Адасқақ
11.12.2015
1865
0
«Суретші жер қойнауында жатып та
 кейінгі ұрпақпен тілдесе алады».
Ван Гог.
photo_12762Осыдан он алты жыл бұрын Мәскеудің су­рет­шілер дайындайтын академиясын бітіріп, елге бет түзегенде менің де бір армандарым бар еді. Жеті жыл бойғы үйренген білімім мен тәжірибемді ел болашағы – жастармен бөлісіп, көп істі дұрыс жолға қоюға сеп болармын деуші едім. Бұл – қазақ Астананы бетке алған уақыт еді. Жұртты сипап қалған Үсен құсап, Асандардың қосын жегіп жүрдік. Иә, дәл солай. Алматыдағы оқу орындарында сабақ бердім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғой, теңеліп кетерміз деп өзім­ді жұбатушы едім. Олай болмай шықты. Жыл өткен сайын істің көзін білетін, көнекөз қариялар мен білгір мамандар азайып, майдалану, ұсақталу басып барады. Ғалымсымақтар қағаз толтырудың шебері болып, төселіп алған. «Қазақ балаларын көтеруіміз керек, атақтарын дер кезінде алып беру керек» деп бөседі. «Білім сапалы болу керек. Бұлай асығыс шешім жасамайық. Ертең өзіміз таяқ жейміз» десең – еш ұқпайды. Жалғандық пен жасандылық орға жығатынын біліп отырып, уақытша нәрсеге ел мүддесін сатуды қоймадық біз.
Қазақ білім-ғылымының негізін салған, аты­лып-асылып кете барған қайран Алаш ұлдарының есіл еңбектерін кім ой елегінен өткізіп жатыр қазір? Үш тілді меңгеріп, дамыған елу елдің қа­та­ры­нан көрінуге асыққан батыраш-қотыраштардың көзі еш­теңені көрер емес.
«Қызын мақтаған – қары қылады, ұлын мақтаған ұры қылады» деп халық неге айтты? Қо­ғам­ның жарасын көріп отырып, өтірік мақтаудан-мақтанудан танбаймыз. Біз осы қайда бет алып барамыз деп бір сәт ойланған жан бар ма екен? Бұрын қит етсе, орыс-орманнан көруші едік. Құдайға шүкір, қайда барсаң да алдыңнан көзі жәудіреген қазақ шығады.
Осы жылдар ішінде асығыс-үсігіс өмірімізге еніп кеткен білім берудің жаңа жүйесі – болондық білім беру жүйесінің баяны болғай. Орта білім беру саласындағы ҰБТ өндірдей балалардың өмірін қиып, баудай түсіріп жатқаны еш құпия болмай қалды. Оқу сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Өйткені, шала-шарпы сұрақтың мәнін бірде ұқса, бірде ұқпаған бала жаттап алам деп роботқа айналды. Баянды білім жөнінде қайдан әңгіме болмақ? Мұғалім оны білсе де, жүйеге ештеңе істей алмайды. Жақсы мұғалім де дәрменсіз.
Біздің бәріміз қиналғанда, қамыққанда Абайға жүгінеміз. «Күшік асырап, ит қылдым, ол балтырымды қанатты» деген Абай әулие ғой. Ана жылы өзім дипломына жетекшілік еткен бір сарыауыз балапан келіп «Суретшілер одағына өтуге ұсы­нуымды» өтінді. «Асығыс емес пе?» десем, «формальность қой, ағай» деп тұр білгішім. Не деуге болады? Осы турасында да ақылдастар ал­қасы, ақсақалдар қауымдастығы болса деймін. Шүкір, қазақ сурет өнерінде графика саласынан Қадірбек Кәметов, Табылды Мұқатов, Аман Бақтығалиев, Бақытхан Мырзахметов, Әлімқан Смағұлов, Тимур Ордабеков, бейнелеу саласынан Кенжебай Дүйсенбаев, Ғани Баянов, Сәулетай Алшынбаев, Жұмақын Қайранбаев, Игілік Көлбаев, мүсін саласынан Ө.Шанов, Б.Рахманов, А.Есдәулетов, А.Есенбаев, т.б. бар. Егер өнер сенен бір теріс қараса, оны өзіңе қарату қиын. Тициан айтады: «Бейнелеу деген – хан сарайындағы ханшайымға ұқсайды. Егер сен оны мәпелеп, шын жақсы көрмесең, өкпелеп теріс қарайды. Сенен қашады. Сондықтан үнемі мәпелеп, барлық бағалы тастармен әрлендіріп аялауың керек. Сонда ғана ол саған күліп қарайды, айтқаныңа көнеді».
Кейбір әңгімелерді тыңдасаң, әлемде бізден керемет ел жоқ, көбі-ақ біздің аяғымызды жууға жарамсыз сияқты. Бұлай төс қағудың қайда апаратынын кім білсін?
Жастарды, қоғамды кінәлауға жүйрікпіз. Қалып­тасқан жүйеге ие болмаған өзіміз судан таза, сүттен ақ болып шыға келмекпіз бе? Адасқан жүйенің кемшіліктерін көкірек көзі ояу азаматтар айтайын десе, қуалап жүріп, жоқ қылатын биліктің шоқпарынан қорқады. Содан барып қалай жағы­нып отырғанын өзі де сезбей, бүлкіл жорғаға салады да отырады.
Жуырда Астанада болдым, Астана көріністерін бейнеледім. Иманжүсіп жырлаған Ерейменге жол түспеді, бірақ Кенесары ат шалдырған Есілдің жағасын армансыз салдым. Ол жерде де симпозиум­дарды ұйымдастырудағы шалалықтар мен өресіздіктерді көріп, көңілім қалды. Бізде бір бейқамдық, жайбасарлық. Ақыны асылып өліп, суретшісі үйсіз, шеберханасыз қартайса да – ешкімнің ісі жоқ. Ешкім ешкімге керек емес.
Анау бір жылдары Алматыға Иманғали Тасма­ғамбетов әкім болып келіп, бір оңымыздан Күн туғаны бар. Мәдениет, білім саласына да сондай бір күн туар ма деп көңіл алаң. Өнердің бекзаттығын қастерлеп, бірақ адасқақ дүниеге сыймаған арыс­тардың арманы мен үмітін алдағы күндерге аман жеткізу – біздің мұратымыз.
«Өсер халықтың қанаты – өнері. Өнерде адам жан дүниесінің құпияларын зерделей танудан және оны жаратылыс құпияларына салыстыра қа­раудан асар биік міндет жоқ», – дейді орыс суреткері Петров Водкин. Сондықтан жастарға дұрыс бағдар беру – ұлы міндет. Мұндай сынақ өтпелі кезеңді әлемнің сан елдері өткерген, бірақ құндылықтарын алып қалған.
Институтта оқып жүргенімде ұстазым Н.П.Хр­ис­­толюбов: «Модный суретші болып кетпеңдер», – деп еді. Қазір ойлап отырсам, басынан бәрін өткерген кәрі тарлан бізді алдымыздан шыға-тын негізі жоқ, жүйесіз істерден сақтандырған екен.
С.Калмыковтың: «Мектепте бәрі тосын болып шықты. Бәрінен де Баксттың ықпалы басым. Петров-Водкин жаңа ұғым енгізіп жүр. Юонның мектебіндегідей ақ керіштен жасалған мүсіндерге қарап, сурет салып жатқан ешкім жоқ. Салатындары ылғи жалаңаш пішін. Әйел мен еркектің пішіні. Жігіт пен қыздың пішіні. Кілең жастардың дене құрылысы. Иттің жетегінде өмір кешуге де болады, шеберханасыз тұрғаннан қорқынышты емес. Жұртты адам баласы жинақтаған тәрбиенің бәрімен таныстыру керек! Әр бала академик болып шықсын! Балалар асық ойнамай, бәрін басынан бастасын – үшбұрыштан! Бәрінде де тәртіп болуға тиіс. Жай нәрседен күрделі ой тусын! Түртіп қалған нүктеден асқан парасатты адамның бейнесі шыға келсін! Түзу сызық сымбатты қызға, жұмысшыға айналсын! Шеңберден болашақтың қаласы шыға келетін болсын. Нүкте – қисапсыз өзектес шеңбер­лердің тоғысқан торабы».
Қоғамдағы келеңсіз істердің дер кезінде ше­шімін таппасақ, келешек ұрпақтың алдында ұятқа қаламыз.
Мәлік ҚАЙДАРОВ,
ҚР мәдениет қайраткері,
Суретшілер одағының мүшесі.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір