«АЛТЫНЕМЕЛ» АЙШЫҚТАРЫ
20.08.2021
417
0

Ұлы қаған Шыңғыс хан 1219 жылы Орта Азияны жаулап алмаққа қалың қолмен Тұран даласын басып өткен деседі. Күн көкжиекке құлар сәтте тауды жапқан сарғайған шөп сары кілем боп, жарты әлемді жаулаған теңдессіз қолбасшы «Алтын ер!» деп тамсаныпты. Расымен де, алыстан көз тастасаңыз отты жазықты қоршаған таулардың бейнесі ат әбзелін қиялыңызға қондырады. Бізге жеткен деректерде бұл жердің «Алтынемел» аталуының сырын тарихи оқиғаға негіздеп, осылайша баян етеді. Яғни, моңғол тілінен аударғанда үшбу сөз – қазақтың «Алтын ері»-дүр. Негізгі бөлігі таулы массивтерден тұратын бұл қорық 1996 жылы 10 сәуірде құрылды. Қорық құрамына Қапшағай бөгенінің солтүстігі бөлігі мен Іле өзенінің оң жағалауы, Жетісу (Жоңғар) сілемдері: Кіші және Үлкен Қалқан, Ақтау, Қатутау, Дегерес, Матай, Шолақ, Қояндытау таулары және өте сирек кездесетін табиғат ескерткішінің бірі – «Айғай құм» кіреді.

         «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында таулы, құмды-шөлді, жазық далалы, қырлы-жоталы және топырақты далалы аймақ бар. Түртіп қалсаң түйір құмы да тарихтан сыр шертер даланың өзі, тауы тұрмақ, кесек тасына дейін шежірелі бұл аймақ – бабаның көзі. Аумағы 520 мың гектарды құрайтын Қазақстандағы ең үлкен қорықта өсімдіктердің 1500 түрі бар. Бақ жануарлар әлеміне де бай. Омыртқасыздардың ішінде ең көп кездесетіні – өрмекшітәрізділер мен жәндіктер. Жәндіктердің 5000-нан аса түрі белгілі. «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктердің 21 түрі, жәндіктердің 25 түрі, балықтардың 3 түрі, қосмекенділердің 2 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 1 түрі, құстардың 12 түрі, сүтқоректілердің 10 түрі кездеседі. Жазы ыстық, қысы суық болғанмен, қардың аз түсуі жабайы жануарлардың қыстап шығуына қолайлы жағдай тудырса керек.

         «Алтынемелде» туристердің жиі баратын жері – Айғай құм. Айғай құмның халық аузындағы аты – Әнші құм. Кез келген жанға есту бақыты бұйырмайтын оның дауысының құдіретін, ғажап сырын ғалымдарға да болжап, білу оңайға соқпай тұр. Кiшi және Үлкен Қалқан тауларының ортасында орналасқан ғажайып дүниежүзінде 10 шақты ғана: Қытайда, Ресейде, АҚШ-та және Арабияда.

Аңызы мол бұл аймақта елді елең еткізер тағы бір дүние – бас аяғы 31 қорғаннан тұратын «Бесшатыр» қорғандары. Осынау сақ қорғандары таудың төменгі беткейінен орын тепкен, айналасы алып тастармен қоршалған «Бесшатыр» кішігірім таулардан айнымайды. Бұл – бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi VII-VI ғасырларда өмiр сүрген шығыс скифтерiнiң немесе сақ-тиграхаудтарының зираттар кешенi. Тайпалар мен одақ көсемдерi, билеушiлерi, хандары үшiн 50-100 метр диаметрлi, батырлар, ру басы, байлар үшiн 30-40 метр, қарапайым жауынгер үшiн 15-25 метр қорғандар соғылған.

Қатутау және Ақтау да – «Алтынемелдің» көрнекі жерлерінің бірі. Қатутаудың ерекше келбеті – бұрын болған шағын жанартаулардың «естелігі». Ақтау кезінде осы жерде болған теңіздің орнында пайда болыпты, ал теңіз тау бетінде өз ізін қалдырған. Археологтар Ақтаудан, тіпті, динозаврдың сүйектерін де тапқан, ал одан кейін тіршілік еткен түрлердің қалдықтарын қазірдің өзінде табу қиын емес.

Сонымен қатар, «Алтынемелде» белгілі Тамғалы тас – тастарға салынған ежелгі суреттер ескерткіші де бар. Бұл суреттер шамамен біздің заманымызға дейінгі XVI-XIV ғасырларда салынған. Негізінен бұл суреттер – Үндістан мәдениеті білгірлерінің арасында танымал буддистік жазбалар мен құдайлар бейнесі. Тамғалы таста VIII-IX ғасырлардан қалған түркі сына жазуы да сақталған. Бұл жазу қыпшақтардан қалған болуы мүмкін.

1976 – 77 жылдардан бері ақ бөкендер, 400-ден аса керқұлан мекендейтін «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағы әлі талай ғылыми зерттеулер мен мақалаларға, әдеби жанрларға арқау, тақырыбына тұздық болары анық.

Ө.ӘРІПБЕК

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір