Тұяқ
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
(Әңгіме)

Мырзаш шал жерге жарық түскен бойда қоңыр таяғын қолына ұстап, үйреншікті жолға шықты. Жол болғанда, сүт пісірім уақытта жетіп баратын қысқа жол да емес, ауданның нақ орталығы. Жүйіткіген көліктің өзі де кем дегенде, екі сағатыңды ұрлайды. Соны біле тұра, ауыл мен ауданның арасына қатынап тұратын Боранбайдың болттары шиқылдаған, ескі сұр автобусына емге отырған емес. Төрт бұрышты темірдің ішінде теңселгенше, жол-жөнекей көліктермен діттеген жеріне жылдамырақ жеткенді жөн санайды. Кішігірім қалаға ұқсаған ауданда тұратын қос жүгермегіне жетуге асығады. Көңілін шөлдеткен, жүрегін сағыныштан сыздатқан титтей жиендерін аңсағанда, білегіне қанат байлап ұшуға бар. Бірақ амал не? Кейде көршілері: «Сақалды басыңмен біреудің баласына үздігесің де жүресің. Қыздан өрбіген бала саған бала болып жарытпас», – деп жан-жарасын қанатып қояды. Мұндайда құйқасы шымыр етсе де, «осы күні жұрттың көбі қыз-күйеуінен көрінген боталарын аспандағы айға теңеп, немерелеп үздікпей ме. Олардың қасында менікі айып па. Жатжұртқа бұйырғанмен, қыз бала өріс қой. Қайта, өрісім ұзарып, көңілім толғанын күндейсіңдер ме», – деп кемсеңдеп, сырт айналады. Ақ қырау басқан мұртын сипап қойып, тәмпік танау тентектерін қайтадан көруге асығады.
Мінекей, сол үйреншікті әдетіне басып, жайдақ жолды бетке алып, көнелеу сұр бешпеттің етегін жаздың ыстық желіне желпілдетіп кетіп барады. Жел тұрмақ, аспан жерге төңкеріліп түсердей аптап ыстықты да елер емес. Төбесіндегі тықырайған мақпал көк тақиясын анда-санда аңызақ жел желпіп қояды. Мана ауылдан шыққан бойда көк шөптің тасасынан күтіп алып, балағына оратылып жарыса жөнелген қаңбақ шөпке дейін денесі қаусырап, иығы бүкірейіп, кеудесі ішіне кірген Мырзашқа миығынан мысқылдай қарайтындай.
«Ей, қаңбақ шөп, қаңбақ шөп?! Сен құсап, басым ауған жаққа уайым-қайғысыз домалап бара жатыр деймісің?! Өз тұяғынан тірісінде қайыр көрмеген, маңдайының соры бес батпан мына мен пақырың, өзгенің тұяғына өзегім үзіліп барады. Өзегім ғана емес, жүрегім суырылып, бауырым іріп барады! Ұлымның соңында титтей бір тентек қалса ғой, шіркін, дәл қазір қасымда еліктің лағындай тепеңдеп жүрер ме еді. Ортекедей ойнақтар ма еді. Қайтейін?! Осы шалға ылғи менімен ұзақ жолда жарысып не көрінді? Одан да пештің түбінде мамық көрпеге оранып, кемпірімен сүт қатқан шәйін ішіп, терлеп-тепшіп жатпай ма дейтін шығарсың. Кәрілік деген қақбастан басқа жаныма жөнді серік таппағалы төрт қабырғаға телміруден жалықтым. Қу моладан безіп, ойдан-қырдан, даладан пана іздейтін күйге жеттім. Ешкім есігінен сығалап қарамайтын тас үйден торықтым. Құдай! маған бір түйір тұяқты беруін беріп еді-ау. Бірақ қызығына қандырмай, қасіретін көрсетті. Қайғысына қайықтай батырды. Арада қанша жылдар зымырап өтсе де, запыран жұтқан кездерім артта қалса да сол қасіреттен арыла алар емеспін. Жиырма бірдегі жалғызымды қапияда неге әкеттің деп, шашын жұлып жылаған шешесін де осы қайғы жалмады. Енді міне, анау қыр басындағы бейітте тірісінде талай күйіктің уын ішкен шеше де жатыр, жастықтың буымен адасқан жалғыз ұл да жатыр бастарын түйістіріп. Екеуінің жер жастанып, топырақ жамылғандарына біраз жылдың жүзі болды. Күрсіндіріп көктем мен күңіреніп күз өтті. Содан бері ізімді жалғар жалғыз тұяқ та жоқ, қасыма ілесіп, серік болар сыңар да жоқ.
Осыдан жиырма жыл бұрын адам басына бергісіз сұмдық оқиғаны тағы да ой елегінен өткізген Мырзаш шал жүрегі алқымына тығылып, ауыр дем алды. Тіпті, осынау кең байтақ даланың да жұпар ауасы кеудесін тарылтып, көкірегін қысып-қысып жібергендей болды. Сол сәт қайраты кеміген әлсіз денесінен қуат кетіп, екі тізесі ток соққандай қалтырап, дірілдеп, басы айналған Мырзаш жусан шөптің үстіне екі аяғын созып отыра кетті. Қаусыраған қарияға кем дегенде үш сағаттай титықтап жаяу жүру оңай болып па. Шаршап-шалдыққанын енді сезді. Қалжыраған шалмен бірге домаланған қаңбақ та «жарысуын» бәсеңдетіп, белуардан келе жайқалған көк майсаның тасасына барып тығылды.
Өзегін арман мен сағыныштың жалыны өртеген Мырзаш айналаны көк күмбездей көмкерген көгілдір көкжиекке тұнжырай көз тастады. Дәл осы жолдың жиегінде, тап осы маңда, бір кездері жан дегенде жалғыз баласының қан сорғалаған басын сүйеп, аласұрғаны күні кешегідей есінде. Қансырап, халсіз жатқан жалғыз тұяғына қайтіп тірек боларын, қалай көмек берерін білмей, кімнен сауға сұрарын білмей, мең-зең күйде анау зеңгір көкке телміре қарап, көзінің ыстық жасын ақ жауындай төгіп, ұзақ отырғаны есінде. Көктегі ақша бұлттардан қайдан қайран болсын. Мәңгілікке сапар шегіп бара жатқан жас жігітке де жібімеген ақша бұлттар бір-бірін қуалап, әлдеқайда көше берген еді. Дәл қазір де солай ақша бұлттар тізбектеліп көшіп барады… Мыжырайған шалдың зар-мұңын кей пенделер ұқпағанда, көктегі тәкаппар бұлттарға не айып?!
– Әй, сені бүгін қара басқан екен, қара басқыр?! Көміліп, күн ұзағына үйден шықпай қойдың. Әлгі бақа болғыр әлі жоқ! Өткендегідей иесіз орманда ұйықтап қалмаса жарар еді. Адам бола ма десек, күннен-күнге кері кетіп барады. Арақ түскірі түбіне жететін шығар. Аузына бірдеңе тисе, үйді ұмытады. Кеше анау жолдың бойында әлгі жетпегір Уәлиолламен ішіп отырғанын көршілер көріпті. Сол төремшікке ілеспе деп едім. Тыңдауды қойды. Егер үйге бүгін де қонбаса, айтшы қайдан іздейміз? Жұрттың бетіне қараудан қалдық-ау?! Бала емес, бәле болды бұл бір!
Айтқан тілді алмаса да, тәрбиеге көнбесе де іштен шыққан шұбар жыланды жоқтап шеше байғұс шыж-быж.
– Жә, келер күн бата. Соның сау күнін қашан көрдің? Жүрген шығар тәлтіректеп бір жерде. Оған ештеңе болмайды. Оның етін адам түгіл, сауысқан да шұқымайды. Арақ сасыған сасық етті ит-құс қайтсін?! – деп Мырзаш әйеліне кейістік білдірді.
– Сені де әкесі дейді-ау? Өгей әке де бұлай айтпас болар! Өз балаңды сасыған сасық етке теңеп?! Жұртқа жаның ашығанмен, жалғызыңа жаның ашымайды.
– Жалғыз, жалғыз деп, ақыры жанымыз шыққаннан не таптық?! Емге айықпайтын есуас нервімді құртты әбден!
– Өзің жас күніңде татып алмағандай сөйлейсің кеп! Тезірек киін де, баланы тауып әкел. Баяғы сенен ығып сыртта жүрген шығар. Бүгін үйге қонбаса, бұл өмірден әдірем қалсын!
Осылайша кіріп-шығып ерімен айтысып-тартысқан Үрлаш есікті тарс жауып, сыртқа қарай беттеп еді, іле-шала байбалам салып ішке қайта кірді.
– Тұр, Мырзаш, тұр жылдам! Анау Уәлиолла баланы өлтірейін деп жатыр! Құдай-ай, қарадан-қарап арам өлетін болды-ау. Егер ішуіңді қоймасаң ажалың Уәлиолладан болады деп едім. Айтқаным келді ақыры!
Кемпірінің жан айқайына шыдай алмаған Мырзаш төсектен қарғып тұрып, аяғына іліккен галөшті сүйретіп қора жаққа тұра шапты.
– Сәтөк? Сәтөк қайда, не болып қалды? – деп жан-жағына алақтай қарады.
– Көрмейсің бе, әне! Манадан бері Уәлиолла екеуі ит пен мысықтай төбелесіп жатыр! Мен оны сай-саладан іздеп жүрсем!
– ?
– Әне, екеуі төбелесті тағы бастап кетті. Баршы тез! Айыршы жылдам! Аллам-ай, енді қайттім?! Әлгі милиция түскірі бүгін ауданға кетті деп еді. Ол келгенше бұлар да бір жағына шығып тынатын болар. Бір жеріне зақым келмесе жарар еді?! Қарғам-ай, қор болдың-ау! – деп шешесі Үрлаш шырқырап тұр.
Есі бір кіріп, бір шыққан Мырзаш мынау кең жазық дала жаққа құстай ұшты. Күн сайын өріске мал өргізіп жүрген таяқ тастам жер асыққанда жеткізе ме. Екі өкпесі сырылдап ентіксе де, баладай қалбалақтап шауып барады. Есін білмей есірген ұлына іштей қанша өкпелесе де амалы жоқ. Жан дегенде жалғыз тұяғын ажалдың жез тырнағындай қарулы күшімен кеудесінен бүріп ала жөнелген Уәлиолладан құтқару керек! Әйтпесе, жексұрын неменің ішкенде көзі көрмейді, ашу қысқанда не істеп, не қойғанын білмейді. Түрмеден-түрмені құртып, бәлен жылдап абақтыда отырып, зұлымдық пен жауыздықтың талайын бастан кешкен бұзақының пиғылы теріс! Ниеті қара! Ойы арам! Ішкенде төбелеске дайын тұрады. Аузынан ақ көбік атып құтырынған қара бура секілді. Түрі де, өзі де сондай қорқынышты!
– Әй, тоқтатыңдар төбелесті! Доғарыңдар, қане! Екеуіңе тағы не жетпей қалды, ә?! Тағы неге керісіп қалдыңдар?! Ішіп-ішіп бір-біріңе жаудай шүйлігесіңдер кеп! Ұрынба дедім ғой, балама! Ұрынба! Түнеу күнгідей өлімші етпекпісің?! Осы жексұрыннан жеген таяғың аздай, осымен ішуіңді қоймадың-ау?! Миыңа бір түйір ақыл кірмеді-ау! Өзіңе де керегі сол! Айттым, осы жалмауызға ілеспе деп! Тыңдадың ба?! Тыңдадың ба, мына жаман әкеңді?! – деп Мырзаш алыстан жанұшырып айқайлап келеді. Бірақ оның сөзіне құлақ түріп жатқан ешкім жоқ. Уәлиолладан таяқтың талай семізін жеп жүрсе де, шекесіне ештеңе тимеген сорлы Сәтөктің жатысы анау… Өзінен бәлен жас кіші, денесінде сылым еті де жоқ арық жігітті араққа сылқия тойған Уәлиолла аждаһадай желкесінен бір бүреді. Одан гүрс еткізіп тақыр жерге қайтадан тастап жібереді. Сосын теуіп-теуіп ит тепкісін шығарады.
– Өлтірдің-ау, теппеші, теппе! Енді тепсең несі қалады оның! Сүйегін уатып, мешел қыласың ба, енді?! Теппе дедім ғой саған, теппеші! Қолың сынғыр-ай, ұрма-дағы! Одан да мына мені ұршы, мені ұршы! Аясаң етті оны! Иттің етінен жек көрсең де қасыңда жүрген серігің емес пе? Саған сонша не көрінді?! Сәтөннен ала алмай жүрген өшіңді, мына менен алсаңшы?! Өзі сүйретіліп әзер жүрген байғұстың ұрып-ұрып, діңкесін құрттың-ау?
Алыстан айқайлай-айқайлай даусы қарлықса да, Мырзаш шалдың аузы бір жабылар емес. Аңызақ желге қарсы ентігіп сөйлеп келеді. Бірақ оның сөзін тыңдайтын Уәлиолла қайда?! Оқтын-оқтын өзімен-өзі сұлқ жатқан әлсіз жігітке қожайыны құсап қара күшін көрсетіп, қоқаңдап жүр. Күл-қоқыс үйілген төмпешікке шығып алып, тегін боевик тамашалағандай ауылдың үлкен-кішісі тұр, аңтарыла қарап. Біреуінен қайран жоқ. Кең даланың төсінде әрі аунап, бері аунап жаға жыртысқан «адамның екі жыртқышынан» көрші-көлем, ағайын-туыс баяғыда түңілген секілді. Алақандай ауылдың берекесін күн құрғатпай бес тиын қылатын Уәлиолла мен Сәтөктің тап осы қылығынан баяғыда безінген секілді. Абақтыдан-абақтыны тауысқан Уәлиолла өз алдына, қиқымдай ақылы жоқ Сәтөктен де соңғы кезде көршілердің көңілі қалған.
«Ойбай, әлгі Мырзаштың Сәтөгі әрмиядән бұзылып келіпті. Қит етсе, ішкені арақ, тартқаны темекі, айтқаны боқауыз. Жынды судан аузы емге құрғамайды. Оны не жын қаққанын? Зіңгіттей жігіт еді. Мастықтан емге айықпайтын Уәлиоллаға ілесіп алып жұмыс жоқ, түк жоқ, жүрісі анау», – деп ауылдастары болса сыртынан күңкілдейтін еді. Сол айтқандары дәл келді.
«Уәлиолла өлмейді, өлсе қайтып келмейді. Уәлиолла өлмейді, өлсе қайтып келмейді», – деп үй-үйді тап осылай әндете аралап жүретін Уәлиолланың несі кетіпті. Кемпір-шалдан қалған ескі қыстауды кезбелердің жын-ойнағына айналдырған оған күн сайын бас жазатын бір жұтым ащы болса жетіп жатыр. «Ағеке, апеке, ұрттайтын берші? Құйттай ұрттайтын бірдеңе тапшы? Кеңірдегім кеуіп, кеудем өртеніп барады. Осыдан өліп кетсем, қайтемін? Көметін де ешкімім жоқ қой. Мен сорлымын ғой, сорлымын», – деп қолы бос Уәлиолла күнұзағына жұрттың босағасында телміріп отырады. Бір үйден шығып, екінші үйге кіреді. Жүз грамм бермей одан құтылу қиын. Жұдырығымен дүрсілдетіп терезені қағады. Ауылдағы алпыс шақты үйдің бірі қонақ шақырып, құда қабылдаса, Уәлиолланың құдайы берді дей бер. Сол үйдің итімен бірге үйшікке түнейді, итаяғын қоса жалайды, дұрыстап айыққанша айлап-жылдап жатады. Осы жиіркенішті ғадетімен талай рет Мырзаштың да табалдырығын тоздырған. Енді, міне, жалғыз ұлымен жекпе-жекке шығып, ажалдың қақпасына итермелеп жатқаны мынау…
Осыдан мына шөлмекті ішсең ажалың менен болады деп едім саған! Айт, жаныңның барында, мына шөлмекті неге іштің?! Енді кімнен арақ сұраймын. Мұны осы түнде малшының сарайынан ұрлап алып ем. Неге ішесің қылтамақ болғыр, жалғыз шөлмегімді! – деп Уәлиолла қайтадан Сәтөкке тарпа бас салды.
– Бра…тан, кеш..ір…ші, кеш…ір..ші мен..і. Ер…тең бір жәш..і..гі..н та…уы..п бер…е..й..ін.
– Ертеңге дейін кім бар, кім жоқ! Ал менің тамағым кеуіп бара жатыр, түсінесің бе, сен соны? – деп иттей құтырынған Уәлиолла табаны күректей керзі етігімен Сәтөктің біресе қауындай сопайған басынан, біресе кеуде тұсынан теуіп-теуіп жіберді. Ол аздай, арақ-шараптың тығынын ашу үшін әдейі қалтасына салып жүретін ұшы біздей жіңішке өткір пышақты онсыз да әлсіз жатқан кеудеге ине сұққандай сұғып-сұғып алды. Сол мезетте жапырағы майысқан көк жусанның түсі қызыл күрең қанға боялып шыға келді. Қолын сермелеп, зығырданы қайнаған Мырзаш келіп жеткенше өшін алып тынған Уәлиолла ауылдың шетіндегі ақ қорымға айналған қу молаға қарай қаша жөнелді. Біреудің қанын ішіп бара жатса да баяғы ғадетіне басып «Уәлиолла өлмейді, өлсе қайтып келмейді» деп ыңылдап қояды қатыгез неме. Сол кеткеннен мол кетті білем, қайтып ауылға ат ізін салған да жоқ.
– Айттым ғой, ажалың түбі осыдан болады деп! Айттым ғой, жайыңа қарап жүр деп! Айттым ғой, Уәлиоллаға қосылма деп! Тыңдадың ба, тіл алдың ба?! Ақымағым-ай, ақыры ажал құштың-ау?! Қор болдың-ау?! Қорлап өлтірді-ау сені анау айуан!
Құстардың ғана қанаты қалықтаған иесіз далада қанға бөккен жалғыз тұяғын құшақтап Мырзаш қала берген-ді. Кеудесін пышақ тілген ұлының енді беті бері қарамасын сезген-ді. Тіл мен жақтан айырылса да: «Әке, кешіре алсаң кешірші. Қателік менен кетті. Жаза бастым, жаңылдым» дегендей, мөлдірей қараған жалғыз ұлын басынан сүйеген Мырзаштың лажы таусылып, соры қайнаған-ды. Еліріп, есіріп, ақыры торға түскен тұяғымен тап осы иен далада мәңгілікке қоштасқан.
***
Беу, дүние-ай, десеңші?! Содан бері зымыраған жылдар, арман толы айлар, күңіренген күндер өтсе де, тағдырдың қатал сынағынан есін әлі жияр емес. Өз деміне өзі тұншығып күрсінеді де жүреді. Ауыл мен ауданға әрлі-берлі қатынап жатқан автобустан қашқақтап, ұзақ жолмен жалғыз жортатыны содан. Дархан даланың көз жетпес әр қиырынан жалғызын іздеп, жоқтайды. Жолдың бір шетінен Сәтөгі жүгіріп шыға келетіндей елегізиді. Өкініп, өксиді. Жылап-сықтайды. Сағыныштың сары жапырағына жанын да, жүрегін де, көңілін де көміп кеткен Сәтөнін еске алып, көкірегінде шер боп қатқан мұзды аздап болса да ерітеді. Қайтсін. Дәл қазір де үзілген үмітіне налып, тауы шағылып, қамығып бара жатыр. Ақылынан ауырмай адастырған жазмышқа қанша өкпелесе де, бір сәт сабасына түсіп, діттеген жеріне жетуге асығып бара жатыр. «Апырым-ай, күн де ұясына батып барады. Түнделетіп болса да көкелеріме жетсем ғой» деген ол қызылиектенген көкжиектегі доп-домалақ қызыл шарға қарап қойды. Кенет шаңын бұрқыратып безілдеген мотоцикл жолды жанай өтті.
– Таяғымды басып кете жаздады ғой, мына біреу. Осылар қайда асығады? Ажалға ма, әлде, деп селкілдеп бара жатқан қыз бен жігітке кейіп бір басылды. Әншейінде малға жем тиеген, шөп пен балық тасыған көлік біткеннің қапелімде көрінбей қойғанына налыды. Таңдайы да шөлден кепті. Кері бұрылып үйіне қайтайын десе, қаңбақ шөппен жарысып келе жатып біраз қадам алға озып кетіпті. Егер ауылға кері бұрылса, қос тентегін қашан көрмек? Қасында «айқай әжелері» тұрғанда ұрты опырайған, тісі кетік жаман шалды жүгірмектері жоқтай қоймас-ау! Соны біле тұра, бұл байғұс жүрегі сыздап сағынады жиендерін. Көп күн көрмесе құсалық пен қайғыдан қара суды жұта алмай және соры қайнайды. Тап қазір ауданға жетіп барғанда құдағиының күйіп қалған терідей бет-аузы тырысып, қыртыстанып, тыржиып қарсы алатынын біледі. Бірақ амалы нешік? «Жаман шал» деп жақтырмаса жақтырмасын, кекілдері желбіреген көкелеріне түнделетіп болса да жетіп жығылса болғаны.
Сәтін салып Мырзаш шалдың жолы болды, әйтеуір. Ауылдан кештетіп шыққан бір жігіт оқтын-оқтын жол үстінде тұратын жүзі таныс атайды ала кетті. Мың болғыр бала екен, көліктегі радиосынан тамылжыған халық әндерін тыңдатып, аудан орталығына топ еткізді. Көшеде жарық біткен самсап тұрғанмен, айнала тым-тырыс екен. Сырты жылтыр қаңылтырмен қапталған жер үйден сәуленің оты да сығаламады. Тас қараңғы. Баяғы түн ішінде таяғын шошаңдатып келіп тұрған үйреншікті жолаушыны жорта танымағандай үйшіктен тұмсығын шығарып қоңыр күшік көпке дейін шәуілдеп үрді.
– Жат, қане, жата ғой, – деп итке жылы сөйлеген Мырзаш шал саусағының ұшымен терезені түрткіледі. Сәлден соң біреу ыңыранып есікті ашты.
– Менмін, Мырзаш папаң, – деді қария иегі дірілдеп.
– ?
Сыртқы есік қайтадан тарс жабылды. Біраз үнсіздіктен соң қызы тағы да басын қылтитты.
– Қарғам, бұл сенбісің? Қараңғыда танымай тұрмын. Иә, амансыңдар ма? Жатып қалдыңдар ма?
– Енді. Жатпай сені күтіп отыр дейсің бе?! Сағаттың неше болғанын білесің бе?
– Он екі, иә бір шығар. Көлік болмай жолда кідіріп қалдым. Күн батса да көкелерімді көріп кетейін деп… Айналып кетейін екеуін!
– Жарайды, емешегің үзілмей осы жерге жата кетші! Түнде жөтелме! Түшкіріп, күркілдеме! Дәретке жиі шықпа! Балаларды оятасың!
Шашы қобырап, көздері шытынаған қызы кіре берістегі ауыз үйдің жарығын жалп еткізіп өшіріп, бөлмесіне зып берді. Шелектегі салқын суды ожаумен төңкере ішіп, таңдайын жібіткен сорлы шал шалбарының шаңын да қақпастан, шұбаш иісі шыққан шұлқиын да шешпестен көпшікке қисайды. Сегіз сүйегі сырқырағанын енді сезіп, шүңірейген көздері ұйқыға тығылды.
Сібірлеп таң атты. Саудыраған сүйектерін біреу айбалтамен бөлшектеп-бөлшектеп шауып тастағандай, құрысқан денесін әзер жиып, басын шаққа көтерді. Қабырғаның жартысындай әйнектен түскен таңның нұры көңіліне жылылық сыйлағандай болды. Ілбіп басып, сүйеулі тұрған таяғын қолына алды. Сыртқа шығып, таңның мөлдір ауасымен терең тыныстады. Түнде шәуілдеп үрген қоңыр күшік те, «е, танымай қалсам, құдамыз екенсің ғой» дегендей, шолтиған құйрығын бұралаңдатып қасына еркелей жетіп келді. Сәлден соң ауыз үйдің есігі қаттырақ ашылып, арғы жақтан құдағиының қарасы көрінді. Ұйқысы қанбады ма, әлде сол жақ аяғымен тұрды ма, кім білсін, өзінен-өзі сіркесі су көтермей сөйледі. – Анау, алжыған қақпасты тағы кім салып кетті бұл үйге. Бұл қарттан құтылу жоқ шығар, жылдамырақ көшіп кетпесек қалаға, – деді сенеде тұрған ыдыс-аяғын тарсылдатып.
Ту сыртынан күңкілдеген долы қатынның дауысы Мырзаштың онсыз да жұлым-жұлым жүрегін кеудесінен жұлып әкете жаздады. Бірақ қырқына шыдағанда, қырық біріне шыдайын деген оймен естімеген болып күшікпен ойнап тұра берді.
– Кісіден кісі! Кісіден кісі! Берекетім қашты әбден! Осы ыссы да өзің үйге сыймай отырғанда емге кісі шықпайды! – деп жуылған кірдің көбік суындай аузы көпірген Әзима құдағиы сәлден соң бақша жаққа қарай аяңдап, құдасымен суықтау амандасты. Екеуінің хал сұрасуы сау-саламаттан әрі аспады.
– Ойбай, балапандарым жылап жатқан секілді. Ақ марқаларым сол! Оянып қалды-ау, шамасы. Алтыным мен күмісім деп жаңа ғана ашуы терісіне сыймай тұрған Әзима енді етегіне сүрініп-қабынып, немерелеріне үбектеп үйге қарай жүгірді. Қос тентекті көруге ынтыққан Мырзаш та құдағиының соңынан бүкеңдей жөнелді.
– Қос батырым ұйқысынан тұрып қалды ма. Садағаң кетейін, көкелерім менің! – деп таяғымен еденді түрткілеп бөлмеге кіріп барғаны сол еді, құдағиының тасырайған көздері төбесінен шыға жаздады.
– Ойбай, есікті жап, құда! Вирусың жұғады! Тезек сасыған ауылдан микроп әкелгенің аздай, таяғыңмен төрге озып!
Мана іштей кейігенін ұмыта бергенде, құдағиының ащы тілі маңдайын тасқа соққандай қатты әсер етті. Қаққан қазықтай табалдырықтың әр жағында сілейіп тұрып қалды. Бір кезде қошақандай ойнақтаған қос балапан жүгіріп қасына келді. Сәбилердің не жазығы бар дейсің. Бірін құшақтап, бірін қоянның көжегіндей тізесіне қоңжитты. Аталарына бойы үйренген екеуі былдырлап, әлденені айтып, жүрегін қорғасындай балқытты.
– Көкелерім менің! Бұл жолы сендерге асық әкелдім. Кәдімгі ойнайтын асық. Баяғының баласы асық ойнайтын. Мінекей, саған үшеу, саған екеу. Бары осы. Көршілер де бұрынғыдай қой соймайды. Айнала жұрттан сұрап, әзер таптым, – деп Мырзаш шал боялмаған ақ асықты жиеніне ұстата бергенде, құдағиы бұлқан-талқан ашуланып, көзден бұлбұл ұшырды. Баяғы вирус жұғады деп байбалам салды. Асықтан қалай айырылып қалғандарын аңғармаған сәбилер атасының төсқалтасын тышқан құсап тінтті, тінтті де былдырлап өз жөндеріне кетті. «Көкелеген» Мырзаш шал ауладағы күшікпен ойнап қала берді. Таңғы асты іштестен қыз-күйеуі жекеменшік дүкендеріне асықты.
Жалғыз тұяғы Сәтөктің соңынан ерген ерке қызы Сәнімгүлдің сиқы анау. Осы күні туған әкесін адам құрлы көрмейді. Қашан келсе де, басын қайқитып, қақшаңдап жүргені. Шолжаңдап өскен шолақ ойлы қызы да есейген сайын ақшаның буымен тәкаппар болып барады. Қаладан есеп-қисаптың оқуын оқып келіп, осы маңнан қарасирақ жүнбасты кезіктіріп, тұрмыс құрғалы кеудесіне нан піскен. Орталыққа келген сайын доғдырға қаралайын десе, өтінішіне қызы мойнын да бұрмайды. Ертеңмен тағы да қолқа салып көріп еді, қармаққа ілінген балықтай шоршып түсті.
– Уақыт жоқ. Бір вагон тауар келіп тұр. Сенімен доғдыр сағалап жүріп, тірі ақшадан қағылып қалармын. Бизнесмен болу оңай емес! – деп әкесінің бетінен қауып алды да, күйеуінің «Мерседесіне» мініп, тайып тұрды.
Үміт еткен ұл да оңбады. Қырмызыдай қыз да оңбады. Жанына қатты бататыны – өмір бойы жинаған рухани байлықтың дәнін жұрттың ұл-қызына сеуіп жүргенде, өз бұтақтары шөлі қанбай тамырынан қиылып түсіпті. Мырзаш өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, саябақта біраз жүрді. Әжелеріне ілесіп дүкен жағалаған немерелерін де көп күтті. Содан жан-жағына елеңдей қарап тұрғанда қасына кеп тоқтаған қара әйнекті көліктен қызы басын шығарып, түстік ішуге шақырды. «Тентектермен бірге ішермін» деп еді, қызы сағатына қарап басын шайқады. Түкке түсінбеген ақсақал таяғына сүйеніп үйге қарай аяңдады.
Дастарқан басында Мырзаш шал шыдамы таусылып жиендерін сұрады. Күйеу баласы ләм-лим деп тіл қатпады. Қобдиша құсаған қоңыр сөмкесін қасына қойып, құлағына жіңішке сымды жалғап біреулермен күбір-күбір сөйлесіп отыра берді. Мұның да мінезі мінез емес. Өте тұйық. Қолынан кішкентай сөмкесін емге тастамайды. Ішінде уыс-уыс алтын жатқандай көзінен таса етпейді-ау, таса етпейді. Былдырлап өсіп келе жатқан анау ұлдарын бір иіскеп, әке болып еміренгенін байқамапты. Дүкеннен жаңа ғана әкелген мұздай сүтпен суық шәйді толтырып құйып берген қызы да жақ ашпай қойды. Екі мылқаудың бетіне алма-кезек қарап, жынданып кете жаздаған Мырзаш:
– Қарақтарым, неге үндемейсіңдер? Құдағиым қайда жүр? Балалардың да ендігі ойыны қанған шығар. Төбелерінен күн өтіп кетпесін, – деп дегбірі қашты.
– Олар бүгін келмейді. Ерхоштың нағашы апасына қыдырып кетті. Ертең жолға жиналамыз. Мамка Алматыға, ал біз Анталияға билет алдық. Қалаға барып екі жаққа ұшамыз, – деп Сәнімгүл бар сырды жайып салды.
– Алда құдай-ай! Бүйтетіндеріңді білгенде көкелерімді дұрыстап иіскейтін едім ғой. Ертеңге дейін қалай шыдаймын, – деп Мырзаш зар илеп қоя берді.
– Қойшы-ей, жаман ырым бастамай! Ертең біз көшкенде қайтесің? Қыдырыстап қайтқан бойда қаладан коттедж аламыз. Қожайынмен кездесіп, бағасына келісіп қойдық. Күзге таяу көшеміз.
– Көкелерім де бірге кете ме?
– Енді. Бәріміз түгел көшеміз. Мына үйді сатамыз.
– Қап! Осы кеткеніміз кеткен десеңші! Сендерді қойшы, анау балапандарым болмаса…
– «Қап, қап!..» деп қақылдамай, тез жинал. Көрші ағай қазір ауылға қайтады. Сонымен барып қал. Бүгін біз үйге қонбаймыз. Өткенде Ерхош бинго ойнап, лоторея ұтып алып еді. Кешкісін табиғатқа шығып, жұмыстастарға ұтысымызды жуамыз.
– Е, жүлделерің құтты болсын! Ырызықтарыңа жаратыңдар. Қыдыр ата жолдарыңды оңғарсын. Тек анау көкелеріме сақ болыңдар! Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп болады. От пен суға түсіп кетпесін. Аман-сау келгендеріңді көріп, бір соғып кетермін.
– Бәсе, осы үйден шықпайтын болдың ғой. Алдыңдағы асты да төгіп-шашып ішесің. Нанның қиқымын теріп жейсің соғыста жүргендей. Саған бола енем мен күйеуіме жақпаймын.
– Е, қызым-ай, қайтейін. Мені осы үйге жетектеп келетін анау балапандарға деген бір күш еді. Енді ол күштен де айырылған екенмін. Егер Сәтөнім тірі тұрса, бүйтіп жүрермін бе. Саулық қойдың жасындай жасым қалғанда тентектерімді иіскеп-сүйсем деп едім. Мен қашанғы осы табалдырықты тоздырар дейсің. Саулығым нашарлап, көзім де кеміп барады, – деп кемсеңдеген қария удай ашып ұйыған екі тізесін уқалап орнынан зорға тұрды. Кескен томардай түксие қараған Сәнімгүлі тым болмаса, әкесін сыртқа дейін шығарып салмады. Онсыз да жүрегі жаралы жанды қаралай күйдіріп, көңілге қаяу-мұң қалдырған көкбет қыз мыңқ етпестен алтынмен апталған шанышқы-қасықтарын жуып-шайып, күнделікті шаруасын күйттеді.
Үш кесе шәйі желкесінен шыққан Мырзаш шал тұла бойы дірілдеп, көз жанары тұманданса да, таяғына сүйенген күйі жайдақ жолға түсіп алып, ауылға қарай беттеді. Шақырайған күннің көзі төбесіндегі тақиясын қыздырып бара жатса да, сырт көзге сыр бермеді. «Кісі есігі темір деуші еді. Қарағым-ай, сен де сол темірге тұсалған екенсің. Өзегімді жарып шыққан сені де жат-жұртқа бола өсірген екенмін. Қайтейін, қайда жүрсең де аман-сау болып, қос тұяғыңның қызығын көргейсің…» – деп, көңілі астаң-кестең болған қария бір қадам алға басқан сайын әлсін-әлсін артына мойнын бұрып, жиендері «аталап» жүгіріп келе жатқандай елегізіді. Енді бір сәт: «Әке, бәрін де еркелікпен айттым. Біз де сені сағынамыз ғой. Жиі-жиі келіп тұршы», – деп, тентек қызы Ерхошымен кеп қалардай жанынан әрлі-берлі зырғып өткен көліктерге көзін сүзді.
Бірақ мұның бәрі де орындалмас алдамшы арман еді. Шыбын жанын шүберекке түйген Мырзаш шал жалғыз тұяқтың соңында «бір іздің» қалмағанына қатты қапаланды.
ПІКІРЛЕР1