Қайырбек Шағыр. Жел көшер ала жаздай сыбызғылап
17.09.2021
1001
0

Қайырбек Шағыр

Көбелек

Шалшықта жатты көбелек,
Ұша алмай сулы қанатпен.
Бір күндік өмір, не керек,
Бітті ме сөйтіп, қап әттең!

Күйдіріп жаздың аптабы,
Шөл қысып суға қонды ма?
Думанды сәттер бақтағы,
Сонымен тәмам болды ма?

Қимылсыз, өліп кеткен бе,
Шығарып қойдым құрғаққа.
Қанаты біраз кепкенде,
Жөнелді ұшып бір жаққа.

Жаратқан, өзің жебе деп,
Қуандым мен де бір демде.
Жаңа өмір бастап көбелек,
Гүлдерге кетті, гүлдерге.

Құдайдың бәрі қолында,
Әлемге әмір жүргізген.
Бір күндік ғұмыр, оны да,
Екіге бөліп сүргізген.

 

Түз тағысы
(И.В. Гетенің «Орман патшасы» балладасының ізімен)

Жеті түнде келе жатқан бүрсеңдеп,
Алба-жұлба, адам десе, кім сенбек?
Қар үстінде аштық буған бір сұлба,
Армандайды жылы жерге кірсем деп.

Арқасында кішкентай қыз жабысқан,
Тоңып әбден, қолдары да қарысқан.
Бір қолында одан кіші ұл бала,
Төңіректеп құзғындар жүр алыстан.

Сандырақтап, сырқат жеңген қыз кейде,
Аштан өлген жан анасын іздей ме,
«Әке, үйге қайтайық» деп жылайды,
Көз алдына елестейді жүз бейне.

– Әке, әне, бір таба нан, қарашы!,
– Ол қарайған жай бір тас қой, шамасы.
Бір үзім нан, бір жұтым су екен ғой,
Бұл бес күндік қу дүниенің бағасы.

– Әке деймін, ұлып жатыр бірдеңе.
– Көрші ауылдың иті шығар, үндеме.
– Барайықшы сол ауылға тезірек,
Көже құйып берсе, шіркін, бізге де!

– Жылтыраған отты көрдім, шамдар ма,
Онда бізді жылытатын жан бар ма?
Бауырым да тоңған шығар қолыңда,
Жыламайды, әлде ұйықтап қалған ба?

– Әке, мынау келіп тұрған анашым,
Бұрылшы артқа, қайда кетіп барасың?
– Анаң болса, анаң шығар, қайтейін,
Сол анаңның қасында сен қаласың!

Түні бойы дала кезген бұл адам,
Бір ауылдың шетіне кеп құлаған.
Арқасында қыз бала жоқ, қолында
Сегіз айлық ұл ғана бар жылаған.

Жердегі «жұлдыздар»

Жұлдыздың бәрі қашан жерге келген,
Өшкен бе шын жұлдыздар зерделерден?
Жасанды, жалған әуен, әуезеге,
Елжіреп, естен танып ел неге ерген?

Ессіздік етегін кең жайғаны анық,
Қашқанмен құтыларсың қайда барып.
Аймын деп танысады құмалақтар
Домалақ екендігін пайдаланып.

Жақсылар топ-тобымен көкке кетті,
Оларды жерде кімдер өкпелетті?
Кімдердің орнын кімдер басып алды,
Әлемді кімдер билеп-төстемекші?

Хас өнер енді көзден таса қалар.
Бір күнде жұлдыз деген атақ алар,
Табынған микрофонға «мықты» әншілер,
Шөлдеген шапалаққа асабалар.

Өңшең бір өлерменге қарай-қарай,
Жыртықты шоқпытпенен жамай-жамай.
Өнердің санадағы эталонын
Төңкеріп алыппыз ғой абайламай.

 

***
«Заман солай» дей салма…
Заман солай…
Дей салу саған да оңай, маған да оңай.
Жаңаның бәрі жақсы еместігін
Түсінер адам жоғы-ай…

Бұл күнде оқылмайды ұзақ қисса,
Қайтсін ел уақыт, мода шын-ақ қысса.
Түбінде қайта айналып соға берер,
Мәртебелі классика.

Замана тырнағына талайды ілген,
«Жаманды илейтінін» Абай білген.
Иленіп кетпеу үшін дұрыс шығар,
Жақсыны жанай жүрген.

Билесін заман емес, жан денені,
Білмейміз алда қандай таң келеді.
Бабалар «Заманыңыз түлкі болса,
Тазы боп шал» деп еді.

Түлкі бол бәрің деген жері бар ма,
Кілең қу дақ түсірді сенім, арға.
Адал боп күн кешуді көздегендер
Білмей жүр не қыларға.

Пара деп шапқылайды неге бәрі?
Көп қылмыс ашылмайды, неде мәні?
Биіктен түлкілерге шүйлігетін
Бір қыран келеді әлі.

Тағдыры туған тілдің маған батты,
Десем де тағы нелер алаңдатты.
Төңкеріс, қантөгісті қаламаймын,
Сүйемін адамзатты.

Дәстүрдің ескісі мен жаңасын да,
Келтіріп өзгеше бір жарасымға.
Төңкеріс болу керек көшеде емес,
Адамның санасында.

Аңдымай қу заманның қас-қабағын,
Мұң шағып, таға бермей басқаға мін.
Заман солай дей салмай, өзің өзгер,
Өзіңнен баста бәрін.

Қосбұлақ
Жел көшер ала жаздай сыбызғылап,
Жатқандай қайың сыңсып, не қыз жылап.
Елсізде қалдым деме, еркелеп кеп,
Су ішер елігің бар, егіз бұлақ.

Айналаң жасыл алқап, ғажап әлем,
Ең алғаш келгенімде жағаңа мен
Көк шалғын кірпігіңді баяу қағып,
Қос мөлдір бұлақ көзбен қараған ең.

Табиғат бізге тегін тарататын,
Бар ма әлі бүлдіргенің, қарақатың.
Жазды ма қайыңдарың, теректерің
Дауыл мен өрттен алған жарақатын.

Көп болды-ау жағаңа мал толмағалы,
Жағалай ақ боз үйлер қонбағалы.
Бір кезде адастырмай апаратын,
Шөп басып, жерге сіңіп жол барады.

Санадан өшпейсің сен, соны ұқтырам.
Сенен мен бала күнді жолықтырам.
Бетімді мөлдіріңмен шаю үшін,
Әйтеуір бір айналып соғып тұрам.

Бәлкім мен жердің жүзін көп шарлаймын,
Қалайша сонда сені еске алмаймын.
Көрсем де өзен,мұхит, теңіздерді,
Қосбұлақ, көркіңе мен еш қанбаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір