МҰНАРЛАНА ҚАРАЙДЫ МҰРЫНҚАРАҚ
18.09.2021
1942
0

                                                          (Эссе)

         Ата-бабамыз ат қойғыш қой. Қазақстанның қай өңіріне қадам бассаңыз да,  қарсы алдыңыздан қазақы жер-су аттары амандасқан ағайындай арқа-жарқа қарсы алары хақ. Көркем табиғаттың көркін ашып, көне тарихынан сыр шерткендей сырбаз есімге тәнті боласың. Әрекідік әулиелі жерге кезігесің. Әулие ата, Ұзын ата, Асық ата секілді атауы жұмбақ аймақтар қаншама. Бәрінің тарихы қалың, тамыры тереңде.

    Отырар ауданының орталығы Шәуілдір деп аталады. Бұл не  сөз? Мағынасы қандай? Түп-тамыры қайда? Аңыз бойынша,  Шәміл деген кедей жігіт байдың Дүр есімді сұлу қызына ғашық болып, қосыла алмайды. Бір түнде қашып шыққан қос ғашықты қосарланып қуғандар осы өңірде садақпен атып өлтірген дейді. Мұңлық-Зарлық моласындай бірге жерленіп, Шәміл-Дүр ел аузында Шәуілдір боп кеткен екен. Қадым заманнан жеткен қазіргі атауы – бұл. Арқалы ақын Бекен Әбдірәзақов Шәміл мен Дүр қыздың баянсыз махаббаты туралы дастан жазған.

    Махаббат мекені Шәуілдірдің өкпе түсынан Арыс өзені ағады. «Өзіңмен Арыстың бойында таныстым» деп Шәмші ағамыз әнге қосқан әйгілі Арыс. Одан әрі отыз шақырымдай жүрсеңіз – Сырдария. Қазір өзен, бұрын арнасын бұзып ағатын асау мінезді дария болған. Сырдариядан өтіп Әмударияға қарай алпыс шақырымдай ат басын бұрсаңыз, Қуаңдарияның арнасына кезігесіз. Есте жоқ ескі заманда емес, Қарақ хан дәуірінде Сырдария мен Әмудария арасында Аралға құятын Қуаңдария деген дария болғанын тарихшылар айғақтайды. «Қайда кетті?» дейсіз ғой. Көнекөз, көреген тарихшылардың болжамы бойынша, бір заманда Қуаңдарияның арнасы бұзылып, Сырдарияға құйғасын тартылып қалған дейді. Жиделі Байсын даласында, Қуаңдарияның ескі сағасында Мұрынқарақ тауы алыстан мұнартады. Маң даладағы маяның өркешіндей биік шоқы. Түстік жағы шорт кесілген құз-жартас. Осы таудың ұшар басында орта жүздің ұранына айналған Алатау батырдың сүйегі жатыр. – Киесі бар, иесі бар Мұрынқарақ тауына мұң шағып, жырға қоспаған шайырлар кемде-кем. Сөз нобайына қарасаңыз – қадір-қасиетін бас иіп бағалаған Бұқар жыраудың да Мұрынқарақта ізі сайрап жатыр. Оны толғауынан байқайсыз.

      Сөзіне бұрынғының сауап бар ма,

      Тоқсан баулы Қоңырат,  жатырқама.

      Аруағын сыйлап келіп тұрмын Алатауға,

      Жанбас суып, жатқан жері Мұрынқарақта.

      Жүз жасаған Қожаберген жырау  Мұрынқарақтағы Алатау батырдың басына барып, дұға жасағанда көз жасына ерік берген.

        Мұрынқарақау, Мұрынқарақ,

        Жатырсың ба қырын қарап?

        Тоқсан баулы Қоңыраттың

        Киелі шоқысы едің.

        Әз-Ғараб Алатауға

        Құран оқып өтуші еді қалың қазақ.

        Құлшығаштың

        Құдығы – қырық құлаш.

        Алты Алаш арысым десе – тамырын жаяр,

         Анасын қосар Табақ бұлақ.

         Тоқсан баулы Қоңыратты ел деп бардым,

         Басына Алатаудың еңіреп бардым.

    Қазақ рухының қазығын қаққан Мұрынқарақтың құдыреті болмаса,  Құлыншақ ақын да жыр нөсерін төгер ме?

         Мұрынқарақ дүр сілкініп,

         Тектілерін тербер.

         Алатаудай ұранды жатқан киелі тау,

         Қалың Қоңырат,  төбең көкке жетер!

«Тұсыңа келіп қалдым,  Мұрынқарақ. Мұрынқарақ, киелі атың қандай! Тұлпар дүбір, ту көтер, дабыл қақшы!» – деп жыр тиегін ағытқан Алашқа аты мәлім Ақтанберді жырауға қалай тәнті болмайсың.

          Босаға, Әлімтау мен Мұрынқарақ,

          Бір заманда

          Қызылбас та келген екен тілін жалап.

          Бұл күнде Жоңғардың көшкіні атанды,

          Әруақтар шақырады жолын қарап.

          Тоқсан баулы Қоңырат, есіңді жи,

          Халық жинама, қазығын түбін табады.

          Иесі Әз-Ғараб Алатау батыр жатыр маңайыңда,

          Мұрынқарақ симай ма маңдайыңа?..

         «Алатаулап» Қоңырат неге аттанбайды,

          Атаңа бата қонған ой, қызталақ.

Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың ашаршылық жылдарында сексен үш жасында бақилық болған Молда Мұса шешен де шешіліп сөйлеген.

          Мұрынқарақ тауы ұранды,

          Кім ұмытар құранды.

          Оу, Қоңырат!

          Алатаудай пір жатыр,

          Аңыз болған Алашқа,

          Тыныс алып, алтын балдақты қыранда.

     Уақ Барқұнан жырау да, Жиенбет жырау да Алатау батырдың ата жұртқа көз тіккен Ойрат, Дүрбіт, Қалмақтың баһадүрлерін тізерлетіп, қолға түскен тұтқындарды ботадай боздатқанын өлеңдеріне өзек еткен. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» атты шежірелі кітабында Алатау батырдың ерлігін ерекше атап көрсеткен. Балғабек     Қыдырбекұлының «Алатау» романында да қызықты деректер көп. Мұхтар Мағауиннің «Ғасырлар бедері» еңбегінің «Қобыз сарыны» тарауында да тарихи тұлғаға айналған Алатау батырға айрықша тоқталған. Алатау батырдың ұрпағы Асан Тұрабаев батыр бабасы туралы зерттеу жүргізіп, «Алаштың Алатау батыры» атты зерделі кітап жазды. Қалам тербегендердің қарасы көп. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, адуын ақын Темірхан Медетбек Алатау батырдың шайқасқа түсер алдындағы сәтін «Көк түріктер сарынымен» көкке көтерді. Көп тараулы өлеңдерінің бір үзігін келтірейін. Оқығанда мұз құрсанғандай боласыз.

      Күндердің күнінде шошып оянған батыр

      Бір сұмдықтың келгенін біліп,

     Белін буып,

     Бес қаруын асынды.

     Аруақтарға сиынып,

     Алла Тағалаға бас ұрды.

     Сонан кейін

     Алапат құйын көтеріліп,

     Кілт басылды.

     Көк дабыл семсерін

     Қаратаудың қара тасына

     Жанып еді,

     Алды ашылды.

     «Иа, аруақ!» деген кезінде,

     Қаптаған қалың жау

     Аласарып бара жатты.

     …Алатау батыр Наршолақтың үстінде

     Өз жолын ерекше

     Дара салып бара жатты.

     Иа, Алла Тағалам, жолын бере көр!

  Оншақты жыл бұрын осы Мұрынқарақ тауының төскейіне Алатау батырдың тас белгісін орнатқанда Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова жыр нөсерін төкті.

      Ақын ем ақ дауылдай сөз боратқан,

     Сұрмерген қарсыласын көздеп атқан.

     Төрт ғасыр ілгеріден сыр тартайын,

      Баласы Бесайдардың Әз-Ғарабтан.

 

      Бабында сақтап ылғи ат-көлікті,

      Аттандап шапқан жауға тап беріпті.

      Халыққа пана болған Әз-Ғарабтан

      Алашы Алатау деп ат беріпті.

 

     Салмағы найзасының бір пұт еді,

     Ет түгіл еменіңе сүңгітеді.

     Айбынды Алатаулар қорғамаса,

     Мына жер, мына дала кімдікі еді?

         Әселхан – тума талант еді. Тұла бойына тұнған ақындық қасиет ата-бабасының қанымен тараған. Есімі елге мәлім Ергөбек ақынның немересі. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, жазушы Бейсенбай Сүлейменов батыр бабасының ата-тегі мен артындағы ұрпақтары жөнінде шежірені жинақтап, «Ақмырза әулеті» атты мың беттік кітап шығарған еңбегі өз алдына бір төбе.

         Тәуекел хан мен Еңсегей бойлы Есім ханның бас қолбасшысы болған Алатау батырдың орамды ойлары мен шебер сөйлейтін шешендігі – өз алдына бөлек әңгіме. Артында қалған асыл сөздері ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ауыз әдебиетінің алтын қорына қосылған. Соның бір мысалы былай. Хан Тәуекелдің ордасына орыс елшілерін бірнеше рет қабылдаған кезінде Алатау батыр көрегендік танытып айтқан екен.

     Жүзімнің кепкені мейіз болады,

     Орыстың кепкені мейірімсіз болады.

     Орысқа бата берсең, басыңды сұрайды,

     Бала берсең, досыңды сұрайды.

     Елшісін тойдырып,

     Айбалтасын қайтарып берме.

     Ақымағыңды көтеріп,

     Көсеміңді көлеңкелеп ұстар.

     Көп ойлап, кем ойлан,

     Айналдырып келгенде осыны сұрайды.

         Орыстың құйындай соғатын құйтырқы саясатын қалай байқаған! Көрегендік пе? Көрегендік! Алатау батырдың кісі танығыштығы мен болашақты болжағыш қасиеті жөнінде 1998 жылы шыққан «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» дәйектеме берілген. «…Самарқан шаһарына «қала-мемлекет» статусын әперіп, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп қоюда Бұхара, Хиуа хандары алдындағы беделінің көмегі тиген Алатау батырдың есімі Қоңырат руының, бүкіл Орта жүздің ұранына айналды», –  деп жазылған пайымдама көп нәрсені аңғартса керек.

         …Шақыру қағазын алдым. Той-домалаққа ма? Жоқ. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында тарихи тұлғалар Қарақ хан (Қарақ әулие) мен Алатау батырдың бастарына белгітас орнатуға арналған алқалы жиынға шақырыпты. Өтетін орны – Түркістан облысы Арыс ауданы Мұрынқарақ тауы. Оныншы сәуір күнгі іс-шараның негізгі мақсаты – сан ғасырлық тарихымызда өз орнын қалыптастыра білген біртуар көсем тұлғаларды тарих сахнасына шығару. Алыстан ат арытып бардым. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық. Ығы-жығы. Ынтасы зор. Халықаралық ғылыми-танымдық конференцияны Оңтүстік Қазақстан облысының және Түркістан, Отырар аудандарының Құрметті азаматы, Халықаралық «Нағанай» қоғамдық қорының Төрағасы Қанжігіт Сыздықұлы ашқан соң, баяндамалар оқыла  бастады.

         …Әсерленіп қайттым. Ғылыми конференцияда сөйлеген ғұлама-ғалымдардың іліміне құлақ түріп, құштарлықпен тыңдадым. Жай-жапсары беймәлім жаңа деректерді жадыма сақтап, жаттап алғандай болдым. Астанаға келгесін алған әсерімді кіммен бөлісерімді білмей, Шымкент шаһарында  тұратын ақын досым Ханбибі Есенқарақызына телефон шалдым. Мұрынқарақта өткен «Оғыздар мемлекетінің іргесін қалаушы тұлғалардың бірі Қарақ хан мен Қазақ ұлтының қаһарманы Алатау батырдың ел бірлігін қалыптастырудағы алар орны мен өзара сабақтастығын» қамтыған Халықаралық ғылыми-танымдық Конференцияға қатысып қайтқанымды мақтанышпен хабарладым.

         – Кімдер қатысты? – деді Ханбибі мәселені қабырғасынан қойып. Ынталы, ықыласты екенін даусынан байқадым.

         – Заңгер-ғалым, Ұлттық заң Академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ақылбек Исабеков баяндама жасады, – деп  бағдарлама бойынша сөзімді сабақтадым.

         – Ол қандай мәселені қозғады?

         – Баяндамасының тақырыбы «Оғыз тайпаларының саяси бірлестігін құрудағы Қарақ ханның Рухани кемелдігі мен ел басқарудағы тарихи тұғыры». Одан кейінгі баяндамашы – Жеңіс Жомарт, РҺД доктор, тарих ғылымдарының кандидаты, «Күлтегін» ғылыми-зерттеу институтының директоры. Тақырыбы – «Алатау батыр туралы шығыс тілдерінде жазылған деректерді зерттеудің маңыздылығы мен мүмкіндіктері». Үшінші баяндамашы доцент Бағдәулет Сыздықов. Тақырыбы –  «Мұрынқарақ – археологиялық-тарихи ескерткіш». Жапониядан келген тарихшы ғалым, РҺД доктор Нинолия Такашидің баяндамасы елді елең еткізді. Тақырыбы – «Қазақ халқының ортағасырлық Батырлар институты мен Жапония самурайлары: ерекшеліктері мен ұқсастықтары». Жапон ғалымы қазақ тілінде сөйлеп, қайран қалдырды. Түркиялық тарихшы ғалым Нуреттин Чакыр да «Оғыз мемлекетінің хронологиялық мәселелері» деген тақырыптағы баяндамасын мүмкіндігінше қазақ тіліне орайластыра жасап, ол да қошеметке бөленді.

    Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен Мұрынқараққа жапсарлас жатқан шардаралық ақын, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса баба рухын әспеттеп, жырдан шашу шашты. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған екі Қазыбек бар. Бірі – Қаз дауысты Қазыбек би, екіншісі – осы Қазыбек Иса.

    «Алатау батыр» өлеңінің бір-екі шумағы оқырмандар ойында жүрсін, үзінді келтірейін:

     Тәуекел хан таңдаулысы – Сен едің,

     Есім ханға қуат берген Ер едің.

     Салқам Жәңгір салған алға еренін,

     Сан қаланы бағындырды беделің.

     Самарқанды Жалаңтөске әперіп,

     Көрсеттің ғой хас батырдың көмегін,

     Кенен ойлап, кең толғаған кемелім!

 

     Жиенбеттей жырау сені жыр еткен,

     Біртуарым, білікті һәм білекті ең.

     Ұлтыңды сен сүйдің ұлы жүрекпен.

     Батаңды алған батырларың аз емес,

     Қарасайды өзің едің түлеткен.

 

     Бас батырға айналдың сен бақ беріп,

     Жекпе-жекте талай жауың жатты өліп.

     Қызылбастың қолбасшысы Шарахты

     Қызыл қанға бояп кеттің қақ бөліп!..

      Осы төңіректе ой бөлісіп, Ханбибімен қауқылдасып әжік-күжік әігімелестік.

         – Алатау батырдың аты кім? – деді Ханбибі.

         – Азан шақырып қойған аты – Әз-Ғарап. Әкесінің аты – Сабайдара. Атасының аты – Бесайдар би. Ескендір, Хақназар деген екі ұлы және екі қызы болған. Хақназар Орбұлақ шайқасына қатысқан. Бейбарыс сұлтан Орбұлақ шайқасына 20 мың әскер жіберсе, Алатау батыр 40 мың сарбазын бастап келіп, басшылық жасағаны туралы дерек бар. Жалпы Алатау батырдың 1615, 1620, 1627 жылдары жоңғарларға қарсы жойқын ерлігі тарихи оқиға ретінде таңбаланып қалған. Әсіресе Жайық өзенінің Хазар теңізіне құяр сағасындағы қалмақтармен қиян-кескі соғысы аңызға айналған. Екі жүз жылдан кейін Бөкей ордасында туып, жетпіс үш жасында қазіргі Ресейдің Астрахань жерінде топырақ бұйырған атақты Құрманғазының бір күйі «Алатау» деп аталады. Кімге арналған? Құрманғазының барлық күйін зерттеп, анықтама жазған академик Ахмет Жұбанов «Алатау» күйінің шығу тарихына тоқтамаған. Тіпті болжам да жоқ. Жетісу жеріндегі Алатауға арнаған күй  ме? Олай дейін десек, арқалы күйшінің бұл жаққа табан тірегені туралы дерек те кездеспейді. Тарихшылардың айтуынша, Алатау батыр 1627 жылы Құрманғазының ауылындағы жоңғарлармен соғысында отыз жеті жасында шейіт болады. «Алатау» күйі аңызға айналған Алатау батырға арналған дейді. Бұл болжам – қисынды.

         – Сөзіңді бөлейін, –  деді Ханбибі, –  қайсыбір жылы беделді заңгер, белгілі ғылым докторы, ұлт рухының жанашыры, «Қожаберген жырау және жеті жарғы» қоғамдық қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтың ұйымдастыруымен Петропавл қаласында Толыбай сыншының ұлы Қожаберген жырауға арналған ғылыми-конференцияға қатыстым. Ол бабымыз жырау ғана емес, сурыпсалма ақын, Әз-Тәукенің сенімді елшілерінің бірі болған атақты батыр ғой. Шығарған күйлері қаншама, «Дабыл»,, «Аңырақай», «Бозайғыр», «Шұбырынды», Сұлама» күйлерінде күрескерлік сарын басым.

            Қаратаудың басынан көш келеді,

            Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

            Қарындастан айырылған жаман екен,

            Қара көзден мөлтілдеп жас келеді!..

          Бұл – Қожаберген жыраудың «Елім-ай!» дастанындағы шумақ. Ел басына туған ауыр апатты – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін жыр тіліне көшірген. Осындағы «Ақтабан шұбырынды…» түсінікті, ал «Алқакөл сұлама» деген сөздің қайдан шыққанын   білесің бе?

         – Білмеймін.

         – Ендеше, айтайын.  Есіңде жүрсін. Сол конференцияда «Алқакөл сұламаның» тарихын бірінші рет естіп, таң қалдым. Қазіргі Солтүстік Қазақстанның Гүлтөбе-Маманай өңірінде 1663 жылы дүниеге келіп жүз жасаған Қожаберген жыраудың арғы тегі – Орта жүз Ашамайлы Керейдің Көшебе руының Таузар әулеті. 1723 жылға нәубетке ұшыраған Керейлер солтүстіктен оңтүстікке «ақ табан шұбырынды» боп келіп, Мұрынқарақ маңындағы Алқакөлге қоныстанады.

         – Алқакөл деген көл ме?

         – Иә, көлдің аты. Қыздың алқасындай көл болғасын Алқакөл деп атаған шығар бабаларымыз. Алқакөл атауы ертедегі орыс саяхатшыларының картасында бар екен. Осы көлге келген керейлер аттарын қаңтарып, түйелерін шөгеріп тыныстапты. Ертесіне масқара! Ат-түйелері де, аш-жалаңаш адамдары да Алқакөлдің жағасында сұлаған күйі орындарынан тұрмай қырылып қалыпты. Себебі не? Көлдің суы ма, әлде шөбі ме? Жұмбақ. «Алқакөл сұлама» сөзінің мән-мағынасы осылай екен. Орыстар арақ ішіп, мас боп, сұлап жатқандарды «алькагол» демей ме? Тіл мамандары орыстардың осы «алькагол» сөзін қазақтардың «Алқакөл сұламасынан» алған-ау деп те шамалайды.

         – Әй, Ханбибім-ай! – деп езу тарттым.

         – Мұның күлкісі жоқ. Бұл – күлетін емес, жылайтын тарих…

         – Мұрынқарақты мекендейтін елде: «Құлшығаштың құдығы қырық құлаш» деген қанатты сөз бар.

         – Жақсы сөз екен. Құлшығашың кім?

         – Құлшығаш – Алатау батырдың ата-тегі.

         – Біз жүзге, руға кейін бөлініп кеттік қой. Баяғыда бабаларымыз руға бөлінбеген. Керісінше, рудан құралған халықпыз.

         …Ханбибі пайымы дұрыс. Таразыға қазақтарды тартсаң, бір басында – ұйысқан ұлт, екінші басында – ру, тайпа тұрады. Сөйтіп, таразы басын тең ұстаған. Қатары бұзылмаған, қабырғасы сөгілмеген. Елбасының: «Қазақтар үшін ұлттық дәстүрді сақтап-сабақтастырып, отырған мәнді тетік-ру болған… Біздің халықтың драмаға толы тарихында рулық психологияның кіріктіргіш рөлі болғанын сезіне білуіміз керек», –  деген көзқарасы да осы ойымызды айғақтай түседі.

         …Қол алысып, қоштастық. Етекке түсіп, елге қарай бет түзедік. Алыстаған сайын Мұрынқарақ тауы мұнартып қарайды. Мұнартып емес,  мұң артып қарайтын сыңайлы. Әуелгіде солай сезіндім. «Шарболаттай шарт сынған, бабалардай мәрт туған баяғы қазақ бар ма?» деп тұрғандай. Баяғы қазақтар бар екен. Кім? Ол – Оразхан Кенжеғұлұлы Жанысбеков. Он жылдан бері осыншама іс-шараның отын жағып, қазанын қайнатып бәйек боп жүрген азамат. Қазақ халқының қаймағы бұзылмай қалпын сақтау үшін қара терін төгіп жүрген жігіт. Жекешелендіру жылдарында бір кәсіпкер Мұрынқарақ тауының 500 гектар жерін өз иелігіне айналдырып алса керек. «Айналайын-ау, бағзы заманнан бері бабаларымыздың дамылдап жатқан жері тарихи-археологиялық мәдени ескерткіш санатында емес пе? Қасиетті жерді қайтарыңыз!» – десе, ол кәсіпкеріңіз көзін жұмып көне қоймапты. Енді қайтпек? Заңға жүгініп, соттың шешімі арқылы Мұрынқарақтың еншісіндегі 18 гектар тиесілі жерді қайтарып алды. «Енді қалған 482 гектар жерді заң жүзінде өзімізге өткізіп, «Алатау батыр» қоғамдық қорының иелігіне береміз!» – дейді Оразхан бауырымыз.

         …Мұрынқарақ қырын қарап жатқан жоқ. Бағзы замандағы бабалардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жалғастырып, ұлтты ұйытып отырған елдің еңселі ынтымағы мен ыстық ықыласына ырза болғандай  «Мен мұндалайды!»     

     Көпен ӘМІРБЕК,

                                           Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

              

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір