Нұрмахан Оразбек

79 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, аудармашы, білікті баспагер Нұрмахан Оразбек өмірден озды.
Н.Оразбек 1937 жылғы 1 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданындағы Қандөз елдімекенінде туған. 1955 жылы Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірген соң, өндіріс орындарында жұмыс істеуге үндеген комсомолдық жолдамамен Қостанай өңіріне аттанып, сондағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында еңбек еткен. Осыдан кейін КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1962 жылы бітірген соң, жас маман ретінде Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы» газетіне жіберілді. 1964-73 жылы Алматыға қайта оралып, республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке алынды. Осыдан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында жұмыс істеп, «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек етті. 1974 жылы Қазақ ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактор, 1982 жылы директордың орынбасары болып тағайындалды. 1988-94 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған Баспасөз министрлігіндегі басқарма бастығы, ағылшын тілінде шыққан «Қазақстан» газетінің бас редакторы болып, 1995 жылдан бері қоғамдық-саяси әдебиеттер шығаратын «Қазақстан» баспасының директоры қызметін атқарды.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасы, «Құрмет» орденімен марапатталған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, екі рет республика Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Н.Оразбектің қаламгерлік, азаматтық биік бейнесі қазақ журналистикасы сапындағы әріптестеріміздің есінде әрдайым сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.
Ойсоқты кейіпте баяу сөйлеп, байыпты қалыбынан әсте жаңылмайтын Нұрмахан Оразбектің дүниеден озуы қазақ сөзінің қабырғасын қатты қайыстырып өтті. «Қазақ әдебиеті» газеті өзінің айнымас асыл жанашырынан айрылды. Саусақпен санарлықтай болған қазақ басылымдарын бірінен-бірін бөліп-жармаса да, әдебиет газетіне деген құрметі – қазақ атамыздың рухын бойына толымды сіңіргеннің куәсіне жүре алатын ерекшелік еді. Нұрмахан Оразбек дүниенің саяси құбылыстарын талдаудан бастап қазақ тағдырына қатысты жайларды сергек, сезімтал жаратылысының арқасында талғампаздықпен болжай алатын. Дүниеден көшкендер мен тірі тұлғалардың аражігін алыстатпастан тең дәрежеде жақын тұтып, өзі жақсы көретін Қасым ақын айтқандай, «қазақтың рухани аспанын аласартпайтын» азамат еді.
Қош бол, қадірлі Нұрмахан Оразбек!
«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.
ХОШ, НҰР-АҒА!
Нұр-Ағам!
Елден ерек!
Асыл текті!
Басыңнан қасіретті ғасыр да өтті.
Сен — кеттің,
Сіркіреп бір нөсер өтті,
Сенімен дүркіреп бір жасын кетті!
Арманда –
Қанша, қайран, ақылды өтті,
Сенің де ала алмаған қақың көп-ті;
Дүниеге жаны жұмбақ бір ақын кеп,
Дүниеден түкті жүрек батыр кетті!
Қызыл тіл нені айтып сайрап өтті,
Қу тағдыр көзді қалай байлап өтті?
Мен қалдым қамшымды ұстап айдалада,
Ері ауған арғымағым қайда кетті?!
Жаралған Күн нұрынан Нұр-Ағам-ай!
Тұл-бойын асыл тектен құрағандай!
Қаңқайып қу керегем құла дүзде,
Шалқайып шаңырағым құлағандай!
Ілесіп Мағжандарға ол да қалмай,
Толғаса —
Қасымдайын толғағандай;
…Несіне отыр мына ел ойнап-күліп,
Дүниеде түк оқиға болмағандай?!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.