтуына рұқсат беруді өтінген еді. Алайда, 30 мамырда  Жұмағазы өзінің 8 серігімен тұтқындалып, Алматы түрмесіне жөнелтілді. Ол кезде көтерілісшілерге келген Мемлекеттік комиссияның (төрағасы Ә.Жанкелдин, хатшысы – Ғ.Мүсірепов, мүшелері – С.Сейфуллин, А.Альшанский, А.Розыбакиев) уәдесіне сенген дін қайраткерлері өздерінің ұсыныстарының большевиктер идеологиясына мүлде қайшы келетінін, сондықтан да дінді қолдауға байланысты ұсыныстардың ешқашан да қолдау таппайтынын, әрине, түсіне қоймады.

Кеңестік биліктің зомбылығына Қазалы ауданынан шыққан көтерілісшілерді бастаған ишан Ақмырза Төсұлы да қатты қарсылық көрсетті. 1930 жылы 14 наурызда Қареке елді мекенінің жанындағы Ақмырза мешітінің жанында кеңестік жазалаушыларға ашық қарсы шыққан көтерілісшілерден 170 адам өліп, ал жазалаушылардан 4 адам шығын болып, 6-ы жараланды. Сырдарияның арғы бетінде құм арасында өткен келесі шайқас та қанды қырғынмен аяқталды. Жақсы қаруланған қызыл әскерлер қарусыз халықты аяусыз қырды. Онда көтерілісшілерден 107 адам шейіт кетіп (ішінде Ақмырзаның өзі де бар), 150 адам жараланды. Ал қызыл әскерлерден 1 ғана адам өліп, 5 адам жеңіл-желпі жарақаттар алды.                Дін қайраткерлерінің ықпалы 1930 жылы ақпанда болған Ырғыз (Сарбаздар) көтерілісінде де, сондай-ақ, осы мерзімде орын алған Созақ көтерілісінде де орын алды. Алғашқысында көтеріліс молда Мұқатай Саматовтың мешітіндегі жиналыста басталып, көтерілісшілер осында Айжарқын Қанаевты хан сайлады. Ал Созақтағы көтерілісті осында хан сайланған Сұлтанбек Шолақовқа рухани дем беруші Асадулла Ибрагимов молда басқарды.

ПП ОГПУ-дың 1931 жылдың 22 қазанында Қазақ Өлкелік партия комитетіне  берген ресми мәлімет бойынша 1929-1931 жылдары болған ірі халық көтерілістерінде (1. бұрынғы Сырдария округінің Бостандық ауданында(Мұсабаев басқарған 800 адам); 2. Қостанай округінің  Батпаққара ауданында(700 адам); 3. бұрынғы Сырдария округінің Созақ, Сарысу, Шаян, Талас аудандарында (ишан Асадулла Ибрагимов пен Сұлтанбек Шолақұлы басқарған 2800 адам); 4. Ақтөбе округінің Ырғыз және Қостанай округінің Жетіғара аудандарында (молда Мұқатай Саматов басқарған 2900 адам); 5. Қызылорда округінің Қармақшы ауданында (500 адам); 6. Қызылқұмдағы (алғашқы көтеріліс) Қармақшы және Қазалы аудандарының адамдары (молда Жұмағазы Байымбетов және ағайынды Қараевтар мен Қабылановтар басқарған 4000 адам); 7. Алматы облысының Бүйен-Ақсу ауданындағы (5000 адам); 8. Қарақұмдағы екінші (Жұмағазы Байымбетов пен Қобжан Жұбанов басқарған 1500 адам қатысқан); 9. Семей округінің Абыралы, Шыңғыстау, Көкпекті, Жарма, Шұбартау, Шет және Қоңырат аудандарында; 10. Маңғыстау, Табын, Жылқосы аудандарында (15 000 адам); 10. Қызылқұм ауданындағы (молда Қарақұлов және бай Жандарбеков басқарған 500 адам) көтерілістерде діни ұрандар көтеріліп, көтерілісшілер басқа талаптармен бірге үкіметтен дін бостандығын беруді талап етті.

Сонымен қатар 1930-31 жылдары Қазақстан аймағында күшпен жойылған 51 «бандиттік» деп аталған әртүрлі топтардың рухани қолдаушылары да жергілікті молдалар болды. Алайда, қазақ ауылына молдалар мен ишандардың ықпалдары ұзаққа барған жоқ. Кеңестік биліктің 1930 жылы қаңтар айында қатарласа басталған және 1931 жылдың соңына дейін созылған екі науқаны (1. Бай-кулактарды тап ретінде жою және 2. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді зорлап отырықшыландыру) жергілікті жерлердегі діндарларды «әлеуметтік қауіпті элемент және антисоветтік пиғылдағы адамдар» ретінде тұтқындап жер аударды.

Осыған байланысты байларды және молдаларды контрреволюциялық діни ұйымдарға белсенді мүшелер ретінде қуғындау басталды. Мысалы, ОГПУ 1930 жылы 3-ақпанда Қазақстанда «Суфи» деп аталатын ұйымға мүшелерді тұтқындауды бастады. Сарбиев дегеннің 40 адамнан тұратын тобы осылай тұтқындалды. Ілес, Қарақұл-Ишан, Әлниязов, Қошанов бастаған топтарды жою қолға алынды. Жазалау қазақтар қашып барған Хорезм, Ташауз аймақтарына дейін созылды. Ақтөбеде «Суфимен» байланысы бар Ужахмедов бастаған топ тұтқындалды. Қарқаралыда осындай кінәмен 90 адам тұтқындалды. Енді Қазақстан аймағында молдалар мен діндарларды айыптайтын әртүрлі қылмыстық жеке істер ұйымдастыру қолға алынды.

1930 жылы 17 қыркүйекте Қазақстан өкіметі ауылдар мен қыстақтар жанынан «примирительные камеры» (көндіру камералары) деп аталатын уақытша түрме камераларын ашуға рұқсат алды. Бұл байлар мен қатар астық және ет дайындау жоспарын орындамайтын шаруаларды және діндарларды жергілікті жерлерде жаппай тұтқынға алуға жол ашты.

Ал көшпелілерді зорлап отырықшыландыру барысында бұрынғы мешіттер мүлде жойылды. Олар аз емес. Өкінішке орай осы науқандарда жойылған мешіттердің, оны ұстаған діндарлардың есімдері мен нақты сандарын анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Жұрт отырықшыланып, колхоздар құрылып жатқан 1931 жылдың жаз айының өзінде осы колхоздардан діндарлардың өздерін ғана емес, тіптен балаларын да іздестіріп жазалау орын алды. Сөзімізге дәлел болу үшін Қазақстан Өлкелік колхоз одағының (Казкрайколхозсоюз) басқарма төрағасы Залогиннің және оның қоластындағылардың көрсетілген жылдың 28 маусымында  республиканың барлық аудандарына жіберілген шұғыл хатынан үзінді келтірелік: «… Бай и аткамнер стараясь использовать возможности пролезти для вредительской антиколхозной работы, пользуясь слабым контролем в этом деле, а иногда и прямой поддержкой отдельных руководителей колхозов, и несознательностью части бедняцко-середняцкого населения все очень часто под видом середняка и даже бедняка пролезают в число  глав колхоза.                Это подтверждается выборочным обследованием социального состава оседающих колхозов произведенным Гурьевским райоседкомом, где в двух колхозах обнаружены чужаки самых разных мастей: а. раскулачиванные, б. имеющие связь бандитами, в. сыновья мулл (выделено нами-Т.О.).

Жоғарыда айтылғандардан төмендегідей қысқаша қорытындылар туындайды:

  1. Мемлекет құрудың балама жолы – Алашорда идеясының халықтың санасына орнығуына большевиктер ұсынған социализм туралы тұрпайы түсініктер және сталиндік қуғын-сүргін кедергі жасады. Осындайда, соңына халық ілескен діндарлар өздерінен бұрын қуғындалған ұлттық интеллигенцияны ауыстыруға мәжбүр болды. 2
  2. Мұндайда кеңестік зорлық-зомбылықтарды тоқтатуды ашық айта алатындар енді тек діндарлар болғандықтан халық оларды қолдады. Өйткені, бұл еркіндікке жетудің соңғы мүмкіндігі болатын. Алайда, большевиктердің сталиншіл саяси идеялары мен аллаға ғана сенетін исламдық ұстаным қазақ даласында қарсы кездесті. Алғашқысы, дәстүрлі қазақ қоғамына жат болса, ал кейінгісі рухани тұрғыдан көптеген ғасырлар бойы халықпен бірге өмір сүріп келе жатыр еді. Мұның өзі Қазақстанда аса күрделі ахуалды қалыптастырды. Большевиктердің ешқандай балама және бөтен пікірлерді ымырасыздықпен қабылдамайтын ұрда-жық, қасаң, біржақты ұстанымы елді қасіретке алып келді. Соның бірі діндарлардың аянышты тағдыры. Бүгінде, шүкір, жаппай мешіт салуға кірістік. Имандылық жолын ұстанғанымызды осылай дәлелдемекшіміз. Дегенмен, сол мешіттерге жоғарыдағы аттары аталған, халықты қорғап мерт болған имамдар мен молдалар есімдерін неге бермейміз? Осыған жауап беретін кісі бар ма өзі?..
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір