Хантәңір шұғыласы
06.08.2021
770
0

Мұқағали Мақатаев – саф алтындай пoэзиясы арқылы әлем қазақтарына танылған ірі тарихи тұлға. Ақынның мол әдеби мұрасы туған халқының ықыласына бөленіп, рухани қазынасына айналуы, сан миллион оқырманның жүрегінен жол табуы, заңғар талант иесі екенін еріксіз мойындатады.

Мұқағали пoэзиясы Қытай қазақтарына сонау 1950 жылдардың ішінде таныс бола бастапты. Яғни 1954 жылы «Шұғыла» (бұрынғы «Шынжаң әдебиет искусство») журналының 6-шы санында «Әке туралы сөз», «Біздің жақтың іңірі» атты екі өлеңі жарияланыпты. Бәлкім бұл екі өлеңнің жариялануына Бұқара Тышқанбаев (1920-1985) себеп болуы мүмкін. Қытай қазақ әдебиетінің көшбасшыларының бірі Бұқара Тышқанбаев 1953 жылы Шынжаңда тұңғыш жарық көрген «Шынжаң әдебиет искусство» журналының бас редакторы, Шынжаң ұйғұр автономиялы аудандық жазушылар қоғамның секретары, автономиялы аудандық мәдениет меңгермесінің орынбасары қатарлы маңызды басшылық міндеттерді өтеген еді.

Ақынның «Біздің жақтың іңірі» атты жырында:

Әлде қашан жасырынды, күн батты,

Ауыл үстін елең-алаң түн жапты.

Сонау егіс даласында колхоздың

Қызған еңбек әлі дағы тынбапты, — деп іңірдегі егін салып, еңбек еткен ауыл адамдарының тірлігін көз алдыңа елестетеді.

Өлеңнің жалғасында ақын ауыл адамдарының еңбекшіл, ақкөңіл, ақжарқын бейнесін табиғат суретімен қабыстырып тіл шеберлігі арқылы былай жеткізеді:

…Күндегіден әлдеқайда, жай тіпті,

Қыр астынан әрең-әрең ай шықты.

Жатағынан кешеу қалған топ үйрек,

Жаңа ғана жайылымнан қайтыпты, — дейді.

Міне, Мұқағали есімі мен жырлары Қытай қазақтарына таныс болғалы жарты ғасырдан асты. Ақынның «Әке туралы сөз», «Біздің жақтың іңірі» атты екі өлеңі еліміз оқырмандары жөнінен алғанда Мұқағали пoэзиясын насихаттау мен танудың беташары болды.

***

М.Мақатаев шығармалары Қытайдағы бір жарым миллион қазақ халқына 1980 жылдардың соңынан бастап кеңінен тарала бастады. Қытайдың Іле, Алтай, Тарбағатай, Бұратала, Санжы, Мори, Баркөл, Қарамай, Үрімжі, Ақсай қатарлы ұлан-қайыр өңіріндегі қалың қазақ оқырман ақын өлеңдерін бірден-бірге жазбаша көшірсе, кейбіреуі ауызша жаттап үлгірді. Осылайша халық ардақты ақынның өлеңдерін ыстық ықыласпен қабылдады.

Мен 1980 жылдардың орта шенінде Мұқағали өлеңдерін тұңғыш рет Моңғүлкүре ауданының Ақдала ауылында тұратын ақын Нұрбақыт Мұқаметжанұлының (1962-1998) ауызынан естідім. Ол Мұқағалидың 50-ден астам өлеңін жатқа айта алады екен. Сол реткі кездесуде ақынның «Жыр — ошақ», «Мен таулықпын!», «Ақ кимешек көрінсе», «Әке», «Қара өлең», «Отан» қатарлы он шақты өлеңін жатқа айтып берді:

Тау дейтін алып жүрек ана туған,

Мен — таулықпын!

Тауда мен жаратылғам.

Киіктің сүтін еміп ержеткенмін,

Қуат алып қыранның қанатынан.

…Міне, Мұқағалидың «Мен таулықпын!» атты жырын тыңдап отырып қазақтан да осындай керемет әулие ақын туған екен-ау деп қатты қайран қалдым.

Әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы мен күй пірі атанған Әшім Дұңшыұлының атамекені, қазір 150 мыңға жуық жан саны бар қазақ халқы тұрып жатқан Күнес сахарасында да Мұқағали жырлары 1980 жылдардың соңынан бастап кеңінен таралыпты. Той-думан, басқосулар мен отырыстарда Мұқағали өлеңін оқымай өтпейтін болыпты. Бұл сахарада Мұқағали жырларын қазақ жастары тегіс жаттап өсіпті. Ақ жейделерінің арқасына, кеудесіне Мұқағали суреті түсіріліп, өлеңдері жазылыпты. Міне бұл ақиық ақынға деген халықтың ең үлкен қүрметі мен шексіз махаббатының куәсі еді.

***

Әсіресе 1988 жылы сәуір айында Шынжаң жастар-өрендер баспасы жағынан Тәліпбай Қабаевтың құрастыруымен Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» атты жыр жинағы Қытайда тұңғыш рет басылым көріп, жырсүйер оқырманның қызу алқауына бөленді. Бұл кітапқа жазылған «Кіріспеде»: «Көл-көсір дарынды Мұқағали Мақатаев шығармаларының алтын қазығы адамдық адал ар, туған атамекен, күллі жер шары іспетті. Ол осының қамын қамдап, мұңын мұңдап жырлапты. Осы арқылы пoэзия аспанындағы жыр шолпанына айналыпты.

Мұқағали шығармалары Қытайға кешеуілдеп кірсе де, өзіне хас кесек бітімді ойларымен, өзгеше екпін, құлпырған мәнер-бедерімен кірді. Еліміз оқырмандары Мұқағали шығармаларын жатырқамайды. Оны өзімен бірге туып, бірге өскен сырласындай, өзінің қадырлы қаламгеріндей ыстық ықыласымен қарсы алып, сүйсініп оқиды.

Ақынның «Қаздар қайтып барады» атты бұл топтамасын «Армысыңдар, достар», «Қарылғашым, келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмірдастан», «Дариға-жүрек», «Соғады жүрек», «Шолпан» қатарлы кітаптарынан сұрыптап құрастырдық» деп жазыпты. Ақынның бұл жыр топтамасы 2013 жылға дейін 11 мәрте мол тиражбен қайталай басылым көрді. Осыдан кейін Қытайда Мұқағали шығармаларын насихаттау мен танудың алтын дәуірі басталды. Ақынның «Қаздар қайтып барады» атты жыр топтамасын әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсалов түгел жатқа айтып бере алатын еді.

Мұқағали шығармаларын Қытай қазақтары ерекше ықыласпен қабылдады. Ақынның «Қаздар қайтып барады» атты жыр жинағындағы бір бөлім орталау, орта мектеп қазақ әдебиеті оқулығына таңдалып енгізілді. Мысалы: «Азайып бара жатыр», «Қара өлең» (Орталау мектеп «Әдебиет оқулығы», 2 — бөлім, Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 1999 жылы маусым), «Сахараның шұбырған түйелері» («Тіл-әдебиет» оқулығы, 7 жылдық 1 — бөлім, 2003 жылы маусым), «Аққулар ұйықтағанда» («Тіл-әдебиет» оқулығы, 2004 жылы маусым), «Қара өлең», «Ақ кимешек көрінсе» («Тіл-әдебиет» оқулығы, 9 жылдық 1 — бөлім, 2010 жылы маусым) қатарлы өлең-толғаулары оқушылардың сүйіп оқитын тамаша шығармаларына айналды.

М.Мақатаевтың 1995 жылы қараша айында Іле халық баспасы жағынан басылым көрген жинақтарының бірі – «Жылап қайттым өмірдің базарынан» атты жыр топтамасы. Бұл топтаманы баспаға Қайрат Нәбиұлы мен Ұланбек Қабдоллаұлы дайындаған екен. Жинақ 2009 жылға дейін 3 рет қайталай басылым көрген.

1996 жылы маусым айында Ыдырыс Әділханов пен Мұрат Шаймаранұлының құрастыруында Іле халық баспасы жағынан жарық көрген «Аңызға айналған адам» атты жинаққа Қазақстан авторларының Мұқағали туралы жазылған естеліктерден 12 мақаласы таңдалып кіргізіліпті. Құрастырушылар «Қазақ әдебиеті», «Шынжаң газеті», «Лениншіл жас», «Парасат», «Жұлдыз» қатарлы газет-журналдар мен Фариза Оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» атты кітабынан алған. «Аңызға айналған адам» атты топтама Қытай қазақ оқырмандары үшін Мұқағалиды танудың алғашқы оқулығы болды.

2001 жылы сәуір айында Шынжаң жастар-өрендер баспасынан Мұқағалидың «Жырлайды жүрек» атты жыр жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа «Қайырлы таң», «Санаулы күн», «Біздің көктем», «Халыққа хат», «Қарылғашым, келдің бе?», «Жүрек демін алғанда», «Түлпарыммен біргемін», «Балашақтан — болашаққа», «Дариға жүрек», «Райымбек! Райымбек!» қатарлы 59 өлең-толғау, дастандары енгізілген.

2003 жылы маусым айында Сұлтанқан Сағатжанұлының жауапты редакторлығында, Мәдетқан Мұстафинның құрастыруында Мұқағалидың «Жүрек демін алғанда» атты жыр жинағы Шынжаң халық баспасынан жарық көрді. Бұл жинақты Қазақстанда басылған «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Армысыңдар, достар», «Қарылғашым, келдің бе?» қатарлы кітаптарды пайдаланып құрастырған. Құрастырушы былай жазыпты: «Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиды да солай дара тұлға дер едік. Бүгінгі күнде исі қазақ баласында Мұқағали есімін білмейтіндер жоқ шығар-ау. Егер бар болса, оған ақын кінәлі емес.

Ақын пoэзиясы ағыл-тегіл сезімге, от жалынға оранған құштарлыққа, романтикалық рухқа аса бай, адамның жан сарайын жаңғыртып, ой санасын сәулелендіріп, болмыс-бітімін жаңаша, жасандыра, жарқырата түсетін нақтылы рухани күшке айналып отыр.

Оқырманды тәнті ететіні ақын өлеңдерінде адамдық ар-намысты, ерлікті, ақыл-парасатты соқталы ойлармен нәзік дүниеңді дүр сілкіндіріп, жаңа бір биіктерге бастай жөнеледі» (М.Мақатаев, «Жүрек демін алғанда», Шинжияң халық баспасы, 2003 жылы маусым, 1 — бет).

Қазір дүние қазақтары да Мұқағали мұраларын ерекше жоғары бағалап отыр. Алысқа даңқы кеткен қазақ әдебиетінің классигі, пoэзия аспанының жарық жұлдыздарының бірі Мұқағали шығармаларын Қытай қазақтары барынша ыстық ықыласпен қабылдап ақынды нәсихаттау мен тану барысын барған сайын тереңдетті. Соның бір дәлелі Сұлтанқан Сағатжанұлының жауапты редакторлығында 2003 жылы маусым айында Шынжаң халық баспасынан басылым көрген «Мұқағали қазақтың домбырасы» атты топтама жинақ. Кітап құрастырушы Мәдетқан Мұстафин: «Бұл кітап – дара тұлға, көл-көсір дарын иесі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жөніндегі Қазақстанның бір бөлім әдебиет-өнер қайраткерлерінің және ақынның көзі тірісінде бірге болған дос-жаран, туыс-туғандарының ақын туралы жазған естеліктері мен ақын күнделіктерінен құралады» дейді.

М.Мақатаевтың 2004 жылы наурыз айында орталық ұлттар баспасынан «Аққудың қанатына жазылған жыр» атты жыр топтамасы жарық көрді. Жинақ «Мен Үйсінмін» деген өлеңмен басталып, «Қарасаз» атты өлеңмен аяқталады. 2012 жылға дейін бұл жинақ 4 мәрте қайта басылды.

2004 жылы наурыз айында орталық ұлттар баспасынан шыққан «Қош, махаббат» атты прозалық жинағына «Құлыптас», «Марусияның тауы», «Өзгермепті», «Әже», «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» атты әңгіме-повестері, «Қош, махаббат» атты драмасы енгізілген. Қазақстанның маңдайалды ақындарының бірі Фариза Оңғарсынова «Алғысөзінде»: «Кәдімгі ақын Мұқағали прозашы болған ба? деп бұл кітапты қолына алғандар таңдануы да мүмкін. Аты шулы қара сөз шеберлерінің көбі дерлік творчество деген салтанатты сарайдың қақпасын алғашында өлеңмен тықылдатқан ғой.

Ал, Мұқағали болса, «Дариға – жүрек», «Өмір – дастан», «Өмір – өзенге» бара жатқан жолында қасиетті қара сөздің ауылына түстене кеткен секілді. Маған осындай әсер қалдырды.

Соңында жоқтай алар ұрпағы барлар ғана ұлылар санатына қосыла алады. Енді міне, ақынның қаламынан шыққан әр сөз, әр сөйлеміне үңіле қарап, өзімізге ой түйіндеуге тырысатын кезеңге бізде жеттік.

Сонымен, қолымызда «Қош, махаббат!» – Мұқағали Мақатаевтың қаламынан әр жылдарда өмірге келген қарасөзбен жазылған туындылар» деп ой толғапты.

 Нұрлан Сәрсенбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір