Марина Сахарова: Үйде – 5 қызбыз! Бесеуіміз де қазақшаға судаймыз
23.09.2021
267
0

ОРТ арнасының «жұлдызы» Марина Николайқызымен сұхбатымыз оның балалық шағы мен тележүргізушілік қызметке қалай келгені турасында өрбіді. Сұхбат барысында Марина: «Қазір өзге тілділерге қысым болып жатыр»  дейтіндер де бар, мұның бәрі – жала!» – дейді.

 –  Сізді көпшілік телеэкран арқылы жақсы таниды. Тележурналистикаға, жалпы, осы салаға қалай және қашан келдіңіз?

 – Телевидение саласына осыдан 10 жыл бұрын сәуір айында келдім. Ол уақытта мен университеттің 1-курс студентімін. Сол кездегі Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев телеарна басшылығына:  «Қазақ тіліндегі жаңалықтар топтамасын өзге ұлт өкілі жүргізсін» деген тапсырма берген  болатын. Әрине, кастинг жарияланды. Маған «Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасынының» өкілдері хабарласып: «Сен өзіңді сынап көр, барып кел», –  деп еді. «Неліктен маған хабарласты?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі мен белсенді студенттердің бірі болатынмын. Түрлі шығармашылық сайыстардан қалыс қалмайтынмын. Таңертеңгі қоңыраудан кейін мен ойланбастан телевидениеге бардым. Білуімше, осы кастингке 4-5 адам қатысқан. Сәтін салып, қатысушылардың ішінен мені таңдап алды. Қуанышымда шек жоқ. Қызығы сол, тура келесі күні эфирге шықтым. Бірақ екі күн қатарынан жазып алды, ал үшінші күні тікелей эфир болды! Сол кездегі  сезім әлі есімде. Қатты қобалжыдым, алайда бәрі 20 минуттық эфир ғой, лезде және оңай өтті. Сол күннен бастап мені басшылық жаңалықтар жүргізушісі ретінде жұмысқа қабылдаған еді. Ол күннің 21 сәуір екені де әлі есімде.

 –  Қайда туып-өстіңіз, қазақ тілін бала күніңізден білесіз бе?

 –  Павлодар облысы киелі Баянауыл ауданы  Бірлік ауылында туып-өстім. Қазақы ауыл. 5-6 орыс отбасы тұрған. Қазақ тілін мектепке дейін-ақ даладан, көрші-қолаңнан естіп, үйреніп алдым.  Көшеде балалармен қазақша, ал үйде ата-анамызбен тек орысша сөйлесетінбіз. Себебі  олар қазақша мүлдем түсінбейтін.

 –  Мектепте, жоғары оқу орнында қай тілде білім алдыңыз?

 –  Мектепте, колледжде, университетте тек қазақ тілінде білім алдым.

 –  Мемлекеттік тілді меңгергендер саны жылдан жылға артып келеді. Дегенмен  әлі де әрі-сәрі болып жүрген көпшілікке не айтар едіңіз?

 –  Шынымен де,  тілді меңгергендер саны жылдан жылға артып жатыр. Қазір де тілді үйренем десең, біздің елде барлық мүмкіндік бар. Тіпті арнайы курстар да тегін. Жалпы қандай тіл болмасын, оны үйрену қиын емес қой, ең бастысы, ынта, мақсат болса жеткілікті.

 –  Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма? Жалпы, жұмыста болсын, жеке өмірде болсын, тілді білудің пайдасы, көмегі тиген сәтке тоқталсаңыз?

  – Жұмысым, әрине, өзіме ұнайды! Тілді білгенімнің арқасында университетте ректорлық грантта оқыдым, телеарнада жүргізуші ретінде жұмысқа тұрдым! Қазақ тілін өз ана тілімдей көрем! «Қай тілде көбірек сөйлейсің» деп  орысша сұрақ қоятындар да бар, айтарымды  қазақ тілінде айтамын! Айналадағы достарымның бәрі қазақша сөйлейді, олардың ішінде орысы да, немісі де, шешені де бар!

 – Өз тілін білмейтін немесе ана тілінде сөйлегісі келмейтін отандастарыңызға не айтасыз?

 – Оларға «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегім келеді!

 – Қазақ тілін үйрену қиын дейтіндер көп. Бұған не дейсіз?

 –  Қазақ тілін үйрену қиын деп кім айтты? Мүлдем қиын емес! Бұл – бос сөз! Адам баласы болғандықтан барлығына үйренеміз! Ал қиын деп айтатындар осылайша өздерін ақтап отыр ғой, меніңше. «Қазір өзге тілділерге қысым болып жатыр»  дейтіндер де бар, мұның бәрі – жала! Мен  тіл мәселесінде ешқашан қысым көрген  емеспін.

 – Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Үйде қазақша сөйлейсіздер ме?

–  Үйде – 5 қызбыз! Бесеуіміз де қазақшаға судаймыз. Сондықтан әпкелеріммен көбіне қазақша сөйлесеміз!

 – Болашақта іске асырсам деген жоспар, арман көп қой. Соларға да тоқталсақ…

  –  Бұл сұраққа алға қойған мақсаттарыма жеткен кезде жауап берейін. Алдағы күнге асығып жүгірмей-ақ қояйық! Айтарым, туған елімді, қаным тамған жерімді тастамаймын! Артымнан өсіп келе жатқан қызым дәл мен сияқты қазақша сөйлейтін болады! Сөз беремін!

–  Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан Дана БЕКБОСЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір