Топжарған
11.10.2021
18829
9

«Әкемнің есімі — Қали, шешемнің есімі — Жазира. Үлкен кісілер: «Кәкеңнің даусы қозыкөш жерден естіліп тұрушы еді. Ашық еді», – деп айтып жататын…

Әкеме еріп талай рет қансонарға бардым. Басар және Жолдыаяқ деген екі тазымыз болды. Көз ұшында кетіп бара жатады. «Қазір жоғалады ғой» деп қауіптеніп отырамын. Әкем: «Қазір ізімен барамыз», – дейді. Барсақ, Басар жоқ, Жолдыаяқ қамысқа кіріп-шығып жүр екен. «Әп-бәрекелді, бірнәрсе болған екен», – деді де, мен ат үстінде қалдым, әкем қолындағы шоқпарымен қамыстың арасына кіріп кетті. Барса, Жолдыаяқ пен қасқыр Бір-бірін ала алмай бетпе-бет отыр екен. Екеуінің де көздерін қан жапқан. Әкем кіріп қалғанда қасқыр бір сәтке мойын бұрып қарап қалса керек, сол кезде Жолдыаяқ алқымынан ала түсіпті. «Сілкілегенде қасқырдың құйрығы жерге тимеді», – деп еске алушы еді әкем жарықтық. Сөйтіп тұт ағашымен иттің езуін әрең ашқан көрінеді», – дейді  театр және кино актеры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кинорежиссер Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ сұхбаттарының бірінде.         Балалық шақтан бастау алған өнерге деген құрмет, қанмен сіңген қасиет, табиғатпен бітеқайнасқан тіршілік талант иесінің келешек өмірінің бағдарын айқындағандай. Қазақ сахарасының сәнін келтіріп, көңілдердің әрін кіргізген сал-серілерге деген ізет те өнерпаздың балдәурен кезінен құлағына сіңісті болған қарттардың ғақлиялы әңгімелерінен тамыр алған.

Киелі сахна мен сандаған киноленталарда әр алуан образдарды сомдап, саф өнердің биігіне көтерілген Досхан Жолжақсынов мерейлі жетпіс жасқа толды.  Кез келген кинода тарих пен тағдыр қатар өрілу керек деп есептейтін режиссер хақындағы әріптестері мен ізбасарларының ой-толғамдарын, ізгі лебіздерін ұсынамыз.

 


 

Талғат ТЕМЕНОВ, кинорежиссер:

 ӨНЕР МЕН ДОСХАН – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Досхан екеуіміз сонау жас кезімізден бір-бірімізді білеміз. Сол жылдардан бастап жолдас болдық. Оқу оқып жүргенде жатақханада  – 65-бөлмеде   бірге тұрдық. Досхан оқу бітіре салысымен Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрында қалды. Киелі орданың табалдырығын аттап, сахнасына шыққан бойда жарқ ете қалды. Оқып жүрген кездің өзінде-ақ Досхан мықты күйші болатын. Сол кездегі Құрманғазы атындағы консерваторияда оқитын домбырашы жігіттермен қатар отырып домбыра шерткенде, Досхан олардан асып түспесе, кем түспейтін. Әрі Досханның әдемі, баритон  дауысы бар. Сәуір, мамыр айларында театрдың терезе, есіктері  ашық тұратын-ды.  Сонда Досханның домбырамен шырқаған әні Абай көшесіндегі аллеяға дейін жететін.

Оның сахнадағы қозғалысы, биі, спортшыларға тән дене тұрпаты, қай жағынан да оқ бойы озық болды. Жалпы, ол өнерде де, өмірде де белсенділігімен, жан-жақтылығымен, сегіз қырлы, бір сырлы туа біткен дарындылығымен дараланып келеді. Киген киімі де, тұрған тұрысы да қашанда мұнтаздай.

Досхан жастар театрына келе салысымен «Қаладан келген қылжақбас» спектаклінде басты рөлді ойнады.  Қойылым желісі бойынша, қолында гитарасы бар қаланың баласы  қойшы ауылына келеді. Сол ауылдағы жігіттің өсуі, өмірге басқа көзқараспен қарай бастауы, адам ретінде өзгеруі, қаладан орысша сөйлеп, шашты өсіріп, өзгеше тұрпатпен келген жігіттің  ең соңында жаңбырдың астында қасқырдан құтқарам деп  қозысын құшақтап тұратын детальдары бар. Осы образ арқылы Досхан жаңа бір азаматтық биікке көтерілді. Оқуды жаңа бітіріп келгеніне қарамастан, Байділдә Қалтаев, Әмина Өмірзақова, сол кезде театрға жаңадан келген Лидия Кәденова, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаев секілді сахна майталмандарымен қанаттаса жұмысқа кірісіп кетті. «Беу, қыздар-ай», «Пай-пай, жігіттер!», «Өзіңді іздеп жүрмін», «Отырардың күйреуі», «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», «Мөлдір махаббат», «Апа, апатай», т.б. спектакльдері өнер иесінің баспалдақтары болды. Оралхан Бөкеевтің «Қар қызында» керемет ойнады.  Жалпы, Досхан – театр  сахнасында орны бөлек, жөні ерек актер.  Осы өнер ордасында жүріп «Індет» қойылымында сомдаған рөлі үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Бертін келе өнердегі қадамына нұр бітірген театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі   қызметін атқарды. Ерекше айтатын нәрсе, бастапқы кезде  қазақ және орыс театры бір ғимаратта орналасқан еді. Орыс театрының бөлек ғимаратқа көшіріліп, қазақ театрының өз алдына жеке отау ретінде құлаш сермеуінде Досханның күші мен еңбегі жатыр. Театрдың (сол тұстағы) бұрынғы директоры Қасым Жәкібаев пен Раиса Мұхамедиярованы жұмыстан шығарып жіберген екен. Досхан екі талантты қызметке қайта шақырып, Қасым Жәкібаевқа Қазақстанның халық әртісі атағын алып берді. Ал Раиса Мұхамедиярова… Ғабеңнің  жары болған жан ғой, Ғабит Мүсіреповтің жұбайын Ғабит Мүсірепов атындағы театрдан шығарып жіберу деген ақылға сия ма?

Досхан сахнада ғана емес, телеэкранда да асқан талантымен көрінді. Әбдрашит Әбдрахмановпен бірге боксер туралы фильмге түсті. «Гауһартас» киносында жарқ ете қалды, фильмде Досханның әні де өз орындауында шырқалған-ды. «Бандыны қуған Хамитте» басты рөлді сомдады. Бұл – Досханның жұлдызды сәттерінің бірі. Режиссеры – Абдулла Қарсақбаев, композиторы – Нұрғиса Тілендиев, бұл енді бір ғажап кино болды. Сол кездегі қазақ-совет киносының экшн фильмдерінің басы осы кинолардан басталады. Одан кейін көптеген жүлделерге ие болған  «Алтын күз» киносында басты рөлде ойнады. Негізгі кейіпкердің киноның соңына таман баласын көтеріп алып келген сәтіндегі Нұрғиса әнімен үйлестірілуі сондай әсерлі. Өзге де фильмдерде Досхан жарқырап көрінді. Қырғыз, өзбек фильмдерінің де сүйікті кейіпкері болды. Мәскеуде түсірілген «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» фильмінде рөл сомдады. Қиыр Шығыста, сонау Тынық мұхитындағы аралдарда жүргізілген түсірілім шағында,  қарашаның қара суығында мұхитқа  құлап, сонда біршама уақыт қалып қойып, суық тигізіп алды.

Досханнның режиссер  ретіндегі еңбегі де орасан. «Құнанбай», «Біржан сал» фильмдері халықтың көз қуанышына, көңіл жұбанышына айналды.  Ұлттық өнерге ұлттық бояу, ұлттық сарын, ұлттық музыка жетіспей тұрған қазіргі шақта, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын», –  деп Мұқағали айтпақшы, Досхан қазақтың ұмытылып бара жатқан сал серілік өмірін «Біржан сал» арқылы, әділетті де шыншыл, елдің қамын ойлаған  қоғам қайраткері Құнанбайдың шын бейнесін «Құнанбай» фильмі арқылы көрерменге қайтарды.

1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» кезінде Қазақстан Жазушылар одағында өткен жиында қаламгерлердің 99 пайызы қайтерін білмей, бұғып қалғанда, халықтың қамын ойлап сахнада сөйлеген Жұбан Молдағалиев пен Досхан Жолжақсынов қана болатын. «Неге біздің жастарымздың соңынан итпен қуалайды? Неге оларды күрекпен ұрады? Жастарымызға жәбір көрсетуді тоқтатсын», –  деп айқайлаған да осы Досхан еді.

Бір сөзбен айтқанда, Досхан  –  әлі бергенінен беретіні көп үлкен актер, үлкен тұлға, үлкен ойшыл, ардақты  азамат. Ол туралы айтылар сөз де бір мақаланың аясына сыймайды. Өнер мен Досхан – егіз ұғым.


Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 ТОПЖАРҒАН

Басталған Балықшыдан ардақты үміт,
Қалжырдың қайранына қармақ тығып,
Құйғанның қыздарына қар лақтырып,
Зайсанның толқындарын тармақ қылып,
Алтайдың асқарынан самғап шығып,
Өнердің өресіне шам жақтырып,
Тарланның талайына шаң қаптырып,
Біржан сал, Ақандарды сомдап тұрып,
Өзі де сал-сері боп қалмақ​ күліп!
«Ұлтына жасап жүрген зор жақсылық,
Кім?» десек, ол – Досхан ғой – Жолжақсынов!
Ол кейде – қырғыз, якут, қалмақ, түрік…

​Досхан кім?
Досхан – досым, Досхан – ағам!
Шын дарын ​ – жалғандықты қостамаған.
Үмітін Қали әке тосқан алаң
Өнерге қанат қаққан қос қарадан*.
Бандыны қуған Хамит – қошқар адам,
Хонтайшы Қалдан Серен – қасқа заман…
Қолында сценарий – қос чемодан,
Адақтап  Алматы мен Астанадан,
Таппастан Томиристі еш қаладан,

Тартты оны Ер Құнанбай – басқа ғалам!
Кинода ұлттық тыныс ашқан адам,
Өр мінез, бетін ешкім жасқамаған,
Тосылмас тауқыметке – асқақ адам.
Досеке, Досхан досым, Досхан ағам!

—————-
*қос қара – інісі киноактер Ерік Жолжақсынов екеуі


Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 ҚАЗАҚ ӨНЕРІНЕ ҚҰБЫЛЫС БОЛЫП КЕЛДІ

Ол қазақтың ұлттық өнерін тереңнен біліп қана қоймай, өз заманындағы қоғамда болып жатқан өзгерістердің де ең көзге көрінер-көрінбес тұстарын қалт жібермей сезіне алады. Соның бір дәлелі – «Бандыны қуған Хамиттағы» рөлі. Бұл – советтік  кезеңде түсірілген фильмдердің ішінде ең жинақы шыққан әрі халыққа кең таралып кеткен кино. Досекеңнің фильмдегі бейнесі қандай керемет! Жанып тұр!.. Еуропаның, Американың атақты актерлары сияқты бұлшық еттері бұлтылдап бандыны қуғаны… Бандының рөліндегі  актер   қандай сұмдық!  Соның көлеңкесінде қалып қоймай, текетіресе ойнағаны, міне,  Досханның экранда алғаш жарқ етіп көрінуі осы образдан  басталды. 

Мен кинорежиссер  ретінде  Досхан Жолжақсыновты  алдыңғы буын мен кейінгі буынның ортасына мызғымас байланыс орнатқан алтын көпір дегім келеді. Қазақ өнерінің, әсіресе кино өнерінің өте көп дау-дамайға ілігіп жүргені белгілі. «Қыз Жібек» фильмін экрандаған Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтардың тұсы қазақ ұлттық кино тарихының алтын кезеңі болып есептеледі.  Кейін келе небір ағымдарға еліктеген, бейімделген жас толқындардың  кинолары шықты. «Енді қазақ киносының беталысы осылай кете бере ме, қалай болар екен?» деген дүдәмал көңіл күйде жүрген қазақ көрермендерінің назарына  жарқ етіп екі фильм  ұсынылды. Олар – «Біржан сал» мен «Құнанбай». Әрине, бізде шетелдік фестивальдерден орын алып келетін, атақты кинолар көп. Шала піскен етті жегенде ішің қалай ауырады, піспеген  алма жесең, қалай ішіңді түйнектейді, манағы шетел асқан киноларды көргенде де дәл сондай күй кешесің. Ол киноларды түсіргендердің қаржысы көп болуы мүмкін, соңғы үлгідегі техникамен түсірген шығар, бірақ ұлттық өнер тұрғысынан, қазақтың болмысын ашу тұрғысынан олардың  шикілігі басым.

«Сонда Досхан Жолжақсыновтың қос фильмі несімен ерекшеленеді?» – деп сұрайды менен көбі. Бажайлап қарасам, аспандағы айды алып көрсетем деп тыраштану жоқ мұнда. Ең бастысы, туындыларға арқау болған кезеңнің тынысы ашылып, сол уақыттың бедері дәл сипатталған. Ауылдарға барғанда бүткіл болмысымен, жүріс-тұрысымен, жан дүниесімен, әңгімесімен, барлық қырымен нағыз ақсақал деген атқа лайық қарияларды көріп қаламыз ғой. Айналадан іздейміз кейде сондай қарттарды. Мен «Құанбайды» көргенде сол  әсерде болдым, яғни көптен сағынған дүиемді тапқаныма қуандым, сусыным қанды.   

Бұл фильмдердің тағы бір жетістігі – экранизация… Бұл тәсіл қазақ кино өнерінде онша дами қоймаған. Асекеңнің – Асанәлі Әшімовтің: «Авторлық киноларды, мейлі,  режиссер қалай түсіргісі келсе де өз еркінде. Ал классикалық әдеби туындылар арқау болған көркем фильмдерде сол заманды костюмімен, өз кезеңіндегі адамдардың жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен, тілі мен  диалектісіне дейін дөп басып бейнелеу мектебі бізде қалыптаспаған», – деген мазмұнда өкінішін айтқаны бар. Досхан Жолжақсыновтың қазақ киносына қосқан үлесі –  осы олқылықтың орнын толтырған екі фильмі деп айтар едім.

Қазір өзі асты үстіне, үсті астына түсіп жатқан, адамдар «қайдан не табам, қалай өмір сүрем?» деп жүретін заман ғой. Көктемде  сел жүргенде үлкен сеңдер біріне-бірі соқтығысып, бірін-бірі ығыстырып жатады. Қоғам да дәл сондай. Уақытша жылт еткенге алданып, өтпелі саяси ойындарға қатысып, ұлт алдында, халық алдында абыройлары төгілетін небір тұлғалар бар. Осы тұрғыдан алғанда мен Досхан ағаға қызығам. Кәдімгідей қызығам. Өйткені бұл кісі байыппен, саналы түрде барлық нәрсеге өз ойын білдіреді, бірақ бұлыңғыр жерлерге аяғын баса бермейді. Бұл – өте үлкен мінез. Қаншама адамдарды көріп жүрміз ғой, аңдаусыз басқан. Әйтпесе олардың қазаққа сіңірген еңбегі зор, алайда әлгіндей қадамдарына жауап бере алмай қалады. Бұл негізде Досхан ағадан үйренеріміз көп. Азаматтығынан танған емес ешқашан.

Жалпы, Досхан Жолжақсынов –  XX  ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасырдың басындағы қазақ өнеріне келген құбылыс. Оның тұлғалық болмысы әлі толық ашылған жоқ,  өзімен жүзбе-жүз сөйлескенде және сырттай бақылап жүрген кездерімде мен осыны сезінемін.  Әдебиетке, мәдениетке, ұлтқа, руханиятқа еңбек сіңірген, сіңіріп келе жатқан адамдардың Досекеңе зор құрметпен қарайтындарын да сезінем. Неге? Өйткені ол қара басын күйттеп қалған адам емес, қоғамдағы әр құбылысқа өзіндік позициясын ашық ұстап, айналасына қамқор болып жүреді қашанда. Бұл да – оның өзгеде кездесе бермейтін азаматтық, тұлғалық қасиеті. Оның жігіт ағасы жасына келгенде қазақ руханиятына алып келген «Құнанбай», «Біржан сал» фильмдері тарихтан өз бағасын алады. Және ол уақыт өткен сайын көтеріле бермек. Себебі қос туындыда да  қазақтың жаны, қазақтың мұңы, қазақтың көксегені көрініс тапқан.


Нұртөре ЖҮСІП, жазушы,  сенатор:

БІР ДӘУІРДІҢ ДОСХАНЫ

Досхан Жолжақсыновтың бүкіл өмірі елдің көз алдында. 1971 жылы еңбек жолын балалар мен жасөспірімдер театрының актері болып бастаған өнерпаз, кейін  осы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Жолжақсынов театр мен кинода 200-ден астам бейнелерді сомдады. Театрда ойнаған рөлдері арасында Ақан, Сәмет (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында»),  Глумов (А.Н.Островскийдің «Адам аласы ішінде»), Әзберген (Ә.Таразидің «Індетінде») образдары халық жадында жатталып қалды. Әскербек («Гауһартаста»), Хамит («Бандыны қуған Хамит»), Мұрат («Алтын күзде»), Мұндызбай («Ақ барыстың ұрпақтары»), Дәуір («Омпада»), т.б. рөлдерді орындады. Сондай-ақ «Қош бол, Медеу», «Бұлақ», «Ай астындағы үй», «Өтелмеген парыз», «Ақ барыстың ұрпағы», «Адам факторы», «Махаббат сағымы», «Жәбірленушілерде шағым жоқ», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Үнсіздік кодексі – 2», «Чек», «Әркімнің өз  Голгофасы бар», «Көшпенді», «Мика және Альфред», «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінде сомдаған қаншама кейіпкері бар.

Досхан сомдаған кейіпкерлердің дені – ерекше талғампаздық сұрыптауынан өткен, актердің ішкі түйсігі мен тегеурініне әбден лайық, жүректен өткізген, жеріне жеткізген бейнелер; халық жадында соншалық жақсы сақталған, әсіресе өз заманындағы экшн-фильм «Бандыны қуған Хамиттегі» Хамит образы жас та жігерлі Досханның өнер бәйгесіне қосқан ақбоз аты; әлі күнге шейін ел-жұрт экрандағы Хамит пен өмірдегі Досханды бір-бірінен ажырата алмай қараса, ол шын шеберліктің, хас өнерге деген жан толғанысы мен жан берілісінің барынша айшықты үлгісі деп білген жөн. Қазақ кино өнерінен Досханның ойып тұрып орын алуына осы рөлді беріле ойнауы, әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың сын тезі мен суреткерлік шеберлігі шеңберінде айрықша талантын ашып көрсете алуы арқасында мүмкін болды.  Бұл туралы актер: «Бандыны қуған Хамит» – менің кинодағы алғашқы қадамым. Маған өте қымбат. Киноактер ретінде менің өзімді, көрермендерімді қалыптастырған – осы  фильм», –  дейді.

Досхан Жолжақсыновтың бүткіл болмыс-бітімі, жаратылысы, түр-тұлғасы, өнері мен таланты қазақтың сал-серілеріне толық сай келеді. Осы тарапта Досханның өзі: «Менiң өскен ортам өнерден кенде болған жоқ. Шешем: «Бала күнiмiзде ауыл арасында Бейiмбет Майлиннiң «Шұғасын» жиi ойнайтынбыз», – деп айтып отыратын. Ал әкем өле-өлгенше қолынан домбырасын тастаған емес. Ауылдың ақсақалдары: «Әкең ән салғанда…» – деп әлi күнге дейiн тамсана еске алып отырады. Ол суырыпсалма ақын едi. Әңгiмелерi де сұмдық болатын. Аузынан Бiржан сал, Ақан серi, Мәди, Жаяу Мұса түспейтiн. Байрон: «Менiң жазған өлеңдерiм – бiр жастан бес жасқа дейiн көрген-бiлгендерiм», – дептi. Менiң өнер әлемiне жол тартуыма, домбыраға әуестенуiме  осы әкемнiң салған әндерi мен айтқан әңгiмелерi түрткi болды», – деп ағынан жарылған.

Досхан Жолжақсынов бұл күнде жетпіс деген жастың желкенін керіп отыр. Жетпіске желпініп келген де бір ғанибет. Нағыз толысқан, өнерге болысқан азамат. Көргені мол. Өрнегі зор.

  Күн сайын етене араласпаса да, тонның ішкі бауындай сырласпаса да алыста жүріп-ақ аралас, қатар жүрмесе де құралас адамдар болады. Досхан әлемі – рухани әлем. Рухани әлемде дабыра жасар дауыстың қажеттігі шамалы; мұнда үнсіз ұғысу, алыстан араласу, сырттан сыйласу басым түсіп жатады. Адам жанын түсіну үшін күндіз-түні бірге жүру міндетті емес. Біздің  Қазақстанның және Қырғызстанның халық артисі Досхан Жолжақсыновпен ара-қатынасымыз дәл сондай. Тілектес, ниеттес, қанаттас, қатарлас адамдармыз.  

Жортқанда жолыңыз болғай, өнер тарланы!


Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

 ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚЫЛЫҚПЕН ҚАУЫШТЫРДЫ

Қазақтың біртуар перзенті Досхан Жолжақсынов биыл 70 жасқа толып отыр. Ол кісінің қазақ киносына, қазақ театрына, жалпы қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Екі дәуірдің қайраткері деп айтуымызға болады. Өткен  ғасырда қазақ-совет киносының жұлдызын жарқыратса, бүгінде жаңа қазақ киносының, ұлттық киноның бастауында отыр. Оның «Құнанбай», «Біржан сал» фильмдері қазақ кино өнерінің жарқын үлгісі болып есептеледі. Ол өзі түсірген фильмдерде ұлттық бояуы қанық екі кейіпкерді  сомдады. «Абай жолындағы» Құнанбайдан бөлек, нағыз елін сүйген дана Құнанбай мен сахарадан жоғалып бара жатқан, кезінде даланың, ұлт өнерінң иесі болған сал-серілердің шоқтығы биік өкілі – Біржан сал бейнелері  қазақты қазақылықпен қауыштырды. Қандай рөлді сомдаса да, Досханның образдары –  ұлттық нақышын жоғалтпаған, ірі, кесек образдар.

Досхан Жолжақсынов ұстаздық қызметімен де руханиятқа өлшеусіз үлес қосып келеді. Шәкірттерінің өзі –  қазір классикалық дүниелерге қол соза бастаған жігіттер. Ағамыздың мерейлі жасы құтты болсын! Қазақ киносындағы, өнердегі  қазақтың ұлттық мүддесін қорғау жолындағы еңбегін жалғастыра беруін тілеймін.


Маралтай  РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:  

          АЙБОЗ

( Ұлт өнерінің корифейі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Досхан Қалиұлы Жолжақсыновқа )

Өрелі өнерпазбен  дос арасы

Қалидың  босамайтын босағасы.

Досханның тоймай әке қызығына

Қандырған салт-дәстүрдің уызына.

 

Төрт жаста домбыра ұстап әкесінің,

Танытқан бар қазаққа әке есімін.

Ұл болды арқа сүйер ұлысының

Перзенті қара сирақ Күрішімнің.

 

Жақсымен жаны құмар сырласуға,

Әншілік,  сал-серілік бір басында.

Ғашық боп ертегідей даласына,

Өзі де ертегі айтқан баласына.

 

Тәңірім төбесінен құя салған,

Саф өнер кеудесіне ұя салған.

Аңшылық бір кәсібі ұнататын,

Аюды көз ұшынан құлататын.

 

Дәл солай, әлде, мүмкін елес пе екен?..

Алып бір картинадай елестеген:

Қазақтың жазирасы несіп болып,

Құнанбай жатқан сынды көшіп келіп.

 

Біржанның үні жетіп ана белден

Әуелеп әнге толды дала деген.

Хамит тұр мына жерде өңі өктем

Қолында бесатары,  кегі кеткен…

 

Қалжыңы мөлдір таза бұлақ текті,

Мен анық танып тұрмын Сматбекті.

Тоқтаған көңіліне жаһан шері,

Ақан ғой, мына бейне – Ақан сері.

 

Тағдырын шын дарынның ұға ма ел,

Кенеттен Қалдан-Серен шыға келер.

Ән салар Айлы түнде жарасымды

Әскербек – аңғал  пейіл бала сынды.

 

Әр бейне – бір-бір тағдыр дараланған

Уақыттың безбенімен бағаланған.

Ойнады ол Досхан деген ұлы рөлді

Өнердің адал туған құлы болды.

 

Дәл олай жүрекке ешкім бойлай алмас

Досханнан басқа адам ойнай алмас!

Хан да өзі, қара да өзі, дана да өзі

Жанында жаны сүйген Қаракөзі…


Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы, кинодраматург

САҢЛАҚ

 Бүгін театр және кино актері һәм ұлттық кинорежиссер Досхан Жолжақсынов ағамыз 70 жасқа келді. 

  Бұл күнде Досхан ағаны білмейтін қазақ баласы жоқ. Сонау студент шағынан-ақ жарқын өнерімен жұртқа танылған Досхан аға өзінің Тәңір берген талант қуатымен қазақ өнерінің шырқау биігіне көтерілген кемел өнерпаз.  Шығармашылық жолын 20 жасында Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар театрында бастаған ол әуелі жұртқа театр актері ретінде танылды. Алғашқы сомдаған рөлі – Х.Вахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяды» спектакліндегі Қылышбек образы. Содан бері аттай елу жыл өтіпті. Иә, бүгін жетпістің белесіне көтерілген Досхан ағаның биік өнеріне де жарты ғасыр толып отыр.

Әсілі, өнер де адам сияқты ержетеді, есейеді, тек қартаймайды. Жақсы өнерпаздың өнері оның туған халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Досхан ағаның жасампаз шығармашылығы да осы санатта – туған халқымен бірге жасасатын өшпес өнер.

Жарты ғасырлық сахналық ғұмырында актер Досхан Жолжақсынов 200-ден аса кейіпкер бейнесін сомдапты. Бұл айтуға оңай болғанымен, аса мехнатты еңбек. Мұның қандай ауыр бейнет екенін театр мен кино саласының өнерпаздары жақсы біледі.                 

  Әдетте актерлер қауымы театр мен кино актері болып екіге бөлінеді. Көзім жеткен бір қызық дүние бар: кино актері театр актері бола алмайды, ал театр әртісі кино актері бола алады. Жалпақ тілмен жеткізсек – осылай. Бірде халқымыздың атақты театр актері, ұлттық өнеріміздің абыз ақсақалы Сәбит Оразбаев маған «Кино мені жатырқады, қанша тырысып көрсем де кинода бағым жанбады», – деген еді. Сәбең айтқандай, театр актерлерінің кез келгенінің кино өнерінде бағы жанып кететіні сирек. Екі өнердің ортасында көзге көрінбейтін перде тәрізді бір мызғымас қамал тұрады. Театр – кино актерлері үшін алынбас қамал болғанымен, театр актерлерінің ішінде кино асуын толағай таланты, қажырлы еңбегімен бағындыратын тарлан таланттар кездеседі. Солардың бірі һәм бірегейі осы Досхан Жолжақсынов ағамыз. Ол кино өнерін қарымды актер әрі суреткер режиссер ретінде бағындырған алғадай дарын, өрелі өнерпаз.

Кино актері ретінде алғаш рет ол режиссер  Шәріп Бейсембаев түсірген «Гауһартас» (1975) фильмі арқылы танылды. Өзін кино актер ретінде күллі киногер қауымға мойындатқан бұл фильмнің алдында ол 1972  және 1974 жылдары түсірілген «Арман асуы» мен «Бұлақ» фильмдерінде эпизодтық рөлдер сомдау арқылы кино саласына өзінің алғашқы қадамын басқан еді.

Ал ел «Бандыны қуған Хамит» атап кеткен «Даладағы қуғын» (1979) фильміндегі Хамит бейнесі – Досхан Жолжақсыновтың кино әлемі көгіндегі жұлдызын жақты әрі қазақ киносының көрнекті актері ретінде жалпы жұртшылыққа біржола әйгіледі. Осылайша  қазақ киносынан өз орнын ойып тұрып алған ол енді Одақтық масштабта түсірілген фильмдер мен халықаралық кино жобаларда актерлік бағын сынай бастады. Мұнда да табыссыз болған жоқ, әр әріптес киногер қызыға қарайтын, қызғана бағалайтын көрікті образдар шоғырын жасап, кеңестік кино сүйер қауымның назарына ұсынды. Атап айтқанда «Көріскенше, қош бол, Медеу!» – Кәрім, (КСРО – Чехословакия, 1981); («Алтын күз» – Мұрат, («Қырғызфильм», 1979); «Ақ ілбістің тұқымы» – Мұздыбай, («Қырғызфильм», 1984);  «Жарқыраған әлем» – Ахунахара, («Мосфильм», 1983); «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» – әке, (Ресей, 1990), т.б.

Мұнан соң Тәуелсіздік заманы келді. Тәуелсіздікпен бірге Досхан ағаның да азаматтық һәм өнерпаздық тұлғасы биіктей көтеріліп, шығармашылық тынысы ашыла түсті. Бұл жолы мерейтой иесінің театрдағы еңбектеріне тоқталмай, тек кино шығармашылығына ғана қатысты айтсақ, «Үндемеу кодексі – 2» – Садық Балғарымов, (1993); «Омпа» – Дәуірбек Ақынов, (1998);  «Голгофаға әрқайсы шығады» – Қаратас, (2003); «Көшпенділер» – Қалдан Церен, (2006); «Біржан сал» – Біржан сал, (2009); «Жаужүрек мың бала» – Төле би, (2011); «Құнанбай» – Құнанбай, (2015); «Алмас қылыш», «Алтын тақ» – Әбілқайыр хан, (2016– 2018), т.б. фильмдері есімізге түседі, аталған кинокартиналардағы Досхан аға жасаған образдар галереясы ақық моншақтай тізіліп көз алдымызға келе қалады. Сөз жоқ, бұл туындылардың әрқайсында Досхан ағаның айшықты қолтаңбасы дәйім менмұндалап тұрады.

Жоғарыда актер Досхан Жолжақсынов жарты ғасырлық сахнагерлік ғұмырында 200-ден аса кейіпкер бейнесін сомдады деген едік, солардың тізіміне өнерпаздың кинода ойнаған рөлдері де кіреді. Бұлар көп. Сондықтан бәріне тоқталып, жеке-жеке талдап жатпадық. Тек кинорежиссер Досхан Жолжақсынов жайында жүрекжарды лебізімізді білдіргім келеді.

Кинорежиссерлікке кеш келгені болмаса, мен Досхан ағаның кинодағы жолын ұлы режиссер һәм актер Шәкен Аймановқа ұқсатамын. Шәкен ағасы тәрізді Досхан аға да өнер жолы театр сахнасынан бастау алады. Содан бері сахна өнерінің қыр-сырын қапысыз меңгерген ол театрдан қолы қалт еткен сәттерін кино мүддесіне жаратып, түрлі фильмдерге түсе бастаған күндерден бастап түсірілім алаңында текке жүрмей, кино саласының да сыр-құпиясына үңілумен болды. Ақыры 2009 жылы өзінің кино режиссер ретіндегі тұңғыш тырнақалдысы – «Біржан сал» туындысын түсірді. Мұнан соң 2016 жылы «Құнанбай» фильмін дүниеге келтірді. Әзірше – екі фильм. Десек те «Бір өзі мыңға татырлық»  дегізерліктей соқталы дүние, айшықты картина.

Жазушы, философ һәм мәдениеттанушы Дидар Амантай өзінің еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Досхан ағасы жайында қалам тартқан «Кинопаспорт: ұлты қазақ» атты эссесінде әлемдік кино өнері туралы айта келіп «Тегінде, деректі және анимациялық фильмдерді қоспағанда, көзіқарақты көрерменге белгілі, кино өнері екі үлкен топқа бөлінеді: бірі – авторлық кино (арт-хаустық), екіншісі – сауық киносы (жанрлық).

Бұл өзі әлемде, жаңа салада қалыптасқан жас үрдіс, талап бойынша, топтап, түр тұрғысында, жіктеп, «пойыздың келуінен» бастап үзілмей жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр – егіз кино теориясы – көркем фильмдерге ғана тән, қатысты: бір-бірінен – қатар жүрсе де, қашық, бірге тұрса да, бөлек – кинотуындылар. Әлбетте, айырма-белгісі анық, сипаты айқын. Шатастырмайсыз.

Бірақ біздің бір қарсы уәжіміз жоқ емес: сұрыптауымызша, топ – үшеу. Үшіншісі – ұлттық кино. Немесе мемлекеттік/идеологиялық кинотуындылар шоғыры. Демек, өнердің ұлттық сипаты қоғамда аса маңызды мәдени-әлеуметтік рөл атқарады, тұтас оқшау бір рухани саланы қалыптастырады», – деп ұлттық киноны жеке, дербес топқа бөледі.. Осылай дей келе Досхан Жолжақсыновты ұлттық кинорежиссер ретінде сипаттайды. Меніңше, дәл тап басып пайымдау, тың көзқарас тұрғысынан да – дұрыс саралау.

Ал енді ұлттық кино дегеніміз не, соған келейік, ойға түйгенімізді қысқаша баян етейік.

  Әуелі, осы орайда әлемдік кино индустриядағы бір келеңсіздікке тоқтала кетсем деймін. Әлемдік кино додаларда, әсіресе батыстық кино байқауларда ұлттық киноға қырын қарайтын бір шетін үрдіс бар. Батыстық кинофестивальдерде ұлттық киноның, соның ішінде тарихи фильмдердің бағы жанып, әйгілі «Оскар» жүлдесін алған ұлттық тарихи фильмдер жоққа тән, кемде-кем. Мұның сырын әлемдік жаһандану үрдістерінен іздесек жаза баспаймыз. Өйткені ұлттық сана мен қазіргі әлемдік жаһандану жағдаятты – бір қазанға басы сыймайтын екі қошқар іспетті –  бір-біріне қайшы ұғымдар, кереғар күштер. Әзірше, ұлтсыздандыру ұранын көтере атой салып, атқа мінген жаһанданудың айы оңынан туып, мерейі үстем болып тұр. Сондықтан дүниежүзілік кино бәйгелерде, жалпы киноиндустрияда  ұлттық киноның бәсі төмен, бағасы жоқ. Осыдан кейін-ақ киноны – әлемдік үстем күштердің идеологиялық қаруы һәм астарлы саясаты демей көр! Сондықтан ұлттық кино – сол ұлттың тағдыры бейнеленген сол халықтың өзіне ғана керек. Осы орайда айта кетсек, елімізге белгілі кейбір кинорежиссерлеріміз ұлттық тарихи фильмдерді голливудтік мазмұнда түсіруге тырысатынын байқаймыз. Ал голливудтық фильмдерде ұлттық мазмұн жоқтығын, оның ұлттыққа суық, ұлтсыздыққа жуық екенін қаперімізге ала бермейміз. Әсілі мұндай үлгі-сарында түсіру – ұлттық киномызды ұшпаққа шығармайды. Өйткені мұндай мазмұнда түсірілген фильмде ұлттық сипат кемшін болады, ұлттық сипаты кемшін фильмде ұлттық рух болмайды. Осы екеуі болмағандықтан, ол төл көрерменнің жүрегіне жетпейді, жетпеген соң ұлттың рухын асқақтатып, елдің санасын дүр сілкіндірмек емес. Осы орайда айта кететін тағы бір ақиқат бар, ол ұлттық киноның коммерциялық мақсатты көздемейтіні, көздеген күні – құритыны. Өкінішке қарай, қазақстандық киноның басы-қасында жүргендердің киноны әуелі бизнес деп ұғатын жағдайға жеткені жасырын емес.  Осылайша біздің киногерлер бір оқпен екі қоян атып алғысы келеді. Бұл болмайтын нәрсе, ұлттық киноны өсірмейтін тірлік. Өйткені ұлттық кино – киноискусствоға жатады, кинобизнес емес. Ал киноискусство мен кинобизнес – екі әлем, қазақша айтқанда екеуінің үш қайнаса сорпасы еш қосылмақ емес. Өкінішке орай, бізде киноны өнер деп емес, коммерция деп қарау белең алып барады. Осы ретте «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деп астарлағым келеді. Себебі бұл менің кино саласындағы әріптестеріме һәм жоғарыдағы жауапты тұлғаларға қылған құлаққағысым әрі риясыз көңілден шыққан жанашыр тілегім.

Осындайда Досхан Жолжақсыновтың биік өнеріне, ол түсірген «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдеріне  қайта ораламыз. Ол түсірген аталмыш қос фильмнің әр эпизодына, кейіпкерлердің ұлттық танымға суарылған образдарына сүйсінеміз, құса болған көңілімізге сабат сая табамыз, Бұл фильмдерде ұлттық киномыздың осы уақытқа дейін жоғалтқандарының бәрі бар.

  Себебі Досхан Жолжақсынов жан әлемі ұлттық танымға суарылған режиссер. Ал мұндай режиссерде бір ғана мұрат болады, ол – ұлттық мұрат  Досхан Жолжақсынов осы үддеден көріне білген шебер суреткер.

Досхан ағаның фильмдерін сөз еткенде жазушы, мәдениеттанушы һәм кинодраматург Таласбек Әсемқұлов туралы айтпай кетпек емеспіз.. Кенесары бірде «Мен Құдайдан Ағыбайды сұрадым, Құдай бұл тілегімді берді», – деген екен. Қазақтың соңғы ханының осынау сөзі жадыма оралғанда, Досхан Жолжақсынов пен Таласбек Әсемқұлов тандемі есіме түсетіні бар. Таласбек марқұмның сценарийі бойынша түсірілген Досхан ағаның осынау қос фильмін көргенде атақты Альберт Хичкоктың «Ұлы фильм түсіру үшін сценарий, сценарий, тағы да сценарий керек», – деген қанатты сөзі еске  түседі. Сөз жоқ, ұлттық сипаты күшті, шебер жазылған сценарий «Біржан сал» мен «Құнанбайдың» бағын ашып, ұлттық киноға олжа салды. Бір өкініштісі, қазақ киносының сценарийлері әлі күнге дейін орысша жазылады, оны ақ тер, көк тер боп қазақша қалыптауға тырысамыз. Бірақ қанша күш салып тырысып-ақ бақсақ та әлгі сценарийлерден орыс исі шығып тұрады.  Себебі оны қазақы дүниетанымнан бейхабар ділі мен тілі орыстанғандар жазған. Ал Таласбек Әсемқұлов қара бақайына дейін қазақ еді. Міне, осындай әлемдік һәм ұлттық әдебиет пен мәдениеттің білгірі Таласбек марқұмды Досхан аға өзінің шығармашылық серігі қылып, сценарист етті. Нәтижесі – есті көрермен тамсана әрі таңғала көрген қос фильм: «Біржан сал» мен «Құнанбай» туындылары.

   «Уайым – ер қорғаны, есі барлық», – дейді ұлы Абай. Шынында да бұл әрқайсымыз уайым қылатын іс. Өйткені кино; оның ішінде ұлттық кино – мемлекеттік идеологияның басты тіректерінің бірі. Пролетариат көсемі В.И.Ленин: «Кеңес Үкіметі орнаған күнінің ертеңіне-ақ «Күллі көркем өнер ішінде бізге ең маңыздысы – кино», – демеп пе еді.  Бұл сөз әлі күнге дейін өз актуальдылығын жоғалтқан жоқ. Жоғалтпайды да. Бұған айналдырған жарты ғасыр ішінде күллі дүние көрермендерінің жүрегін жаулап алған батыстың Голливуд киноиндустриясының әлемге америкалық өмір сүру салты мен танымын насихаттап әрі таңып отырғанын, осының нәтижесінде  бұл күнде дүниежүзі халықтарының АҚШ үлгісін ұстанатынын, америкаша күліп, америкаша күрсінетінін қоссаңыз, кино өнерінің құдірет күшіне шарасыз бас иесіз. Осыдан соң кино – идеология, кино – саясат демей көр.

  Дегенмен осындай келеңсіздіктерге қарамастан, қазақ киносында оң өзгерістер бар екенін айтуға тиіспіз. Кино нашар түсіріліп жатса де, көптеп түсірілуде. Саннан сапа шығады, бұл дүние сипатының заңдылығы. Сонымен қатар, ұлттық киноға қол созған қадау-қадау режиссерлеріміз де жоқ емес – бар. Атап айтсақ, Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашев, Данияр Саламат, Елзат Ескендір, т.б. режиссерлеріміз халық көңілінен шығатын фильмдер түсіруде. Рүстем мен Ақан өз қолтаңбасы қалыптасқан кәсіби режиссерлер болса, ал Данияр мен Елзатқа қамқорлық қажет, ұлттық кино түсіруіне мүмкіндік беріп, жағдай жасап қолдау керек. Досхан Жолжақсынов ағамыздың киногерлігі жайында сөз еткенде қазақ киносы жайлы әзірге айтарымыз осы.

Сөз жоқ, Досхан аға сан қырлы өнер иесі. Актерлік һәм режиссерлік қырын былай қойғанда, Досхан ағаның әншілігі мен композиторлығының өзі  бір төбе. Жасырақ кезінде сахнадан, радио мен теле эфирлерден шырқаған өзінің төл туындысы ақын Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Ауыл қарттары» әні әлі күнге дейін ән сүйер қауымның аузында. Иә, Досхан Жолжақсынов гауһар тас секілді сан қырлы талант, саңлақ өнерпаз. Осындайда «Сочетания многих способностей – есть гениалность», – деген орыс халқының бір ғалымының айтқан сөзі еске түседі.

Иә, бұл күнде осынау өнерінің құрметіне әрі ұлттық өнерге сіңірген еңбегіне орай көптеген мемлекеттік марапаттардың, атап айтқанда Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының екі дүркін лауреаты, т.б  көптеген театр және кино бейгелердің иегері Досхан аға Жолжақсынов бүгін жетпіс жасқа келді. Жақсы келді, жасын болмысымен, жарқын өнерімен жұртын қуанта келді, театр мен кино өнеріндегі тілектестерін, біз сықылды соңынан ерген інілерін желпінте келді. Ағаның ақсақал жасына аман келгеніне қуанған желпіністі күйдің екпінімен осынау жүрекжарды лебізімізді арнадық. Тәңірі сізге ұзақ ғұмыр бергей, ардақты аға!


Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, ақын:

ДОСХАННЫҢ ИНТОНАЦИЯСЫ

Досхан Жолжақсынов ағамыз – жан-жақты талант қой. Жан-жақты өнер иесін жалпылама мақтай салуға, жалпылама «біртуар» деп бағалай  салуға болмайды. Ондай жалпақшешейліктен сол талант та, ол айналысқан өнер де марқадам таппайды. Оның әр қырын өзінше талдау ең алдымен  өнерге керек. Сол өнерді ұстап жүрген кейінгі жастар өзіне сабақ алу үшін керек.

Досхан ағамыздың актерлік өнерінің өзін бөлшектеп, талдау қажет. Мысалы, ол кісінің интонациясы туралы айтайықшы. Бұл күнде біраз актердың аузынан түп-түзу оқтаудай жансыз сөздер шығатын болды ғой. Ал интонация қайда? Міне, Досхан ағамыз сомдаған кез келген кейіпкердің сөзіне жан бітіп, қанаттанып шығатынының негізгі себебі сол интонациядан. Сан құбылтады. Кейде сұңқардай саңқылдаса, кейде құмайдай құмықтырады. «Біржан сал» фильмінде Біржанның таяқ жейтін тұсынан кейінгі сүлдері ғана отырған тұсында: «Өлмеген соң отырдық қой»,  – дейтіні жан жүрегіңді қалай қозғайды!? Еріксіз күрсіндіреді.

Бір шындық бар, сценрист қандай тамаша сөз жазып берсе де, оны актер жан дүниесінен өткізіп, шынайы жеткізіп бере алмаса – алтын сөзің құмға айналады.  Мысалы, «Қыз Жібек» фильміндегі: «Бекежан мырза, сен сөзді бөле бердің ғой…» – дегенді Кененбай Қожабеков дәл солай айтпаса, елдің есінде дәл бұлай қалмас еді. «Біржан салдағы» қаншама сөздің афоризмге айналып үлгеруінің сыры мықты мәтіннің ерекше орындалуында жатыр. Қазіргі көп актердің сөйлеуі, қолын өлген балықтай сүле-сапа ұсынып амандасатын біреулер болады ғой, тура сондай құсап тұрады. Бұл онсыз да қаны сұйылған қазіргі қазақ киносының халін одан сайын мүшкілдетіп тұр. Бір мәтін түрлі интонацияда түрліше сөйлейді. Жүз пайыз кері мағына беретін тұстар да бар. Тіпті қуана күлу мен күлдіргі сөзге күлудің дыбысы мен бейнесі де әр түрлі болмақ. Ондайды Досхан ағамыз қапысыз шығарады ғой, шіркін. Әлдебір қуанышқа иегін саумалай, тұтас денесімен қозғалақтап, көз жанары жарқырай күлгені, сондағы болар-болмас дыбысы бәрі-бәрі көкейіңнен кетпестей орнап қала береді.

Мұндай қасиет қазіргі қазақ актерларына ауадай қажет. Ал кино, театр саласының мамандары Досхандай ірі тұлғалардың осындай қасиеттерін жіті зерттеп, зерделеп, жас талап өнер иелеріне анықтап ұсынып отырса дейсің!


Дана  ӘМІРБЕКОВА, өнертанушы:

 ҰЛТТЫҚ ХАРАКТЕРДІ АШУДЫҢ ХАС ШЕБЕРІ

Ұлттық кино өнерінің дамуына зор  үлкен үлес қосқан Досхан Жолжақсынов – театр мен кинода 200-ден астам бейнелер сомдады. «Өнген топырағың мен өскен ортаңның шынайы бейнесін (өнердің қай саласы болсын) боямасыз бере алсаң, сен аяулысың», – деп Асанәлі Әшімов айтпақшы, Жолжақсынов – өнердегі өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген тұлға. Студент кезінен-ақ өзінің өнердегі дара жолын іздеген ол дипломдық жұмысы болған Бейімбет Майлиннің «Жалбырындағы» Елемес пен Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындасындағы» Арыстан бейнелерін өзінше бедерлеп, өзгеше қырынан көрсетуімен ерекшеленді. Әсіресе, Арыстан тәрізді түлкібұлаңға салынған қу, қитұрқы жігіттің жағымсыз тұстарын айқара ашып, шынайы жеткізе білді.

Оның үлкен сахнада ойнаған алғашқы рөлі – Х.Вахитовтың «Алтын көрсе –  періште жолдан таяды» спектакліндегі Қылышбек. Оқу бітірісімен театрдағы жұмысын ары қарай жалғастыруға ұсыныс алған  ол Жұмабай Тәшенов пен Игорь Саввиннің бірлесіп жазған «Қаладан келген қылжақбасындағы» шашы мен сақалын өсіріп, бар жаттаған француз тіліндегі сөздерін араластырып сөйлеп, өзін басқаларға табиғи болмысынан артық көрсетуге тырысатын Сыматбек есімді қала жігітінің басында жағымсыз, кейіннен жанашырлық сезімін тудыратын жасырын қырларын көрсетуімен екі ұдайлы ой туғызуы арқылы көрермен көзайымына айналып, кейіпкер болмысына терең үңілетін актер ретінде таныла бастады. Әмина Өмірзақова, Байділда Қалтаев сынды мәдениетіміздің төл тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалармен бір сахнада ойнаған аталмыш қойылымнан кейін қазақтың айтулы ақыны Хамит Ерғалиев: «Қазақтың көгінде екі жұлдыз жанды. Оның бірі – Досхан, бірі – Лидия», –  деп шынайы ықыласын танытып, ақ батасын беріпті.

Қала жастарының ауылға барғандағы өмірі жайында өзекжарды мәселелерді көтерген қойылымның екінші құрамында негізгі кейіпкерді сомдаған актер, бүгінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбай: «Мен Досханнан бір-екі жыл театрға ерте келген тәжірибем бар ғой, әйтеуір бір ойнармын деп тоқмейілсіп жүргенде, Досхан бірден іске кірісіп кетті. Сөйтіп, алғашқы спектакль қойылымында мені шалқамнан түсірді. Мен Досханнан артық ойнай алмадым», – деп әріптесінің кәсіби шеберлігіне деген ерекше ілтипатын жасырмайды.

Егеменді ел болғалы 70 жыл Кеңестер Одағының идеологиясының құрсауында ұмыт болуға айналып, көп замандардан бері мұрағаттардың қапас бөлмелерінде булығып жатқан тарихи шындықты ашып қарауға, оларды жарыққа шығаруға, төл мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымыз бен руханиятымызды, салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуға мол мүмкіндік туды. Осы ретте режиссерларымыз классикалық шығармаларымызды қайта сахналап, жаңаша (кеңестік идеологияға сай бұрмаланбаған) трактовкада жүзеге асыруға білек  сыбана кірісіп кетті. Сол алғашқы қойылымдардың арасында қазақ драматургия жанрындағы шоқтығы биік туындылардың бірі – Ғабит Мүсіреповтің 1941 жылы жазған «Ақан сері – Ақтоқтысы». Алғашында Қазақ академиялық драма театрында, кейіннен Қазақтың академиялық опера және балет театрында қойылған туынды ендігі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахна төрінде жаңаша трактовкада сахналанды.

Тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын зор да әсем даусымен ұлтымыздың ән өнерін аспандата, асқақтата орындаған тума талант иесі Ақан сері – қайталанбас өнерімен де, жеке бас әдет-мінездерімен де, жүріс-тұрыс, киім киіс, сән-салтанатымен де даралана білген қазақтың серісі. Жақсылық пен әділеттілік жолына белін бекем буған композитор, ғажайып шығармаларында өзі өмір сүрген дәуір шындығын ән мен жыр арқылы суреттеп, ұрпаққа баға жетпес мұра тастап кеткен тарихи тұлға ретінде белгілі. Осы тұрғыда дәл осындай сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның сахнадағы бейнесін жасау ішкі жан-дүниесі, табиғи бітім-болмысы ұқсас Досхан Жолжақсыновқа асқан сеніммен табысталды.

Шәкен Аймановтың шығармашылығында Ақан сері бейнесі ерекше орынға ие болғандығы баршаға аян. Себебі аталмыш қойылымды режиссер ретінде алғаш сахналап, Ақан серінің бейнесін актер ретінде алғаш бейнелеген де ұлы суреткердің өзі еді. Осы орайда, қойылымды өз көзімен көру бақыты бұйырған көзі қарақты  әр көрермен үшін Ақан – Шәкен туыс ұғымға айналды десек, қалт айтпаймыз.

Ұлы Айманов жасап кеткен Ақан табиғатын өз ой елегінен өткізген Досхан Жолжақсынов, сері болмысын өзінше түсініп, өзгеше бейнеледі. Кейіпкерінің санқилы сыр сезімін терең сезініп, шынайы жеткізген оның Ақаны – әнші, күйші, композитор ғана емес, оның Ақаны – азаттықты ту етіп, ғұмырын әділетсіздік пен надандықты жеңуге арнаған ар мен парасат иесі. Аталмыш қойылымдағы актердің рөлі жайлы белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Досхан өз Ақанын суреттей отырып, атақты ақиық актер марқұм Шәкен Аймановтың дыбыс екпінін, сөйлеу мәнерін, ырғақ, интонациясын бағытқа алды. Әрине, тура дәл көшірмесі емес, кейбір дауыс жаңғырықтары алып актеріміздің ұмытылмас романтикалық пафосқа мол өршіл үнін қайта жаңғыртқандай. Оқасы жоқ…

…Досхан – Ақын айналасын әнмен әлдилеп, соңына ерген тобын пәрменді күш-жігерімен құлпыртып, аққудай Ақтотысын жан жүрегімен жылатып, тіл шырынын, сөз сұлуын барынша аямай-ақ төгіп ойнайды», – деп пікір білдірді.

 Кеңес өкіметінің сойқан саясаты мен содыр идеологиясының зардабы жайында баяндалатын «Індеттегі» Әзберген рөлі арқылы Досхан Жолжақсынов барша көрерменді өз талантына тағы да бір тамсандырып, еріксіз бас идіріп, қол соқтырды. Есмұхан Обаевтың 1994 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында сахналаған аталмыш қойылымының желісіне шындықты бүкпесіз жазуымен ерекшеленген Әкім Таразидің «Павлик немесе жаңа адам жасаймызы» алынды. Адам денесін түршіктіретін келеке-мазақ пен трагизмге толы қойылымда кішкентай ғана қаламның күшімен адамзатқа жасалған үлкен қиянат пен зұлымдық суреттеледі. Досхан Жолжақсынов Әзбергеннің небір жымысқы әрекеттері арқылы халық қаймақтарына еш жазықсыз жала жауып, қамауға алып, қорлықтың түр-түрі арқылы сағын сындырып, сынбағандарын ату жазасына жіберу арқылы жер бетінен жоюды көздеген қалам ұстаған қара ниеттілердің жиынтық бейнесін шынайылықтың шегіне жеткізіп бейнеледі. Кез келген актердың тісі батпайтын Әзберген рөлін сахналау барысында Досхан Жолжақсынов бір де бір рет киім ауыстырмай, бірде бала, бірде шал, бірде жынды, бірде сау болып, түрлі кейіпке ене білді. 

Досхан Жолжақсынов – ұлттық кино өнерінің  дамуына да елеулі үлес қосқан бірден бір тұлға.  Әуелгі қадамдарын театр актері ретінде бастаған ол қалың көрерменге, негізінен, кинода жасаған жарқын образдары арқылы танылды. Актердің «Гауһартас», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер», «Біржан сал», «Құнанбай» т.б. фильмдердегі ірілі-ұсақты 40 шақты рөлі бір төбе болса, әйгілі режиссер Абдолла Қарсақбаевтың сын тезі мен суреткерлік шеберлігі шыңдала түскен «Бандыны қуған Хамитіндегі» Хамит бейнесі – бір төбе. С.Сейфуллиннің шығармасының желісімен  түсірілген кинокартинада кеңестік жүйенің орнау барысындағы шайқастар мен заман идеялары алға тартылады. Актердың театрға қоян-қолтық араласа бастаған кезінде түсірілген фильм – Досхан Жолжақсыновты киноактер ретінде қалыптастырған туынды. Қазақтың ұлы жазушысы Сәкен Сейфуллин төл шығармасында Хамиттің портретін былай суреттейді: «Хамит – ұзынша бойлы, жауырынды, тіп-тік, сұр жігіт. Қыр мұрынды, шүңіректеу қара кер тобылғы көзді, қырқып жүретін сақалы, мұрты бар. Жасы 25-26 жас шамасында. Сом сұлу денесі ылғи сіңірімен шиырылған күшті көк ет еді. Бар денесі серіппелі көк темірден құйып жасағандай. Түйіліп жазылған қиғаштау қасы мен шұңғылдау көзі Хамитте зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін көрсетеді». Осы тұрғыда Хамиттің кейпінде Досхан Жолжақсыновтан басқа актерді елестетудің өзі мүмкін емес. Қырағы режиссер ғана актерге рөл беруде жаңылыспайды. Ендеше, Абдолла Қарсақбаев та өз кейіпкерін таңдауда қалт кетпепті. Себебі  Ғабит Мүсірепов өз кейіпкерін Досхан үшін жазғандай. Ал Досхан – Хамитті сомдау барысында өз кейіпкерінің болмысына барынша еніп, кейіпкер образын жанжүрегімен сезінгендей.

Сомдаған кейіпкерімен ұқсастығы жайында актер өзі: «Шынында да, менің мінез-құлқым, алған тәрбием Хамиттыкіне ұқсас болды. Өйткені марқұм әкем кеңес өкіметін өз қолымен қаласқандардың бірі еді. Әскери қызметке 14 жасынан араласыпты… …Хамиттың даланы, табиғатты, кеңдікті сүйетін қасиеті маған да тән болатын. Кейіпкер мінезіндегі бірбеткейлік, отансүйгіштік секілді көптеген қасиеттерден мен өзімді таптым», –  дейді.

Орыстың ең бір нәзік жанды ақындарының бірі Марина Цветаеваның: «Мен поэзияға сыймай кеткенде, пьеса жазамын» дегеніндей, Досхан Жолжақсынов та театрға сыймай киноға кетті, актерлыққа  сыймай режиссураға бет бұрды. Осы ретте театр сахнасын кино алаңына ауыстырған Досхан Жолжақсынов: «Жалпы жеке өзімнің пікірім жақсы актер жақсы режиссер болып кетуі де мүмкін. Бірақ ойы қаншалықты ұшқыр болғанымен киноның спецификасы басқа. Актерлықтың жолы бір қарағанда даңғыл. Өйткені бұл кәсіптің өзі – келбетің болса, актерлық кәсіпті меңгерсең, ойнайтын кейіпкеріңнің мінез-құлқына кіріге білсең, оның іс-әрекетінің бәрін даралай білсең, міне, осының барлығы да – актерлық  шеберліктің бірден-бір әліппесінің бірі. Ал режиссура – көп синтезді дүние. Ол актер үшін де ойнауы керек, ол суретші үшін салуы керек, ол киім тігетіндер үшін тігуі керек, киім суретшісі үшін киіндіруі керек, оператор үшін көре білуі қажет. Композитор үшін жаза білуі керек. Міне, бұл кәсіптің қиындығы осында. Оның барлығын қосып келгеннің өзінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай бас аяғы жұп-жұмыр үлкен бір көркемсуретті дүние болуы керек. Сондықтан кез-келген актердің режиссураға бет бұрғанын қош көрмеймін», – деп бір қарағанда туысқан екі өнерге деген көзқарасын айқындайды.

Халық әндері мен қазіргі композиторлар әндерін шебер орындаушы ретінде де танымал актер өзінің режиссерлыққа деген алғашқы қадамын 2008 жылы жарыққа шыққан «Біржан сал» фильмімен бастады. Қазақ кино өнеріне сыбағалы, сүбелі болып қосылған «Біржан сал» – режиссеры әрі негізгі рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсыновтың жанымен ұғынып, жүрегімен сезініп таспалаған авторлық туындысы. 

 Әр қазақтың қиялында өз Біржаны бар. Ал  кино саласында сал-серілер өміріне тұңғыш болып түрен салған Досхан Жолжақсыновтың елуді еңсерген, кемелденген, өз сезімінен елдікті жоғары қойғанды жөн санайтын, ақыл тоқтатқан өнер әрі ой иесі ретінде қалыптасқан Біржаны сол көпшілік қиялындағы Біржан бейнелерінен де асып түскендей әсер қалдырды. Соңғы жылдардағы қазақ киносында ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетіміз бен рухани өміріміздегі шоқтығы биік туындылардың бірі де бірегейі ретінде сыншылар тұрғысынан жақсы пікір тудырған фильм, халық арасында да өте жылы қабылданды.

Ұлттық характерді аша алатын қасиетімен аяулы болған Досхан Жолжақсынов талғампаз көрермен мен кәсіби киногерлер тарапынан аса жоғары баға алған «Біржан сал» фильміне бес жыл салып, ел назарына атақты дала шонжары, қазақ тарихында өшпес із қалдырған шоқтығы биік тұлға: сөз ұстаған шешен, ел бастаған көсем, Қарқаралы уезінде билік жүргізіп, төрелік айтқан, айналасына әділет орнатып, өнеге тартқан кемеңгер абыз, ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының тағдыры туралы баяндайтын «Құнанбай»  атты ауыр қойылымдық тарихи көркем туындыны ұсынды.

Өзі кеңес кезеңінде өмір сүрмегеніне қарамастан, есімі заман идеологиясының құрбаны болған Құнанбайды Досхан Жолжақсынов өзге қырынан ашып, өзінше суреттеген. Досханның Құнанбайы – кер заманның қыспағынан шыға алмаған Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романындағыдай қатыгез, озбыр, әсіре діндар, кертартпа, үстем тап өкілі емес, Досханның Құнанбайы – терең білімді, кемел ойлы, қаймыққаннан көзіне жас үйірілетін, кейде тоқырап, шашырап қалатын, қатал болса да озбыр емес, жанындағыларға қиянаты жоқ, ісіне әділетті, қайсар мінезді жан. Тарихи шындық та осы.

Жоғарыда айтылған «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдерінің сценарийін Досхан Жолжақсынов көрнекті жазушы Таласбек Әсемқұловпен бірлесе отырып жазды. Экран мен сахнада сыр-сипаты сан алуан небір күрделі кейіпкерлерді сомдаған әйгілі актер бір сөзінде: «Мен басқалар қалай қабылдайды, көңілінен шыға ма, жоқ па деп жалтақтамаймын. Менің мақсатым – ең алдымен қазақтың өзіне қажетті фильм түсіру», – деген еді. Өз ұстанымына әрдайым берік өнер иесі  тарихи тұлғалар галереясын жасауға бел шеше кіріскен сыңайлы.

«Өзінің көзқарасы, қабілеті бар актер кейіпкерін зерттеп, жандүниесіне бойлайды.  Сахнада біреуді қайталадың ба, онда өзіңді жоғалтқаның. Өзіңді өзің қайталадың ба, онда өзіңнен алыстағаның. Біреудің еңбегін «көшіретін» актер – актер  емес. Ол – өнерде  адасып жүрген жан. Өнер адамының өзіне ғана тән қолтаңбасы, өзіне ғана тән «Мені» болуы керек», –  деп өзі айтпақшы, өнеріне сезім тереңдігі, сахналық әрекет шынайылығы Досхан Жолжақсынов  – қатып қалған бір амплуаның актері емес.

Досхан Жолжақсынов сомдаған әр кейіпкердің дені ерекше талғампаздық сұрыптауынан өткен, актердің ішкі жандүниесімен өзара үйлесімділік тапқан, жүрегінен өткізген бейнелер. Сол себепті де, оның сомдаған әр рөлі көрермен жадына мәңгі сақталып, өнеріне деген шексіз құрмет тудыратыны хақ.

ПІКІРЛЕР9
Аноним 11.10.2021 | 12:37

Сол жылдарда Жастар театрында Байділдә Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Мұқтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаев секілді майталмандар болды. Алтынбек Кенжеков пен Мұқтар Бақтыгереев кинода дубляждың шеберлері ретінде танылды.

Аноним 12.10.2021 | 10:54

«Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдерін көрдік. Екі туындыда да жанын сала ойнаған актерлер көрінбеді. Есте қалатындай образдар жасалған жоқ. Шіркін, бұрынғы актерлер мықты еді ғой.

Аноним 12.10.2021 | 11:36

Досхан мыкты актер. Мыкты режисер деу киындау,

Аноним 12.10.2021 | 11:59

Актерлердің бәрі Шәкен Айманов сияқты режиссер бола алмайды.

Аноним 13.10.2021 | 10:01

Оларға Шәкен Аймановтай болу қайда?!

Аноним 13.10.2021 | 11:21

Жазушы Софы Сматаевтың 1993 жылы жазған «Біржанның соңғы жұлдызы» киносценарийі бар. Осы сценарий бойынша Біржан туралы фильмді кинорежиссер Талғат Теменев түсіруі керек еді. Д. Жолжақсынов Біржан салдың рөлін ғана ойнауы керек еді. Сонда сәтті дүние шығар еді.

Аноним 14.10.2021 | 11:21

Актерлігінде қапы жоқііі

Аноним 31.10.2021 | 11:44

іші кепкен адам

Аноним 12.02.2024 | 09:15

Маған Досқан аға қатты ұнайды, нағыз актер, міне қазақтың жігіті осылай болу керек дейтіндей, әсіресе «Гауһар таста» ойнаған ролі есімде қатты қалыпты, қайта-қайта көре берем, жалықтырмайды, әрине басқа да әртістер бар бұл фильмде Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова,Әнуар Боранбаев, Жанна Қуанышева т.б

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір