Герниканың күйреуі
немесе Халықаралық көрмедегі бейбітшілік мәселесі

Ең алғаш өткізіліп келе жатқан уақыттан бері ЭКСПО – жаңалықтар алаңы болып қана қоймай, ағарту, инновация саласында пікірлер алмасу мен жалпыадамзаттық мәселелер бойынша ғаламдық диалогтарды дамыту мәселелерін де қозғап келеді. Халықаралық көрмені өткізу орны мен тақырыбын саяси, экономикалық, географиялық және мәдени контексті есепке ала отырып анықтайтыны белгілі. Міне, осы контекстер ішінде, ең бастысы, Халықаралық көрме – халықтардың өзара түсіністігін орнатуға күш салып келеді. Әр жылдары өткізілген ЭКСПО тарихына көз жүгірте отырып, мұны бірнеше мысалмен дәлелдеп беруге де болады, біз оның ішінде тек қана бір мысалға тоқтала кетуді жөн деп таптық…
1937 жылы 25 мамыр мен 25 қараша аралығында Парижде «Заманауи өмірдегі өнер мен техника» деген атпен кезекті Халықаралық көрме өткізіледі. Бұл көрмедегі Испан павильонына Пабло Пикассоның «Герника» атты картинасы қойылады. Иә, Пикассоның кейбір замандастары көрмеге келушілер бастапқыда бұл суретке көз тоқтатпағанын айтса, енді бірі, көрме қатысушыларының назарын бірден аударған картина осы «Герника» болғанын дәлелдеп жүр. Мәселе онда ма екен? Мәселе испан суретшісі, мүсінші, график, дизайнер, кубизмнің негізін салушылардың бірі – Пабло Пикассоның осы суретті осы көрмеге арнап, арнайы салғандығында емес пе еді?
1937 жылы азаматтық соғыс өртіне тұншығып жатқан Испанияның Герника қалашығын немістер бомбаның астына алады. Барлығы 22 тонна бомба қаланы оққа орап, нәтижесінде Герниканың орталығы жермен жексен болады, ғимараттардың 70 пайызы түгелімен немесе жартылай қирайды, 1600-ден аса адам көз жұмады. Испандық республикашылдар табан тіреген бұл кішкене ғана қалашық әскери және саяси тұрғыдан маңызды нысандардың қатарында емес те сияқты болып көрініп кететін жайы бар. Тұрғын халқы 5000 адамға жетпейтін бұл кіп-кішкене қалашық – еркіндіксүйгіш басктардың мәдени және саяси орталығы еді, басктер үшін киелі мекен болатын. Герниканың басты мақтанышы – аты аңызға айналған емені бар-тын. Дәл осы еменнің көлеңкесінде басктердің автономиясы жарияланған. Осы еменнің саясында баск үкіметіне баск халқының тәуелсіздігін құрметтеу мен қорғау туралы патшалар ант беретін. Бірнеше ғасырлар бойы түрлі патшалар басктерге ант беру үшін мыңдаған шақырым жүріп келіп, Герникаға, еменнің түбіне жететін. Иә, былай қарасаң, бес мыңның айналасында ғана халқы бар кішкене қалашықты бомбалаудың түк те қажеті жоқ сияқты, алайда фашистер қарсы тарапқа «психологиялық соққы» бергісі келген еді.
Күллі испан халқы аза тұтқан Герника қайғысын бейнелеу үшін испан үкіметі Пабло Пискассоға тапсырыс береді. Испан ақыны және көрнекті қоғам қайраткері Рафаэль Альберти кейінірек былай депті: «Пикассо ешқашан да Герникада болмаған еді, алайда қаланың жермен-жексен болған хабары оған төбеден жай түскендей әсер етті…».
Ұзындығы 3,5 м, ені 7,8 метрлік ақ-қара түспен салынған картинаны Пикассо бір айдың ішінде салып бітірді.
Жаны ауыру мен жаны ашымаудың байланысы «Герниканың» басты идеясы десе де болады. Сурет туралы суретшіден асырып кім айта алар?
«Жандалбасаға ұшыраған адам баласының хаос кезiндегi жан дүниесiн тап «Герникадай» жеткiзе алған картина кемде-кем. Брюлловтың «Помпейi» адамзат баласының үрей алдындағы сыртқы бейнесiн көрсетсе, «Герника», сөз жоқ, пенде шiркiннiң қорқыныш сәтiндегi iшкi жан дүниесiнiң айнасы. Деформацияға ұшырап, қисық айнадағыдай созылып, бүлiнiп кеткен кейiпкерлер – тiтiркену, шошу, агонияның көрiнiсiндей. Бiздiң сақтар жартас суреттерiнде жануарлардың агониясын белiнен сындырып, екi бұрау символикасы арқылы жеткiзсе, көп ғасырдан кейiн Пикассо да сондай тәсiлдi жаңғыртып, аң емес, адамзат баласының ұлы агониясын, жаннан безуiн көрсеттi», – дейді суретші Жеңіс Кәкенұлы «Ақзер» кітабында.
Осылайша, күллі Еуропаға, адамзатқа алапат қырғынның келе жатқанын ескерткен, адамға адамның жаны ашымаудың ауырлығын көрсеткен «Герника» ең алғаш рет
1937 жылдың маусым айында Халықаралық көрмеде, Испания павильонында жұртшылық назарына ұсынылады.
Ендеше, ЭКСПО туралы әңгіме айтқанда, адамзаттық үлкен мәселелерді көтерген осындай туындылар туралы да сөз қозғап қойған артықтық етпейді-ау, осы…
Қ.Серікқызы.