Рух дулығасы
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы
«ЕРКЕ БОЛМЫСТЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ»
Сөзгер зергеріңіз, көркемдік кемерлері ерен, жұмбақ тылсымдары терең суреткеріңіз Тәкен Әлімқұловтың аймүйіз Ақан сері хақындағы хикаясында: «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» дейтұғын тылсым тіркес бар. Иә-иә, «Көк қаршыға» атты әңгімесінде: «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» деп жазады. Тәкеніңіз. Таңырқап қаласыз, әрине. Тіркеске. Тәуелсіздікке.
«Ауылдың атқамінерлерінен бастап, жандаралдың оң қолындай дуанбасыға дейін Ақандайын ақынның соңына шырақ алып түскенде, оның бар қылмысы – ерке болмыстың тәуелсіздігі. Асылы, ел басқарамыз деп селтеңдеген шоғыр топ – өзіне ұқсамаған адамды иттің етінен жек көрмек. Халық алдында беделі асып кеткен кісіні қудаламақ», – деп түйеді Тәкеніңіз. Тек «Көк қаршығада» ғана емес, Махамбетті мәністеген, романға айырбасталмас, он үш беттік «Қараой», Тәттімбет турасындағы «Саржайлау», Ықылас жөніндегі «Қаралы қобыз» сияқты шап-шағын, ширақ та шымыр шығармаларында да осынау орасан мәністі мәнерлей меңзейді. «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» ұғымы тұспалдана өріліп, бейнелене, безбенделе, бедерлене беріліп, өре-өрісіңізге өзгеше құнар құяды.
Осынау «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» туралы толғанысқа түсер, тебіреніске тербелер тұстарымызда көз алдымызға алғаш келетін алаштанушылардың, абайтанушылардың алдыңғы сапында Тұрсын Жұртбай сынды саңлағымыздың да тұратыны рас.
Тым жап-жас кезінен танылды. Адуынды ақын ретінде. Бірталай көркем әңгімелер, повестер мен роман жазып үлгеріп, отызында орда бұзды. Алматыңызға ақын-жазушылардың республикалық кеңестеріне, съезд, семинар секілді басқосуларға баратынбыз. Көретінбіз. Кейде сәл-пәл сұхбаттаспақтың сәті, тілдеспектің реті келетін. Ерекше еркіндік, ерекше еркелік, білімпаздықтан бастау алатын батылдық байқайтынбыз болмысынан. Бес-алты жастай үлкенірек бола тұра ұяңданып, ұялыңқырап, кісікиіктене беретін біз пақырыңыз сияқтылар саяқтана өтіп бара жатып, тау тұлғалы титандармен иық теңестіре, миықтан күле, емін-еркін, емен-жарқын пікір таластырып тұрар Тұрсынға таңырқай қарап, ризалық танытар едік.
Отыз жасқа жетер-жетпесте көркем дүниелер жазбақтан жырақтай бастады ғой. Басқаларды қайдам-ау, қайдам. Өз басым оның оқырманы ретінде онысын онша құптамадым. Тұрсын Жұртбайдай талантты прозашы әулие жанр әңгіменің, көркемдік кереметтерінің кестесіндей повестің, өзі өзгеше, риясыз берілгендей көрінген романның шынайы, шандоз шебері боларына шүбәсіздердің бірі едік. Айналайын Ақселеу Сейдімбек ағатайымыз көркем прозаның ауылынан алыстағанда да кеудемізді күрсініс кернеген-ді.
Сөйтсе-е-ек…
Бірте-бірте білдік қой.
Бірсін-бірсін басымызды идік қой.
Бала кезімізде біздің Таупістелі дейтін ауылымызда күншуақта қыздырынып, көктемге ризаланып отыратын аталарымыз жұмбақ, тұспал тәмсілдерді жиі әңгімелейтін. Көбін түсіне бермейтінбіз. Бірде сол кісілер: «Е-е-е, болғанда да, болмағанда да болатындар бар. Болмағанда болмайтындар бар. Болмай-ақ қойғанда да болатындар бар», – десіп отыр екен. «Жаңылтпаш айтып отырсыздар ма?» – дедік. «Е-е-е, Абай болмағанда болмайтын еді. Мұхтар мен Қаныш болмағанда болмайтын еді. Қазақ қайтер еді?.. Ал енді бәзбіреулер болмаса да бола-тұғын еді… Соны айтып отырмыз да», – деген еді біреуі. Сол кісі меңзегендей, Тұрсын Жұртбайдың алаштанушылығы, абайтанушылығы, тағысын-тағы да танушылықтары болмағанда болмайтын еді ғой. Деп қоятынымыз да рас. Әңгімелер, повестер, романдар жазумен ғана бола бергенде ше, «Дулығаны», «Бесігіңді түзені», «Күйесің, жүрек… Сүйесіңді», «Сүре сөзді», «Бесігіңді аяланы», «Ұраным – Алашты» кім мәністер еді? Алаш үшін, қазақ үшін қаншама тірліктер тындырып, өзі жиі айтатындай-ақ, «тебін тіршілік» кешіп, жанкештіленіп, жансебілденіп, қыруар, қымбат дүниелер жаратып, ұлт тарихын түгендеп келе жатқан Тұрсын Жұртбайға жұрты риза ғой.
Қайбір жылдары біздің жылы жақта, осы Оңтүстікте, Шымқалаңызда Берік Уәли бауырымыз жауапты қызметтерді қызыға атқарғаны аян-дүр. Сол жылдардың бірінде «Шәмші Қалдаяқов шаңырағы» аталатын облыстық филармонияда Алаш асылдарына, Алаш ардақтыларына арналған керемет конференция ұйымдастырылды. Оған Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелді, Ерлан Қарин, Дихан Қамзабекұлы, тағы да бірқатар атақты, айтулы алаштанушылар шақырылды. Сол бір серпіліс тудырған, баршаны баурап алған жиынның жылуарлығы, Алаш арыстарына деген ықыластың ыстығы әлі күнге дейін талайлардың жан-жүректерінде жүр-ау. Сонда ғой, Тұрсын Жұртбаймен бірге бір-екі күндей кездесулерге қатысып, оны университеттердегі студенттердің ұйып тыңдағанына таңқалғанымыз. «Ай, айналайын-ай, жиі келіп тұрсаңдаршы!» – деп, Әуезов университетінің қарт ұстазының жанарына жас алғаны да жадымызда жаңғырады.
Барлық жерде де Тұрсын сөйлеген, сұрақтарға жауап берген сәттерде Тәкен Әлімқұловтың «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» пәлсапасы ойымызға орала берген. Шынында да, қай-қандай қаламгер, не-нендей өнер өрені немесе ғұлама ғалым болсын, әгерки ерке, еркін болмысын тәуелсіз сақтай алмаса, талант тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, болмысын бүлдірер болса, тылсым Тәкен тәптіштеп, бәдіздеген «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» тұрғысынан табыла алмас едік-ау. Деп те ойлап қоясың.
Тәкен адамзаттың Абайы туралы «Жұмбақ жан» атты теңдессіз туынды жаратты. «От басы, ошақ бұтында ұдайы қол қусырып отыруға болмайтынын білген ол ел билеу ісіне еріксіз араласқан… Сол арқылы өз тұстастарының, «үзеңгілестерінің» сырына қанды… Оларға улы сөзден оқ атты»... «Абай дала жуандарының жауыздығымен жалғыз алыса-алыса қажыды… Санасыз сахара шонжарларының Абайға әлденеше рет у бергізгені расқа ұқсайды»… «Білім жетілдіре, тарланша түлей келе, Абайдың шоқтығы шексіз биіктеп, жаңа аталған текешарларға деген тәкаппарлығы сұмдық асқынады»… – дейді Тәкеніңіз «Жұмбақ жанында».
«Мен үшін Абай – мәңгілік тылсым, ынтызарлы тақырып… Күнім мен түнім – Абайдың тұтқыны»… «Абайдың өмірін терең және шынайы қалпында біліп, сезінген сайын оның соншама ақылдан тартқан азапты көтеріп, құсалы көңілмен қалай өмір сүргеніне таңданасың. Абайдың өмірі – ешқайда бастамайтын тұйық жолмен аяқталатын, ақылдың азабын шеккен, құсалы, ызалы, булыққан, құмығулы өмір. Мен Абайдың сондай жанын азалы еткен ақылдың азабына қалай шыдағанына таң қаламын. Абайды «қорлық пен мазағына қалдырып», табалаған «көпке» таң қаламын. Неткен азапты, жанкешті өмір десеңші?!»… – дейді Тұрсыныңыз осы басылымға берген сұхбатында («Қазақ әдебиеті» №3, 03.01.2020 ж.).
Осылайша ой қоздатып, пікірлер түйіп, Абайыңыздың тағдыры мен өмір шындығы және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы көркемдік шындық туралы толғанады-ай. Осынау егізқатар шындықты шынайы байырқалай білмейтін, бағалай алмайтын «көпке» де көңіл кейістігін жасыра алмайды. Құнанбайтанушылығы қандай десеңізші…
«Ең үлкен ерлік – ой ерлігі» дейді атақты данышпандарыңыз. Осы ой ерлігін жасап келе жатқан жасампаздардың бірегейі де – Тұрсын Жұртбайыңыз-ау. Тың ойлар, тың идеялар әрбір мақаласынан да менмұндалап тұрады.
Тұрсын – тарихи-танымдық туындыларды көркемдік құнармен бәдіздей білудің де шын шебері. Енді-енді ғой, шамамен ширек ғасырдай уақыттан бермен қарата ғана тарихшыларымыздың тілдік, стильдік жазу сапалары жаңарып, жаңғырып, жетіле бастағаны. Әйтпесе, бұрындары басым көпшілігінің жазып-сызғандары тулақтай тұтасып, киіздей шилығып, мұқым-мүлде оқылмайтындай еді. Бұл тұрғыда да ғылымға, тарихқа бет бұрған, құнарлы қуат дарытқан дарынды жазушылардың жөні бөлек, жосығы ерек-дүр.
Бауыржан ЖАҚЫП,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
«АЛАШ!..» ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ
(Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай туралы сыр)
Біздің ауыл төңірегін Сарыарқаның аласа жоталары көмкерген ықтасынға орналасқан. Ауылдың іргетасы 1934 жылы құрылған. «Мойынсерік», «Гүлден, кедей» ауылдарының мал саны өсіп, жер жағдайлары таршылық көрсеткеннен кейін сол кездегі ақсақалдар «Тұяқ» деген жердің маңынан осы қонысты іздеп тауып, жаңадан ірге теуіпті. Сол ауыл бертінге дейін «Социалистік Қазақстан» аталып келді. Кейіннен «Таңат» ауылы атанды.
Ауылда 30-40 қаралы үй бар еді. Жаңағы тау қоршаған жазық далада қырат беткейлерінен басталған бұлақтар тұс-тұстан жасыл шымды аралай ағып жататын. Суы мөп-мөлдір. Сосын ауылдың шетін ала бере қалың қияқ өсетін. Қысы қаншалықты қатты болса, жазы соншалықты ыстық болатын.
Ауылдың бір жағы Әміренің ән жайлауымен, бір жағы Әуезовтің жан жайлауымен, бір жағы Тәттімбеттің күй жайлауымен, бір жағы Абайдың жыр жайлауымен шектесіп жататын. Ауылдың үлкен-кішісі ерекше ұйымшыл, қызық-думанға толы, берекелі жер еді.
Үлкен ақсақалдардың алдын қия баспайтынбыз. Олар да өздерінің қариялық қалпын сақтаған нағыз қара шалдар еді. Аттары да қызық – Мекіш, Сарыбас, Нығымет, Аухан, Мауқай, Құдакелді, Рамазан, Әлімбек, Есмұхан, Ығыбай, Көшербай, Кенебай, Төлебай, Құйқабай болып, тіпті өлең жолдарындай ұйқасып кете беретін.
Ал әжелер жағын еске алсақ, олардың әрқайсысы бір-бір кітапқа жүк боларлық тағдыр кешкен ақ шашты аналар еді. Жәми апа мен Бибіш апаны бүкіл кемпірлер патшадай сыйлайтын. Рақан, Мақтай, Бикен, Қарашаш, Нұрша, Үгіл, Күлжан, Мәйке, т.б. әжелеріміздің әлдиін тыңдап өстік. Жаздыгүні шілде болғанда әжелеріміз жиналып алып жүн сабайтын, жіп иіретін, ашық көгалда отыра қалып өрмек құрып, алаша тоқитын, сырмақ басатын. Қазанға сол жүнді, тастан алынған түрлі-түсті қынаны қайнатып, бояйтын. Сол кезде жүгіріп барып, біз асықтарымызды бояп алатынбыз. Қысқасы, тау-тас кезіп, өзенге шомылып, балық аулап, қарақат, бүлдірген теріп, асық атып, доп қуып, балалық шағымызды естен кетпестей тәтті өткіздік.
Сол біздің бала кезімізде үлкендерден еститініміз – «анау Сапаның баласы Медеу үлкен жазушы болыпты, жазда ауылға жазу жазуға келгенде, арнайы бие байлап, киіз үй тігіп береді екен»; «мынау Мекіштің баласы Бақтажар Мәскеуде Сталиннің қызы Светлана Аллилуевамен бір курста оқиды екен»; «ал Сәдіқұлдың үлкен баласы Төлтай үлкен оқымысты, ғалым, доктор, «наук» екен»; «Құдакелді ақсақалдың баласы Тұрсын Алматыға үлкен жазушылық оқуға түсіп, оқып жатыр екен» деген әңгімелер болатын.
Біз – қара сирақ өңкей ойын баласы сол әңгімелерге біріміз сол құлағымызды, біріміз оң құлағымызды бере тыңдайтынбыз.
Бүгінгі әңгіме сол шағын ауылдан шығып, бүкіл қазақ еліне танымал болған қаламгер, ғалым Тұрсын Жұртбай хақында.
Бір күні түс ауа берген кезде есік алдына шықсам, Тау Ата мен Тау Апа деген екі қарттың үйінің желкесінде, таудың басында кітап оқып жүрген, үстіне оюлы ұлттық шапан киген жігіт ағасын көрдім. Менің Тұрсын ағаны бірінші көруім осы болатын. Одан бұрын да көргенмін ғой. Бірақ үстіне ұлттық шапанды желбегей жамылған, қолына кітап ұстаған мына бейнесі менің есімде мәңгі қалып қойды. Ол кезде Тұрсын аға Алматыда ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқиды. «Шіркін, ақын-жазушы деген осындай ерекше болады екен-ау!» – деп көңілге бір ой келген.
Кейін мектеп қабырғасында жүргенде газет-журналға құмар болдым. Бір күні, ұмытпасам, «Қазақстан әйелдері» журналынан Тұрсын ағаның бір топ өлеңін оқыдым. Ерекше әсер еткені – қарындасы Төлеуге арнаған хат пішініндегі өлеңі.
ТӨЛЕУГЕ
Сездірдің-ау тынысын жақындардың,
Елжіретіп жүрегін ақындардың.
Көз жасыңның қағазға табы қалған,
Қарындасым, ауылдан хатыңды алдым.
«Жүрген аға, алыста сағындырып,
Білейінші өзіңнің жайыңды ұғып.
Қарлығаштың тасымал суындай-ақ,
Кеткенің не сәлемге зәру қылып?!
Өзің білші, ағажан, күлесің бе,
Жасап алдық сырғанақ күресінге.
Үшбу сәлем атыңа жолдап отыр,
«Әй-дөй апа» қарияны білесің бе?
Жамырапты бұзаулар сай жаққа өтіп,
Отырған ем мен Иса Байзақты оқып.
Айымханның қолы да босамайды,
Аяғыңа түбіттен байпақ тоқып.
Садаққа иіп жасаған ырғайыңды ап,
Анда-санда күрсініп «құдайымдап»,
Сен дегенде ішерде асын қойып,
Атам да жүр өзіңді уайымдап:
«Қалашыл боп кетті ме дала құсым?» –
Дейді ашулы, саралап тарамысын.
Қызға жазған хатыңды сезіп жүрміз,
Бізді ұмытып, көкетай, барамысың?..
Тулағанда өмірдің арнасы кеп,
Бір анадан үш өмір жалғасып ек.
Хатқа салдым бір сомды аз да болса,
Көкежаным тарығып қалмасын деп.
«Жақсы ақын бол, өлеңді сүйетін ем…»
Босағанын көрмеп ем жүйе тілмен.
Жылы лебің көзіме жас алдырды,
Айналайын, жарығым, ниетіңнен!
Осы өлеңнен Тұрсынның бүкіл өмірінен хабар алуға болады. Тұрсекеңнің әкесі Құдакелді ақсақалды көзіміз көрді. Шүңірек көзді, ашық жүзді, салалы қолдары тарамыс, аз ғана шоқша сақал, мұрты бар, түлкі тымақ, сырма тымақ, қаракөл тымақтың түр-түрін басынан тастамайтын қария еді. Тұрсын аға анадан жастай жетім қалған үш ағайынды болатын. Қарындасы Төлеу ҚазМУ-дың филология факультетінде оқып жүріп, тіпті, он екіде бір гүлі ашылмай, «Дегелеңнің дерті» – ақ қаннан қайтыс болды. Апайы Айымхан керемет бауырмал жан еді. Алматыға келгеннен соң, отанасы болып, перзент сүйіп, ол да «Дегелеңнің дертінен» ертерек кетіп қалды. Өлеңдегі «Әй-дөй апа» Тұрсын ағалармен көрші тұрған Жәми апа деген кісі. Құдакелді ақсақалдың отбасы ауылдың шет жағындағы жер кірпіштен салынған ұзынша үйде тұрды.
Бір есімде қалған оқиғаны айтайын. Тұрсын ағаның апайы Үмітхан апай менің бірінші кластан сабақ берген мұғалімім әрі бізбен құдайы көрші болды. Құдакелді ақсақалдың ауырып, сырқаттанып жүрген кезі. Сонда түн қараңғысында Үмітхан апай мені қасына ертіп фонарь-шамның жарығымен Құдакелді атаға бардық. Кейде біздің ауыл электр жарығынсыз отыратын. Сондай күннің бірі болар. Сондағы Құдакелді атаның бейнесі әлі көз алдымда. Басында – көк сырмадан тоқылған қаракөл тымағы. Ерекше мейірімді, бірақ тағдырдың көп тауқыметін көрген қарттың бейнесі. Тұрсын ағаның, Төлеудің оқудағы кезі. Жүзінде сарғайған сағыныштың табы, тағдырдың салған әжімі де бар. Бара: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем бердім. Апай біраз сөйлесіп отырды. Мені ерекше жақсы көріп, алдына алып, емірене сүйіп, сосын кетер кезде тамаша бір тәтті сөздерден құралған бата берді маған. Мен қолдағы фонарь-шамды көтеріп, қараңғы түнді қақ жарып апаймен бірге қайта бердім…
Кейін арман қуып Алматыға оқуға келгенде, Тұрсын ағамды іздеп тауып алдым. Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының үшінші қабатында отырады екен. «Жұлдыз» журналы сын бөлімінің әдеби қызметкері. Мені сол бөлімнің меңгерушісі, адуынды ақын Жарасқан Әбдірашевпен таныстырды. Екеуі бір бөлмеде отыратын.
Алғашында «Қоңырқаз», «Жүрегімде – жұмыр жер» жыр кітаптарымен ақын ретінде танылған Тұрсын Құдакелдіұлы кейін газет-журнал бетін бермейтін пікірталас, проблемалық мақалаларымен көрінді. «Замандасым – сырласым» деген очерктер жинағын шығарды. Мұнан соң әдеби ортаға дендеп еніп, салиқалы сын мақалаларымен елді елең еткізді.
Біртуар актер Қалибек Қуанышбаев туралы «Дара тұлға» атты деректі шығармасы да оқырманның оң бағасына ие болды. «Жер-бесік» романы үшін Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығын алды. Кейінірек біржолата ғылыми-танымдық, деректі шығармалардың ізіне дендеп түсіп, таза зерттеушілік қызметпен айналысты. Мұрағаттарды ақтарды, сарғайған газет-журналдар, сирек қолжазбалар бетінен тарихи тың мағлұматтарды тауып, ғылыми айналымға енгізіп, ақтаңдақтар ақиқатын ашты.
Қазақтың көне тарихына сүңгіген екі томдық «Дулыға» тарихи-танымдық кітабының берер тағылымы мол. Ұлы Абай, данышпан Мұхтар туралы зерттеулеріндегі ойлардың өміршеңдігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұл ретте «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Талқы», «Мұхтар Омарханович Ауэзов» (түрік, орыс тілдерінде, Анкара), «Күйесің, жүрек… Сүйесің!», «Бесігіңді аяла!..», «Құнанбай», «Сүре сөз» еңбектерінің ғылыми құндылығы аса жоғары.
Ал 1922-1937 жылдар аралығындағы, 50-жылдардағы ұлт зиялыларын қудалау, қуғын-сүргінге ұшырату туралы, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі басшылары мен мүшелерінің (жиыны 71 адам) үстінен жүргізілген тергеу істерінің негізінде «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық зерттеу монографиясының шығуы рухани дүниемізде үлкен резонанс туғызды.
Тұрсын Жұртбай 1992 жылы кандидаттық, 2000 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 2002 жылы профессор ғылыми атағын алды. Қазір есімі жазушы, публицист, сыншы, ғалым-энциклопедист ретінде алты Алашқа танымал болған Тұрсын ағамды өз басым мақтан тұтамын. Қашан көрсең ақкөңіл, адал, ұлтжанды қасиеттерімен замана мінберінен сөз алып, қоғамдық белсенділік қабілетімен көрініп жүргені.
Бір ауылдан шыққан ақын ағасы Төлеужан Ысмайловтың, өмірден мезгілсіз озған рухани ұстазы Рымғали Нұрғалиевтің, Шаған өзенінің жағасында құлын-тайдай тебісіп бірге өскен жан досы, ғажайып әнші Жәнібек Кәрменовтің, кешегі ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттің алтын көпіріндей дуалы ауыз Шәкір ақынның, құйма талант, суырыпсалма ақын Қалихан Алтынбаевтың, дүниеден ерте кеткен семейлік ақындар – Мерғали Ибраев, Ақылбек Манабаев, Әнуарбек Мәкеновтердің қашанда жоқшысы болып жүреді. Оның кең жүрегіне жасы үлкен аға да, жасы кіші іні де – бәрі-бәрі сыйып кетеді.
Асқан мейірбан, шуақ төккен бауырмал қалпымен ол өзінің үлкен жүректі нағыз қазақ екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Тынымсыз еңбекқорлық, дәйекті жазудың шебері ретінде ол зиялы қауымның биік бағасын алды.
Домбыра – аға, Шаңқобыз – аға!
Жүрекке салмақ салмаңыз, аға!
Астана жақта жүрсеңіз-дағы,
Бізге бірер хат жолдаңыз, аға!
Сайын далада көшкенбіз біздер,
Сәруар самал боп ескенбіз біздер.
Абайға қарап Мұхтар өскендей,
Тұрсынға қарап өскенбіз біздер.
Дауылға төсеген құс төсін, аға!
Үйіңе мол-мол ырыс келсін, аға!
Алаштың рухы қолдасын сізді,
Қолыңнан қалам түспесін, аға!
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ
БІЗДІҢ ТҰРСЕКЕҢ
Біз Тұрсекеңді – қазақтың Тұрсын Жұртбайын 80-жылдардан бері білеміз. Ол кезде-ақ фамилиясының соңында «ов» деген қосымшасы болса да, ойы азат, пікірі елеулі еді. Әрдайым бүгін мен ертеңге алаңдап, «шер толқытқан» өмір дариясының жиегінде жүретін. Біз сол шақта-ақ Тұрсекең бойындағы қаламгерге тән екі-үш қасиетке таңғалатынбыз. Біріншісі – жатпай-тұрмай ізденетіні, екіншісі – өнімді жазатындығы, үшіншісі – көпшілдігі. Соңғысын елшілдік, ұлтшылдық аяда қарауға да болады.
Иә, төртінші, бесінші де қызық сипаттары бар. Мысалы, ол кісінің әзіл-қалжың айтуы да ешкімге ұқсамайды. Күлкісі мен оқиғаға байланысты мимикасының өзі тыңдаушыны елең еткізеді. Өткен кеңес заманында, тіпті азаттық алғаннан кейінгі «батырлар мен билердің тойы мен ақын-жазушылардың торқалы шараларында» көп қаламгер тым көңілденіп, қызылшырайланып кететін. Міне, сондайда баспасөзде ағыл-тегіл жазатын Тұрсекеңнің «көл-көсір» әңгімесін «аңлай» бермейтінбіз. Түсіндіруге қадымша-жәдитше тәржімандардың да әлі келмейтін…
Кейіпкеріміздің бойындағы ел зиялысында қат екі қасиетті айрықша атағымыз келеді. Ол – салиқалы түрікшілдігі мен дәстүрлі ислами ұстанымға ықыластығы. Мұны біз «Алаш тәлімі» деп есептейміз.
Әрине, бір мүшелден астам кіші болғандығымыздан, Т.Жұртбаймен көп қалжыңдасамыз деп те айта алмаймыз. Арамыздағы екі-үш әзіл-оспақты 80 жылдығына қарай жария етсек пе дейміз… Айтқандайын, «ат төбеліндей қазақ қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоймайық» деген ішнара дискуссиямыздың да бір сүбелі тұжырымы, Дулат ақын айтқандай, сол 80 жылдыққа қарай «мөңіреп қайтып қала ма» деп үміттенеміз.
Ел таныған Тұрсекеңнің қай кезде де ағалық тәжірибесі, кейінгі классиктердің алдын көргендігі, цензурамен ашық-жабық күрескен кезеңнің баспасөз мектебінен өткендігі байқалып тұрады. Алашты жазғанда, ұлт зиялыларын айтқанда, өзгеше бір әлемге еніп, әу бастағы ақындық аңсарын, жазушылық құлашын, ғалымдық ынтызарын тең қосады. Оның ұлтқа, арыстарға деген махаббаты қаламгерлік қағидатының алдаспанындай болып кетеді. Осы жағы Алашқа шөліркеген жастарға, кейінгі толқынға аса ұнайды. Сондықтан жас толқын құлағын ұстап отырған жалынды, бойында қаны бар басылымдардың, сайттардың, әлеуметтік желілердің ақсақалы да – Тұрсекең, мінбері де – Тұрсекең.
Өзі басқаша түйіндей ме, жоқ па – білмедік, ноқтаға басы сыймай жүрген Т.Жұртбайды ғылымға алып келген – академик Серік Қирабаев. Қарт ҚазПИ мен Әдебиет және өнер институтының қазір 94-ке шыққан абызы Тәуелсіздіктің елең-алаңында «әдебиеттану ғылымына жаза алатындар келсін!» деп, Қойшығара Салғараұлын, Ақселеу Сейдімбекті, Тұрсын Жұртбайды, Құлбек Ергөбекті, Тұрсынжан Шапайды, Ғалым Доскенді тартқанына куәміз. Мұны жарықтық Ақаң бір-ақ ауыз сөзге сыйдырушы еді: «Желтоқсан көтерілісінен кейін қуғындалып, Әдебиет институтына лаборант болып әрең кіргенімде, «кандидаттық минимум (емтихан түрі. – Д.Қ.) тапсыруың керек!» – деген пәрмен түсті. Сонда түнімен Жаратқанға: «Уа, Тәңірім, ҚазМУ-дегі түгеншенің (кей нұсқада «анау қудың») алдына апара көрмеші!» деп жалбарынатынмын…».
Міне, осы бір әзіл-шыны аралас дәйексөздің астарында еркіндік те, таптаурындық та, ғылымның «тізеліні бүктіретін» тегеуріні де тұнып тұр…
Мұны айтқанымыз – Тұрсекеңнің де ғылым жолында, ғылыми мекемелерді басқару ісінде талай шыңдалудан, қиындықтан өткенін меңзеу еді.
Біз Тұрсекеңмен 90-жылдары М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, 2000-жылдардан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірге істеп келеміз. Ол кісі Ғылым академиясының Әдебиет институтына қарасты М.О.Әуезов музей-үйінде игілікті жұмыстар атқарды. Мәдениеті мен білігі астасқан, тектінің тұяғы Ләйла Мұхтарқызының тәлімін алды. Классик Мұқаңа байланысты бірнеше маңызды жобаға ұйытқы болды.
Астанадағы Тұрсекеңнің елдік жобасы – «Отырар кітапханасы». Бұл – әуелде игі ниетпен көтеріліп, кейін сиырқұймышақтанып кеткен бастама еді. Елорда кітапханасын ескі мен жаңаның сабақтас жәдігерлігіне, мәдени биігіне айналдыру жалғыз Т.Жұртбайдың маңдай терімен бітпейтіні, оған мемлекеттік мүдде, зиялылардың бірлігі керек екені белгілі болып тұрды. Соның өзінде Тұрсекең Алматыдағы ірі тұлғалардың өзімен, қайтқандарының мұрагерлерімен келісіп, Еуразия университетінде бірсыпыра атаулы мемориалдық қор қалыптастырды. Үкімет заманауи кітапхана соғуға қаржы бөліп, белгілі орындар оны игеруге құлық танытпағанда, «Отырар кітапханасы» шырақшысының күйінгенін, тіпті жүрегін ауыртқанын өз көзімізбен көргенбіз…
Бүгінде ол («Отырар кітапханасы») – ғылыми-зерттеу орталығы ғана, себебі қалыптасқан университеттің өз кітапханасы болуы керек. Бірақ оған қарамай Тұрсекең шәкірттерімен бірлесіп арғы-бергі тарихты зерделеп-зерттеп, жариялау ісін сәтімен өрбітіп, өрістетіп отыр. «Бейуақтан» басталып, «Бесiгiңдi түзе!», «Талқымен» белестенетін, «Ұраным – Алаш!..» сынды қадау-қадау, том-том кітаптармен толығатын зерттеулері жалғасып келеді. Бұған құнанбайтану мен абайтану бағытындағы тың еңбектерін қосыңыз. Қазір «Т.Жұртбай жылына бір кітап жариялайды» деу нақты дерек болудан қалды. Сірә, кемі екеуден беріп жатыр. Бұл да – замандас әріптестеріне үлгі.
Тұрсекең – жақсы профессор. Ізденгіш жас талаптар жанында үйіріліп жүреді. Бұл – елдегі ұстаздық қалпы. Біз Т.Жұртбайдың шет жұрттағы оқытушылығына куә болдық. Қайбір жылы Бейжің Ұлттар университетіне іссапармен барғанымызда, ол кісінің сонда айлап-тоқсандап дәріс оқып жүргенін көзіміз шалды. Ең бастысы, «жақыннан дорбалағанына» қандас шәкірттердің ризашылығы шексіз.
Қазір біздің Тұрсекең – нағыз шығармашылық пен зейнеттің ортасында, көптің алқалауында жүрген жан. Әттең, бұрынғыдай қаламақы төленсе, кітап саны мен көлемі жағынан баяғы КСРО ақын-жазушы, ғалымдарын шаң қаптырып кетер еді. Дегенмен, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, «қалам өзі тілегенде жазса, сөз есті әрі кестелі болады». Жаны қалап, қаламы тілеп, елге қажет мұратану, алаштану саласының көш басында жүрген Тұрсын Құдакелдіұлына ұзақ ғұмыр тілейміз.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, әдебиет сыншысы
АЛАШТЫ АБАЙША СҮЙЕТІН АҚЫН
Ол әдебиетке салғаннан өз қолтаңбасымен келген, шығармашылық ортада ерте танылып, ақыл-ойы ерте толысқан, өнердегі жолын өлеңнен бастаған сегіз қырлы, бір сырлы талант.
Өнердегі тұсауы өлеңмен кесілгендіктен бе екен, Тұрсекеңнің қаламынан туған дүниелердің бәрінен де өз басым ақындық тазалықтың, ақындық жанкештіліктің, ақындық тереңдіктің, ақындық парасаттың, ақындық батырлықтың аңқыған лебін сезгендей боламын. Ақындық жүректен туған еңбектерін толқымай, тебіренбей оқи алмаймын. Ол тек оқығаны мен тоқығаны көп ғалым, сыршыл суреткер ғана емес, осы ұғымның кең мағынасындағы, азаматтық ұстанымынан тайғанап кетпейтін, пендешілікке жұмсалмайтын, адамдық табиғатына кір жұқтырмайтын, Алашты Абайша сүйетін – мінезі көркем ақын.
Ақынжанды қаламгердің поэзия мен прозадан қол үзіп, бірте-бірте ғылым саласына ойысуы ойының тереңдеп, тақырып аясының кеңейе түсуіне зор ықпалын тигізді.
Ғалымның ізденімпаздығы, тақырыпты түбін түсіріп зерттейтін – жанкештілігі, ұлт үшін маңызды мәселелерді тамыршыдай тап басатын зеректігі мені үнемі таң қалдырумен келеді. Тарих топырағының астында көміліп жатқан шындықтарды қазып, айлар, жылдар бойы «құм ішінен су іздеген құландай» (Мұқағали) архив қопаратын еңбекқорлығына, ұлт үшін жасап жатқан қызметін бұлдамай, үлкен істерді үнсіз тындыратын қарапайымдылығына шын көңілден риза болып отырамын. Үнемі бір қызық тақырыптарды тауып алып, оны зерттеуге бар жан-тәнімен құлшына кірісетін рухани сергектігіне сүйсініп қоямын. Арғы-бергі тарихымызға қатысты шындықтардың қоймасын қопарып, халқымыздың біртуар тұлғаларының өмірін, тағдырлы туындыларын, адамгершілік мұратын, ұлтшылдығын, қайраткерлігін, азаматтығын, кісілік келбетін зерттеген ол тоқырауға ұшырамай, әр жаңа еңбегін жазған сайын кемелдене түсіп, шығармашылық жолда өсумен келеді.
Сонау ертеректе жазылған тарихи моногорафиясы – «Дулыға» өз заманы үшін тың дүние болды. Тоқсаныншы жылдары бәріміз де екі кітаптан тұратын еңбекті іздеп жүріп оқығанбыз. «Дулыға» халықтың өз тарихына деген махаббатын, оны тереңірек тануға деген құлшынысын оятқан, тәуелсіздіктің елең-алаңында туған – санаулы кітаптардың бірі. Тарихқа, әдебиетке, жалпы өнерге еш қатысы жоқ, өмір бойы мұнай саласында еңбек етіп келе жатқан менің Ибрагим Мұратов есімді ағамның осы кітапты оқып шыққаннан соң, Тұрсын Жұртбайдың әңгімесін бір тыңдауға ықыластанып, мұнайшы мен ғалымның жүздесіп, сырласуына қалай дәнекерші болғаным есіме түсіп отыр.
Абай тақырыбына түрен салғанда біз Тұрсын Жұртбайды тағы да басқа бір қырынан танығандай болдық. «Дулығадан» кейін іле-шала жазылған «Күйесің, жүрек… Сүйесің» монографиясы абайтануға қосылған — үлкен үлес екенін атап өткен ләзім. Бұл кітап өзінің лайықты бағасын әлі күнге дейін алған жоқ.
Зады, Абай мұрасын зерттейтін ғалымдар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Әрине, бұл салада Әуезовтен артық еңбектенген ешкім жоқ. Оның әр жылдары жазылған төрт мақаласының өзі неге тұрады… Бұдан бөлек, төрт томдық романы, монографиялары бар. Бертін келе Абайды өзге қырынан танытқан талай-талай еңбектер жазылды. Мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Исмайлов, Құдайберген Жұбанов, Қайым Мұхамедханов, Әлкей Марғұлан, Айқын Нұрқатов, Сейіт Қасқабасовтардан бастап бүгінгі ғылымның серкелері Серік Негимов, Кенжехан Матыжанов, Тілекжан Рысқалиев, Дархан Қыдырәлі, Серікбай Қосан т.б. Абайтанудың өрісін ұлғайтты. Кемеңгердің жан дүниесіне үңілген ақын-жазушылар да Абайтану ғимаратының бір-бір кірпішін қаласып кетті.
Осыған орай жазушы Сәбит Мұқановтың бұл саладағы ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды. Сәбеңнің хәкім жайлы монографиясы – өз алдына бір төбе. Әрі-беріден соң, Мұқановтың монографиясында Әуезовтің жазбаларында кездесе бермейтін деректер қамтылған. Суреткер Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жаны» да өз уақыты үшін жаңалық болды.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда да кемеңгердің кемел әлеміне зер салған бөлек сипаттағы туындылар қағаз бетіне түсті. Бұл қатарда Тұрсынжан Шапайдың «Анық Абайы» мен Тұрсын Жұртбайдың «Күйесің, жүрек… Сүйесің» кітаптары ерекше атауға тұрарлық еңбектер.
Тұрсын Жұртбай өз кітабында ең әуелі Абайдың ұлт ақыны екеніне баса назар аударады. Әлі күнге дейін еміс-еміс айтылып қалатын: «Абай отаршылдыққа қарсы шықпаған», – деген сыңайдағы, шолақ пайымдарға, таяз түсініктерге ғалым сонау тоқсаныншы жылдары жазылған еңбегінде-ақ тойтарыс беріпті. (Шала-пұла оқып алып, қазір бәрі Абайды сынайтын болып кетті ғой). Толассыз сұрақтардың жауабын іздеп, осы сыңайдағы сыңаржақ пікірлердің негізсіз екенін – «Күйесің, жүрек… Сүйесіңде» соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп кетеді. Тарихи фактілерге сүйеніп, хәкім шығармаларындағы астарлы ойларды саралап, салмақтап, Абайдың отаршылдықтан тартқан зардабын зерделеп, өз заманында қазаққа Абайдан артық жаны ашыған тұлғаның болмағанын дәлелдейді.
Ғалым Әуезовті жан-жақты зерттеді, Құнанбай болмысына да ой көзінің сәулесін түсірді. Зерттеуші зерделеген тағы бір биік – Алаш тақырыбы.
«Ұраным – Алаш!..» кітабы ұлттық рухымызды тебірентіп Алаш арыстарына деген сүйіспеншілігімізді оятты. Тарихи деректердің негізінде жазылған, жан-жақты ізденістен туған бірнеше кітаптан тұратын еңбектерді оқи отырып, біз арыстарымыздың болмысын бұрынғыдан тереңірек тани түстік. Мен «Ұраным – Алаш!..»-ты әр қазақ шаңырағының төрінде тұруға тиіс еңбек ретінде бағалаймын.
Парасаты мен еңбекқорлығынан бөлек, Тұрсын Жұртбай – азаматтығымен дараланатын санаулылардың бірі. Мықты ғалым, көрнекті жазушы болуға кім-кімнің де таласы бар. Бірақ азаматтығың өз дәрежесінде болмаса, бұл кім-кімге де – үлкен сын. Кейбір ғалымдардың, ел сенген тұлғалардың ұлттық, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерде бұғып қалатыны – жасырын емес. Ал Тұрсын Жұртбай ешқашан бұқпантайлап сөйлеген ғалым емес. Ағаның атақ пен сыйлық үшін билік алдында құрдай жорғалап, арын сатып жатқанын еш уақытта көрген жоқпын. Қай уақытта да ақиқаттың алдаспанындай жарқырап шындықты айтады. Қорықпайды. Ол Алаш қайраткерлерінің кемеңгерлігін айтып, жазып қана қоймай, арыстарымыздың күллі асыл қасиетін өз бойына сіңіре білді. Қаламына арқау болған әр детальды ғалым ретінде зерттегенімен, ол өз еңбегін ақындық шабытпен, суреткерлік түйсікпен жазады.
Бүгінгі көзі тірі ақын, жазушы, сыншы, ғалымдардың ішінен есімі Т әрпінен келетін төрт адамға деген менің құрметім ерекше. Олар, ақындардан –Темірхан, жазушылардан – Тынымбай, сыншылардан – Тұрсынжан және ғалымдардан Тұрсын. Бұл төрт қаламгердің әдебиетке берілген адалдығында ғана емес, өз жүрегінің ақиқатын жазатын шыншылдығында, азаматтық ұстанымында да иненің жасуындай жалғандық жоқ. Егер біздің бәріміз де есімі Т әрпінен келетін бүгінгі қаламгерлердің абыройын асқақтып тұрған осы төртеуіндей ақын, жазушы, сыншы, ғалым бола алсақ ұлтымыздың рухы өлмей, әдебиетімізбен бірге мәңгі жасай береді.
Айгүл ІСІМАҚОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор
АБАЙ МЕН МҰХТАР ШЫҢЫН АЙҚЫНДАП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҒАЛЫМ
Тұрсын Құдакелдіұлының «Абай шыңы – Мұхтар шыңы» атты алғашқы мақаласы 1966 жылы мектеп оқушыларының республикалық конкурсында бәйгеге ие болып, баспасөзде жарияланды. Содан бері ол қазақ көсемсөзі мен әдебиеттанудың барлық жанрында қалам тартып келеді.
Өзіндік ғылыми дискурсын анықтап алған ғалымның шығармашылық жолы ақын ретінде басталған. Оның алғашқы өлеңдері он алты жасында республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде О.Бөкеевтің «Тұсаукесерімен» жарық көрді. «Қоңыр қаз», «Жүрегімде – жұмыр жер» атты жыр жинақтары кезінде әдеби сыннан жақсы бағасын алған.
Жиырма бес жасында совет кезінде жазылған «Жер-бесік» (1976) роман-новелласында саяси қысымның зардабына тап болған бунтарь Кербаланың тас-талқан болған тағдыры Кәрібоз абыз бен Саржан ақынның (прототипі Шәкәрім мен Мағжан) трагедиялық өмірімен желілес бейнеленеді. Әр тарауы жеке-жеке новелла тұрғысында құрылған бұл шығарма кеңестік тұста Алаш идеясы, ұлттық тәуелсіздік, сенімге қысым, ашаршылық тақырыбына қалам тартқан алғашқы шығармалардың бірі болып есептеледі. Қаламгердің мұндай күрделі тақырыпты сол тұста-ақ көтеруіне Қайым Мұхамедхан сияқты ұстаздың алдынан өткені де ықпал етсе керек.
1980 жылы жазылған «Қар астындағы көбелек» роман-эссесіне кезінде: «Социалистік өмірдің көлеңке жағы трагедиялық сипатта бейнеленген», – деген желеумен цензуралық тиым салынды. Кейін оның бұл шығармалары 1984 жылы Мәскеуде өткен жас жазушылардың Бүкілодақтық кеңесінде жоғары бағаланып, «Литературная газета», «Комсомольская правда» басылымдары оң пікір білдірді.
«Қар астындағы көбелек» деген метафора жазушы Тұрсын Жұртбайдың көркемдік және ғылыми дискурсының формуласы іспетті: қиянатқа түскенді қайтарып алу.
Қаламгер қаламынан туған Семей полигонына қатысты шығарманың «Беті тілінген тарғыл тастар» аталуы да – өте дәл таңдалған теңеу ғана емес, шығарманың басты ойын қамтып тұрған басты метафора – шерлі бейне. «Күн – өмірдің жанары» («Қалампыр») атты хикаятына кезінде «Тым мұңлы», «Жетімдікті жырлаған», «Кеңес кезінде жұт болған жоқ» деген «айыптаулар» тағылғаны да жазушының қаншалықты шыншыл әрі батыл екенін дәйектейді.
Т.Жұртбайдың аналитикалық-сыни талдауға бейімділігі, әдебиеттегі ақтаңдақтарға деген ерекше ықыласы, мұрағат-мұраларды өз қолымен ұстап танысуы оның қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ілімінде бұрын болмаған роман-эссе жанрына қалам тартуына әсер етті Әдебиеттанушы ғалымның Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірі турасындағы арнайы зерттеулері де қазақ руханиятына өлшеусіз үлес болып қосылды. Абайтану мен әуезовтанудан басталған ғылыми зерттеулерінің алаштануға әкелгені де заңдылық. Қазақ тарихы мен әдебиетінің тыйым салынған беттерін анықтап беру Қайым Мұхаммедханның батасын алған Тұрсынға аманат етілген еді. Бұл ауыр да күрделі, салмақты тапсырманы Т.Жұртбай күні бүгінге дейін қайыспай көтеріп келеді.
«Қайымның аруағы разы болмай – Әуезовтің, Әуезовтің аруағы разы болмай Абайдың аруағы разы болмайды! Бұл үш тұлғаны тұтас алып зерттеп, танығанда ғана олардың құпиясы ашылмақ», – дейді ғалым. Бір өзі бір институт атқаратын ғылыми жобаларды көтеріп келе жатқан замандасқа атқарылған еңбектің жемісін көрсін деп тілеймін.
Думан РАМАЗАН, жазушы
ДАРА ДАРЫН
Қазақта «уызына жарыған» деген киелi сөз бар. Халқымыздың осынау бiр ауыз сөзiн жетпіске толғалы отырған қабырғалы қаламгер Тұрсын Құдакелдiұлы Жұртбаевқа да қаратып айтуымызға әбден болады. Бұлай кесiп-пiшiп айтатын себебiмiз, ол ұлы Абай, дана Шәкәрiм, кемеңгер Әуезовтер ғұмыр кешкен, табандарының ізі қалған қасиеттi топырақта туып-өсті. Тағдыр оның маңдайына осындай бақ бердi, бақыт сыйлады. Көзiн ашып көргенi, түйсiнгенi Абай мен Әуезовтiң өмiрi мен шығармашылығы болса, кiм-кiмнiң де таңдайының тақылдамауы, көмекейiнiң бүлкiлдемеуi, қаламының жорғадай жорғаламауы мүмкiн емес сияқты көрiнедi де тұрады. Тағдыр осындай тұрлаулы бақпен бiрге үлкен жауапкершiлiк жүктегенін Тұрсын Құдакелдiұлы түсiне бiлдi, сезiнiп өстi.
Жасандылыққа жаны қас арлы жазушы, ұлтын сүйетiн ұлтшыл азамат саналы ғұмырын әдебиет пен ғылымға арнады. Шоқтығы биік көркем шығармалар мен зерделі зерттеу еңбектер жазып, бүгінгі мерейлі мерейтойына үлкен жетістік, зор табыспен келіп отыр. Шығармашылығы, яғни қаламгерлiк сүрлеу-соқпағы туралы айтар болсақ, ең алдымен сан қырлы талант иесi екенiн айтпай кетуге болмас.
Журналист. Публицист. Ақын. Сыншы. Прозашы. Ғалым. Ұстаз. Әйгілі алаштанушы, бірегей абайтанушы һәм ірі әуезовтанушы.
Тұрсын Жұртбай өмiр табалдырығын журналист болып аттағанымен, әдебиет есiгiн ақын болып ашқанын бүгiнде бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. «Замандасым – сырласым» атты тырнақалды көсемсөздiк жинағынан кейiн жарыққа шыққан қос жыр жинағы «Қоңыр қаз» (1978 ж.) бен «Жүрегiмде – жұмыр жер» (1980 ж.) деп аталады. Бұл өлең кiтаптарымен қалың оқырманды елеңдетiп, әдеби қауымды мойындата алды ма, жоқ па, бiлмеймiн… Дегенмен, әдебиет ауылына өзiнше ойлап, өзiнше жазатын тағы бiр бұла таланттың келiп қосылғанын паш еткенi анық.
Неге екенiн тап басып айту қиын, мүмкiн өзiн «тереңнен» iздегеннен болу керек, жоқ әлде, айтарын өлеңге сыйғыза алмасын сездi ме, тума талант жарқ етiп басыла қалған найзағайдай, поэзия көшiнен сытылып шығып, проза ауылына бет бұрды. Жаңа өлкеден жаңа өрiстер iздедi. Тапты да. Әдеби дайындықпен келген жас қаламгер тынбай iзденiсiнiң арқасында көркемсөз саласында да үлкен жетiстiктерге жеттi. Соның нәтижесiнде «Бесқарагер» (1982 ж.) және «Жер-бесiк» (1985 ж.) атты прозалық жинақтары дүниеге келдi. Осы қос кiтаптағы «Бөкенжарғақ», «Бiр тошаланың хикаясы», «Бiр уыс жусан» атты шағын дүниелерден бастап, «Бесқарагер», «Көгiлдiр әлем», «Шилi өзен қамыс-ай», «Қалампыр», «Аэродром» повестерi мен «Жер-бесiк» роман-новелласы – қай жағынан болсын, түрлiк, тiлдiк, стильдiк, формалық, мазмұндық, тақырыптық жақтарынан соны iзденiстер мен тың жаңалықтар алып келген сүйектi де сүбелi көркем шығармалар.
Жазушының көркем прозадағы жеткен биiгi, ауыз толтырып айтарлықтай қомақты жетiстiгi – «Жер-бесiк» роман-новелласы. Жанрының өзi айтып тұрғандай, сөз жоқ, жаңалығы мол туынды. Бастан-аяқ поэзия тiлiмен кестеленiп-өрiлген. Бұл шығарманы қара сөзбен жазылған поэма десек те болады.
Әдебиет сыншылары кез келген дүниенiң жақсы-жаман екенін алғашқы сөйлемдерiнен-ақ байқап-бағамдауға болатынын айтады. Расында да солай. Өйткенi теңiздiң дәмi тамшыдан-ақ бiлiнетiнi сөзсiз. Ендеше, «Жер-бесiк» роман-новелласының алғашқы сөйлемдерiн оқып көрелiк: «Боран ұлып тұр. Жер-бесiк зыр айналып, Қараспан тауының iшiндегi омбы қармен құндақталған жалғыз қыстауды сәбидей әлдилейдi. Ұйтқи соққан боран заңғар жартастардың бауырына тығылған қараша қонысты ақ көрпемен қымтайды.
Ымырт үйiрiлiп, қоржын үйдiң iшi күңгiрт тартқан шақ. Сырттағы боран аш қасқырдай iшегiн соза қыңсылап барып тына қалды. Қиыршық қар мен жел желкемдеп, суыртпақтай шығарған үй төбесiн жапқан қамыстың саяқ саусағы терезенi анда-санда ақырын тақылдатып қояды. Әйнектiң ар жағында астаң-кестеңi шығып, дүние қопарыла көшiп жатыр. Қысқы кештiң күңгiрт сәулесi тау шатқалында қоп-қою түн болып ұйып барады».
Сурет пе? Сурет. Сурет болғанда да суретшi қаламынан туған жансыз сурет емес, көркем сөзбен келістіре өрілген жанды сурет. Көз алдыңызға табиғаттың ызғары ғана емес, өткен ғасыр басындағы (1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс, Қазан төңкерiсi сияқты) дүрмегi мол дүрбелең кезеңнiң сұрқай-сұсты келбетi елестейдi. Мiне, қаламның қуаттылығы, сөздiң құдiреттiлiгi осындай-ақ болар!
Роман-новелладағы бас кейiпкер Кербаланың образы да өте сәттi сомдалған. Осы бiр қайсар мiнездi, намысшыл қыр қазағының тағдыр тәлкегiне ұшыраған аянышты ғұмыры кез келген адамның төбе құйқасын шымырлатып, сай-сүйегiн сырқыратары сөзсiз. Жанкештiлiкпен өмiр өткiзген Кербаланың өзегiн өртеген өкiнiш-күйiнiшiн, жан дүниесiн кеулеген нала-мұңын көркем тiлмен кестелеп шыққан. Жалпы бұл шығарманы психологиялық толғау десе де болады. Өйткенi автор арнасынан асып-тасыған сұлу тiлдiң сүйегiн шағып, майын iше отырып, өз шығармасында ой ағымын негiзгі мәйек етiп алған. Романдағы Қамшы мен оның әйелi Рысқанның бастарына түскен тауқымет адамның қабырғасын қайыстырып, жазалаушы отрядтың басшысы, шаш ал десе бас алатын жасауыл Болдышевке деген ашу-ызасын қозғары хақ. Қиянат ешуақытта iз-түзсiз жоғалып кетпейдi, жүрегiне кек қатқан Қамшының атқан оғы қандықол қарақшының жауырынына қадалғанда бiр тыныстасақ, жазалаушылардан қашып бара жатқан Қамшының көшкiннiң астында қалып, мерт болған тұсына келгенде «Қайран ер, қапыда кеттi-ау!» деген аяушылық сезiмiңiз оянары анық.
Бұны тiзбелеп отырғандағы себебiмiз, жазушы Тұрсын Жұртбай қаламының ұшында адамның жан дүниесiн дауылды күнгi теңiздей толқытар, жүйке тамырларын шымырлатар, сезiм қылдарын тап басар сиқырлы құдiрет-күш бар. Нағыз суреткерге керегi де осы емес пе?! Ендеше, Тұрсын Жұртбай – шынайы жазушы, тума талант. Жазушы болғанда да, сөзбен сурет сала алатын, кейiпкерлерiнiң жан дүниесiндегi қайырма-құбылыстарды, iшкi иiрiмдердi жарқыратып көрсете алатын сырлы суреткер.
Аталмыш «Бесқарагер» һәм «Жер-бесiк» атты прозалық жинақтарындағы үлкендi-кiшiлi көркем шығармалардың қай-қайсысы да – кейiпкер жан дүниесiнiң толқынына, сезiм-сырына, iштей психологиялық иiрiмге құрылған классикалық үлгiдегi көркем шығармалар. Осы көркем шығармалары арқылы Тұрсын Жұртбай өзiнiң үлкен прозаға ішкі дайындықпен келгенiн дәлелдедi. Онда тоқырау, керi қайту жоқ, үнемi өсу, шыңдалу, iштей толысу байқалады. Iзденгiш, қазынғыш, өз шеберлiгiн үнемi ұштап отыратын, талантын адал күзететiн сергек ойлы суреткер.
Тағдыр оның маңдайына «Жұлдыз» журналының сын бөлiмiнде он жылдан аса қызмет iстеуді жазыпты. Әдеби басылымның сын бөлiмiн басқарып отырып сын жазбау, оны айналып өту тiптен мүмкiн емес. Сыншылық қарым-қабілет оны басы бүтiн әуезовтануға алып келдi.
Әрине, ұлы Әуезовтi тану – жүрдім-бардымға көне қоятын оңай-оспақ шаруа емес. Алып суреткердiң ғұмыр бойғы жазған әдеби шығармаларын алдымен бойға сiңiрiп, содан соң игерiп, соңынан талдап-таразылау үшiн де соншалықты бiлiм мен бiлiктiң, зерде мен түйсiктiң қажеттiгi өз алдына, уақыт жағынан алатын болсақ, бiр адамның ғұмыры аздық етерi сөзсiз. Әуезовтiң телегей-теңiз мұрасының тереңiне бiр сүңгiсең, қайтып жағаға шығудың соншалықты қиынға соғарын Тұрсын ағамыз бiлмеген шығар-ау, сiрә! Бiлсе де елемеген болуы керек. «Абыройлы iс қой!» деп көздi жұмып қойып кеткенi де рас. Алғашында «Көп болса екi-үш жыл уақытымды алар, содан соң үлкен прозаға қайтып оралармын» деп те ойлаған. Бiрақ ұлы Әуезовтiң тылсым иiрiмдерi тұңғиық тереңiне иiре тартып, үйiрiп әкетті… Өйткенi Әуезов иiрiмдерi… жеңіл-желпі, таяз-саяз иiрiмдер емес… Тереңіне тартып, ай-шайға қарауға мұрша келтірмес екпіні қатты, ағысы күшті асау иірімдер… Дегенмен, төгiлген тер, еткен еңбек текке кеткен жоқ. Жазушы, үлкен мақсаттарға жетуге талпынған суреткер ретiнде аса тиiмдi бола қоймаса да, сыншы, зерттеушi, ғалым, әуезовтанушы Тұрсын Жұртбай үшiн үлкен атақ-абырой алып келгенi де рас. Яғни, бағын да, «сорын» да Әуезовтен тапты.
Ұзақ жылғы iзденiс пен табанды еңбектiң нәтижесiнде ұлы қаламгер тұлғасын бар болмыс-бiтiмiмен барынша толық ашқан және «Оқыған азамат», «Сөнiп-жану», «Қаралы сұлу», «Көксерек» сияқты әңгiме-повестерiнiң жазылу тарихын жан-жақты талдаған «Бесiгiңдi түзе» роман-эссесi дүниеге келдi. Содан соң ұлы суреткердiң «Қилы заман» повесiн ұстын қып, 1916 жылғы Жетiсудағы ұлт-азаттық көтерiлiске һәм оның Ұзақ, Жәмеңке, Әбубәкiр сияқты басшыларына байланысты алты жүзден астам мұрағат құжаттарын пайдалана отырып жазып шыққан «Бейуақ» атты тарихи еңбегi мен ұлы суреткердiң сол бiр сүреңсiз жылдардағы түрмедегi тергеу iстерi, қудалану кезеңдерi, жазықсыз жапа шегулерi туралы сыр толғайтын «Талқы» атты зерттеу кiтабын жарыққа шығарды.
Иә, аталмыш үш еңбек те – Әуезовтiң өмiрi мен шығармашылығын арқау ете отырып жазылған шоқтықты дүниелер. Осы үшеуiнде де үзiлмес бiр желi, жұлын-жүйе бар. Ол әуезовтануға әлдебiр бақай есеппен келмегенiн, жоғарыда айтқанымыздай, өмiрдiң өзi алып келгенiн айшықтайды.
Кезiнде сөз зергерi Ғабит Мүсiреповтiң өзi көркем әдеби туындыларына жылы iлтипат бiлдiрiп: «Тұрсыннан көп үмiт күтемiн!» – деп үлкен сенiм артқан жас жазушының бүгiнде кемелiне келіп, осындай абырой-беделге ие болуы оңайшылықпен келмегенi тағы аян. Таңды таңға ұрып, ақыл-ой азабына түсiп, қаламы жұқарып, саусағы мүйiзденген есіл еңбегiнiң өтеуі.
Күнделiктi тiршiлiкте ақкөңiл, қарапайым көрiнетiн қарымды қалам иесiнiң өмiрлiк мақсат-мұраты мен көзқарасын қорғауға келгенде тым қатал, айбатты, айбынды болып кететінін бәріміз де білеміз. Ондайда алған бетінен ешкім де қайтара алмайды. Қарақан басының пайдасынан, күнделікті тіршіліктегі ұсақ-түйек бақай-есептен ұлттың, елдің, халықтың мүддесін жоғары қоя біледі. Жамандық пен жасандылыққа, әділетсіздік пен жағымпаздыққа жаны қас. Қашанда жүрек сөзін қаймықпай ашық айтып келеді. Ел мен жер тағдыры талқыға түскен кезде тартынып, бұқпантайлап қалған кезі жоқ. Өзін, қаламын, рухын сатып, тексізденген жері тағы жоқ. Атына, абырой-беделіне дақ түсірер кез-келген нәрседен бас тарта аларына өзім куәмін. Бұл да болса, адамдықтың, арлылықтың, азаматтықтың, тектіліктің белгiсi.
Елiмiз егемендік алып, темiр құрсаудан босаған жылдары тәуелсiздiктiң жырын жырлап, ұлт тағдыры, ел тарихы туралы проблемалық һәм танымдық мақала-материалдарды көптеп жазды. «Басты мақсатым – ел әжетiне жарау!» деген принциптi қатаң ұстанатын жазушы осындай елдiгiмiз сыналар тұста барлық жұмысын ысырып қойып, тек-тамырымызды тануға ерекше үлес қосатын «Дулыға» атты көне түркi батырлары туралы тарихи әфсаналардан құралған екi томдық ғылыми һәм көркем еңбек жазып шықты.
Тұрсын Құдакелдiұлының аса қымбат алты-жетi жылы өзiнiң рухани ұстазы Мұхтар Әуезовтiң Алматыдағы мұражай-үйiн iргетасынан бастап қайта жасап, жабдықтап, жөндеуге кеттi. Қаламгердiң есiл уақыты, есiл еңбегi, әрине, еш кеткен жоқ. Тындырылған iс шаш етектен… «Алты жылдың iшiнде, қолға қалам алу былай тұрсын, алты күн өзiммен-өзiм болудың сәтi түспедi…» – деп мұң шаққаны әлi есiмде.
Иә, айтса, айтқандай, Әуезовтiң елу томдық академиялық басылымын дайындап, шығаруға қаншалықты уақыт пен еңбектiң қажеттiгi өз алдына, ол үшiн Тұрсын Жұртбайдың бiлiмiндей бiлiм, зердесiндей зерде, түйсiгiндей түйсiк, бiлiгiндей бiлiк, танымындай таным керек-ау! Оны да қомсынсаңыз, академиялық басылымды дайындау үшiн Әуезовтi Тұрсын Жұртбайдай тану әрi оның жанкештiлiгiндей жанкештiлiк, еңбекқорлығындай еңбекқорлық керек қой. Одан кейінгі он-он бес жылын Нұр-Сұлтандағы «Отырар кітапханасының» негізін қалап, аяғынан тік тұрғызуға арнады. Бірақ бұлар көзге көрініп, көп елене бермейтін жұмыстар ғой! Дегенмен «халық үшін қызмет етемін» дейтін өз ұстын-ұстанымы бар адамға бұл да бір абыройлы іс екенін баса айтуымыз керек.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазаққа қасиетті Алаш тақырыбына бел шеше әрі белсене кірісіп, осы жолда талмай ізденіп, қазынып, тарихымыздағы ақтаңдақтар пен жалпы жұртшылыққа беймәлім көптеген құпия-сырлардың бетін ашты. Алаш арыстарының ізбасары ретінде олардың өмірі мен шығармашылықтарын, қилы-қилы тағдырларын зерттеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарында табандап отырып, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен жүргізілген тергеу ісімен, яғни «мемлекеттік аса құпия құжаттармен» толық танысып шықты. Соның нәтижесінде алдымен «Алаш ақиықтары» жинағын құрастырып, Алаш қайраткерлерінің беймәлім шығармаларын жалпы жұртшылыққа таныстырды. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы және алаштану бағытында іргелі ғылыми зерттеу жүргізді. «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан («Жегі», «Тез», «Талқы») тұратын зерттеуінде кеңестік кезеңдегі керенаулықтарды, ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату, қазақ халқын ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуге бағытталған құйтұрқы саясат пен аярлық-озбырлық іс-әрекеттерді нақты дерек-дәйектермен мейлінше шынайы ашып көрсетті. Бұл қазақ ғылымына үлкен олжа салған ерен еңбек, құнды кітаптар.
Қазақ әдебиеті мен ғылымының бәйгеторысы Тұрсын Жұртбай бүгінгі мерейтойына осындай еселі еңбек, зор табыспен келіп отыр. Сыршыл суреткер «Жетпіске келдім, болдым-толдым» деп қарап отырған жоқ, алаштану, абайтану, әуезовтану бағытындағы зерттеулерін жүйелі түрде жалғастырып, әр жазбасымен тыңға түрен салып, жаңалық ашып, тынбай еңбектеніп келеді. Ұлы Абай атамыздың өмірбаянын толықтырып қайта жазып шығуының өзі осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ендеше, мәуелі жеміс берер кемел шағына келген қалам қайраткерінен күтеріміз әлі де көп. Сол себепті де болашақтағы ғылыми һәм шығармашылық еңбегіне табыс пен жеміс тілейміз! Сүбелі шығармалар мен зерделі зерттеулер жазып, қазақ әдебиеті мен ғылымына қомақты үлес қоса беретініне сеніміміз мол.
Атақты ақын Ұлықбек Есдәулет тектілік пен дегдарлық бір бойына тоғысқан дара дарын Тұрсын Жұртбайды «Бүгінгінің Әлкей Марғұланы» деп атайды. Ағамыздың бұл ойына біз де толықтай қосыламыз. Мерейлі жасқа толып отырған абзал ағамызға амандық-саулық, бақ-береке тілейміз!
Ғұмыр-жасыңыз ұзақ болсын, Аға! Абайдың даналығын берген Жаратушы Жаппар иеміз Жамбылдың жасына талықтырмай-шалдықтырмай жеткізсін!
Заңғар КӘРІМХАН, шәкірті,
Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның мұғалімі
«БІЛМЕЙ МҰНЫ ЖАЗҒАН ЖОҚ…»
(Профессор Тұрсын Жұртбайдың осы аттас еңбегі хақында аз сөз)
Жетпіс жастың желкесіне мінген ғалым ағамыз Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың ғылым жолындағы қоржыны тоқ десек, артық айтқанымыз емес. Алла Тағаланың берген өлшеулі ғұмырын ғылымға арнады, абайтану, алаштану, әуезовтану, шәкерімтану секілді ғылым салаларының дамуына, көкжиегінің кеңеюіне қомақты үлес қосты. Көркем әдебиеттің үш үлкен негізгі саласына да қалам тербеді, теориялық мәселелерге назар аударып тың тұжырымдар жасады, әдебиет тарихында ақтаңдақтарды аршып ашудағы еңбегі де өлшеусіз, тіпті шікәмшіл сын жанрында да қолтаңбасын айқын танытты. Ұлттың әдебиет көсегесі, тарих танымдары, мәдениет пен руханият мәселесінде профессор Т.Жұртбайдың шет қалған жері болған емес.
Ағаны ұстаз тұтып, соңынан ерген шәкірттерінің дені ол кісінің кейінгі жұмыстарынан да хабарымыз бар. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында екі томдық «Білмей мұны жазған жоқ…» атты тың дүниені жарыққа шығарды. Абай мұрасына адалдықтан туындайтын мәтінтанулық зерттеу – сөз жоқ, аталған ілім саласындағы тың жаңалық, ғылыми айналымға түспеген қолжазбаларды текстологиялық талдау.
Ғылымның да ғылымы бар, нақты ғылымдар қатарына математика, физика, химия сынды салаларды жатқызады да, гуманитарлық ғылымдарды нақты ғылымдар есебінде қарастырмайтыны бар. Текстология ғылым саласына келгенде бұл тұжырымның жаңсақ екенін білгендейміз. Мәтінтану – сөз өнерінің ішіндегі қағидаларды қатаң ұстанатын нақты ілім. Абай мұраларының текстологиялық мәселелерімен ұзақ жылдар айналысқан ғұлама Қайымдай ұстаздың соңынан Тұрсын Жұртбай да ат ізін салды.
Профессор Тұрсын Жұртбайдың «Білмей мұны жазған жоқ…» атты мәтінтанулық зерттеуі екі бөлімнен тұрады, оның алғашқысын ұлы ақынның шығармаларын жинаушы Шериаздан Мәрсекұлының тағдырлы дәптері негізіндегі мәтіндік жүйелеу, талдау, факсимиле және салыстырулар «Жазған мұны ойланып» деген тақырыппен құраса, «Ойда бардан толғанып» деген екінші бөліміне Абай өлеңдерінің 1909 жылғы тұңғыш жинағы және одан кейінгі екі жинақ (1961, 1995) бойынша мәтіндік жүйелеу, талдау, факсимиле және салыстырулар енген.
Бірінші кітаптағы мәтіндік жүйелеу мен талдауда автор он үш жүлгені таратады: жекелеген сөздердің мағыналас өзге сөзбен ауыстырылуы; жалғау, шылау, жұрнақтардың арасындағы айырмашылықтар; өлең құрылымын, мағынасын өзгертпейтін сөздердің орын ауысып қолданылуы; бұған керісінше, яғни мағынасын өзгертіп, өлеңге басқаша мазмұн беретін сөздер; оқу, көшіру барысындағы жаңсақ сөздердің болуы; жазылуы толық танылмаған сөздер; қолжазбалардың бірінде бар, екіншісінде жоқ сөздер, сөз тіркестері; саналы, жүйелі түрде жасалған мәтіндік өзгерістер; Абай стиліне үйлеспейтін сөздер; мәтінтанушылар толық танымаған, ажырата алмаған сөздердің болуы сынды ең негізгі мәтіндік категорияларды толық екшеп шығарған. Осы жерде айта кететін тағы бір ерекшелік, автор қолтаңбасына тән сипат – әр жүлгенің атауына Абай өлеңдерінен сөз және сөз тіркестерін ұтымды қолдану.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Білмей мұны жазған жоқ…» зерттеуі – қазақ әдебиеттануы ғылымы саласындағы, оның ішінде мәтінтанулық ілім бойынша соңғы жылдары жарық көрген сүбелі еңбек, құнды қазына деп білеміз.
Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, алаштанушы
АБАЙДЫҢ АЛАШШЫЛ БАЛАСЫ
Атын естігенде бүкіл қазақтың жүрегі лүпілдейтін, киіз туырлықты ұлттың Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Әлихан мен Ахмет, Міржақып пен Елдес, Жүсіпбек пен Мұхтар сынды бас адамдарын, рух сұлтандарын терең саралап, жүйелі зерделеп жүрген атақты жазушы, үлкен ғалым-зерттеуші Тұрсын Жұртбайдың өмір жолынан бір үзік сыр:
2012-2013 жылдары Тұрсын ұстазымыз Арқалықтағы пединститутқа келіп, филфактың студенттеріне арнайы дәріс оқыды. Профессордың дәрісін тыңдап, тағылымын алғанның бірі – менмін. Арқалыққа келгенде әрі шәкірті әрі бауыры ақын, ғалым, факультет деканы Айбек Қалиевке өтініш айтып, Торғай дуанына барған болатын. Қыс мезгілі. Арқаның қақаған сары аязы. Айнала беліңнен асатын омбы қар. Сондай күннің бірінде Торғайдың ортасындағы ескі зиратқа барып, қазақтың қыршын кеткен ақыны Кеңшілік Мырзабековтің бейітін іздейді. Қар басқан төңіректен бейітті табу оңайға соқпады. Сарыла жүріп, әрең тауып, ақын ағасына дұға етті. Бейіт басында үнсіз тұрып, біраз сырласып, мұңын шақты. Аруақ алдындағы мұсылмандық парызын өтеп, шалғайдағы Сартүбекке жол тартты. Сартүбек – өзі «әкем» деп айрықша құрмет тұтатын ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған ауыл. Бір уыс топырағы саф алтыннан қымбат жерге барып, Алаш көсемінің ата-бабасы жерленген әулет қорымына зиярат жасап, марқұмдардың рухына фатиха арнады. Қыс болса да ақ қарға аунап еді. Бұл – алашшыл азаматтың тұлғаға деген, жер-суға деген ілтипаты мен ықыласы еді. Өнеге болар өрнек.
Абайтанушы ретінде Қытай, Түркия, Америкаға танылған көкеміз қайбір жылдары әлденеше рет Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетіне арнайы шақырылған ғалым дәргейінде дәріс оқыған. Қытайдағы қазақтардың жүрегіне Абай мен Алаш идеясының дәнегін сеуіп, рух сәулесін шашқаны әлі күнге дейін жыр болып айтылады. Муалим сананың сөзін ұйып тыңдаған Қытайдағы әдебиетші замандасымыз Кәусар Лесбекқызы ұзатылғанда, ағасы төсек орын жабдығына әйгілі «Ұраным – Алаш» трилогиясын қостыртқан екен. Бір жылдан соң Кәусар босанып, шекесі торсықтай ұл туыпты. Қамшыұстардың есімін Мұхтар деп атапты. Қазір сол Мұхтарымыз бірінші сыныпты үздік бітірген оқушы. Қазақшасы да, қытайшасы да бәрекелді деп айтуға тұрарлық. Бұл – ұстаз сөзінің тәлім-тағылымы еді. Шын жүректен шыққан сөздің үмітті жүрекке қонғаны.
Былтыр, хәкімнің 175 жылдық мерейтойына Семейге барды. Ресми жиыннан соң, Күшікбай, Бөрілі, Ақшоқы, Жидебайды бетке алған. Қажы атаның басына барғанда алыстан салт атты біреу келе жатады. Шырақшы шығар деп ойлайды. Сөйтсе, бұл кісі шырақшы емес, Жәнібек Кәрменовтің жездесі Мейраш аға екен. Жәнібек марқұмның айырылмас досы болған інісін көріп, ақсақал ағыл-тегіл жылап, бірін-бірі құшағына қысты. Ұстаздың ең жақсы ғадеті сол – қай жерге барса да сол өңірден шыққан атақты тұлғалардың зиратын іздеп, құранын оқып жүреді.
2017 жылдың күзінде елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен Бурабайда республикалық жас кітапханашылардың форумы өтті. Форумға ағаймен бірге қатыстым. Екеуіміз автобуста да, бөлмеде де, серуенде де серікпіз. Қазақтың небір асыл тұлғаларын, фәниден бақиға аттанып кеткен, артында іздеушісі жоқ талай бағлан ерлерін сағына еске алып, екі түн, үш күн жүрек сырын ақтарып еді.
Студенттер арасында «Абайдың Алашшыл баласы» атанған ардақты мұғаліміміз Абай, Алаш ұрпақтарымен тонның ішкі бауындай араласып, ең жақын туысына айналды. Сонысымен сүйсінтіп, қуантады.