Жылнамашы
11.12.2015
998
0
1Мен Ілияс Есенберлинмен сонау 1975 жылы танысып, өмірінің соңғы кезіне дейін араластық. Сол жылдың наурызында тұңғыш рет «Простор» журналына өлеңдерім жарияланған кезде бізді, сол кезде әдебиетке жаңадан келген бір топ жастарды ағамыз Қазақстан Жазушылар одағында арнайы қабылдады. Әлі есімде… Жаныма келіп, Одақ фойесіндегі терезенің алдына алып келді де ағылып жатқан көлік пен қарбалас қала тіршілігіне қарап тұрып, естілер-естілмес қана: «Мұсаханның ұлысың ғой!..», – деді. Арамызда үнсіздік орнады. «Ол сенің әкең екенін білетінмін. Тың игеру тұсында Солтүстік Қазақстандағы халықтық білім беру саласын басқарған жалғыз мұғалім екенінен де хабардармын. Ал қалғандары Ресей, Украина пен Беларуссиядан жер аударып келгендер болатын. Сол өңірде қазақтың жас өркендеріне білім беріп, тағдырлы кезеңде мектептердің жабылмауына барынша ықпал еткен де Мұсахан еді!..», – деді әңгімесін жалғай түсіп.

Менен әлдеқайда қырық жасқа үлкендігі бола тұра, дос болдық. Бұл аға мен інінің арасындағы дос­­тық еді.
Мәскеудің Жоғарғы әдеби курсында оқып, 1976-1983 жылдары «Мосфильм» киностудиясында жұмыс істеп жүргенімде, ағамыз орайын тауып Ор­талық­қа келді. Жолыққан сайын Зубов бульварында орналасқан, КСРО жазушыларының кітап­тарын басып шығаратын «Прогресс» баспасына байланысты әдеби тапсырмалар беріп кететін. Мекен-жайы жазылған, желімделген хатты қал­дыр­ған-ды. Егер есімнен шықпаса, 1977 жылы ғой деймін. Мәскеуге келді. Өңі өрт сөндіргендей және бір нәрсеге қа­паланып тұрды. Ол кезде КОКП ОК істейтін ақын Кәкімбек Салықов ағамызды Домодедово әуе­жа­йы­на алып бару үшін көлігін жіберді. Ақсақал жол бойы үнде­меді. Трапқа көтеріліп бара жатқанда ғана мені құшағына қысып, Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наев «Көшпенділер» трилогиясына Лениндік сый­лық­тың берілуіне ықпал ете алмағанын жеткізді.
«Көшпенділер» романы қазақтың ұлттық сана­сы­ның өсуіне зор еңбек сіңірген туынды. Л.И.­Бре­жнев «Целинасында» Кенесарының тарихи роліне бай­ланысты аса бір әділетсіз  баға берген болатын. Осының бір жағдай Есенберлин сыйлыққа түскенде алдынан шықты. Ал КСРО Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты металлург-ғалым Евней Арыстан­ұлы Букетов Лениндік сыйлықтың соңғы кезеңіне сол уақытта инфаркт алған грузин жазушысы Нодар Думбадзе мен біздің Ілекең ғана жеткенін айтқан еді. Дәл сол уақытта сыйлықты тапсыру жөніндегі Комитетке Грузиядан алғыс, ал Қазақстаннан қар­ғыс келіп жатты. Орталық комитетке жолданған «до­малақ арыздың» кесірінен Ілекең сыйлықтан айы­рылып қалды.
Ілияс Есенберлин және орыс қаламгерлері дегенде еске алдымен Морис Симашко, Павел Косенко және Юрий Домбровский түседі. Домбровский мен Есенберлин тағдыры жағынан бір-біріне өте ұқсас жазушылар. Екеуі де Кеңес одағының сынына ұшырап, қиын да, азапты жылдарды басынан өткерген-ді. Қос қаламгер рухы жағы­нан жақын болғандықтан ба, Ілекең алғашқы шығар­маларының аудармасын орыс классигіне тапсырғаны – соның айқын дәлелі. Домбровский қазақ қаламгерінің алғашқы роман, повес­те­рін сәтті аударып, олар Алматы мен Мәскеуде жарық көрді.
Ал сол кездегі «Простор» журналы Бас редак­то­ры­ның орынбасары Павел Косенко «Көшпен­ділер­дің» үш бөлімін де жариялаған еді. Бұны орысшаға жарқыратып тәр­жі­малаған Морис Симашко болатын. Және Симашко дарынының арқа­сында ғана трилогиядағы тарихи трагедия өзгеше құлпырып, орыс оқырманын ерекше әсерге бөлей алды. Тағы бір қызығы, Ілияс аға дүниеден өткен соң, 1986 жылы қарымды қаламгер Морис Симашкоға қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Қазақ­стан Республи­ка­сының Мемлекеттік сыйлығы бұйырды.
Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ.
ПІКІР ҚОСУ