ҰЛЫ ИНКВИЗИТОР
17.09.2021
4679
6

Аса көрнекті орыс жазушысы, әлем әдебиетінде өшпес із қалдырған Ф.М.Достоевскийдің дүниеге келгеніне биыл 200 жыл. Қаламгердің асыл мұрасын қазақ халқы да қастер тұтады. Мерейтой иесіне құрмет ретінде әйгілі «Ағайынды Карамазовтар» романынан жазушы Нұрлан ҚАМИ аударған үзіндіні назарларыңызға ұсынамыз.


Бір күні Иса пайғамбар жатса-тұрса қиянаттан көз ашпай, ауыр тұрмыстан азап шеккен, күнәға белшеден батып, азғындай бастаған, сатқындық пен аярлықтың сасық иісі тұла бойына мәңгі тазармастай болып сіңіп кеткен, бірақ өзін жас сәбидей пәк көңілмен алғаусыз сүйетін үмбетін көріп қайтпақ болды. Сөйтіп, инквизиция дүрілдеп тұрған Испанияға, барлық жерде алау жағылып, күнәһарларды Құдайдың атымен отқа өртеп жатқан Севильяға келіп түсті.

Бұл оның, бір кезде өзі уәде еткендей, ақырзаман басталар алдында қайтып келуі, аспан әміршісінің бұйрығымен «Шығыс пен Батыстың арасын тұтас нұрландырып» найзағайдай жарқ етіп кенеттен пайда болуы емес-тұғын. Жоқ, ол күнәһарлардан арылу үшін дінбұзарларды жаппай отқа өртеп жатқан үмбетімен тағы бір жолығып қайтуды ғана ойлады. Сол кезден он бес ғасыр бұрын адамдардың арасында үш жыл бойы қандай кейіпте жүрсе, тура сол қалпында тағы да келіп, жүздесіп, мейірімін төгіп, шуағын шашпақ. Оңтүстік өңірде орналасқан қалада сол күні корольдің, сарай қызметкерлерінің, рыцарьлардың, кардиналдардың, сарайдағы сұлулардың, Севилья халқының таңдаулы өкілдерінің алдында кардинал ұлы инквизитор Жаратқанның даңқы арта беруі үшін жүзге жуық дінбұзарды бір-ақ өртеген. Ол ешкімге білдірмей, тып-тыныш келді – сонда да бәрі танып қойды. Халық жапырласа тұра ұмтылып, әп-сәтте жан-жағынан қаумалап алды, бірден-бірге қарасы көбейе түсті, ағылып келіп жатыр, қайда барса да соңынан қалмай ерді де жүрді. Ал ол үнсіз жымиып, шетсіз-шексіз жанашырлық сезімін төгіп, адамдарды аралап келеді. Жүрегінде лаулаған Махаббат оты, жанарынан төгілген Нұр, Ілім-білім мен Күш-қуат шапағы айнала қоршаған адамдардың ізгілікті аңсаған жандүниесінің шөліркеуін басып, жиналған қауымның көкірек сарайына лақылдай құйылып, меймілдете толтырып, кенерінен асып, жауап сезіммен кері серпіліп жатты. Баршаға құшағын жайып, бәріне батасын берді, ал оның денесіне, тіптен шекпенінің шалғайына қолдары тиіп кеткендер пайғамбардың бойынан шипалы леп есіп тұрғанын аңдап, естерінен тана жаздады. Кенет қаптаған халықтың арасынан су қараңғы соқыр шал шығып: «О, Жаппар Ием, көзімді ашшы, нұр бейнеңді көрейін!» –  деп жалбарынды. Сол мезет жанарын жапқан буалдыр мұнар сейіліп, қос жанары шамшырақтай жарқырап шыға келді. Пайғамбардың қасиетіне қайран қалып, көз жасын көлдеткен халайық басқан ізін сүйіп жатыр. Балалар қарсы алдынан гүл шоқтарын лақтырып: «Осанна!» – «Жаса! Мәңгі жасай бер!» – деп айғайлайды. «Сол ғой бұл, соның өзі! – деп шуылдасты жұртшылық. – Әрине, сол, одан басқа ешкім емес!». Енді ол Севилья шіркеуінің алдына тоқтады, онда жеті жасар қыз баланың мәйіті салынған табытты кіргізіп жатыр, қаладағы беделді кісінің қызы екен, бәрі жылап-сықтап жүр. Мүрдені гүл шоқтарымен көмкеріпті. «Сәбиіңді тірілтіп береді ол!» – деп айғайлады біреулер қайғыдан қан жұтқан байғұс анаға. Табыттың қасына келген шіркеу қызметшісі аңтарыла қарап, қабағын шытты. Сорлы ана еңірегенде етегі толып, пайғамбардың аяғын құшты: «Егер бұл шынымен сен болсаң, балақайымды тірілтіп берші!» – деп жалбарынды. Бәрі тына қалды, табытты жерге қойып, пайғамбардың аяғына қарай жылжытты. Бұл оған жаны аши қарап, күбірлей тіл қатты: «Талифа куми» – «Тұр, қызым!». Табытта жатқан қыз орнынан көтеріліп, отыра қалды, аңтарылып, жан-жағына жымия көз тастады. Қолына табытқа қойылған гүлдердің бір шоғын ұстап алыпты. Халық толқып кетті, тебіреніп, айғайлап, жылап қоя берді, дәл осы сәтте шіркеудің қасындағы алаңда кардинал ұлы инквизитор келе жатқан. Жасы тоқсанды алқымдап қалса да серейген бойын тіп-тік ұстайды, жүзі қуарып, көзі шүңірейіп кеткен, соның өзінде жанары жарқылдап, ұшқын атады. Кеше Рим дінінің қас дұшпандарын тірілей өртегенде үстіне кардиналдың сәнді киімін киіп еді, бүгін иығына монахтардың көнетоз желбегейін жамылыпты. Соңынан ерген көмекшілері мен құлдары және «киелі» күзетшілері көсемдерінен едәуір кейініректе келеді, жүздері суық, тұнжыраңқы. Жиналған халыққа жақындай бере тоқтай қалды, алыстан бақылап тұр. Табытты жерге қойып, пайғамбарға қарай жылжытқанын, қыздың қайта тірілгенін – бәрін көрді, бәріне куә, кенет жүзі түнеріп сала берді. Қою қасы ағарып кеткен, қабағы қарс түюлі, көзінен от шашады. Қолын шошайтып, күзетшілеріне: «Ұстаңдар ананы», – деп бұйырды. Кардиналдың ықпалы зор, жұрттың бәрі бағынып үйренген, жиналған халық жасауылдарға қақ жарылып орын берді, бәрі тым-тырыс тына қалды, жасауылдар пайғамбарды қолынан ұстап сүйреп әкетті. Көпшілік түгел бастарын иіп, кәрі инквизиторға тәжім етті, ол үн қатқан жоқ, ишарамен бата берді де өз жөнімен жүре берді. Жасауылдар тұтқынды қасиетті соттың көне ғимаратында орналасқан жартылай күмбезді, қашан көрсең күңгірттене қарауытып тұратын тап-тар түрмеге әкеліп қамады. Күн батып, Севильяның көзге түртсе көргісіз қараңғы әрі қапырық, «тыныс тарылтатын» түні басталды. Ауадан «лавр жапырағы мен лимонның  иісі» шығады. Кенет қара түнек қақ айырылып, түрменің темір есігі айқара ашылды да кәрілік дендей бастаған ұлы инквизитор баяу адымдап кіріп келді, қолына шамдал ұстапты. Жалғыз өзі, темір есік тарс етіп жабылды. Кірген соң сәл кідіріп, пайғамбардың жүзіне қадала қарады. Сосын шамдалды үстелдің үстіне қойып, оқыс тіл қатты: «Сен бе бұл? Сенбісің? – Жауап күтпестен бастырмалата сөйлеп кетті. – Үндеме, жауап бермей-ақ қой. Айтатын да ештеңең жоқ шығар? Не айтарыңды онсыз да біліп тұрмын. Бұрынғы айтқаныңа бірдеңе қосуға хақың жоқ сенің. Не үшін кедергі келтірмексің бізге? Сол үшін келдің ғой мұнда, өзің де білесің. Ал ертең не болатыны мәлім бе саған? Мен сенің кім екеніңді білмеймін, білгім де келмейді: шынымен сенсің бе әлде соған ұқсайтын басқа біреусің бе – ертең-ақ әшкерелеп, дінбұзарлардың арасындағы ең оспадары ретінде отқа өртеймін; бүгін аяғыңды сүйген жұртшылық ертең ишара білдірсем болды, сен өртеліп өлетін алауға отын тастайды, білесің бе соны? Мүмкін білетін шығарсың», – деп толғана сөйледі екі көзін тұтқыннан бір сәт те айырмастан…

 …«Келген жағыңның, ең болмағанда, бір құпиясын ашуға хақың бар ма? – деп сұрады қарт, содан кейін өз сұрағына өзі жауап берді. – Жоқ, хақың жоқ,  бұрынғы айтқандарыңа ештеңе қоспауға тиіссің және жер бетінде жүрген кезіңде бар күшіңді салып жақтаған бостандықтан адамдарды айырмауың керек. Не айтсаң да соның бәрі адамдардың сенім бостандығына нұқсан келтірер еді, өйткені сенің аузыңнан шыққан сөздің бәрі кереметке тең, осыдан мың жарым жыл бұрын адамдардың сенім бостандығы сен үшін бәрінен жоғары тұратын. Сол кезде: «Сендерді бостандыққа жеткізгім келеді», – деген жоқ па едің? Сол «азат» адамдарды көрдің енді,  – деп қосты қария ойлы кекесінмен. – Иә, бұл бізге қымбатқа түсті,  – деп жалғастырды ол тұтқыннан жанарын тайдырмай. – Дегенмен сенің атыңнан сөйлей жүріп, ақыры дегенімізге жеттік. Он бес ғасыр бойы сол бостандықпен күрестік, ақыры жеңдік, жеңіп тындық. Біржола жеңгенімізге сенбей тұрсың ба? Мейірлене қарайсың, тіптен қабағыңды да шытпайсың ба? Тек мынаны біл – олар бостандыққа енді ғана толық қол жеткіздік деп ойлайды және соған дәл қазіргідей ешқашан нық сенімді болған емес, бостандықты өз еріктерімен әкеліп, аяғымыздың астына тастады. Бірақ соны біз істедік, саған керегі осы ма еді, осы бостандық па еді?..

 …Адамның бақыты туралы ойлауға енді ғана алғаш рет мүмкіндік туды. Адамдар бүлікшіл болып жаралған, бүлікшілер бақытты бола ала ма? Біз саған ескерткенбіз, – деп сөзін тағы жалғастырды ол, –  талай рет ескерттік, бірақ сен ескертуге құлақ аспай, адамдарды бақытты етудің бірден-бір жолын жоққа шығардың, әйтеуір кетеріңде бұл істі бізге тапсырғаның жақсы болды. Сен бізге уәде еттің, үкім-пәтуа шығаруға, оның күшін жоюға хақылы екенімізді өз сөзіңмен бекітіп кеттің, бұл хақымыздан айыра алмайсың енді. Не үшін кедергі келтірмексің бізге?..

…Шөл далада саған қорқынышты да ақылды рух, өзін-өзі жою және жоқ болу рухы, ұлы рух келді, – деді  қария ары қарай. – Кітаптардан бізге де жетті, ол сені «азғырыпты». Рас па сол? Ол саған үш ұсыныс жасады, үшеуінен де бас тарттың, киелі кітаптарда «азғыру» деп аталатын сол ұсыныстарда айтылған ақиқаттардан асқан не бар еді? Егер жер бетінде шынымен теңдесі жоқ керемет жасалса, нақ сол күні, әлгі азғырулар айтылған күні жасалды. Сол үш ұсыныстың айтылғанының өзі керемет. Егер сынақ ретінде немесе мысалға келтіру үшін ойланып көрсек, сондай мүмкіндік беріліп, әлгі қорқынышты рухтың кітап беттерінен із-түзсіз өшіп кеткен үш ұсынысын қайтадан қалпына келтіру, қайта ойлап тауып, жаңадан құрастыру, кітаптарға енгізу керек болса, сол үшін жер бетіндегі барша данышпандарды – билеушілерді, дінбасыларын, ғалымдарды, философтарды, ақындарды – жинап алып, мынадай тапсырма берсе: бүкіл әлемнің және күллі адамзаттың болашақ тарихын түгел қамтитын, небәрі үш сөзден, адамдардың үш түйір сөз тіркесінен тұратын және сол оқиғалардың ауқымына толық сай келетін үш ұсыныс ойлап табыңдар десе – қалай ойлайсың, жер бетіндегі барша даналықтың басын қосса да ішкі қуаты мен тереңдігі тұрғысынан сол күні саған шөл далада құдіретті де кемеңгер рух жасаған үш ұсынысқа тең келер сөз тіркесін ойлап таба алар ма еді? Тек сол ұсыныстарға, солардың пайда болуының кереметіне қарап-ақ оларды туғызған – адам баласының тұрлаусыз ақыл-ойы емес, мәңгілік әрі мызғымас кемеңгерлік екенін ұғынуға болады. Өйткені сол үш ұсыныста адамзаттың болашақтағы бүкіл өмір жолы бейнеленіп, үш бейне сомдалған, жер бетін мекендеген адам табиғатының шешімі табылмас барлық қайшылықтары сол бейнелердің бойында тоғысып, біртұтас бірігіп кеткен. Ол кезде бұл беймәлім-тұғын, өйткені болашақтың көрінісі бұлыңғыр болатын, ал қазір арада он бес ғасыр өткен соң әлгі үш ұсыныста бәрі де ап-айқын болжанып, алдын-ала айтылып қойғанын, оған ештеңе де алып-қосу мүмкін еместігін көріп тұрмыз.

Кім дұрыс айтыпты: сен бе, ол ма – бұл жағын өзің шеш. Алғашқы ұсынысты есіңе түсір, шамамен былай: «Адамдарға бара жатырсың, қолыңда түк жоқ, бостандық әперемін дейсің, олар надан ғой, оның үстіне жүгенсіз болып жаратылған, олар сенің бостандығыңды қайтсін, түсінбейді оны, тіптен қорқады, зәресі ұшады, өйткені адам үшін, адамзат қауымы үшін бостандықтан өткен жан төзгісіз ауыртпалық ешқашан болған емес! Мына көні кепкен шөл далада шашылып жатқан тастарды көрдің бе? Соның бәрін нанға айналдыршы, бүкіл адам соңыңнан мал секілді еріп жүре берсін, басына көтерсін, құлшылық ұрсын, дархандығы сарқылып, наннан айырылып қаламыз ба деп қорқып, алдыңда үнемі діріл қағып тұрсын». Бірақ сен адамдарды бостандықтан айырғың келмеді, ұсыныстан бас тарттың, нанға сатып алынған бостандықтың қажеті қанша деп ойладың! Адам тек нанмен ғана өмір сүрмейді дедің, алайда сол нан үшін Жер рухы саған қарсы шығып, шайқасқа түсіп, ақыры жеңіп шығатынын, жұрттың бәрі соны жақтап, «бұл хайуанға кім тең келеді – ол бізге аспаннан от түсіріп берді!» – деп мадақтайтынын біліп пе едің? Арада пәлен ғасыр өткен соң «кемелдікке жетіп, ғылымның шыңына шықтық» деп мардымсыған адамдар «қылмыс деген жоқ, демек күнә да жоқ, қарны ашқан байғұстар ғана бар» деп жар салатынын білесің бе? Саған қарсы көтерген, түптің-түбінде сенің храмыңды күйретіп тынатын туларына олар: «Әуелі қарнымызды тойғыз, ізгілік туралы содан кейін сұра!» – деп жазып қояды. Храмның орнына басқа ғимарат тұрғызады, қорқынышты Вавилон мұнарасын қайтадан көтереді, бұрынғысы секілді бұл мұнара да толық салынып бітпейді, бірақ сен жаңа мұнара тұрғызуға жол бермей, адамдардың қиналысын мың жылға азайта алатын едің, өйткені олар мұнараны тұрғызамыз деп мың жыл әуреге түскеннен кейін бәрібір бізге келеді! Олар бізді тағы да жер асты үңгірлерінен тауып алып (өйткені біз тағы да қудаланып, азап шегеміз), жалынып-жалбарынады: «Тамақ тауып беріңдер бізге, аспаннан от түсіреміз деп уәде еткендер алдап кетті!» Сонда біз әлгі мұнараны салып бітіреміз, себебі оларға тамақ бергендер ғана бұл құрылысты аяқтай алады, оларды біз тамақтандырамыз, соның бәрін сенің атыңнан істейміз, солай деп алдап соғамыз. Біз болмасақ олар ешқашан, ешқашан өздерін тамақтандыра алмайды! Бостандықта жүрсе, ешқандай ғылым қарнын тойғыза алмайды олардың, сосын әлгі бостандықты табанымыздың астына тастай салады: «Құлдыққа жегіңдер бізді, тек қарнымызды тойдырсаңдар болды!» Бостандық пен нанның бір мезгілде баршаға бірдей тиесілі болуы ақылға сыймайтынын ақыры ұғады олар, өйткені ешқашан ештеңені өзара тең бөлісе алмайды! Ешқашан азат бола алмайтындарына көздері жетеді, өйткені олар әлсіз, азғындыққа бейім, күйікшіл  әрі бүлікшіл. Сен оларға аспаннан нан түсіремін деп уәде еттің, бірақ тағы да қайталаймын, өзі әлсіз, мәңгі күнәһар, жақсылықты ешқашан түсінбейтін адамзат қауымы аспандағы игілік жердегі нанмен салыстыруға татымайды деп біледі! Мыңдаған, он мыңдаған адам аспандағы наннан дәметіп соңыңа ерсін, бірақ сол игілік үшін жердегі наннан бас тартуға шамасы жетпеген миллиондаған, он миллиондаған адам қайтпек? Әлде саған он мыңдаған әлеуетті де кемеңгер адамдар ғана қадірлі, ал миллиондаған әлсіздер – теңіздің жағасындағы құм секілді санап тауысу мүмкін емес, бірақ сені шын сүйетін бейшаралар сол мықтыларға қызмет ететін материал ғана ма? Жоқ, біз үшін әлсіздер де қымбат. Олар азғындыққа бейім әрі бүлік шығаруға құмар, бірақ кейіннен бағынышты болады. Бізге сүйсіне қарайды олар, билікті қолға алған соң бостандықтың көзін құртуға уәде етіп, басқаруға келісім бергеніміз үшін ғана бізді құдай деп санайды – ақыр аяғында бостандықтың өзі сұмдық қорқынышты болып көрінетін болады! Біз оларға: «Сенің үмбетіңбіз, сенің атыңнан билік құрдық» дейміз. Тағы да алдаймыз оларды, өйткені енді қайтып сені маңымызға жолатпаймыз! Біздің қасіретіміз осы, себебі  өтірік айтуға мәжбүр боламыз. Шөл даладағы алғашқы ұсыныстың мәні осында жатыр еді, бостандықты бәрінен жоғары қоямын деп бас тарттың. Бұл дүниенің ұлы құпиясы осы ұсыныста болатын. Ұсынылған «нанды» қабыл алғаныңда саналы мақұлық ретіндегі жеке адамның да, тұтас адамзаттың да көкейін тескен, ежелден шешімі табылмай келе жатқан «кімге құлшылық етеміз?» деген сұрағына жауап тауып беретін едің. Өйткені бостандыққа қолы жеткен адам енді кімге құлшылық етерін білмей, қожайын іздеп, ғазиз басын мәңгі-бақи тасқа ұрумен өтеді, ол үшін бұдан өткен шешімі табылмас күрделі де қиын мәселе жоқ. Алайда  адам даусыз құдіретке ғана бас иеді, даусыздығы соншалық, барша адам бір мезгілде оған жаппай құлшылық етуге келісім беруге тиіс.  Олардың арманы – менің немесе басқалардың құлшылық етуіне лайықты құдірет иесін табу емес, барша адам бірдей сеніп, міндетті түрде бәрі бірге құлдық ұратын тұлғаны табу. Әр адамның да, тұтас адамзаттың да дүние жаралғаннан бергі ең басты қиналысы осы – бәрі бірге жаппай құлшылық етуге деген қажеттілік. Сол үшін бірін-бірі қан-қасап қырғынға ұшыратты. Қолдан құдай жасап, бірін-бірі: «Өз құдайларыңды ұмытып, біздің құдайларға сыйыныңдар, әйтпесе өздеріңді де, оларды да жоқ қылып жібереміз», – деп қорқытты. Заманақырға дейін солай болады, бұл дүниеде сыйынатын құдай қалмаса,  пұтқа табынады. Адамзат болмысының ең басты осы құпиясын білгенсің сен, білмеуің мүмкін емес, барша адамды өзіңе сөзсіз табынуға мәжбүр ететін бірден-бір мызғымас байрақ – жердегі нанды мадақтайтын ту берілді саған, ал  сен бостандық пен аспан наны үшін бас тарттың. Содан кейін не істегеніңді қара. Соның бәрі бостандық үшін! Айтып тұрмын ғой, бейшара адамзат өзімен бірге жаралған бостандықты тезірек беріп құтылатын біреуді табу үшін жанталасудан өткен азап жоқ деп біледі. Сол бостандыққа олардың ар-ұятын тыныштандырған тұлға ғана ие болады. Саған нанмен бірге даусыз ту да ұсынылды: нан тауып берсең болды, адам саған басын иеді, наннан даусыз ештеңе жоқ; соған қарамастан, егер басқа біреу оның ар-ұятына иелік етер болса – о, онда олар сен берген нанды тастай салып, ұятын жаулап алған басқыншыға ілесіп кете барады. Бұл тұрғыдан келгенде, сенікі дұрыс. Өйткені адамзаттың өмір сүруінің мәні – жай ғана тіршілік етуде емес, не үшін өмір сүруде. Не үшін өмір сүретінін анық білмей тұрып адам жер бетінде жүре бергеннен өзін-өзі жойып жіберуді артық санайды, тіптен айналасы нанға толып тұрса да сөйтеді. Бұл – рас, бірақ сен не істедің?  Адамдардың бостандығына ие болудың орнына бұрынғыдан да арттырып жібердің! Әлде сен адам баласының ізгілік пен зұлымдықты танып-білуден жан тыныштығын, тіптен ажалдың өзін артық санайтынын ұмытып кеттің бе? Адам баласын бәрінен көбірек еліктіретін – ар-ождан бостандығы, сонымен қатар  жанын қинайтын ең ауыр азап та сол. Ал сен адамның ар-ожданын біржола тыныштандыратын мызғымас ұстынның орнына әдеттен тыс, дерексіз әрі бұлыңғыр, адамдардың өресі жетпейтін нәрселерді алдың, сөйтіп оларды сүймейтініңді көрсеттің… Кім істеді соны: адамдар үшін жанын қиюға келген пайғамбар! Адамдардың бостандығына иелік етудің орнына сен оны бұрынғыдан да көбейтіп жібердің және адамзат қауымының мәңгі қиналуы арқылы еселеп ауырлаттың. Сен адамдардың махаббатының  азат болуын қаладың, олар сенің сөзіңе сеніп, өз еріктерімен соңыңа еруге тиіс болатын. Енді олар бұрынғы мызғымас заңдарды ысырып тастап, көз алдарындағы сенің бейнең арқылы ізгілік пен зұлымдықты өздері ажыратып, бәрін азат жүрекпен шешуге тиіс еді – алайда адам байғұс әлсіздік танытып, таңдау құқығы секілді ауыртпалыққа шыдай алмай, түптің-түбінде сенің жарқын бейнең мен шындығыңды жоққа шығарып, қарсы дау айтады деп ойламадың ба шынымен? Олар ақырында шындық сенде емес деп жар салады, өйткені оларға қаншама қиындықтар мен шешімі табылмас жұмбақтар қалдырып, абыржытып тастадың, қасірет шегуге мәжбүр еттің, өйтуге болмайды ғой. Сол арқылы өз патшалығыңды ыдыратуға өзің жол салып бердің, бұл үшін басқа ешкімді кінәлама. Ал саған жасалған ұсыныс сол ма еді? Жер бетінде осынау әлсіз бейшаралардың ожданын біржола жеңіп, бағындыра алатын және соны олардың бақытты болуы үшін жасайтын үш-ақ күш бар, небәрі үш қана күш – керемет, құпия және бедел. Сен соның үшеуінен де бас тарттың, сөйтіп өзің үлгі көрсеттің. Қорқынышты да кемеңгер рух сені храмның ұшар басына шығарып, былай деді: «Егер шынымен Құдайдың ұлы екеніңе анық көз жеткізгің келсе – секір жерге, құламайсың, періштелер қағып әкетеді, сәуегейлер солай дейді, аман қаласың, Құдайдың ұлысың ба, жоқ па – анығына жетесің, сол әкеңе деген сенімің қаншалықты берік екенін дәлелдейсің».  Сен тағы да бас тарттың, секірген жоқсың. О, әрине, бұл жерде Құдайға тән асқақтық пен кеңпейілділік көрсеттің, бірақ әлсіз де бүлікшіл адам Құдай емес қой! О, егер сол сәтте секірмек болып бір қадам аттасаң болды, Құдайға күпірлік жасайтыныңды, оған деген сенімнен айырылып, өзің құтқаруға келген күнәһар Жерге соғылып өлетініңді, ал сені азғырмақ болған ақылды рух қуанышқа кенелетінін біліп тұрдың. Десе де, тағы да қайталаймын, сен сияқтылар көп емес! Ондай азғыруға адамдар да шыдас бере алады деп бір сәт болса да ойладың ба шынымен? Табиғаты бойынша адам баласы кереметтен бас тартып, сондай қиын кезде, ең басты әрі ең қорқынышты рухани сұрақтарға жауап берер қысылтаяң сәтте жүрек таңдауына бағынып қала ала ма? О, сен осы ерлігің кітаптарға жазылып, уақыт қатпарларын көктей өтетінін, жердің ең бір қиян түкпірлеріне дейін жететінін білетінсің, сені үлгі тұтқан адамдар кереметке үміт артпайды, Құдайдың жолынан ауытқымайды деп дәмелендің. Адамның кереметтен бас тартса – Құдайдан да бас тартатынын білген жоқсың, себебі адам Құдайды емес, кереметті іздейді. Сөйтіп, кереметсіз қала алмайтын болғандықтан оны өзі жасап алады, қаншама бүлікшіл, дінбұзар немесе құдайсыз болса да емші-балшыға, қатындардың сиқырына сене бастайды. Біреулер сені мазақ қылып: «Айқыштан түс, сонда саған иман келтіреміз», – деп айғайлағанда айқыштан түскен жоқсың. Өйткені сен адамдардың жан дүниесін кереметтің күшімен емес, шынайы сеніміне ие болу арқылы жауламақ болдың. Құл-құтанның кереметке тәнті болып, қорыққаннан бағынуын емес, азат адамның көңілі еркін құлауынан туындаған шынайы сенімді қаладың. Бұл жерде де бейшара пенделерді тым жоғары бағалапсың, олар қаншама бүлікшіл болса да шынымен құл болатын. Байыптап қара да бағаңды бер, арада он бес ғасыр өтті: кімді сен өз деңгейіңе дейін көтермек болдың? Ант етейін, адам баласы сен ойлағаннан әлдеқайда күйкі әрі әлсіз! Сенің істегеніңді істей ала ма ол? Сен оны соншама құрмет тұтқаныңмен кенет оған жаның ашымайтындай қылық көрсеттің, тым көп талап еттің одан, –  бұл қалай, сен оны өзіңнен де артық сүйетін едің ғой?! Егер оған деген құрметің азырақ болса, қоятын талабың да тым биік болмас еді, бұл – оны шынымен сүйетініңнің кепілі, енді оған жүктелген ауыртпалық азая түседі. Ол – әлсіз әрі аяр. Қазір ол барлық жерде бізге қарсы бүлік шығарып жүр, соны өзі мақтан тұтады, онда тұрған не бар? Мектеп жасындағы баланың мақтанышы ғой. Сыныпта шу шығарып, мұғалімді қуып жіберген балалар сияқты. Балалардың мақтанышы мен өрекпуі басылады, сосын тиісінше сазайын тартады. Храмдарды күйретіп, жердің бетін қанға бөктіреді. Ақымақ балалар қаншама бүлікшіл болса да өздерінің әлсіз екенін, өз бүліктеріне өздері төтеп бере алмайтындарын ақыры түсінетін болады. Көз жасын көлдетіп, әу баста бүлікшіл қылып жаратқан құдірет иесінің өзі күлкі қылмақ болған шығар деп ақталуға тырысады. Олар мұны ашынғаннан айтады, бұл сөздері күпірлік болады, сондықтан өздерін бұрынғыдан да бақытсыз сезінеді,  адамның табиғаты күпірлікті қабыл алмайды, ақыры өз-өзінен кек алып тынады. Сонымен, адамдардың қазіргі үлесі – мазасыздық, абыржу және бақытсыздық, ал сен олардың бостандығы үшін жапа шектің! Ең ұлық әулиелеріңнің біріне берілген аян бойынша, сенің алғашқы тірілуіңді өз көзімен көрген адам көп болыпты – әр ұрпақтан он екі мың адам. Шынымен соншама көп пе еді, енді олар да адам емес, Құдай болып шығады ғой. Олар сенің айқышқа керілгеніңді көрді, ондаған жыл бойы шөл даланы кезіп, шегіртке мен шөп тамырларын жеп күнелтті.  Сен, әрине, соларды, азат махаббаттан жаралып, өздерін сенің атыңмен құрбандыққа шалған бостандық перзенттерін мақтанышпен көрсете аласың. Дегенмен  есіңе түсірші, олар онша көп емес, небәрі бірер мың, оның үстіне, бәрі құдай тектес, ал басқалар қайда? Мықтылар шыдаған қиындықтарға төзе алмайтын әлсіз бейбақтардың жазығы не? Осыншама қорқынышты сыйлықты көтере алмаған әлсіз жанның кінәсі қанша? Әлде сен шынымен де тек мықтыларға, сол мықтылар үшін ғана келдің бе? Олай болса, бұл – нағыз құпия, біз оның байыбына бара алмаймыз. Демек құпияны уағыздауға, адамдардың жүрегін жарып шыққан еркін таңдау мен махаббат маңызды емес, ар-ожданын ысырып тастап, соқыр сеніммен бағынуға тиісті құпия ғана маңызды деп үйретуге біздің де хақымыз бар. Солай істедік те. Біз сенің ерлігіңді түзетіп, оны кереметке, құпияға және беделге негіздедік. Адамдар өздерін қайтадан мал секілді қуалай жөнелгенімізге, жүректерін қысқан зіл-батпан салмақтан арылып, өздеріне соншалықты қасірет әкелген сыйлықтан ақыры құтылғандарына қуанды. Айтшы өзің, оларға солай үйреткеніміз, сол істегеніміз дұрыс болды ма? Адамдардың әлсіздігін ықыласпен мойындап, иығына артылған ауыртпалықты жеңілдетуге шын көңілімізбен тырысып, табиғатының босаңдығына қарай күнәға да баруына рұқсат еткенде біз оларды сүймеп пе едік? Енді не үшін кедергі келтірмексің бізге? Жанарыңнан нұр шашып, неге үнсіз қарайсың маған? Ашуға басшы, махаббатың керек емес маған, себебі  өзім де жақсы көрмеймін сені. Нені жасырмақпын сенен? Кіммен сөйлесіп тұрғанымды білмейді дейсің бе? Талай нәрсе айтқым келіп еді, көзіңнен байқап тұрмын, онсыз да бәрін біледі екенсің. Құпиямызды жасыра аламын ба сенен? Мүмкін соны өз аузымнан естігің келетін шығар, тыңда онда: біз сенің емес, оның жағындамыз, бар құпия осы! Оның жағына шыққанымызға көп болды, сегіз ғасыр. Осыдан тура сегіз ғасыр бұрын біз одан бір кезде өзің түңіліспен ысырып тастаған нәрсені, жер бетіндегі барша патшалықтарды көрсете тұрып тарту еткен соңғы сыйлығын қабыл алдық: Римді және патша семсерін иемденіп, өзімізді жер бетіндегі патшамыз, бұдан былай баршаға ортақ билік жүргіземіз деп жарияладық, алайда сол бастаған ісімізді әлі толық аяқтай алмай жүрміз. Кім кінәлі бұған? О, бұл іс әлі де бастапқы кезеңінен шыға алмай жүр, десе де  басталды ғой. Аяқталуына көп бар әлі, оған дейін талай өткелектен өтеміз, діттеген межеге жетпей қоймаймыз, сөйтіп патшаға айналамыз, сосын барып барша адамның бақыты туралы ойланамыз. Ал сен сол кезде-ақ патшаның семсеріне ие бола алатын едің. Не үшін бас тарттың одан? Құдіретті рухтың осы соңғы сыйлығын қабыл алғаныңда адамдардың жер бетінен іздегенін: кімге құлшылық етіп, ар-ожданын кімге сеніп тапсырарын, ақыр түбінде баршаға ортақ бір илеуге қалай тоғысарын  (өйткені бүкіләлемдік бірігуге деген қажеттілік адамдардың үшінші және ең соңғы қиналысы) – түгел табар едің. Адамзат әрқашан міндетті түрде бүкіләлемдік деңгейде бірігуге ұмтылады. Тарихы ұлы істерге тұнып тұрған көптеген ұлы халықтар болды, солардың бәрі неғұрлым биікке көтерілген сайын соғұрлым бақытсыз бола түсті, өйткені олар адамдардың бүкіләлемдік деңгейде бірігуге деген қажеттілігін басқалардан күштірек сезінетін. Ұлы жиһангерлер, Әмір Темірлер мен Шыңғысхандар бүкіл әлемді жаулап аламыз деп жер бетінде құйындай жүйткіп өтті, олар санасыз түрде болса да адамзаттың дүниежүзілік деңгейде жаппай бірігуге деген қажеттілігін жүзеге асырмақ болды. Дүниежүзілік билікті қабыл алып, патшаның шапанын жамылған соң бүкіләлемдік патшалық орнатып, баршаға жайлы өмір сыйлауың керек еді. Адамдарды олардың ар-ожданына әмір етіп, нан тауып беруші билемегенде кім билемек? Патшаның семсерін біз ұстадық, ұстадық та сенен бас тартып, оның соңына ердік. О, азат ақыл мен жүгенсіз ғылым және адамжегіштік үстемдік құрған талай ғасыр өтеді әлі,  олар өздерінің Вавилон мұнарасын тұрғызуды бізсіз бастап, ақыры адамжегіштікпен аяқтайды. Жер бауырлай жылжыған хайуан содан кейін ғана тауып алады бізді, табанымызды жалап, көзінен қанды жасын төгеді. Біз оның жонарқасына жайғасып, ернеуіне «Құпия» деп жазылған тостағанымызды көтереміз! Адамдар өмір бойы армандап келген тыныштық пен мол бақыт патшалығы сонда ғана орнайтын болады. Сен өзіңнің таңдаулы әулиелеріңді мақтан тұтасың, сенде – тек таңдаулылар ғана, ал біз барша адамды бақытқа жеткіземіз. Таңдаулылардың өздері де түгелдей сенің жағыңда емес: жігері жалындаған солардың көпшілігі, қаласа солардың арасынан ойып тұрып орын алатын талай мықты сені күте-күте шаршап, рухының қуатын, жүрегінің жалынын басқа бағытқа төкті, әлі де солай істеп жүр, олар ақыры өздерінің бостандық туын саған қарсы көтеріп шығады. Сол туды сен өзің көтеріп едің. Ал бізде бәрі – бақытты, ешкім бүлік шығармайды, сенің бостандық патшалығыңда жаппай жүріп жатқандай, ешкім бірін-бірі қырып-жоймайды. Бостандықтан біз үшін бас тартып, бізге бағынғанда ғана шынайы азаттыққа қол жеткізетініне сендіреміз оларды. Не айтасың, біздікі дұрыс па, теріс пе? Дұрыс екенін өздері мойындайды, сенің бостандығың оларды құлдықтың қандай деңгейіне дейін құлдыратып, шарасыздыққа тірегенін еске түсіреді. Бостандық, еркін ақыл-ой мен ғылым оларды түпсіз тығырыққа тіреп, толып жатқан кереметтер мен тылсым құпияларға тап қылады да амалы таусылған өршіл де батылдары өз-өздерін өлтіреді, өршіл болса да әлсіздеу басқалары бірін-бірі қырып салады, қалғандары – әлсіз де бақытсыз үшіншілері тағы да біздің аяғымызға жығылады. «Сендердікі дұрыс екен, оның құпиясы сендерге ғана мәлім, сондықтан өздеріңе қайтып оралдық, өз-өзімізден құтқара көріңдер бізді!» –  деп шыңғырады. Біз оларға нан береміз, әрине, олар бәрін көріп тұр, біз олардың өз еңбегімен тапқан нанын тартып алып, өздеріне таратып береміз, бұл жерде ешқандай керемет жоқ, тасты нанға айналдырмаймыз, ал  олар нанға емес, сол нанды біздің қолымыздан алғандарына қуанатын болады! Өйткені, бұдан бұрын, біз жоқта өз еңбегімен тапқан наны тасқа айналып кеткенін ұмытқан жоқ, бізге қайтып оралғанда қолдарындағы тас қайтадан нанға айналды. Бір рет бой ұсынып, мәңгі-бақи бағынышты болудың не екенін бағалай біледі олар! Адамдар осыны түсінгенге дейін бақытсыз болып қала бермек. Соны түсіне алмауларына кім көбірек жағдай жасады, айтшы? Бір отар малды бөлшектеп, жан-жаққа бытыратып жіберген кім? Бірақ отар қайтадан жиналады, қайтадан бағынады, бұл жолы біржола бағыныштылыққа өтеді. Сонда біз оларға тыныш та бірқалыпты бақыт сыйлаймыз, бұл – әлсіздердің бақыты, олар солай жаралған. О, біз оларды асқақтықты ұмытуға көндіреміз, сен оларды тым биікке көтеріп, тәкаппарлыққа ұрындырдың; біз олардың жас сәбидей әлсіз екенін дәлелдейміз, бірақ сәбидің бақытынан тәтті ештеңе жоқ екеніне иландырамыз. Енді олар жасықтыққа бой алдырып, бізден көзін алмай, мекиенді қорғалаған балапандай етегімізге тығылады. Олар бізге таң қалып әрі үрейлене көз жібереді, біздің құдіретті де ақылды екенімізге, мың-миллион бұзақыдан тұратын осындай мал отарын бағындырып, басқарып отырғанымызға тәнті болады. Біздің ашуымыздан зәресі ұша қорқады, ақыл-ойы үргедек болады, жанарлары әйелдер мен балалардың көзіндей жасқа толады, бірақ біздің әмірімізбен кез-келген сәтте думанға беріліп, күлкіге кенеледі, қуанышқа бөленіп, жас сәбидей көңілді әнге басады. Иә, біз оларды жұмысқа жегеміз, жұмыстан босағанда өмірлері балалардың ойынына айналып кетеді, жас сәбише хормен ән шырқайды, би билейді. Біз олардың күнәға батуына рұқсат етеміз, өйткені олар әлсіз әрі нашар, күнәға батуға рұқсат еткеніміз үшін жас балаша жақсы көретін болады бізді. Енді оларға: «Егер біздің рұқсатымызбен істесеңдер, қандай күнәні де өтеуге болады», – дейміз; себебі  күнәға батуға рұқсат еттік, оларды жақсы көргендіктен істедік мұны, сол күнәлар үшін жазаға тартылуды өз мойнымызға аламыз, қайтеміз енді. Енді олар бізді Құдайдың алдындағы күнәларын өтейтін қамқоршыларындай қадір тұтатын болады. Бізден еш құпиясын жасырмайды. Әйелдерімен немесе ашыналарымен бірге тұруына, балалы болуына (мұның бәрі бізді қаншалықты тыңдауына байланысты) біз рұқсат етеміз немесе тыйым саламыз, олар бізге шын көңілмен және қуана-қуана бой ұсынады. Ар-ұятын кемірген ең ауыр құпияларын – бәрін айтып береді, бәрін кешіреміз, олар біздің шешімдерімізді қуанышпен қабыл алады, өйткені бұл шешімдер жеке бастың мұң-мұқтажы мен бостандықтың ауыр азаптарынан құтқарады. Жүздеген мың басқарушыларды қоспағанда барлық миллиондаған пенделер түгелдей бақытқа бөленеді. Тек өзіміз, құпияны сақтаушылар ғана бақытсыз болып қала береміз. Мыңдаған миллион   бақытты сәбилер және ізгілік пен зұлымдықты танып-білу қарғысына ұшыраған жүз мың қасірет шегуші. Олар тып-тыныш өмірден өтеді, сенің атыңмен жанып тұрған тіршілік шырағы баяу ғана өшіп кетеді, табытқа түскен соң еш қиындық көрместен өлімнің құшағына еніп кете барады. Құпияны да сақтаймыз, мәңгі бақытты болуы үшін аспан әлеміндегі сыйлықты да тарту етеміз. Ана дүниеде бірдеңе бар болса да олардай бейбақтарға арналмаған. Сен туралы өзінің асқақ та құдіретті, таңдаулы әулиелерімен бірге қайтадан келеді, тағы да жеңіп шығады деген талай сәуегейлік айтылды, әлі де айтылып жүр, біз: «Олар өздерін ғана құтқарды, ал біз барша адамды аман алып қалдық», – дейміз. Хайуанға салт мініп, қолына өздерінің құпиясын ұстаған күнәһар әйел масқара болады, әлсіздер қайтадан бүлік шығарып, әлгі әйелдің үстіндегі шапанын паршалап тастайды, тәні жалаңаштанып қалады дейді. Сонда мен орнымнан тұрамын да күнә дегеннің не екенінен хабарсыз мыңдаған миллион бақытты сәбиді көрсетемін. Олардың бақытты болуы үшін күнәларын өз мойнымызға артқан біз сенің алдыңа келіп: «Қолыңнан келсе және дәтің барса,  сотқа тарт бізді», –  дейміз. Біліп қой, мен сенен қорықпаймын. Шөл далада мен де болдым, мен де шегіртке мен шөп тамырларын жедім, сен адамдарға бата беріп, бостандық тілесең, мен де бостандықты жырладым, мен де сенің таңдаулыларыңның, құдіретті де мықтылардың «санын көбейтуді» аңсап, солардың қатарында болғым келді. Бірақ  ұйқымнан ояндым, ессіздікке қызмет еткім келмеді. Қайта оралып, сенің ерлігіңді түзетушілердің қатарына қосылдым. Асқақтардан кетіп, бой ұсынушылардың бақытты болуы үшін соларға қосылдым. Осы айтқаным түгел орындалады, біздің патшалығымыз салтанат құрады. Тағы да қайталаймын, бағынышты тобырды ертең өз көзіңмен көресің, бізге кедергі келтіруге келгенің үшін менің бір ғана ишараммен сені өртейтін отқа отын тастайды олар. Өйткені отқа өртеніп өлуге әбден лайықты біреу болса – ол сенсің. Ертең отқа өртеймін сені. «Діхі» –  «Мен айтып болдым»…

…Инквизитор сөзін аяқтаған соң тұтқынның жауабын күтіп сәл үнсіз қалды. Тұтқын тіл қатар емес, бұл оған ауыр тиді. Айтқан сөзін ың-шыңсыз тебірене тыңдады, көзінен жанарын тайдырар емес, алайда  қарсы сөйлегісі келмейтін сияқты. Қария оның ащы әрі қорқынышты болса да бірдеңе айтуын қалап тұр. Ол кенеттен қарияға жақындап, тоқсандағы шалдың қаны қашқан құп-құрғақ ернінен ақырын ғана сүйіп алды. Қарт дір ете түсті. Ернінің миығында әлдене жыбыр ете қалды, жақындап барып есікті ашты да бір ауыз тіл қатты: «Бар, енді қайтып келме… Мүлдем келуші болма… Ешқашан, ешқашан!..» Сөйтіп оны «түнгі қаланың қараңғы қойнауына» босатып қоя берді. Тұтқын шығып кетті.

ПІКІРЛЕР6
Аноним 17.09.2021 | 12:15

Роман Ф. М. Достоевского на казахском «Ағайынды Карамазовтар» («Братья Карамазовы») в переводе Н. С. Сыздыкова вошел в число 100 произведений, изданных по Государственной программе Республики Казахстан «Культурное наследие».

Аноним 21.09.2021 | 11:42

Онда неге үзінді Нияз Сыздықовтың аудармасынан алынбаған?
Қазақ әдебиетінде Нияз Сыздықовтың аудармашылық шеберлігін бірауыздан мойындаған көпшілік әріптестері оны көркем аударманың «тарланбозы», «тәржіманың тарханы» деп атаған.
Ф.М. Достоевский шығармаларының қазақ тіліне аударылу тарихына зер салсақ, жазушының мұраларын аударуға кездейсоқ адамдар емес, аударма саласында тәжірибеге ие жазушы-аудармашылар ат салысқандығын
көреміз.

Аноним 25.10.2021 | 10:41

қами да ұлы жазушы ғой аудара берсін бір жерден шығар

Аноним 31.10.2021 | 11:45

қами қалтұрщық

Аноним 01.11.2021 | 11:37

Қами байдың асын қызғанатын байғұс қой. Араққа деген тәбеті және керемет. Оған аударма не керек?

Аноним 06.11.2021 | 22:18

Бірін-бірі көре алмайтын сорлы қазақ.Сендер жазушы боларсыңдар осыларыңды жазбасаңдарда болар еді ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір